Оқу жылын үздік аяқтадық

 

Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимна­зиясында «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтті. Салтанатты жиын ҚР Мемлекеттік Әнұраны­нан басталды. Жиынға ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас маманы Сайлау Оразов қатысып, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған мектеп директоры Айжан Тойбекқызы өткен оқу жылындағы үздік жетістіктерге тоқталып өтті. Мектеп-гимназияда қызмет етіп отырған 89 педагогтің 46-сы түрлі пәндік олимпиадаларға, байқауларға қатысып жүлделі нәтиже көрсеткенін,  тәжірибелі мамандар қалалық «Үздік кабинет», «Үздік жас маман», «Өз мамандығының үздігі» сайыстарына қатысып  ІІ орынды иеленгенін, ағымдағы жылы 30 шақты педагог жаңартылған білім беруге негізделген кешенді бағдарлама авторлары атанғанын мақта­нышпен жеткізді. Оқу жылының аяқталуы туралы бұйрықпен таныстырған директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлнафис Дәулетбаева 2017-2018 оқу жылындағы білім сапасының 70%-ға дейін артқанын және білім сапасының өсуіне әсер еткен жаңартылған білім беру мазмұнының үлесін,  үш тілді білім беру моделін қажетті деңгейде меңгеріп, жаһандық экономикаға нәтижелі өту алғышарттарын өз сабақтарында тиімді қолданып отырған ұстаздардың еңбегін  ерекше атап өтті. Сонымен бірге, нәтижелі қызметтің ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан марапатталып отырғанын жеткізді. «Соңғы қоңы­рау» іс-шарасы барысында мектеп мақтаныш­тары, республикалық, халықаралық сайыс жеңімпаз­дары өз өнерлерімен бөлісіп, жиын қонақтарын ерекше қуанышқа бөледі. Мерекелік шараның жоғары дәрежеде ұйымдастырылуы, жиында көрініс тапқан талантты оқушылардың шығарма­шылық қызметі мектептегі қосымша білім беру ісінің өз дәрежесінде жүзеге асып отырғанының шынайы көрінісі деп түсіндік.

Жиын соңында сөз алған мектеп түлектері ұлағатты ұстаздарға, мектеп әкімшілігіне шексіз алғыстарын білдірді. Заман  талабына қарай қызмет етіп, ата-аналар мен оқушылардың алғы­сына бөленіп отырған №59 мектеп-гимназия­сы­ның мерейі үстем, бағындыратын белесі мол болсын!

 

Г.ЗАМАНБЕКОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *