О ДҮНИЕНІҢ ҚОНАҒЫ

Қалта  телефоным  сыңсып,  түртиген  нүктесін  басқанда  бір  әйел  дауыс: «Бұл  Талаптанның  үйіндегі  Риза  келініңіз  ғой, –  деп  үнсіз  қалды. – Талаптанның  қайтқанына  он  жыл  болады,  соған  Құран  оқытайын  деп  едім…».

 Қуандық  ТҮМЕНБАЙ

Оған  да  аттай  желіп  он  жыл  өткені  ме?  Оның  да  су-өмір,  найзағай-өмір,  бебеу­­леткен  беу-өмірге  қол  бұлғап  кеткеніне  он  жыл  болғаны  ма?  Адам­дарды  саралап-сараптап  отыратын  Тәңір  аталған  кісі  Талаптанды  таңдап  алып  кеткеніне  де  он  саусақтың  түгел  бүгіліп  қалғаны  ма?

Біз  он  жылда  не  көрдік?  Талай  құрылыс  соғылып,  талай  жол  салынды.  Саяси  дода  өтті,  Елбасымыз  ауысты.  Талай  адам  атылды,  талай  ұшақ  құлады,  талай  сәби  өрт  құшағында  алаулап  жанып,  жалын  боп  жалғанға  кетті.  Тек  әдебиет  қалды.  Ол  өлмейді,  оны  ешкім де,  ешнәрсе  де  өлтіре  алмайды.

Талаптанның  артында  мұрасы  қалды.  Ол  кітап  боп  оқылып,  театр  сахнасында  қойылым  боп  көрсетіліп  жатқанда,  осы  бір  дөңгелекше  келген  биязы  жігітті  ойлайсың.  Баспасөз  міністірлігінде  бірге  істедік.  Не  айтсаң  да,  күліп  жауап  бере­тін. «Мына  дайындаған  құжатыңның  мына  жеріне  мынаны  қос»  десең  де, ыржиып  бір  күліп  алады.  Ол  өмірдегі  жедел  рапорттар  мен  жалған  есеп  беруге  күліп  қарайтын  сарабдал  еді.

Аржағында  бір  мұң  тұратын.  Шығар­маларынан  да  сол  мұңның  лебі  еседі.  Әдебиет – математика  емес.  Матема­ти­каның  өзінде  де  мұң бар.  Әйтпесе,  кел­тірілген  квадрат  теңдеу  нөлге  тең  бола  ма? Басы  бар  да,   аяғы  нөлге  кеп  тірел­­ген  өмір  шіркіннің  шырайын  шығарып, «квадрат  теңдеу»жасап  жатамыз.

Талаптанның  шығармашылығынан  мұң  көремін. «Тұма»,  «Сұлу  мен  сурет­ші»,  «Мұң»  деп аталған  прозалық  дүние­лері  әсерлі  мұңмен  адамды  баурайды.  Кейбірін  Достоевскийдің «Ақ  түндеріне»  де  ұқсатамын.  Сентиментализм  біздің  әдебиеттен  жат  емес.

Ол  жолын  тапқан  жігіт.  Адамдық  һәм  қаламгерлік  сүрлеуінде  қылау  жоқ.  Өзі  де  Жол-құрылыс  институтын  тәмамдаған.  Ол  жолдың  қадір-қасиетін  кәсіби  теориялық  білімімен  терең  игерген.  Жолы  таза кім  бар  деп  сұрар  болса,  қара  қазақтың  бірі  Талаптан  Ахметжан  деп  көрсетер  едім.

Күлсе  жан-тәнімен  күлетін.  Сауалыңа  көзімен  жауап  беріп  тұратын. «Көз – көңілдің  айнасы».  Оның  болмысы  осы  көз-айнасынан  түгел  көрінетін.  Тек  жігітке  керек  саулық  деген  бір  қамал алдырмай  қойды.  Алам  деп те  аласұрған  жоқ.  Алланың  жазуына  мойынсұнғаны  көзінен  көрініп  тұратын.

Ол  қырық  тоғыз  жас – төртінші  мүшелінде  өмірден  өтсе  де,  біраз  ел  мен  жердің  топырағын  басты – Түркия,  Украи­на,  Мәскеуде  өткен  жазушылар­дың  алқалы  жиындарына  қатысты.  Осының  бәрі  қалам қуатының  арқасы.  Осы  жерлерде   ол  қараторы  қазақ  баласының  биязы  кейпін  көрсетіп,  қазақ  қаламгері  деген  атқа  қылау  түсірмей  жүрді.  Шығармаларын  тек  өзіміз  емес,  өзге  ұлттың  өкілдері  де  сүйсіне  оқыды.

Талаптанның  жолы  төртінші  ондық­тың  ақырында  мәңгілік  жолға  ұласты.  Оның  жолы  кесілген  жоқ,  ол  өзі  таң­даған  таза  жолмен  жүріп  өткен  жара­тылыстың  бір  пендесі.

«О  дүниенің  қонағы»  деген  әңгімесі  бар.  Кейіпкері – өзі,  автопортрет дер  едім.  Өмірден  өтерін  сезген  жігіттің  жан  бұлқынысы  мен  авторлық  кредосын  сезіну  біз  үшін  оңай  емес.

Ол  о  дүниеге  қонаққа  кеткендей.  Кейіннен  барған  таныс-бейтаныстардың  алдынан  шығып,  алып  жүретін  де  адам  керек.  Ол  кім    болса  да  жатсынбай,  күлімдеп  алдынан  шығады.  Қайда  жүрсе  де  оның  жолы  таза.

Өзі  күркілдеп  жүріп, бұ дүниені  тастап кетерден  бір  күн  бұрын жұмы­сына  барыпты.  Жұрты  сап-сау,  тап-таза  адам­ның кейпін  көріпті. Кетерінде  ешкімге  ләм  демей,  артына  бұрылып  қарамапты. Мәңгілік  мекеніне  асыққан  ғой.

Оған  да  он  жыл  өтіпті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *