Ол естімейді, сөйлемейді, БІРАҚ ЖАЗАДЫ…

 

Иә, ол естімейді, сөйлемейді, бірақ жазады. Өлең жазады. Көңілінің күйін ақ қағаз бетіне түсіреді. Осынау бір ерекше жан біз секілді қуанады, шаттана біледі, ренжіп, мұңайып қалатыны да бар. Өйткені, онда да жүрек пен мейірім бар, өмір мен өнер бар, таңы мен мұңы бар. Ең бастысы, рухы бар. Ол – Ардақ ӘБІКЕН. Қазақ саңыраулар қоғамының мүшесі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты зағип және есту мүмкіндігі шектеулі жандар мәдениетін қалыптастыру бөлімінің әдіскері, зейнеткерлер клубының  жетекшісі. Нұржамал ӘЛІШЕВА

Қазақ саңыраулар қоғамы 1997 жылдан бастап Бүкіл дүниежүзілік саңыраулар федерациясының толық дәрежелі мүшелігіне өткен. Осы жылдан бастап қазақстандық құлағы естімейтін жандар халықаралық мәдени-ағарту және спорт, денешынықтыру шарала­рына қатыса бастады. 1999 жылы мүм­кіндігі шектеулі адамдар Бүкіл дүние­жүзілік саңыраулар федерациясының қолдауымен өткізілген халықаралық семинарға қатысу мүмкіндігіне де ие болған.

Сондай бір сергек, елгезек жандар­дың бірі, қол қусырып қарап отыруды жаны сүймейтін Ардақ құлағының мүкісі бар және зағип жандардың ты­ныс-тіршілігі туралы, олардың жетіс­тігі жайында мақала жазып, ылғи бізге алып келеді. Біз де өз кезегімізде кезек күттірместен әкелген дүниесін міндетті түрде жариялап отырамыз. Менің Ардақпен таныстығым да редакцияда басталған. Екеуміз ең алғаш қағаз арқы­лы сөйлескеніміз де есімде.

Өткен жолы Қарттар күні қарса­ңында мүмкіндігі шектеулі қариялар­дың кафеде өткен мерекесі туралы жазып әкеліпті. Үлкендерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін, кафе басшы­лығына өтініш жасап, қатынас қағазын дайындап апарып жүрген де өзі.

Жасыратыны жоқ, біз көбіне елге танымал адамдарды, «жұлдыздарды» жазуға тырысамыз, соларды іздеп тұра­мыз. Ал бүгін замандастарын БАҚ бетін­де көрсетіп, дәріптеп жүрген Ар­дақтай қарапайым әйелдің өзін жазайық деп шештік. Қуанып қалсын. Әрі сіз де осынау Алматыдай үлкен шаһарда осындай бір жақсы адамның, жақсы­лықтың жанашырындай болып жүрген қазақ қызының барын біліп жүріңіз.

 

***

Ардақ Райымбек ауданының (Алма­ты облысы) Сарыжаз ауылында туған. Бір үйдегі 9 баланың кенжесі. Бәрі оны әлі күнге Өкіреш деп еркелетеді.

Мектепті Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылынан бітірген. 12 жасынан нашар ести бастаған. 19 жасында толық естімей қалыпты. Мектепте оқып жүр­генде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанып, аудандық газетке мақалалар жазып жүріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне түседі. Бірақ мүмкінді­гінің шектеулігіне байланысты бірінші семестрден кейін шығып қалады. Ұлы­британия, Швейцарияда мылқауларға арналған арнайы балабақша тұрмақ, университеттер бар. Ал бізде бұл жағы әзірге өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

 

***

Бірақ оған мойыған Ардақ жоқ, Алма­ты оқу өндірістік кәсіпорнына жұмысқа тұрды. Еден де жуды, ыдыс жуушы да болып нан тапты. Қара жұмыстың ешқайсынан қашқан жоқ. Тігінші де болды. Есесіне орта көрді, талай адаммен танысты, араласты. Жанын байытты. Тұрмыс құрды. Қызды болды. Одан қазір жиен сүйіп отыр.

2000 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты зағип және есту мүмкіндігі шектеулі  жандар мәдениетін қалыптастыру бөлімінде әдіскер.

Қарияларды қуантқысы келіп тұра­ды. Осы өміріндегі естен кетпес оқиға­сы: панасыз қалған қос қартқа мате­риалдық көмек апарғанда,  93-тегі жетім қарияның балаша кемсеңдеп жылаған сәтін әлі ұмытпайды. Үлкен кісілердің баласыз отырғандарына қапаланған сонда.

Өмірінде пір тұтқан адамы анасы Күләрбек болатын. Ол кісіні бүгінде жиі сағынатынын жасырмайды. Жабыр­қаған сәттері, күйкі тірліктен шаршаған кездерінде беске таяп қалған жиен немересі жанын жадыратады. Тіпті, шына­шақтай бала бүгінде апасына қол қимылдарымен аудармашы болуға жарап қалды. Екеуі бір-бірімен сыр сақтай білетін саусақтары арқылы әңгімелеседі, түсініседі, ұғысады.

 

***

Саңырау жандардың ішкі түйсігі жоғары болады дейді Ардақ. Олар қарсы алдында тұрған адамның сөздерін есті­ме­се де, оның қандай күйде тұрғанын айтпай-ақ түсініп тұрады. Айналадағы кез-келген құбылысты көкірек көздері арқылы көреді, адамдардың ойын бет қимылына қарап, жүрек қылы арқылы сезеді.

Өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың тыныс-тіршілігін сиқырлы саусақтарымен, қол қимылдарымен жалпақ жұртқа паш етіп жүрген Ардақ Әбікеннің иығына бір жылдары елі­мізде сурдоаудармашылар дайындайтын республикалық «Тәржімашылар» ассо­циациясының төрайымы Вера Ефи­менко қамзол жапқаны бар. Бұл да бір еңбегінің еленгені, бағаланғаны болар.

Өмір болған соң қуаныш та, күйзе­ліс те болатыны ақиқат. Жеңісі де, же­ңі­лісі де аз емес. Бірақ ешқашан мойы­ған емес. Ешкімге, ешнәрсеге өкпесі жоқ. Шүкіршілігі басым. Себебі, оған тағдыр таусылмайтын төзім, шыты­на­майтын шыдам берген. Ол өмірді сүйеді.

Көктем мезгілін ұнатады. Өлең жаза­ды. Қарашаңырақты ұстап отырған ағасы да өлең жазады. Айналадан сезгенінің бәрін, жүрекке түйгендерін ақ қағазға түсіріп отырады.

 

***

Ардақ өлеңдеріне өмірді, махаб­батты, табиғатты, көңіл-күйін арқау етеді. Марқұм болған ата-анасына деген сағынышын да жырға қосады. Бір жинақ­қа өлеңдері басылып шыққан. 2004 жылы Мәскеуде саңырау ақын­дардың «Филантроп» байқауына қаты­сып, сертификат иеленіп қайтты. Ол да бір белес.

Тағы бір арманы –  мақалалар мен әр кездегі толғаныстарының, өлеңдерінің басын біріктіріп, сосын өзінің ұстазы, әріптесі болған жақын адамы жайлы «Өмір мен көңіл» деген жинақ шығар­ғысы келеді. Саңыраулар өмірін бейне­лейтін қолжазбасы бар. Соның желі­сімен кино түсірілсе ғой деп армандайды. Оның да уақыты келер, бәлкім. Арман­дар орындалады.

Айтпақшы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, «Абылай ханның арманы» деген, үш жүздің басы қалай біріккені туралы оқиға желісін тарихи кітаптардан алып, пьеса жазып шыққан. Оны Санкт-Петербургте мылқау артистер сахналады. Ардақ бұл пьеса­сын қазақша жазды, ал артистер қол қимылмен орысша қойды.

Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Дәл қазір Сәуле Досжа­нованың «Үлкен үйдегі үрей» кітабын оқып жатыр.

Таңертеңгі тілегін, қадамын жақын­дарына жақсылық, амандық тілеумен бастайды.

Өзің де аман жүр, замандас! Өмірдің жақсылықтарын  бізге жеткізуден шар­ша­мағын, біз де өздеріңізге қызмет етуге әрқашан әзірміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *