Ол күндердің азабы ұмытылмайды

— дейді фашистік концлагерьлердің азапты күндерін басынан өткергендер

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

 

Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен қиындықтарды   халқымыз  қан­шама жыл өтсе де ес­терінен шығарған емес. Ал  сұрапыл соғыс     жау әскерінің қолына түсіп, тұтқындалған,  бүгінде алды жүзге жетіп, одан кейінгілері  сексеннен асып, тоқсанды алқымдап қалған қарттар  ол күндерді жадыларынан өшіре алмайды. «Бала күнгі көрген қиындықтар адамның есінде мәңгі қалып қояды екен. Қазір жасым сексен  бірде, балалы-шағалымын. Сонда да жан-дүниемді бір қорқыныш, аштықтың азабын көретін секілді үрей билеп тұрады», – дейді нұры тая бастаған мұңлы жанарына жас іріккен   Мария Николаевна.

Алматы қаласында фашистік   концлагерьлердегі  азапты  күндерді бастарынан өткерген 50-ге жуық адам  қалыпты. Олар жылда  12 сәуірде аталып өтетін   Халықаралық фашистік концла­герь тұтқындарының азат болған  күнін атап өтіп,  Ұлы Отан соғысында қайтыс болған жауынгерлеріміздің құрметіне 28 панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қояды. Биыл да сол дәстүрлерін жалғастырған  ардагерлер Алматы қаласы әкімі жанындағы  әкім орынбасары Арман Қырықбаев жетек­шілік ететін Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комис­сия мүшелері мен   Медеу аудандық Арда­герлер кеңесінің, бұрынғы фашистік  концлагерь тұт­қындары ассоциациясы­ның жетекшісі Вячеслав Артемьевтің ұйымдас­тыруымен   бас қосып, өткен күндерін еске алды.

«Жұлдыз» мейрамханасында бас қос­қан  олар   сол қиындықтарын еске алып,  бүгінгі бейбіт өмірлеріне тәуба­шылық жасады.  Жас ұрпаққа бейбіт күннің, қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған бақытты күндердің, тоқшылық­тың қадірін білуді айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын біл­дірді.

– Қалалық әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияға, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесіне, қалалық мәслихат депутаты Роза  Бадаеваға алғысымыз шексіз. Қашан  да бізге қолдау көрсетіп,  көмек­тесіп оты­рады.   Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары азайып келеді.  Бүгінгі ұрпақ, біз сол соғыстың азабын көргендерге қашан да құрметпен қарап, ардақтайық дегім келеді. Биылғы жылды  Алматы қаласы әкімінің Қарттар жылы деп жариялауы және «Белсенді ұзақ өмір сүру» жол картасын жариялау Алматыда тұратын зейнет­керлерді қуантып отыр, – дейді  Вячеслав Артемьев.

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *