Қоғамдық сенім дамудың негізгі локомотиві

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Қазақстан Президентін ресми ұлықтау рәсімі еліміздің тәуелсіздік тарихындағы жаңа бір формациялық даму жолын көрсетіп берді. Президент ұлықтау рәсімінде ел дамуының алдына 10 міндет қойып, айшықты қадамдарды белгіледі. Мақсаттың түп-қазығы стратегиялық маңызы бар, еліміздің бет-бейнесі, айнасы болатын және дамуымыз бен болашағымызды айқындайтын құжат болып отыр.

Бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, өзара сенім мен сыйластық керек. Әр адам өз орнын білгені шарт. Бұл туралы Конфуций: «Әр адам өз ісін атқара білсін. Билеуші ел билесін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сыйластық жойылады, ел ішін алауыздық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұшқыннан басталады», – дейді. Рас, емес пе?

Еліміз адамзаттың өркениеттік дамуының бір­ден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген саяси, эконо­микалық, рухани салалардағы түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде сезініп отыр.

Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастыру­дағы негізгі мақсаты – өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуынан тұрады. Оның негізгі құралы сол қоғамда орнатылған заңның пәрменділігі. Заңға – заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының өздерінің бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілік істерге бастайтыны анық. Халықтың өмірі мен қазынасына қатынаста деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керек. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және ешкім өзінің немесе өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Сондай-ақ, өз өмірін немесе басқа адамның өмірі мен мүлкін айыру құқығына ие бола алмайды. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша жұмыс атқарып отырған атқарушы билікке қоғамның кез-келген мүшесі бағынады.

Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында, экономикалық реформа­лармен қатар, көптеген саяси әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптас­паған жағдайда өркениетті нарыққа өту де мүмкін емес.

Адам құқықтары – ең жоғары мәдени құнды­лықтардың бірі. Себебі, ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айрықша тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік  тақырыбы болды. Қоғамымызда орын алып отырған келеңсіздік – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының толық қорғалмауы, заңдардың өз шеңберінде орындалмауы дамуымыз­ды кейінге ысырып барады. Президент: «Оны жоғал­тып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғал­тып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті әділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек… Менің мақсатым – қоғамның бір­лігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көз­қа­растары мен ұстанымдарына қарамай әр азаматтың мүддесін, қолданыстағы заңдардың толыққанды орын­далмауы биліктің жүргізген саясатының әділеттілігіне байланысты» деді. Қоғамға сенім мен келісім керек дегенде біз осыны айтсақ керек.

Президент бұл бағытта елдің қазынасына бөг­денің қол сұқпауын қатаң талап етіп отыр. Бұл – «Мемлекеттің қазынасы халықтың табан ақысы, маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. Ұрыны ұста­саң, дереу әшкере ет. Бүгіп қалсаң, өзің де ұрысың» деген Махмұт Қашқаридың сөзімен сабақтас келеді.

Қазақстан Президенті елімізде қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылатынын айтып, оның алғашқы отырысы тамыз айында өтетінін мәлім етті. Жалпы, қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мақсат-мұраты не? Ол туралы әлі жарытымды ештеңе білмейміз. Бірақ ол туралы кесімді Ереже дайындалып жатқан болар.

Соңғы сайлаудан кейін ел ішінде тіл табысу мүмкіндігі шекарасынан асып, ол әрең басылды. Оған сырттан дем берушілердің ықпалы көп болды. Осы тұста бір айта кететін мәселе – Батыс бізге тек қана мәдениеттің ғана емес, сонымен бірге саясат­тың сурогаттарын да таңғысы келетінін естен шығар­мағанымыз абзал. Солардың бірі – жоғары­дағы демократия. Сайып келгенде, Ұлыбритания болсын, Америка болсын, Гонконг, Сингапур болсын, олар әу бастан меритократия жүйесіне ауысып кеткен. Меритократияның негізгі мәні интеллектуалдардың билігі дегенді білдіреді. Біздің елімізде де осындай жүйе қалыптасқан, біздің ұлттық мүдделеріміз үшін осы жүйені ары қарай дамыта беру қажет. Ал миссияның бастамашысы ретінде «Nur Otan» партиясын тану керек сияқты. Себебі, партия оны онсыз да түбегейлі атқарып келеді. Партия – бұрыннан азаматтық қоғамның визиткасы ретінде танымалдыққа ие.

Рас, ақиқат айтыстан туады. Жоғарыдағы Кеңес осы жоқтың орнын толтыратынына сенеміз. Мысыр елінің белгілі ғалымы Абу Хуейни: «Шеру – ешқандай шешімге әсер етпейтін шара» депті. Бүгінде көпшіліктің «туннельдік ойлау» жүйесі басымдық сипат алып отыр. Жоқты іздеуге шағып сөйлеуге әуестігіміз бар. Бірақ эмоция – ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы бола алмаған. Әйтсе де, демократия және азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелеріне байланысты бұған дейін елімізде Тұрақты Кеңес жұмыс істегенін білеміз. Бірақ ол кезінде өз жұмы­сын тиімді атқара алмады. Оның негізгі міндеті – саяси диалог пен медиация алаңы болуы керек еді. Саяси философияда диалогтың төрт түрлі анық­тамасы бар. Алғашқы диалог – ақиқатқа жетудің жолы. Екіншісі, өз әріптестерін мүмкін­дігінше өзі­нің ығына көндіруге тырысатын диалог. Үшіншісі, тек жеңіске жетуді көздейтін диалог. Төртінші диалог – елімізде демократия бар, пікірталастар жүріп жатыр деумен шектелетін диалог.

Тұ­рақты Кеңес сол тұста сындарлы диалогқа айналуы тиіс еді. Ол «елімізде демократия бар, пікір алаңы ашық» деумен ғана шектелді. Осы көзқарас шы­лауында диалог – диалог үшін жүргізулермен тынды. Екінші жағынан Кеңес – Үкімет жанын­дағы қатардағы бір комиссия болып шықты. Сонымен оның биік мәртебесі төмендеді.

Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздеп отыр. Жұрт­тың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағы­ну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заң­дарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр.

Әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда, басында баспанасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демокра­тияның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кәсіби біліміне, өзінің интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұруы қажет. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт саяси катаклизмдерді бастан өткерудің қажеті жоқ.

Ой, ұсыныс дұрыс болса, оған үркіп қараудың қажеті жоқ. Елімізде саяси плюрализм бар. Тек мәселе ашық, қоғамға пайдасы тиетіндей болуы керек. Мәселе үндемегеннен өліп жатыр. Бізде қалай? Президенттің алдында жақсы жақтарын айтып, есебін сәтті беруге бойымыз үйреніп алған.

Бізге ең біріншіден, жергілікті жерлердің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру керек. Ол – әзірге қоғамдағы өте әлжуаз буын болып тұр. Қоғамдағы әлеуметтік, гуманитарлық ахуал да осы ортада нақты орнықпаған. Ұзақ уақыттар бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент басымдық беріп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толған­дырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады» деп нақтылап айтып берді.

Қоғамның мақұлдауын алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда осыны меңзеп отыр. Бұл бастама азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы, парасатты азаматтарды мемлекет мүддесіне тарту керек.

Қоғамдық кеңеске енетін адамдарды таңдап, іріктей білу де аса маңызды шешім. Оған халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын, сындарлы, елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері енгені абзал. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Президент өз сөзінде Кеңеске саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдерінің қамтылу қажеттігін айтуы көңілге сенім ұялатады. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім сыйластығы керек. Сыйластық жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог берік орнайтын болады.

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде та­ны­ла бастады. Іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне әр түрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда, мойындауға тиісті ақиқат – кез-келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек, өркениет табысына ортақтасу­сыз алға жыл­жу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын жапон елі де осы жолдан өткен. Бірақ жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трак­татын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың басты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмияндары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлайтынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспеншіліктің суынуы, жеке мүдделердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал оған жол беруге болмайтын еді.

Мемлекет көбіне билік басындағы азамат­тарына қарап, бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен сабақ үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл – Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Күншығыс елі техникалық дамуға ден қойса да, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.

Біз осының бәріне шамадан тыс еркіндік сыйладық. Жаһандану, нарықтық экономика кейде шектен тыс либерализмге бағытталған үгіт-насихат технологиялары екенін ескермедік. Екінші жағы­нан ұлттық сана-сезім мен жалпы дәстүрлі діни дүниетаным құндылықтарын парша-паршасын шығаруға жетелейтінін ескермедік.

Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман бол­уын талап етеді. Президент жастар жылы аясында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Прези­денттің кадрлық резервін» қалыптастыру туралы тапсырма берді. Бұл өте құптарлық саясат болып отыр.

Идеологиямыздың негізгі мақсат-мұраты – қоғамды ыдыратпай біріктіруге, әлеуметтік жікшілдікке, ұлттың, мемлекеттің бірлігіне сына қағушыларға қарсы күрестен тұрады. Алайда, бұл істе идеологияға иек артпау – қоғамның әлсіздігін ғана көрсетеді. Демек, бұл мақсат аясында бізге мықты ұлттық идеология керек. Ал  ұлттық идео­логия болу үшін – идеяны ана тіліміздің төңіре­гінде қалыптастыруымыз керек. Өйткені, тіл – қатынас құралы ғана емес, ол басқару өнері.

Бүгінгі таңда Қазақстанның гуманитарлық картасы мүлдем өзгерген. Қазақ халқы – негізгі динамикалық күшке айналып отыр. Осы үрдісте мемлекетті қалыптастырып отырған ұлт негізгі локомотив ретінде бәсі биік тұруы тиіс.

Реформалар жасау қашан да қиын болған. Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясының басына реформаторлардың тың жаңа буыны келіп отыр. Сондықтан даму бағытының маятнигін осы жаққа бұруымыз таптырмас құралға айналмақ. Осының бәрін әкімшілік ресурсқа ысырып тастамай-ақ, алып саяси күшке айналдыруға мүмкіндігі бар ұйым – «Nur Otan» партиясы. Дәл бүгін партия бастауымен Президентімізді барынша қолдап, көмектесуіміз қажет.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *