ОЙЫН ОЙНАП, ӘН САЛМАЙ…

Бостандық ауданындағы Мәрзия Наурызбаева басшылық ететін №79 бөбекжай-балабақша шаңырағында «Оқу қызметіндегі ойын технологиясының орны мен рөлі» деп аталатын қалалық семинар болып өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Семинар жұмысына қалалық Білім басқар­ма­сының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлі­мінің жетекшісі Ж.Әлиак­парова, қала­лық Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің әдіскері Г.Құр­ман­әлиева, қалалық әдіс­темелік бірлес­тік мүшелері мен Бостандық ауданы әдісте­мелік бірлестігінің мүшелері, сонымен қатар, қаламыздағы мектепке дейінгі ұйымдардың әдіс­керлері мен тәрбиешілер қатысты.

Алғашқы сөз кезегін №79 бөбекжай-бала­бақша меңгерушісі Мәрзия Наурыз­баева алып, 1983 жылы ашылған балалар мекенінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінде 10 топқа бөлінген бүлдіршіндер қандай бағытта тәрбие­леніп, ұлттық құн­дылықтарды бойларына сіңіріп жатқаны туралы айтып, озық тәжіри­бені ортаға салды. Ой-пікір алаңына жинал­ғандарға оқу қызметіндегі ойын технологиясын таңдауының себептерін түсіндірді.

«Ойын ойнап, ән салмай өсер бала болар ма?» деп ақындарымыз жырға қосқандай, ойынның бала өміріндегі маңызы өте зор. Балалық шақта бала болып еркелеп, бала болып ойнамаса күні ертең ержетіп, ес білгенде мейірімді болып өсе қояр ма екен? Бала өзіне берілген уақытта, яғни бала күнінде еркін ойнап өсуі керек. Ойын ойнау арқылы баланың шығармашылығы дамиды. Ойлау қабілеті артады. Баланың бойындағы ептілік, тапқыр­лық сияқты қасиеттері қалыпта­сады. Ойын арқылы ширайды. Шапшаң болып өседі. Өз ойын жеткізе біледі. Сөздік қоры молаяды. Адамдармен қарым-қатынасы, сыйластығы артады.

Ойын арқылы еркелеп, рөлге ене біледі. Ойын ойнау арқылы ойы да, бойы да өседі. Қысқасы, ойынның бала ағзасы мен өсу процесіндегі өзіндік ерекшелігі бар. Мәсе­лен, ұл бала көбіне машина жүргізіп ойнай­ды. Өскенде де сол машинаның құлағында ойнайды. Бұзылса жөндей біледі. Ал қыз балалар көбіне қуыршақпен ойнайды. Тамақ пісіріп, үй тірші­лігімен айналысу арқылы өмірлік тәжірибе жинақтайды.

Семинардағы «Дөңгелек үстел» тақы­ры­бына айналған «Оқу қызметіндегі ойын технологиясының орны мен рөлі» туралы балабақша әдіскері Әйгерім Нұржанқызы кеңінен әңгімелеп, жан-жақты талқылап берді. Бүгінгі мектепке дейінгі мекеме­лердегі балалар қандай ойын түрімен ойнайды? Олардың сүйік­ті ойындары қандай? Баланың ойлау қабіле­тіне, ой-өрісінің дамуына әсер ететін қандай ойын түрлері бар? Бала ойнағанда еркін ойнауы керек пе? Міне, осы сыңайлы сауал төңіре­гінде өрбіген ашық әңгіме алаңы біраз пайдалы мәліметтер берді. Еліміздің бола­шақ ұрпақта­рының бойына қазірден бастап ұлттық құндылықтарды сіңіретін болмысымызды айшықтайтын ойын түрлері ойналды. Ол ойындарды әдіскерлер мен тәрбиешілер өзде­рі­нің жұмыс жоспарла­рына енгізетін болады. Сонымен, қимыл-қозғалыс, саусақ, сюжетті рөлді, дидакти­ка­лық, үстел үсті, ұлттық ойындар сынды бірнеше ойын түріне байла­нысты да кеңінен әңгіме қозғалды.

Енді бір сәт семинарға қатысушылар «Таста және тыңда» деп аталатын ойын ойнап, бір сәт серпіліп алды. Осыдан соң барлық қаты­сушыларға арналған сауал қойылды. Кішкен­тай кездерінде қандай ойын түрін ойнаған­дарын және сол ойындардың өз өмірлеріндегі маңызы туралы бала жанының бағбандары бір сәт еске түсірді. Ұлттық ойын түрлерін бүгінгі заманға сай етіп, өзгертіп, бала тәрбиесінің құралы етіп пайдалану мәселесі де сөз болды. Қалалық Білім басқармасының мек­тепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің жетекшісі Ж.Әлиакпарова семи­нар жұмысына жоғары баға беріп, оның пайдалы тұстары мен ерек­шеліктерін атап өтті. Келген қонақтар өз ұсы­ныс­тарын айтып, озық іс-тәжірибемен алмасты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *