ОЛ ЕНДІ БИІКТЕЙ БЕРЕДІ

1712Кеше «Қазақфильм» кино­студиясында Астана мен Алматы қалаларының және еліміздің әр шалғайынан кел­ген зиялы қауым өкілдері қазақтың аса талантты ұл­дарының бірі, мәдениет­тану­шы, шертпе күйдің қас ше­бері, жазушы, кинодрама­тург, қазақ руханиятына өлшеусіз олжа салған Таласбек Әсем­құловты соңғы сапарға шыға­рып салды. Қаралы жиын­­­ды «Қазақ­фильм» кино­сту­дия­сының бас редак­торы Дидар Амантай ашып, сөз сөй­леген танымал азаматтар талант иесінің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегіне тоқталып өтті. Таласбек Әсемқұлов әуелі өзінің ана тілімен қатар, халықаралық қатынас тілі болып саналатын орыс тілінде еркін жазған, интеллектуал­ды деңгейі өте жоғары, жан-жақты дарын иесі болды. Өзгенің табысына балаша қуанып, қайғысына қайғыра білетін жайдарман, ақкөңіл, ақжарқын жан еді.

 

Рухани қуатының мықтылығын сезіп жүрдік

Қоғам қайраткері, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ: – Біз бүгін ерекше тұлғаны, сегіз қырлы, бір сырлы, қазақтың үлкен азаматын соңғы сапарға шығарып салып тұрмыз. Бұл Қазақстан жазушылары мен киногерлері үшін күтпеген қаза болды. Таласбек өлімге, ажалға қиятын жан емес еді. Осыдан төрт-бес күн ғана біз бір тойда кездесіп едік. Ол денсаулығында кінәраты бар жанға ұқсамайтын. Таласбектің өнеріне келетін болсақ, оның жазушылығы бір бөлек, күйшілігі де ерекше, Алла тағала бойына өнер дарытқан ерекше қасиеті бар азамат еді. Содан кейін музыкатанушы ретінде де жұрт сөзіне құлақ түретін, мойын бұратын тұлғаға айналды. Осы салада жастарға сабақ берді. Жылдар өте келе Таласбектің бойынан бір бұлақтың көзі ашылғандай болды. Кинодраматургия саласында да кәсіби деңгейге көтеріліп келе жатты. Елімізге белгілі болған «Біржан сал» көркем фильмінің сценарийін жазды. Ол фильм халқының тарапынан жақсы баға алды. Соңғы кезде аға-досы Досхан Жолжақсынов екеуі Құнанбай қажы туралы айтулы фильмді түсіріп болып, құрастырып жатқан кезде кенеттен көз жұмды. Осы екі фильмге Таласбек кинодраматург ретінде қатысты. Сонымен бірге Таласбек тарихты терең білді. Мықты этнограф та болды. Көпшілік байқай бермейтін тағы бір қасиеті – Таласбек ойшыл болды. Оның ашаршылық туралы айтқан сөзі бәрімізді селт еткізген еді. «Қырылып кеткен халықтың жөні бөлек, ең жаманы – сол халықтың сағын сындырып кетті. Бұл ұзақ жылға кететін індет болды» деген сөзі жадымыздан шықпайды. Мұндай ойды айту үшін, әрине, ірі ойшылдық қажет. Таласбектен біз көп нәрсе күтуші едік. Күнделікті араласып жүрмесек те, оның рухани қуатын алыстан сезетінбіз. Бақыл бол бауырым! Соңыңда халқың, ағайын-досың, бала-шағаң бар, сен біздің мәңгілік жүрегімізде боласың.

 

 Қаламы қарымды, көкірегі күй сандық еді

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек АЙТҰЛЫ: – Мұндайда ауызға сөз де түспейді екен. Көкірегіміз сөгіліп, қабырғамыз қаусап тұр. Таласбекті мен құлындайынан білуші едім. Бір ауылдан, бір өзеннің суын ішіп, өсіп едік. Бір анадан тумасақ та, туғандай болып кетіп едік. Ол бүкіл қазақтың бәрімен жолдас, дос еді. Оның өнері де, жазу мәнері де ешкімге ұқсамайтын. Тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы еді. Өзгесін айтпағанның өзінде, сонау аталардың үзіліп қалған күйін, нақтырақ айтқанда, Байжігіттің күйін бізге жеткізген, үзілген жіпті жалғаған, өшкен отты қайта жандырған, қаршадайынан ұлтының жоғын жоқтаған қаһарман еді. Өзі де өткір болды, айтарын бетке айтатын, қаламы құтты, көкірегі күй сандық, асыл да, ардақты еді. Ажалға амал бар ма, қапияда айрылып қалдық. Бүкіл халқы жиылып келіп, көңіл білдіріп тұр. Таласбектің қазасы орнын үңірейтіп кеткен, талайымыздың жанарымызды жасқа толтырып кеткен ауыр қайғы болды. Әттең, ерте кетті, ол қазағына керек еді. Осы кезге дейін жасаған, алдағы кезде жасайтын шаруасы да қыруар еді. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Аналарымыздың алтын құрсағы аман болса, талай таланттар әлі туар, бірақ, Таласбектің орны, Таласбектің бейнесі ешқашан өшпейді. Оның жазғаны мен өнері қазақ деген халық барда, қазақ руханиятымен бірге мәңгілік жасайды деп ойлаймын.

 

Теңіздей – терең, кемедей – кемеңгер

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Маралтай ЫБЫРАЕВ: – Қазақ руханияты шын мәнінде қара жамылды. Теңіздей – тереңімізден, кемедей – кемеңгерімізден айрылып отырмыз. Тума талантымен, зор рухани байлығымен Таласбек ағамыз арамыздан мәңгілік сапарға аттанып, ұлтқа керек байлықты өзімен бірге алып кетіп барады. Мұхтар Әуезов, Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқа­қовтардың көзін көріп, өнегесін алған талант иесі еді. Оның қаламынан туған шығармаларды ұлттық әдебиеті­міздің мол қазынасы деп білемін. Уақыт өткен сайын бағасы арта түсетін классикалық шығармалар екенін оқырман қауым әлдеқайда мойындаған. Қазақ атты ұлт барда Таласбек шығармалары мәңгі жасай беретін болады. Соңғы жылдары қазақ киносында жемісті еңбек ете білді. «Біржан сал» көркем фильмі – бүкіл қазақ жоғалтып алған кинотуындының бірі болды. Одан кейін «Құнанбай» көркем фильмінің сценарийін жазды. Алла тағала ғұмыр бергенде Досхан ағаның жанында жүріп, талай шаруа атқарған болар еді. Қаламы да, қоңыр домбырасы да жорға еді. Ағаның бүкіл өмірі күмбірлеген шертпе күй сияқты еді. Сол домбырасының қос шегі күтпеген жерден үзілгендей болып отырмыз. Таласбек ағаның соңында қалған мұраларының мәңгілік өмір сүретініне сенеміз.

 

Қазақ мәдениетінің қоңыр торысы еді

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ: – Досхан ағамыз бастаған шығармашылық топ үш ай бойы Шыңғыстың жерінде, Абай өңірінде мыңдаған адам қатынасып, көркем фильм сәтімен түсіріліп, Алматыға қайтып кеткен еді. Сол күндердің шуақты әсері басыла қоймаған кезде, алдыңғы күні қаралы хабарды естіп, Шыңғыс өңірінің халқы, басшысы да, қосшысы да төбеден жай түскендей болып, ауыр қабылдап отырған жайы бар. Ұзындығы 170, ені 40-50 шақырым келетін қазақтың қасиетті Шыңғыс деген тауы бар. Сол өңірдің Семейге қараған жағын Бауыр дейді. Онда Абай елі мекен етеді. Келесі жағын Шұбартау мен Керей елі деп атайды. Шыңғыстаудың ауасын жұтып, топырағын басып, Абайдың рухымен тыныстап өскен Таласбек аға тегіннен-тегін жан болуы мүмкін емес. Ол кісінің кесек тұлға, сирек талант иесі екенін біреу біліп, біреу білмей жатқан жайы бар. Біз де көп білмей, оның жазған мұраларына кейіннен үңіліп жатқаннан кейін жаңа қырынан танып жатқандай болып едік. Таласбек ағаны көрген сайын үлкен ойдың үстінде жүрген кісідей болып көрінетін. Тосыннан сөз кезегін бере қалсақ, ойын жинақтай алмастан: «Осы маған бекер сөз бересіңдер-ау!» – деп, өзінің тындырғанын айтқаннан гөрі басқаның еңбегін көбірек мақтап, сыпайылық танытқанына таңқалушы едік. Сондай қиналысты сәттің Абайдың басынан өткенін де енді ойлап отырғандай жайымыз бар. Құнанбайды құдай қолдаған, ұлы Абайдың әкесі еді. Досхан ағамен бірігіп, сондай ұлы тұлғаның тарихи бейнесін жасауға атсалысып жүріп, өмірден өтіп кеткені, әрине, өкінішті өлім болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ел халқының бүгінгі қаралы жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдеріне деген көңіл айтуын арқалап, сіздерге жеткізіп отырмын. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қоңыр торысы дүниеден өткен екен, Шыңғыс елінің халқы көңіл білдіреді. Соңында қалдырған мұрасы халқына жетіп, «Құнанбай» көркем фильмі тезірек көрерменіне жетсе екен деп тілейміз.

 

Бітірсем деген шаруасы көп болатын

Ақтөбеден арнайы келген ақын Мейірхан АҚДӘУЛЕТОВ: – Осындай қайғылы кезде Таласбектің қадір-қасиеті енді артатын болады деген ой келеді маған. Қазақтың мықты дарынды тобының ішінде сирек кездесетін интеллектуалдық деңгейі жоғарысы – осы Таласбек еді. Өлеңі басқа, өзі басқа жандар сияқты емес, бар жан-тәнімен өнерге қызмет етіп кеткен азамат деп ойлаймын. Соңғы 15-20 жылдың аралығында Талас­бекпен жақын араласып, дос болдық. Ойында сұмдығы жоқ, баладай таза, ашуланса да шын көңілімен ашуланатын, шын жүрегімен қазақтың өнері дұрыс болса екен деп жүретін жан еді. Ол жағын осында жиылып тұрған азаматтар жақсы біледі. Қазақ тілін жетік меңгерген, бүкіл дүниенің ғылымы мен білімін білетін, жай біліп қана қоймай, өзінің тарихи біліктілігімен қорытқан бес-алты адам болса – соның біреуі, жалғыз болса – соның өзі болар деп ойлаймын. Оның бітірсем деген шаруасы өте көп еді. Со­ңын­да қалған ұрпағына амандық, жұртына береке, бірлік берсін деп тілейміз.

 

Таласбектің сөзіне бәріміз тоқтаушы едік

«Жас Өркен» ЖШС бас директоры, жазушы Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: – Біздің елде, ұлтта басқа ұлттан еш кем емес бір үлкен мектебі бар еді. Оны академик, басқа деп айтпай-ақ қояйық, осы ұлтқа қатысты ғылым-білімнің барлығынан хабары бар, қай сала болса да шешіліп әңгіме айтатын сол мектептің бір жұрнағы, соңғы бір тұяғы сияқты осы Таласбек Әсемқұлов бәрімізге бірдей дос сияқты болып көрінетін. «Кәрі ат» деп аталатын үш беттен тұратын шағын әңгімесі кешегі кеңес заманының бар тауқыметін көтеріп тұрды. Сол әңгімесін қайталап оқысаңыз, Таласбектің дүниетанымы, таңдаған жолы, болмысы бірден байқалады. Ойшыл адамның бәрін қырып-жойып тастады деген сөз, меніңше, бекер әңгіме. Мемлекеттер мен хандықтардың сөзін тыңдап, жолын анықтап, дінінен бастап, ғылым-білімін жинақтап отыратын осы Таласбек сияқты адамдар болған. Таласбек жас та болса мемлекеттің үлкен бір тұлғасы еді. Астанаға Таласбек көшкен кезде де біраз үміттенгенбіз. Таласбексіз ұлттың әңгімесі келіспей тұратын сияқты болып көрінетін. Газет-журнал, қай саланың басында Таласбек жүретін. Таласбектің сөзіне келген кезде бәріміз тоқтаушы едік. Әділдік пен шындық, ғылым-білімнің бәрі осы Таласбекте жатыр деп есептейтінбіз. Осындай бөлекше жаратылған азаматтан айрылдық, бұл қаралы күнді бүкіл ұлттың қайғысы деп есептейміз.

 

Жазғаны мен айтқанын келешекке арнады

Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат ӘУЕЗОВ: – Таласбектің дүние салуы, ортамыздан кетуі, бұл – үлкен ұлттық трагедия. Ол ерекше дарынды тұлға, күйші, ойшыл, жазушы, ғалым, бар болмысы халқым деп жаратылған біздің озық ойлы замандасымыз. Таласбекпен әңгімелесіп, сырласып, мағыналы сағаттарды өткізгеніме қуанамын. Соңғы кезде телефонмен көптеген тақырыпта ұзақ сөйлесетінбіз. Маған айтқан әңгімелері келешекке арнағандай болып көрінетін. Қазақты жақсы көретінін дүниежүзілік философиялық деңгейде дәлелдей білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Таласбектің жазғандары мен зерттеулерінің, әсерлерінің болашаққа жалғай білетін қасиеті болды. Жазған романдарын кезінде жоғары бағалағанбыз. Бұл салада Таласбек өзін-өзі жақсы көрсетті. Қазіргі кезде кинодраматургия саласында да өзінің қандай екенін дәлелдеді. Жалпы, қазақтың асқақ рухын, сана-сезімін өнер мен ой саласында жоғары деңгейде көрсете білді. Ол көзі тірісінде талай нәрсе жазып үлгерді. Жазба түрінде де, ауызекі сөйлесуде де көптеген сөздерін ортамызға қалдырып кетті. Таласбектің жаны жәннатта болатынына ешқандай күмән жоқ деп ойлаймын.

 

Талант иесінің «Ақшамда» қалған айшықты іздері

Марқұмның сүйегі «Кеңсай-2» зиратына жерленіп, әруағына Құран бағышталды.

Ұлттық мәдениетіміздің үлкен жанашырлары, сан қырлы талант иесі Таласбек Әсемқұловтың қазақ баспа­сөзінде, оның ішінде «Алматы ақшамы» газетінде соңғы бес-алты жыл көлемінде жарық көрген қазақ руханияты мен тарихына байланысты мақалалары әсер-ықпалының қандай болғанын оқырмандар жақсы біледі. Газет редакциясына келіп, мақала авторы туралы дерек білгісі келген, хат жазып, телефон шалып, пікірін білдірген оқырмандардың айтқан сөздері жадымыздан шыға қойған жоқ. Таласбектің мақалалары шыққан газет нөмірін дүңгіршектен таппай, редакциядан алып кеткендерді де білеміз. Жаңашыл да, тосын ойларға толы мақалаларымен Таласбек Әсемқұлов газетіміздің интеллектуалдық деңгейін көтеруге, оқырман қатарын арттыруға ерекше ықпал ете білді. Ширек ғасырдан астам қазақ руханияты мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Алматы ақшамы­ның» шығармашылық ұжымы мен оқырмандары газет бетінде айшықты ізін қалдырып кеткен сирек талант иесі, ұлттық мәдениеті­міздің айтулы майталманы Таласбек Әсем­құловтың есімін ұзақ уақыт сақтап, сағына еске алып жүретін болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *