Оқулыққа нақты сөз, терең мағына тән

 

Қазақ тіліндегі әлемнің жоғары оқу орындарының үздік әдебиеттерін қолжетімді ету идеясын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ұсынды. Аталған бағдарлама аясында Елбасының ұсынуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасын жүзеге асырушы Ұлттық аударма бюросы құрылды.

Жастардың интеллектуалды әлеуетін көтеруде гуманитарлық бағыттағы әрі қазақ тіліндегі үздік әлемдік біліммен танысу мүмкіндігі сапалы білім беруде маңызды қадамдардың бірі және студенттердің оқу процесін қазақ тілінде оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мәселесінің ерекше шешімі іспеттес болды. Сондықтан жоба, сөз жоқ, дер кезінде қабылданған үлкен бастама, маңызды қадам. Болашаққа бағдар көрсететін, рухани жаңғыруға мүмкіндік беретін бағыт. Бұл, әрине, өз кезегінде әлемнің үздік оқу орындарында оқытылатын оқулықтармен қазақ тілінде танысуға мүмкіндік алған студенттердің білім деңгейіне оң әсерін берері сөзсіз.

Өзекті әлемдік туындылар қатарындағы профессор Клаус Швабтың «Төртінші ин­дуст­риялық революция» еңбегі «Индустрия 4.0» жағдайында заманауи қазақстандық қоғамның қалыптасуында маңызды рөл атқаратын жастар үшін таптырмас еңбек. Сонымен қатар, бұл еңбек ақпараттар шапшаңдықпен өзгеріп жатқан өмір ағымына ілесемін деген жастарды өзін тек жетілдіріп, білімін шыңдап қана заман талабына жауап беретін әрі көштен қалмаудың әрекетін жасауға итермелейтін құрал іспеттес. Сондықтан да оның аударма жасалатын туынды ретінде таңдалуы дұрыс шешім.

Өзім аудармасына қатысқан Н.Грегори Мэнкьюдің және Марк Тейлордың «Эконо­микс» ерекше туындысының мазмұны оның оқырмандарына үздік әлемдік экономикалық біліммен қазақ тілінде танысуға жағдай жасай отырып, үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл оқулықтың бірінші басылымы 1997 жылы шыққан. Қазақ тіліне аудару үшін таңдап алынған нұсқасы 2017 жылғы шыққан әрі құрылымы мен мазмұны бойынша да жаңартылған, теория мен тәжірибе ұштас­тырылған қазіргі таңда өзекті танылып отырған төртінші басылым, яғни аударма­шылар заманауи түпнұсқамен тікелей жұмыс істеуге тапсырма алды.

Арнайы мемлекеттік бағдарлама негізінде үздік дүниежүзілік оқулықтарды таңдай отырып, оларды қазақ тіліне аударудың маңыздылығы мен жауапкершілігі аударма­шылар алдына ерекше талап қояды. Сондық­тан бұл жерде қазақ тіліне аударылған оқулықтардың сапасы басты негізде. Ал бұл жобада таңдалған әдебиеттердің аудармасы ұлттық аударма мектебінің әдістемелік базасын жасайды. Сондықтан сапалы түрде қазақ тіліне аударылған үздік шығармалар қазақстандық жастар білімінің маңызды құрамы болмақ.

Ғылыми терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аударудың қиындығы үлкен көлемді шығарманы бірнеше адамдардың аударуы барысында туындайды. Шетел сөзін халық­аралық ғылыми лексикадағыдай өзгеріссіз қалдыру мәселесі де аудармашылармен келісіп шешілетін мәселе болды.

Аударма барысында ортақ терминдердің, бірнеше аудармашыларда қайталанып кездесетін сөздердің бір ізділікте аударылуы әдеби және ғылыми редактормен түзетіліп реттеліп отырды. Оқулықтың түсінікті, жеңіл тілмен жазылуы, практикалық бағытталған болуы аудармашыларға оның мән-мағына­сын сақтай отырып, күрделі экономикалық терминдерді, сөз тіркестерін сапалы мән- мағы­нада аударуға итермеледі. Өйткені, «Экономикс» оқулығында практи­ка­дан алынған мысалдармен түсіндірілген мәтіндер өте көп, сондықтан ойды шашырат­пай оқырманға түсінікті етіп беру мәселесі аудармашылар алдында аса жауапкершілікті талап етті.

Қазақ тіліндегі оқулықтардың кейбіреу­лері аударма барысында тікелей аудармаға ұшырап, бастапқы ой оқырманға дұрыс жеткізілмей жатады. Сондықтан аударма­шылардың аударма жұмысымен айналысқан қомақты тәжірибесі болуы шарт. Сонымен қатар, өзінің ана тілін толық білуі, лексикалық қорының бай, бейнелеу қуаты күшті болуы керек. Түпнұсқаны толық түсіну, оны дәл бейнелеу аударманың сапасына кепілдік беретін негізгі шарт болып табылады. Болмаса, әлемде үздік танылған әдебиеттердің қазақ тілді оқырманға өз деңгейінде жетпеуі мүмкіндігі жоғарылайды.

Оқулық аудармасының сапалы болуы біздің аудармашылар тобының шет ел тілінде жасалған ақпаратты, берілген мәтіннің бастапқы мазмұнын және аударма тілінің барлық нормаларын  сақтай отырып, жеткізе алуында деп ойлаймын.

Сонымен бірге, аудармашылар үшін жауапкершілікті күшейтуде екі жүктеме талап етілді: аз уақыт ішінде аударма жұмы­сын бітіру; аударма сапасына жоғары талап.

Бұл талапты орындауға аудармашылар өздерінің тілдік білімді игеруі мен аударма дағдысына ие болып қана қоймай, мәтіндік редактормен, электронды және анықтамалар мен сөздіктерді тиімді қолдана білуінің арқасында қол жеткізді.

 

Лейла БИМЕНДИЕВА,

    экономика ғылымының кандидаты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *