ОЛ АЛМАТЫНЫ ЖАҚСЫ КӨРДІ

Шаһарда Башқұртстанның халық ақыны Мұстай Кәрімнің құрметіне көше берілді. «Мамыр» ықшамауданында орналасқан Садовая көшесі енді Мұстай Кәрімнің атымен аталады. Салтанатты рәсімге қала басшысы Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Башқұрт елінен келген ақынның немересі мен арнайы делегация қатысты. Олардың арасында белгілі ғалымдар мен жазушының жақындары да бар. Қала басшысы жазушы шығармаларының бүкіл түркі әлемі үшін маңыздылығын атап өтті.

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақы­ным, төл перзентім деп біледі. Ақын­ның «Үш таған», «Тал түс» атты кітаптары қазақ тіліне ауда­рылған. Алматыдағы кітапхана­ларда қазақ және орыс тілдерінде әр жылдары жарық көрген 100-ден аса жинақтары сақталған.

Көше атауы оның 100 жылды­ғына орай беріліп отыр. Ол әйгілі ақын, жазушы, драматург қана емес, Ұлы Отан соғысына қаты­сып, екінші дәрежелі орден ием­денген, – дей келе қала әкімі Мұстай Кәрімнің есімі еліміздің мәдениет тарихына мәңгіге жазы­латынын және оның бауырлас башқұрт халқының жарқын өкілі мен оның аса бай мұрасына, әдеби шеберлігіне деген құрмет болып табылатынын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Баш­құртстан Республикасының үкі­мет аппаратына қарасты мәде­ниет, мұрағат істері мен кон­грестік шара­­ларды өткізу бөлі­мінің жетек­шісі Энже Вернигора Қа­зақстан Республикасының үкі­метіне алғыс білдірді.

– Бүгінгі іс-шара башқұрт халқы үшін ғана емес, қазақ­стан­дықтар үшін де аса маңызды бол­са керек. Біз үшін Башқұртстан ақынының бұл мерейтойы басқа бұрынғы кеңестік елдерде той­ланып жатқаны қуантады. Әрине, Қазақстан Республикасының үкі­метіне, елшілігіне, Алматы қала­сының әкіміне алғыс білді­реміз. Мұндай салтанатты шара­ның ұйымдастырылуы бізді шынымен де қатты қуантты, – деді ол өз сөзінде.

Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райым­құлова ақынның соғыс кезінің өзінде майдан алаңында жүріп жанынан қалам мен қағазын тастамағанын айтып, сол қиын қыстау кездерде көркем туынды­лар тудырғанын алға тартты.

Мұстай Кәрімнің немересі «Мұстафа Кәрім» қорының негі­зін қалаушы Темірболат Кәрі­мовтың айтуынша, атасының қазақстандық достары көп бол­ған. Олардың қатарында Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар бар.

– Бұл жыл біздің отбасымыз бен барша Башқұртстан үшін аса ерекше. Бұл Мұстай Кәрімнің жүз жылдығы. Бүгінгі қуанышты күн біздің үлкен бақытымызды одан бетер еселей түсті.

Мұстай Кәрім Қазақстанды жақсы көрді. Алматыға келгенді жақсы көрді. Бұл жерде оның көптеген достары – танымал ақын-жазушылар тұрды.

Оларды аса берік бауырлас байланыс, өмірге деген көзқарас пен оқырман алдындағы жауап­кершілікті сезіну байланыстырды. Бүгін ақынның рухы бізбен бірге. Ол бұл әсем, керемет әрі рухани қалаға келуді жақсы көретін еді, – деп көпшілікке алғысын білдірді.

Қазақстанды жүрегімен жақ­сы көріп, шығарма­шылығынан үлкен орын берген талант иесін елі­міздің ұлы тұлғаларымен бауыр­­ластық, оқырманға деген жауапкершілік байланыстырса керек. Көзі тірі­сінде үнемі таланттың аздық ететінін, туынды бай болу үшін автордың жүрегінің таза­лығы мен оқырманға деген ықыла­сының зор болуы керектігін айтады екен. Ол бұл қасиеттерді Мұхтар Әуезовтен үйренсе керек. Сондай-ақ, ол Сәбит Мұқанов­тан, Ғабит Мүсіре­повтен және Әбу Сәрсенбайдан сабақ алған. Қазақ халқының тазалығы мен кеңдігіне тәнті болған драматург көзі тірі­сінде-ақ қазақстандық оқыр­ман­дарына разы екенін айтып жүреді екен. Дүниеден өткесін көп ұзамай Сәбит Досанов «Ұлы­лар қай­тып келу үшін кетеді» деп мақала жазып жариялайды. Ақын әсем қаламызды жақсы көріп, осында оралуды армандаған көрі­неді. Қала басшылығы оның аты­на көше беріп, ақынның дәл осы ар­манын жүзеге асырғандай. Осы­лайша ол әсем қалаға оралды.

  • Мұстай Кәрім – танымал башкириялық ақын-жазушы әрі драматург. Ол 1919 жылы 20 қазанда Башкириялық Автономды СКР-де дүниеге келген. Ол «Біздің үйдің қуанышы» повесін, «Көктем дауысы», «Өзендер сөйлейді», «Алыста қалған жағалар», «Жылдар ізімен» атты туындыларымен танылған. Ақынның құрметіне Мәскеу мен Уфа қалаларында көше берілген.
  • Мұстай Кәрімнің поэзиясы, прозасы, драматургиясы қазақ тіліне аударылды. Бұл игі іспен қазақстандық достары Жұбан Молдағалиев, Шерхан Мұртаза айналысты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close