ҚОЛҒА СЕЗІЛЕТІН БЕЙНЕЛЕР

2703Жақында Ә.Қастеев атын­дағы өнер мұражайы «ӨнерЛенд» қоғамдық қоры­мен бірлесіп, Алматы қала­сындағы Н.Ос­тров­ский атын­дағы зағип және көз­дері нашар көретін бала­ларға арналған №4 мектеп-ин­тернат оқушы­ларының қа­ты­суымен мүсін көрмесі­нің интер­активті жобасын жү­зеге асырды. Еске салып өте­лік, 2013 жылы Алма­тыда алғаш рет «Қолға сезілетін бейнелер» атты зағип және көздері нашар көретін мүгедек балалардың қатысуымен мүсін көрмесінің интерактивті жобасы өткен болатын. Сөйтіп, бұл жоба қоғамда үлкен ықыласқа бөленді. Биылғы жылы аталмыш жоба Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Х Республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің екінші рет жеңімпазы атанып, өз жалғасын табуға мүмкіндік алды.

«Қолға сезілетін бейнелер» жобасының негізгі идеясы – мүмкіндігі шектеулі зағип балаларды Қазақстан мүсіншілерінің туындыларын дене түйсігі арқылы қабылдауға және ермексазды пайдаланып, өз түсінігіндегі сол бейнелерді сомдауға баулу. Жобаның басты идеясын іске асыру барысында мұражай қорынан Б.Төлеков, Е.Молданиязов, А.Исаев, Л.Ядринцев және А.Андрющенконың жұмыстары таңдалып алынды. Балалар ұсынылған түрлі формадағы мүсіндерге ықылас қойып, танысып шықты. Бірі жұмыстың пішінін сипап ұстап қабылдаса, енді бірі мүсінге зейін салып қарады. Бір ай көлемінде Қазақстанның танымал мүсіншілері Павел Шорохов, Шоқан Төлеш, Дархан Әтейбеков және мектеп мұғалімі Дулат Қажыбаев балалармен сабақ жүргізді. Мүсіншілер мен оқушылар арасында жылы түсіністік орнап, өзара әңгімелесіп, сұрақтармен алмасты.

Балалар мүсін жасауда қолмен сезу арқылы формаларды дәлме-дәл қайталамай, өздігінше түрлендіріп, шығармашылық идеяларын қосты. Әр оқушы өзі таңдаған мүсіндерін шынайы сомдауда форма тұтастығын, анатомиялық ерекшеліктері мен тепе-теңдіктерін сақтауға тырысты. Жұмсақ ермексазды қолдарына бағындыруда шағын формаларды жасап қана қоймай, олардың түрлі-түстілігіне ерекше назар аударды. Осы арқылы ішкі көңіл күйлері, сезімі мен өмірге деген дүниетанымдары байқалды. Мысалы, Рамазан Сейсен «Шопан» атты туындысында ұлттық киімдегі, қолына қозы ұстаған қарттың бейнесін шынайы беруге талпынса, Асқар Темірбеков «Салт атты» мүсінін ұлттық көріністе жалғастырды. Ал Аяжан Байболат жылқы жануарының сұлулығына назар аударса, Ақтолқын Абдықадырова қобыз ұстаған ер адамның образын түпнұсқаға ұқсастыра сомдады. Сондай-ақ, Вячеслав Гмырак «С.Сейфуллин портретіне», Әйгерім Қабиева, Назерке Бауыржан, Әлішер Бостан, Айдосжас Омаров қыз портретіне тоқталса, Жәнібек Жақатай ағаш ыдыстың оюларына назар аударған. Одан басқа Алина Галанина, Аружан Мұхтар, Айдана Дашонова, Тоғжан Макұлбекова, Әнел Ахметханова өзіндік шығармашылық композицияларымен көзге түсті.

Жалпы, «Қолға сезілетін бейнелер» жобасы зағип және көздері нашар көретін жандарға үлкен қуаныш сыйлады. Қазақстанның танымал шеберлерімен тілдесіп, мүсіндеудің заңдары жайлы біраз ақпараттар алды. Аталмыш жоба басқа көрермендерге қарағанда экспозициядағы кескіндеме, графика немесе шыны ішіндегі қолөнер бұйымдары, тағы да басқа бейнелеу өнер шығармаларын қарап шығуға мүмкіндіктері шектеулі балаларға мұражай қорынан алынған мүсіндерді қолмен ұстауға мүмкіндік туғызды.

Самал МАМЫТОВА, Сандуғаш МЫРЗАБЕКОВА, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының ғылыми қызметкерлері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *