Оқырманға беймәлім болып келген 18 кітабы елге жеткізілді

Жуырда Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық тойының шымылдығы ақынның кіндік қаны тамған Ақсу өзенінің саға­сында жатқан, ақын есімін иеленген аудан орталығы – Жансүгіров кентінде түрілді. 5 метрлік еңселі ескерткіші ашылып, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады.

– Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Ақын шығармаларынан Құла­гердің дүбірі, даланың жыры, қобыз­дың үні, домбыраның күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық. Бұл орайда Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы әлеуметтік-мә­дени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Ме­ценат­тардың экономиканың басқа салаларымен қатар, мәдениетке қолдау көрсетуі руханиятқа қызмет еткені деп түсінеміз, – дей келе, облыс басшысы осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған меценат пен мүсіншінің еңбегін ерекше атап өтті.

Орталық алаңға қойылған Ілияс Жансүгіров ескерткішінің авторы мү­сінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қазбек Дулатов екен. Ескерткішті жа­сау­ға кеткен шығынды осы өңірден шық­қан қалталы азаматтар көтеріп алған.

Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған  мәдени іс-шарамен жалғасын тапты. Мерейтой аясында ақынның «Құлагер» шығармасы белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қай­рат­кері, профессор Сәулебек Асыл­ханұлының сценарийімен дайындалып, режиссерлігімен сахналанды. Осы күні спортсүйер жастар көкпардың көрігін де қыздырды. Ақынның аруағына арнап ас берілді. Ақсу халық театрының сахналауымен «Дала дастаны» спектаклі қойылды.

Қасиетті Ақсу топырағынан бастау алып, Алатау сілемдерінің етегінде дүбірлеген ауқымды той салтанаты ертеңіне Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты та­қырыппен ұйымдастырылған кон­фе­ренция тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек ұстады. Оның айтуынша, ақын мерейтойының Қазақстан Жазушылар одағы үшін маңызы зор. Себебі, алғаш Қазақстан Жазушылар одағын құру жөніндегі бастаманы І.Жансүгіров өзі көтеріп, 85 жылдық тарихы бар одақ­тың алғашқы төрағасы да өзі болған.

Алқалы жиында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық жинағы тойға тарту ретінде ұсынылды. Сондай-ақ, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас­тамасымен жарыққа шыққан «Үш арыс» кітабының ақынның дәл туған жерінде, ұлан-асыр той үстінде таныстырылғаны да жарасым тапқандай болды.

Жуырда ақынның мұраларын жинақтап, оларды әде­би айналымға енгізу үшін Ілияс жүрген ізбенен арнайы экспедиция жасақталып, Ресейдің бірнеше қаласына зерт­теушілер барып келген болатын. Нәтижесінде Ілиястың бұрын оқырманға беймәлім болып келген 18 кітабы елге жеткізілді.

Қазақстан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы, ақын Ұлықбек Ес­дәу­лет Ілияс мұрасын зерттеушілер еңбегіне кеңінен тоқталды. Ол буырқанып келген ғасырдың қым-қуыт, қиындыққа толы алғашқы кезеңінде қырық төрт жыл ғана өмір сүріп, 40-тан астам кітап шығарып кеткен дарынның әмбебап еңбегін биік бағалай тұрып, әдебиеттегі Ілияс қалыптастырған поэтикалық мектептің кейінгі буынға тигізген ық­палы туралы баяндады. Алдағы қарашада жоспарланып отырған Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойын атап өту барысында «Үш арыс. Үш бәйтерек» деген атпен ұлт қаламгерлерінің ұйымын құрып берген Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 125 жылдығының қатар тойланатынынан да көпшілікті хабардар етті.

Конференцияның «Ілияс – Құлагер ақын» атты бас баяндамасын ақын, филология ғылымының докторы, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жасады. Ол ақын шығар­машылығының көркемдік ерекшелігіне талдау жасады. Ұлттық таныммен тамырлас, қазақы құнарға бай Ілияс өлеңдеріндегі ғажайып теңеулер, аллитерация, ассонанс, гипербола сияқты төгіліп, құйылып түсетін көркемдік әдістердің күні бүгінге дейін ескірмеу сырына бойлады.

Кон­ференция модераторларының бірі, белгілі тележурналист Нұртілеу Иман­ғалиұлы сөз сөйлеп, баяндама жа­са­ған қадір­лі меймандардың кеу­десіне І.Жансү­гіровтің мерейтойы­на арнайы шыға­рылған «Құлагер» төсбелгісін қадады.

Мерейтой шеңберінде рес­публикалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, конференция жұмы­сының барысында жыр бәйгесінің қорытындысы жарияланды. Белгілі ақын Болат Үсенбаев, Алпамыс Файзолла, Қозыбай Құрман, Алтыншапақ Хаутай, Батырхан Сәрсенхан, Мұхтар Күмісбек, Жангелді Немеребай сынды ақындар мүшәйра жеңімпаздары болып танылса, 1-орын белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлына берілді, ал бас жүлдені Байбота Қошым-Ноғай иеленді.

* Өлеңдері Лондонда жарық көріп, «Құлагері» неміс тілінде «сөйледі».

* 44 жыл ғана өмір сүріп, 40-тан астам кітап шығарып кеткен дарын иесі.

* Өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық жинағы тойға тарту ретінде ұсынылды.

* «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас­тамасымен жарыққа шыққан «Үш арыс» кітабы ақынның туған жерінде таныстырылды.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *