ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР

Екінші кітап

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған «Бэби-бумер» ұрпағы зей­нетке шықты. Бізде дәл қазір қиындау шығар, бірақ өркениетті елдерде бақыт­ты кәрілік идеологиясы баяғыда іске асты. АҚШ пен кәрі құрлықта 60 жас­тан асқандар – ба­қыт­ты өмір сүрушілер тізімінің ең басында. Кеш қартаю кон­цепциясын қолға алған мемлекеттерде адам өмірін ұзартудың тұтас индус­триясы жұмыс істеп тұр. Жасы ұл­ғайған адамдарға белсенді және салауатты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.

Өткенде таксиде кетіп бара жатып жүргізуші жас жігітпен сөзге келіп қал­дым. Өзімше жол сілтеп едім. Түсінгісі келмеді. Әкіреңдеп шыға келді. Бай­қаусызда «ой­бай-ау, қарағым-ау, мен әкеңдей адаммын ғой» деп қалып едім, «Сен – менің әкем емессің, ал менің әкемде шаруаңыз бол­масын!».  Осындай кішігірім эйджизм­нің элементтері бізде өте көп.

Оның бәрін тізіп жатқым келмейді. Жалпы, өз басым жастарға жасымды бұл­дағанды жақсы көрмеймін. Бір рет бай­қаусызда аузымнан шығып кеткенде естігенім анау. Сондықтан да эйджизм­нің элементтерін біздің қоғамға экс­порт­тап отырған – адамдардың эгоизмі. Аль­труиз­мнің ауылы әлі алыс сияқты.

Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған «Бэби-бумер» ұрпағы зей­нетке шықты. Бізде дәл қазір қиындау шығар, бірақ өркениетті елдерде бақыт­ты кәрілік идеологиясы баяғыда іске асты. АҚШ пен кәрі құрлықта 60 жас­тан асқандар – ба­қыт­ты өмір сүрушілер тізімінің ең басында. Кеш қартаю кон­цепциясын қолға алған мемлекеттерде адам өмірін ұзартудың тұтас индус­триясы жұмыс істеп тұр. Жасы ұл­ғайған адамдарға белсенді және салауатты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.

Бір анық, бізді олармен салыстыру әлі ерте. Дей тұра, дәл қазір адамдар­дың өмір сүру жасы ұзарғаны анық байқалады. Жалпы, адамның өмір сүру ресурсы 147 жыл екенін ғалымдар баяғыда дәлелдеп шыққан. Барлық бәле – өзімізден. Жеке адамдар да, мемлекет те әзірге ұзақ жасау­дың негіздерін одан әрі күшейтумен айна­лысуға енжарлы­ғын қоймай отыр. Ал біз солай ұйықтап отырғанда, әлемдегі кейбір региондар қазір орташа есеппен 120 жыл өмір сү­руге қол жеткізді. Сондықтан да барын­ша ұзақ жасау үшін мотивті күшейте түсе­тін кез – дәл қазіргі кез. Әрине, кімнің пешенесіне қанша өмір жазыл­ғанын бір Құдай біледі. Бәріміздің басымыз – Алланың добы. Алайда, «Сақтансаң, сақтаймын» деген де сол Құдай. Осы сөзде ғажап құдірет жатыр.

Қазақта елдің бәрі атам заманнан айтып отыратын сөз тіркесі бар: «Өз балаң­ды өскенше, немереңді өлгенше бағасың». Осы қағидаттай көрінетін мәтелді енді өзгертетін уақыт туды: «Өз балаңды өскенше, немереңді өнгенше, шөбереңді өлгенше бағасың!». Кейде ұраннан асқан мотивация болмайды. Бір адамның ұзақ өмір сүргенінен ештеңе өзгермейді. Ал жалпы ұлт ұзақ өмір сүруге құлшынса, оның пайдасы ұшан-теңіз. Алдыңғы толқын ағалардың көп болуы кейінгі толқын інілерге – мол тәжі­рибе. Ұлттың болашағы, ең алды­мен, ұрпақтар тәжірибесімен өлшенеті­нін білетін күн келді. Сапалы ұрпақ сабақтастығы төрт ұрпақ бірдей өмір сүргенде қалыптасатынын бажайлау қиын емес. Дәл қазір. Сондықтан да төрт ұрпақ­тың  тату тұруының ең басты ал­ғы­­шарты – ұрпақтар эгоизмінен арылу арқылы  эйджизмге жол бермеу. Шал­дарымыз абызға, ақсақалға айналсын. Ең болмаса, түтіні түзу шы­ғып тұрған үйдің қариясы болуға құл­шынсын. Ел ағалары ертеңімізді терең­нен қопара­тын ойшыл ақылшымыз болып аман жүрсін. Жас жігіттеріміз жар­қылдап күліп жүріп тау қопарсын. Бүлдір­шін­деріміз алдыңғы үш ұрпақ­тың алақанын бірдей сезініп өссін. Сол кезде біз эйд­жизмді жеңіп шығамыз. Шөбере баба­сынан бата алса, адамды қастерлеуді бойына сіңіреді. Атасының тәрбиесін көр­ген немере өмірге бейім­діліктің бүге-шігесін біліп бой көтереді. Әке-ше­шесінің ақылын тыңдаған бала мейі­рімді болып өседі. Осылайша үш ұрпақ­тың көз алдында өскен бала толық­қанды азамат болып шығады. Шынында да адамды қастерлей білетін мейірімді адам өмірдің барлық қиын­дықтарын жеңіп шығатыны өз алдына, сонымен қатар өзі өмір сүріп жатқан ортаны жұ­мақ­қа айналдыра алатыны сөзсіз. Сондықтан да өлуге асық­паңдаршы, достар! Біреулер «асық­ты­рып» тұрса да! Әрқайсысың қазақ­тың болашағы үшін керексіңдер!

 

***

Иә, мықты театр майда тақырыпқа бармайды. Ең алдымен айтарым, Қал­леки театры басшылығы мен ұжымы­ның батыл қадамына риза болдым. «7+1» спектаклі қоғамдық сананы оятатын шығарма ретінде сахнаға шығарылғаны театрдың беделін бұрын­ғыдан да арттыра түсті. Театрдың адам­гершілікке тәрбиелеумен қатар енді қоғам­дық ой қозғаушы, қоғам­дық пікір қалыптастырушы функцияла­рына қа­рай қадам басқанына қуанбау мүм­кін емес. Мұның өзі театр ұжымын жаңа деңгейге көтергенін ашып айту – парыз.

Хиппи жазушы Кен Кизидің рома­нын сахналау кез-келген театрдың қолы­нан келе бермейтіні анық. Әрине, біз алпы­сын­шы жылдары Америкада алғаш қойылып, үлкен резонанс тудыр­ған Дэйл Вассер­манның қойылымын көрген жоқпыз. Біз тұрмақ, шығарманы аударып, қазақ сахна­сына бірінші болып қойып отырған ре­жиссер Әлімбек Ораз­бековтің өзі де көрме­геніне бәс тігуден қорқа қоймаймын. Сон­дықтан да бұл қойылымды қазақ театр өнеріндегі жаңа­лық деп батыл айтуға әбден болады. Бұл – позициялық тұрғыдағы әңгіме.

Ал енді спектакльдің өзіне көшейік. Басты рөлді сомдаған Нұркен Өтеуіл премьер-актер дәрежесіне көтерілген тұлға екенін тағы танытты. Жақында ғана Отеллоны жоғары деңгейде жар­қы­рата алған Нұркен бұл жолы да тұлға­лық әлеуеті толысқанын дәлелдей түсті. Басқалардың ойы мен сезімін түсінетін актер ғана характер мен образды аша алады.

Міне, Нұркеннің бойындағы осы қа­сиеттер спектакльдегі барлық персо­наж­­дар­дың барынша ашылуына жол салғанын бірден байқайсыз. Персонаж­дың логика­сына сай іс-қимыл үндес­тігіне қол жеткізе алған Нұркен актерге ең алдымен қажет мимика, сөз, қимыл, интонация, пластика, импровизация сияқты көптеген компонен­терді игеру­дің апогейіне жеткенін аңғару қиын емес. Макмерфи (Нұркен) Биллиді (Жа­нат) сөздің тура мағынасында жерден алып, жерге салатын көріністе бұл ком­понентер алабөтен байқалады. Нұркен­нің ішкі және сыртқы энергиясы, осан­касы мен барлық іс-қимылы оның актер болып туғанынан бұрын актер болып қалыптас­қанын аңғартады. Таланттың 99 пайыз еңбектен тұратынын осын­дайда байқай­сың. Оның осы шеберлік және еңбек­қорлық аурасы спектакльге тартылған басқа актерлерге де әсер етпей қалмаған. Қоюшы-режиссер өзін кім ұятқа қалдыр­майтынын, керек десе­ңіз, өзін кім құтқарып алатынын алдын-ала болжай білгені де – тапқырлықтың бір түрі. Партнерлеріне ерекше ықпал жасай білетін Нұркен режис­сердің ойнау кеңістігін ойлау кеңістігіне айналдыру жөніндегі ең басты тапсыр­масын орындап шыққанына көрермен орнынан тұрып қол соқты.

Жалпы, спектакльге тартылған ак­тер­­­лер­дің барлығы да өз кейіп­кер­лерінің ішкі дүниесіне толықтай еніп, толыққанды аша білгенін аузымызды толтырып айтқымыз келеді. Дегенменен, басқа актерлер рен­жімес деп ойлаймын, меніңше, бұл спек­такльдің конфиданты Жанат Оспанов болды. «Сен тұра тұр, мен атайын» деп тұрған «жеті жынды­ның» ішінен суырылып шығып, өз обра­зын бас кейіпкердің дең­гейіне жақын­дата түсу пьесаның құры­лымымен қатар режиссерлік шешім мен актердің өз рөлін сомдай алуына тікелей байла­нысты екені айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, Жанаттың болаша­ғына сенім зор. Биллидің рөлін сомдаған ол травести амплуадағы актер екенді­гімен ерекшеленгені – тағы бір табыс. Театр режиссерлері бұл жас жігіттің мүм­кіндігін алдағы уақытта да сәтті пай­далана білеті­ніне күмән жоқ. Театрдың болашақ қойы­лымдарындағы жасөспірім не жас жігіт рөлдерін Жанат қиналмай сомдай ала­тыны оның потенциалынан анық байқа­лып-ақ тұр.

Көсем Бромденнің рөліндегі Мейрам Қайсанов спектакльдің финалдық бөлігіне дейін таза фигуранттық шебер­лі­гімен тәнті етті. Белгілі актердің осы рөлін ойлағанда Астанада әлі күнге қазақ драма театры жаңа ғимаратының іске қосылмай келе жатқанына қарның ашады. Қазіргідей театр ғимаратында фигуранттік рөлдің сыртқы техноло­гиялық компонентері көрінгенімен, ішкі болмысы білінбей қалатыны жасырын емес. Бірақ мына тар сахнаның өзінде Мейрамның өз персо­нажының жан-дүниесін сезімталдықпен сездіре алға­нын талғампаз, көзі бар көрермен байқағанын мойындау керек.

Спектакльдің өн бойында актер­лердің сахнада орналасуы көз қуантты. Бұл – әрине, мезансценаны тамаша ойластыра білген қоюшы-режиссердің еңбегі мен тәжірибесі. Сонымен қатар, театрдың реквизит цехының меңге­ру­шісі А.Ермаған­бетованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Спектакльде реквизиттер өте сәтті пайдаланылған.

Осылайша Қаллеки театрының репер­­туары тағы бір тамаша туындымен толық­қанына қуандық. Театрға – рес­пект! Көрер­меннің көңілінен шығуды бәрінен бұрын ойлайтын труппа ешқа­шан шыққан биігінен төмендемейді. Иә, қырандар төбеге қонбайды. Өздеріңіз көтерген осы план­кадан түспеңіздер, Талғат Теменов және оның командасы! Оны бір атаның бала­сындай ұйыстырып отырған театр дирек­торы Айболат Сексенбаевқа мың алғыс!

 

***

Джон Апдайктің «Мальчик из Ми­чи­гана» деген әңгімесі есіме түсті кеше түнде Шымкент әуежайында. Аста­­наға ұшар алдында Шыңғыс Мұқан бауы­рымды кездестірдім. Жұбайы Майра және ұлы Алаш та амандасып жатыр. Тәрбие! Ана­сының құшағын­дағы Аман ғана аман­даспады. Оны түсінуге болады. Әлі бірге де толмаған. Аман былтыр жазда Бостонда дүниеге келіпті. Америкада туған баланың туу туралы куәлігін көру бақытына ие болдым.

 

***

Кеше Қызылорданың әуежайына қонған бетте туған аймақтың алабөтен аурасы сезім шіркінді бір қытықтап өткені рас. Бірақ Аралға жетпей, көңіл жай тапқан ба?! Ылғи осылай. Туған жерге жеткенше тықыршып кетемін. Екі аралықтағы 460 шақырым шашты ағартып жібереді. Жет­кізер емес. Кеңіс­тік қайда болса, уақыт сонда деген рас. «Ақырын, ақырын. Саға­тына 80 шақы­рым» алабұртқан жүректі өз орбита­сынан шығармай келе жатыр.

Көңіл деген көк дөненнің де физика заңын белден басып кете алмайтынын туған ауылыңа алып-ұшып келе жат­қанда анық бажайлайсың. Төзімді де түтіп жегеніңнен түк пайда жоқ екенін түсініп, сабаңа түсесің! Сәлден соң сабырлықтың суын сарқып ішкенің де сағынышыңды баса қоймағанын байқай сала қайта бүлінесің! Осындай екіұдай көңілмен еңкеу-еңкеу жер шалып таста­ғанымызды енді аңғардық. Міне, Аралдың дарбазасы да көрінді. Енді бір ілкі сәтте шеткі көшенің жолына да іліктік. Мен кіндік қаным тамған Ара­лымдамын! Осы кезде жүрек шынымен дір ете қалды! Туған жердің құдіреті осы болар!

 

***

Көңілдер үнсіз ғана аймаласқан.

Төбеде тұрушы еді жайнап аспан!

Жұлдызды таң атқанша санаушы едік,

Санына жетпейміз деп ойламастан!

45 жылдық басқосуда баяғы хит әнімізді Шаймерден гитарамен шырқа­ды. Баяғыдай. Сол дауыс. Сол осанка. Қыздар­дың бәрінің көңілін босатқан бұл ән клас­тың гимні еді. Мен де сен­тимге түсіп кеттім. Кездесуде күлкіден көз ашпай отырсақ та, мұң ұялатқан минуттар да аз емес.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *