ҚОЙЫН КІТАПШАСЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ МЫҢ МАҚАЛЫ БАР

мемлекет және қоғам қайраткері, тамаша тағылым иесі Сейілбек Шаухаманов тірі болғанда, сексеннің сеңгірлі төрінен төбе көрсетер еді

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Сейілбек Шаухаманов – ұлттық салт-дәстүрдің сақтал­уына, жас ұрпақтың дұрыс бағыт, тәлімді тәрбие алуына, дін мен ділдің, тілдің, басқа да асыл құндылық­тары­мыздың дамуына, елдің бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне ықпал етіп, еңбегімен атсалысып, өмірімен  үлгі болған өнегелі жан. Қазақтың бар құндылығы Сейілбек Шаухама­новтың бойы­нан түгел табылады деуге болады. Сөзге шешен, істе көсем ақсақалдың әрбір тірлігі еріксіз таңғалдырады. Қызмет­тес болған әріптестерінің айтуынша,  оның қойын кітап­шасына (блок­нотына) жазып алып, көзінің қарашығындай сақтап жүрген қазақтың мыңдаған тамаша тәмсілі бар көрінеді. Қара сөзде дес бермейтінінің бір сыры осында жатса керек. Ел басқарған азаматтың бойында болуға тиіс, бірақ өкінішке орай көбісінен табыла бермейтін қасиет бұл. Осының бәрі Сейілбек ағаның бітім-болмысы бөлек азамат екенін аңғартады. Жаны жай­саң Сейілбек Шау­хаманов жайында замандас­тары, қызмет­тестері, ғылым докторлары, профессорлар көзі тірісінде де, өмірден озғасын да жүрек­жарды лебіздерін білдіріп, ағынан ақтарылып жазды, ақындар жырларын арнады. Кейбірі Шау­хамановты әлемдік деңгейдегі тұлғаларға  айты­латын феноменге теңеді. «Феномен» дегеніміз – адам бойындағы Жаратушы сыйла­ған өмірде сирек кездесетін айрықша құбылыс, таңғаларлық нәрсе (грек сөзі). Несі бар, теңесе теңесін, әркімнің көңілі өзіне патша. Оның осы теңеуге лайық екенін төмендегі шағын жазбамен білдіргім келіп отыр.

1983 жылдың  тамыз айында Шау­хаманов Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы Голу­бенко кезектен тыс пленум өткізіп, Шауха­мановты бірінші хатшының орынтағына отырғызды.

Сәкең газетке жақсы қара­ды. Тәр­биелі, тағылымды сөз­дерін айт­ты. Өзінің алдындағы хат­шылардай, газеттен мін іздемеді, ескерту жа­самады.  Өзінің алдындағыдай деп отырғаным, осы өзгеріс болардан сәл бұрын «Нәресте» деген новелла жазамыз деп, бүкіл редакция пар­тиядан шығып, жұмыстан босап кете жаздағанбыз. Бұл әдеби шығар­маның оқиғасы: бір бойжеткен  некесіз туған сәбиін перзент­хананың әжетханасына тастап кетеді. Ақ халаттылар оны қам­қорлығына алып, ем жасайды. Бас дәрігер сұрап келген бір әйелге бермекші болып, кейін сөзінде тұрмай өзге біреуге сатып жібереді… Но­велла авторы Мәрия Жұма­това (жаны жәннатта болсын) ал­данған әйелдің сезімін, ақтал­маған сенімін қаз-қалпында жеткізеді. Редакция сол кездің өзінде-ақ ата салтымызға жат қылық жайында мәселе көтерді. Оны аупартком басшылығы қолда­мады…

Одан бұрынырақта газет редак­торының орынбасары, ақын Қанапия  Дәрібаев:

«Соғыс әлі біткен жоқ,

 тоқтаған жоқ,

Тоқтаған жоқ, соғып тұр от-

боран боп.

Анасынан айырылып жылаған

 көп,

Баласынан айырылып жоқ­таған

 көп…»,

деп  әлемде (Вьетнамда)  толас таппаған соғыс туралы өлең жазып, ол үшін де «жазамызды» алғанбыз.

Жаңадан келген бірінші хатшы Жайлыбаев пен мені (ол кезде редактордың орынбасары болатын­мын) өзіне шақырып алып: «Сын мақаланы  жиі беріңдер. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ғой,  жетіс­тігімізді ешкім тартып алмайды, ал кемшілігімізді бетке басып айтады. Мына орынбасарың  (мені иегімен көрсетіп) аупарт­комның  жиналысынан қалма­сын. Сыналған шаруашылықтар мен мекемелердің тізімін алып, солар кемшіліктен қорытынды шығарды ма, жоқ па, соны жазатын болсын. Аудандық партия комитеті газетке шыққан әрбір сын мақаланы бюро мәжілі­сін­де қарап, талқылап, тиісті шара қол­данып  отыратын болады. Осы­лайша бірлесіп жұмыс жүргізейік», – деді. Бірінші хатшының бұл ойы газетке де, шаруашылық бас­шы­ларына да абырой әкелді. Үнемі сыннан көз ашпай жүрген төрағалар мен директорлар құлшына еңбек етті. Бұрын­ғыдай бюрода сүмірейіп тұрмай­тын болды. Газеттің мерейі өсті, таралымы артты. Газет қыз­меткерлері келсе,  бұрынғыдай «тілші» деп қарамай, журналист деп құрмет көрсетті. Алдында құрақ ұшып жүрді.

Шаухаманов әдебиетке жа­ны құмар, өзі де әдебиетші еді. Бірнеше кітабы бар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сейілбек ағаның қамқорлығына қатысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 1984 жылдың  жел­тоқсан айында Алматыға қызметке ауысудың реті келді. Қызмет табылғанымен, жұмыс­тан шығу оңайға түспеді. Аудандық партия комитетінің бірінші  хатшысы Сейілбек Шаухаманов: «Аудандық газет редакторының орынбасары аудандағы белгілі фигура, ойын­шық емес. Келем десе келіп, кетем десе, кете бермейді. Күні бұрын айтып, ақылдасу керек еді. Аяқ астынан босата алмай­мын. Оны бюро шешеді» деді. Күн сенбі болатын. Аупарт­комның ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан­дықтан бюро мәжілісі ауыл­шаруашылық басқармасында өткізілді. Газет редакторы Зәкім Жайлыбаев мәселенің мән-жайымен бюро мүшелерін та­ныстырды. Бірінші хатшы жоға­рыдағы сөзін тағы да қайталай келіп, «Аупарткомға жұмысқа алып, қызметіңді өсіреміз. Неге кетесің?», – деп, кеткенімді қала­майтын сыңай танытты. Өзге бюро мүше­лерінде үн жоқ. «Олай болса, карточкасына жазып сөгіс берейік. Неге ол аупарткомға алдын-ала ескерт­пейді. Көрейік сосын оны кім сөгісімен қызметке алатынын», – деп аупарткомның бюро мүшесі әрі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Санаубаев ағамыз шүйлікті. Іс насырға шауып кете ме деп қипақтай бас­та­дым. Осы сәтте ауаткомның төр­ағасы Әзімхан Исмаиылов (жасы жағынан бюро мүше­лерінен үлкен): «Сәр­сенбекті  жібергіміз келмейтіні рас. Бірақ  мақсатына тосқауыл бол­майық», – деді. Бірінші хатшының қарқыны  сәл бәсеңдегендей болды. Осы сәтті пайдаланып үшінші хатшы Қален Әбдешов әңгімеге ара­ласып,  менің шығармашы­лы­ғымның ешкімдікінен кем емес­тігін, әдеби ортадан жырақта болғасын көріне алмай, кітап шығара алмай жүргенімді айтты…

Міне,  содан  бері  арада аттай 35 жыл өтті. Аупарткомның бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыздың өткізген сол бюро мәжілісі маған үлкен сабақ әрі үлкен құрмет болды. Республикалық, халықаралық, облыстық, қалалық ақпарат құралдарында қызмет атқара  жүріп, сол  мәжілісте айтылған талап-тілектерді жа­дымнан шығарған емеспін. Қайда болса да, Шиелінің атына кір кел­тірмеуге тырысып келемін. «Жақсыдан шарапат…» деген осы болса керек.

Кейін Талдықорған облыстық Кеңесі атқару комитетіне төраға болды. Сол кезде Нұрмолда Алдабергеновтің 80 жылдығын атап өтіп, туған ауылында музей ашты. Сол музейге Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуа­ныш­баевтың күріш дәнінен теріп салынған портретін сый­лады. Ол суретті Жазекең Ыбекеңнің көңілін сұрап кел­генде жергілікті газеттің фото­тілшісі Сайдхасан Хутаев түсірген еді. Кезінде сол фото еліміздің көп жерінде, тіпті, Мәскеудегі алаңда да ілулі тұрды.

Шаухаманов бірнеше рет КСРО, ҚазКСР Жоғарғы кеңе­сінің депутаты, Парламент Сенатының халықаралық қор­ғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі, Көші-қон және демография жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары қыз­меттерін абыроймен атқарды. Адал еңбегі үшін мемлекеттік марапаттаулардан да құр қалмады. Екі облыстың, бес ауданның Құрметті азаматы, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен, көп­теген медаль­дармен, Қазақстан мен Өзбек­станның Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close