Оқулықтарды аударып, тегін тарату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Алматыдағы «Ғылым орда­сының» мәжіліс залында «Әлеу­меттану: жаңа заман оқулық­тары» атты тақырыпта «Дөңгелек үстел» өтті. Қазақстанның страте­гиялық зерттеулер институты (КИСИ) мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры бірлесе отырып ұйымдас­тырған шараға «Ұлттық аударма бюросының» ҚҚ атқарушы дирек­торы Рауан Кенжеханұлы, С.Деми­рел атын­дағы университеттің ассис­тент-профессоры, саясаттану бойын­ша философия докторы (Phd) Мұхтар Сеңгірбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедра­сының меңгерушісі, әлеуметтану ғылы­мы­­ның докторы Гүлмира Серік­қызы және әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гульнапис Әбдіке­рова қатысты. Сонымен қатар,  жоғары оқу орындарының оқы­тушы-ғалымдары, аудармашылар, редак­торлар, баспагерлер мен әдебиетші мамандары да бар. Алқалы басқосу­дың модераторы бол­ған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөнін­дегі проректоры Шолпан Ерболқызының айтуынша,  100 оқулықты аудару – ғылыми кон­тентті көбейтіп, қазақ тілінің қорын халықаралық лексикамен байытпақ.

–       10 мың данамен басылып шыққан әр оқулықтың жоғары оқу орындарына тегін таратыла­тыны көңілге қуаныш ұялатады. Оқулық­тардың кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш түрлі форматта қолжетімді болатыны білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Ал «Ұлттық аударма бюросы­ның» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуын­ша,  мұндай оқулықтарды мемле­кеттік бағдарлама аясында ауда­рып, тегін тарату – әлемде бала­масы жоқ тәжірибе. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде, 34 тілде басы­лып, жалпы таралымы 47 мил­лионнан асқан екен.

–       Бұл деңгейдегі бір оқулық­ты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді. Сондықтан да оқулық­тардың бағасы әдетте өте жоғары. Мәселен, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын амери­кандық студент­тер 280 долларға сатып алады. Сол себепті, оқулықты өзге тілге аударып басуға да авторлар өте қатаң бақылау жасайды. Осыны ескере отырып, біз аударма жұмы­сына еліміздегі іргелі оқу орын­дары, гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеу орталықтарының маманда­рын кеңінен тартуға тырыстық. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаз­дары шақыры­лып, ғылыми редак­ция жасауға еліміздің белгілі ға­лымдары, әдеби редакцияға қа­рым­­ды қаламгерлер, білікті редак­торлар мен баспагерлер тартылды. Қазір бұл жұмысқа жал­пы саны 200-ге тарта маман қаты­суда. Сондай-ақ, ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдер­дің тәжіри­бесі мұқият зерттелді. Ілгері аудар­ма технологиясының бірі, дүние жүзінің 180 мыңнан аса аударма­шы маманы қолдана­тын арнайы электронды платфор­маға қосыл­дық, – деді Рауан Кенжеханұлы.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында аударылған 18 кітап­тың екі оқулығы әлеуметтану саласына арналған екен. Олар «Әлеуметтану негіздері» (Essen­tіals of Socіology) мен «Әлеумет­тану теориясы» (Socіologіcal Theory) оқулықтары. Жиында аталған екі кітапты 2018-2019 оқу жылдары оқу бағдарла­масына енгізу, жалпы жоғары білім беру жүйесін заман талаптарына сай икемдеу, оқулықтың аудармасы, ғылыми терминология мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ұстаздар мен студенттерге жеткен жаңа оқулықтың мазмұны туралы айты­лып, әлеуметтану пәнін оқыту мен ғылымын дамыту мәсе­лелері жан-жақты қарастырылды.

Жалпы, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап 10 мың данамен басылып, еліміздегі 110 оқу орнына тегін тара­тылған еді. Ал оқулықтардың элек­тронды мәтіндері Қазақстан­ның ашық университеті – www. openU. kz және Қазақстанның ашық кітап­ханасы www.kіtap.kz платфор­маларына орналас­тырыл­ған. Бас­қо­су аясында алғашқы 18 оқу­лықтың www.OpenU.kz плат­фор­­масына орналастырылған  элек­­тронды нұсқа­лары да таныс­тырылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *