ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР

Екінші кітап

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Осы домофонға ай сайын пәтер басы­нан 300 теңге жинап алуды өз басым түсінбеймін. Орнатқанда бір төлейсің. Оны түсінуге болады. Сынып қалса, жөндету керек. Оны да ақысыз істемейтіні басқа қона­ды. Ойбай-ау, электр қуатына бір төлей­сің. Домофонға тағы төлейсің. Бұл не қитұрқы?!

Ай сайын ақы төлету біреулердің жанын қинамай жасап жатқан бизнесі екеніне күмәнім қалмады. Бір пәтердің 300 теңгеден дымы кетпес.  Бірақ Астана сияқ­ты қалада сол домофонның өзінен бір айда 100 милллион теңге біреудің қалта­сына түсіп жатқанын есептеп шығу соншалықты қиын шаруа емес.

Басқарушы компаниялардың  домофон ақысын жеке жолмен жазуы – барып тұр­ған қылмыс. Осыны құқық қорғау орын­дары тексерсе дұрыс болар еді. Сол кез­де мүмкін пысықай бизнесмен/биз­несуомен-сымақтар халықтан жылу жина­ғанын тоқтатар ма еді?! Әлде бұл коллек­тивтік бизнес пе?! Онда құрыдық, ағайын!

 

***

Көзжетімді ақпарат құралдарында (ТВ) ой айтатын интеллектің болмауының/интеллектіні болдырмаудың салдарынан қазір жұртшылық мысықтабандап отырып топастанудың апогейіне жетіп қалғандай әсер қалдырады. Оның айқын дәлелі: көп адамдар баламалы пікір мен ерек ойды қабылдау тұрмақ, өре түрегелетін дәрежеге жетті. Ойға тұсау салудың мұнан асқан үлгісі болсайшы!

 

***

Күн сайын газет оқуды қойғалы қашан?! Баяғы социализм заманындағы  шопандардың әдетіне көшкелі көп болды. Қойшы қауымның бұл тірлігі автоклубтың апталап бір келетініне байланған болса, менің тірлігім газет біткеннен көп жағдайда көңілдің қалғанынан болар. Бірақ газеттен біржолата ат құйрығын кесіп кету мүмкін емес. Рабайда бала күніңнен шартты рефлекске айналған процесті мұрынға бір иіскетіп қоймасаң, бәрібір көңілің көн­шімей жүретіні тағы бар. Газеттің ешқашан өлмейтініне осындайда көзің анық жетеді.

Интуициям бүгін де алдамады. Бір жақсы дүние шыққанын ішім сезгендей бір айлық бумаға көзім түсе берді. Бетінде тұр­ған бүгінгі «Егеменді» ашып қалғаным сол еді, Қали Сәрсенбайдың «Жазушының жүрегі»  деген мақаласына байландым да қалдым.

Қайран, Қалекем-ай! Қазақты ХХІ ға­сырда өркениетке сүйреп жүрген саусақ­пен санарлық қаламгер болса, біреуі – өзіңсің. Мына мақалаңда да ешкімнің ойына келе бермейтін оқшау пікір айтып­сың. Риза бол­дым. «Өмірден озған барлық шын жазу­шыға ескерткіш соғу мүмкін емес шығар.

Алайда, «Жазушының жүрегі» деген атаумен бір ескерткіш орнатса, қанеки?!» деп ойыңды қорытындылапсың. Тың идея деген осындай болады! Жазушының жүре­гін жалпыхалықтық символға айналдыру ғана қазақты қайтадан кітап оқуға үндей алатынын қалай дәл аңғарғансың! Жазу­шының жүрегі – өмірдің барлық қалтары­сын қапысыз қағып тұрған жүрек, тіршіліктің барлық тылсымдарын бағып тұрған жүрек.

Енді осы жүректі толыққанды бояуы­мен бейнелей алатын миы бар мүсінші табыла кетсе ғой, шіркін! Сезімді суреттеу үшін сезім аздық етеді, сенің ақылыңдай ақыл да керек, Қалеке!

 

***

Қазақ – ақын халық. Жан басына шаққанда бір қазаққа екі ақыннан келетін шығар деп ойлаймын. Әрине, арасында тақпақшылар да бар. Дейтұрғанмен, поэ­зия – біздің «ұлттық идеямыз». Ұлықбектің бір өлеңі бар еді. «Екінші ақын» деген. Юмормен жазылған. Ешкім өзін екінші ақын деп есептегісі келмейтін халықпыз. Бәрі  – бірінші.

Бірақ мен үшін бірінші ақын баяғы студенттік кезімнен Мұқағали болып қалды. Қазір де. Келешекте де солай болып қалатынына күмәнім жоқ. Дантенің «Құдіретті комедиясын» тек білімді  ақын ғана аудара алады. Мәселе онда да емес. Әлгі көп қазақ ақындарының өлеңін жат­тау – мен үшін орындалмай кеткен арман.

Тек Мұқағалидың ғана өлеңдерін жат­тай алдым. Жаттаған да жоқпын. Өзінен-өзі жатталып қалды. Осындай ақынды жақсы көрмегенде, кімді жақсы көремін?! Эгоистік көзқарасым үшін кешірім сұрай­мын: жүрекпен жазылған ғана жүректе жатталады. Қалған әңгіменің бәрі – далбаса.

***

Бүгінгі «Айқынның» бас редактор бағанасындағы Нұртөре Жүсіптің пікірін қос қолдап қолдаймын. Марат Тоқашбаев ағамыз орынды мәселе көтерген. Көктем­нің екінші айы – көкек. Бәріміз бірдей уақапшы болып кетпей тұрғанда қазақша ай атауын қайтарғанымыз дұрыс-ақ. Оған Бас хатшылар тұрмақ, Владимир Ильичтің өзі де енді ренжи қоймас.

Бірінші өлең:

Саралақаз оралды сазға тағы,

Ақ тырналар аспанды боздатады.

Сұқсыр КӨКЕК тоғайдан сұңқылдаса,

Қай-қайдағы мұңымды қоздатады!

Екінші өлең: КӨКТЕМ, көктем!

Сен осындай көкпеңбек пе ең?

Қымырандай ашимын қырға шығып,

Өзегімді өртейді өткен-кеткен.

Екі өлеңнің де авторы – көкек келгенде де, көктем келгенде де өзегі өртенетін ақын Мұқағали Мақатаев.  Мұқаң  да сәуірді тәуір көрмегенін құлағыма сыбырлап тұрғандай!

 

***

Талантты болудың тауқыметін тірлігі мен өлгеннен кейін де  бірдей көрген бірі кісі болса, ол – Әміре. Жалшы болған жас бала… Әлемді мойындатқан Әміре… Мұстафа Шоқаймен кездесуге батылы барған Әміре… Тамара-Ханумның өзіне ұстаз болған Әміре…. ОГПУ-дың зорлық-зомбылығын көрген Әміре… Көзі тірісінде балаларын қазақтың асыл адамдарына табыстап кеткен Әміре… Алматының көшесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Әміре… Басы алпыс жыл қарайтылмай қалған Әміре… Жазылған әндері жарты ғасырдан кейін зорға табылған Әміре… Қазақты әлемге танытса да әлі күнге дейін бір ескерткіші тұрғызылмаған Әміре… түбіне жеткізбейтін қиын тағдыр!

Бір ғана деталь: үш сағаттың ішінде үзіліссіз 35 әнді қиналмай шырқап, сахнадан қыңқ демей шығып кете беретін әнші қазақта оған дейін де, одан кейін де болған емес. Қазіргі әншілер бір әннің өзін қылғынып айтып шығатынын көз көріп жүр. «Ағашаяқты» салған жерден жоғарғы нотамен айтатын әншің бар ма дәл қазір? Жоқ.

Осындай ғасырда бір туатын әншінің Париж сапарына арналған кино көптеген кемшіліктеріне қарамастан көңілден шықты. Презентациялық сарында түсі­рілген көркемсуретті фильм көркемдігімен көңілді жаулады. Қуанарлығы, туынды тарихи дерекке құрылып түсірілгенімен, қатып қалған қасаң деректерге байланып қалмаған. Тарих пен фэнтезидің шебер синтезіне құрылған фильм биік талғам мен есті эстетиканың жемісі екеніне ешкім шүбә келтіре алмайды.

Социализм дәуірінде Жарқын Шәкәрім ағамыз халықты Әміремен қайта табыс­тырып еді. Одан бергі уақытта енді осы фильм жас ұрпақтың Әміренің кім екенін білуге құштарлығын оятары сөзсіз. Ең бастысы, фильм көрерменді ойлауға, өзінше шындықты іздеуге итермелеуімен құнды дер едім. Вариацияның хас шебері атанған Әміренің өнер мен өмір жолына тереңірек үңілетіндер осы фильмнен кейін көбейетініне күмәнім аз.

 

***

Саясатта консенсус деген ұғым бар. Жабайы түсіндірсек, позициядағылар мен оппозициядағылардың «ауыз жаласуы». Дәлірек айтсақ, консенсус – спектакль. Драма десе, дұрыс болады.

Бірақ консенсус ешқашанда трагедия жанрында жазылмайды. Консенсус процесі белгілі бір уақытқа дейін халықты «жынды» қылып қоюы мүмкін. Бірақ соңғы нәти­жеде елді трагедиядан құтқарудың бірден-бір жолы екені даусыз. Соған имандай сенемін!

 

***

Баяғыда Алматының төріндегі бір кафеде баспасөз күнін тойламақ болып біршама журналюга жиналып қалдық. Қаңғалақтап жүріп кіл еврей ұлтының жазғыштары отырған столға барып жайғаса қалыппын. Неше түрлі әңгіменің тиегі ағытылып жатыр. «Ахаңнан» қағып алған жебекең ағайындар ақыр аяғында өз тума­ларын іздеуге көшіп, кімнің қай жақтан еврей халқына жақын екенін тексере бастады. Әдеттері солай!

Ең батыл біреуі бастады: »Я по матери еврей». «А я по отцу еврей» деді екіншісі.  Ал енді біреулері «а я по бабушке еврей», «а я по дедушке еврей», «я тоже по тете еврей», «а я по дяде еврей» деп шулап кетті өңкей еврейлер. Мен отырмын көзім бақырайып. Жаудың қолына түскен тұтқын сияқты сүмірейіп отырғанымды байқаған біреуі мені қағытпақ болып, кекесінмен: «Шаке, а вы по какой части еврей?» деп сұрақ қоймасы бар ма? Жыным ұстап кетті де: «А я по жизни еврей» деп бір-ақ ұрдым құлақ-шекеден. Бәрі күлкіден қырылып қалды.

Бүгін Михаил Жванецкийдің «Все евреи похожи на учёных, все учёные похожи на евреев… Особенно знаме­нитые… Он в толпе, как в пшеничном поле… по движению толпы определишь, где он…»  деген сөзін «Все евреи похожи на жур­налюг, все журналюги похожи на евреев… Особенно знаменитые…Он в толпе, как в пшеничном поле… по движению толпы определишь, где он…» деп өзгерткім келіп отырғаны.

 

***

Кез-келген жоба адам психологиясына негізделгенде ғана алға қойған мақсатын орындай алады. Facebook – соның айқын дәлелі. Егер «лайк» басу тетігі болмаса, фб дәл осындай жалпыпланеталық мойын­сынуға қол жеткізе алмас еді.

Шекербектің баласы адамзаттың 99 пайызы даңғой, атаққұмар, менмен келетінін өте жақсы білгенінің арқасында алып компанияға айнала білді (Қалған 1 пайыздың ішінде «мен бармын» деп ойла, ойлы оқырманым!). Иә, «Тщеславие» тұрғанда Фейсбуктің мәңгілік өмір сүре беретініне күмәнім жоқ.

Былай қарасаңыз, лайк дегеніңіз – түкке тұрмайтын нәрсе. Дейтұрғанмен, жалғыз ғана адам бүкіл адамзатты соған байлап қойып отыр. Данышпандық деген қарапайым нәрседен тұратынына тағы да көз жеткізесің осындайда. Торға түскен тортадай болып отырмыз енді. Лайк күтіп!

 

***

Соңғы кезде еврей мен футбол тақырыбын көп жазып кеткенімді сезіп жүрмін. Сондай «ситуейшн» болып қалып жатыр, достар, кешірім сұраймын. Бір тақы­рыпты мыжи берді деп сөге жаман­дамаңыздар. Соған байланысты алдымен бір анекдот айтып алайын.

Өрт болған жерден ауруханаға бір жас жігітті алып келіпті. Дәрігер пациентті көріп болып, күйіп кетіпті: «Сізде күйген жерден гөрі сынған жер көп қой, бауырым!». Сөйтсе, жігіт айтатын көрінеді: «Енді дұрыс қой. Жанып жатқанымда мені күрекпен ұрғылап сөндірді емес пе?!».

Сол сияқты, мына жағдай спорт тақырыбына жата ма, еврей тақырыбына жата ма, өздеріңіз айырып аларсыздар.

Бүгін – 13 күн жұмаға дәл келіп тұр. Соған байланысты әңгімемді бастайын. Бірде марқұм Алмас Жолтаев досым, Анатолий Гурский үшеуміз бильярд ойнап жатырмыз. Шарды былай ұрамын – түспейді, олай ұрамын – түспейді. «Чужой» ұрамын – түспейді, «свояк» ұрамын – түспейді. «Дуплет» те ұрып көрдім. Жоқ, екі досым менен әлдеқайда алға ұзап кетті. «Сегодня 13 мая, да еще пятница, поэтому тебе не везет»,– деді Анатолий Степанович. «Жоға, мұндай күн тек еврейлерге ғана қатысты ғой». Осы ойын сабақтай берген Алмас бауырым сәл пауза жасап тұрды да, «Вообще-то сізге де қатысты бұл күн, Шәке!» дегенде Гурский екеуміз екі сағат күлдік.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *