Оқушы денсаулығы – ұлт болашағы

Әсел ДАҒЖАН

12-4730-7Мықты денсаулық, сергектiк, өзiне-өзi сенiмдiлiк, күш және қайрат – осы қасиеттiң бәрiн мектеп оқушылары бiр жыл iшiнде Оқушылар сарайындағы суда жүзу үйiрмесiне қатысу арқылы өз бойларына жинай алды. Батыл айтуымыздың жөнi бар. Өткен аптада Оқушылар сарайының су алабында 75 оқушының қатысуымен суда жүзуден жарыс өттi.

1983 жылы құрылған Оқушылар сарайына биыл күзде 30 жыл толмақ. Жоғарыдағы шара осы мерейтойға арналып өткiзiлдi. Үш топқа бөлiнiп, белгiленген уақытта мәреге жетудi көздеген оқушылардың жарыс кезiндегi белсендiлiктерi ерекше ескерiлдi. Жарыстың аға төрешiсi – үйiрме жетекшiсi Нұрлан Саламатов, жаттықтырушылар – Исмайлов Дастан, Жангелдi Тiлеубек әр баланың көрсеткен қорытындысын жасай отырып, I орынды 25 оқушыға, II орынды 20 балаға, III орынды 15 оқушыға берiп, қалғандарын арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.

– Оқушылардың суда жүзiп үйренгендегi басты мақсаты – олардың өзiн-өзi суда ұстауы, қорықпауы және жазғы демалыс барысында үлкен су жағалауларында суда батып кетпеуiнiң алдын алу. Бiздiң үйiрме жүзе алмайтын оқушыларды бiр жыл көлемiнде суда жүздiрiп, осы спорт түрiне бейiмдеп шығарады. Үйiрмеге 8 жастан бастап 13 жасқа дейiнгi оқушылар тегiн қатыса алады, – деген үйiрме жетекшiсi Нұрлан Саламатов ниет бiлдiрген кез-келген оқушыларды үйiрмеге шақырды.

– Сабақтан тыс уақытта 16 үйiрменiң қалағанын таңдап, 45 минутын жаттығу залында өткiзетiн оқушылар өз сымбатының гармоникалық дамуына мүмкiндiк жасайды, – дейдi шараны ұйымдастырушылар. Ал су алабының меңгерушiсi Алмагүл Мырзағалиқызы:

– Қазақ оқушыларының үйiрмеге келу белсендiлiктерi өте жоғары. Қаланың шеткi аудандарынан көп келедi. Бiр жылда 2500-ден аса оқушыны белгiлi бiр спорттың саласына бейiмдеп шығарамыз. Суда жүзуге биыл 250 оқушыны үйретiп жатырмыз, – дедi.

Спорттың кез-келген түрiмен айналысуына мүмкiндiк жасаған Оқушылар сарайының жаттықтырушылары қаламыздың барлық оқушы- ларына кез-келген уақытта есiгiмiз айқара ашық деп отыр. Ендеше, салауатты өмiр салтын ұстануды 8 жастан дағдыға айналдыруға мүмкiндiк мол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *