ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫНДА

23Алматыдағы көлік тұрақтарын бірыңғайландыру жүйесі қоғам назарына ұсынылды

Оңтүстік астананың Қоғамдық кеңесінің отырысында «Алматы қаласындағы ақылы көлік тұрақ­тарының бірыңғай автоматтан­дырылған жүйесін құру» жобасы қарастырылды.  

Алматы Қоғамдық кеңесі төрағасы Рахман Алшанов басшылық еткен отырысқа түрлі департамент өкілдері мен қала әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, қоғамдық тыңдалымға қалалық Жер қатынастары басқармасы, Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Жолау­шылар көлігі басқармасы мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары өкілдері, Алматы қаласы мүгедектер қоғамы мен жалпы бұқара атсалысты.

Алматы қаласы әкімдігінің тапсырмасы бойынша жобаны дайындаған «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС Қоғамдық тыңдалым барысында ақылы көлік тұрақтарының бүкіл әлем бойынша көліктерді реттеу құралы ретінде, сондай-ақ, ірі қалалардың тұрғындарына барынша кең еркін өмірлік кеңістік қалдыру мақсатында, орталық аймақтарда көліктерді азайту үшін қолданылатыны атап өтілді. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, мұндай жобалар көлік тұрақтарын, сонымен қатар қозғалысты ұйымдастыру жүйесін қамти­тын, қоғамдық көлік және автокөліктерді эвакуациялау қызметтерімен өзара байла­ныста болатын бірыңғай орталықтан­дырылған жүйе арқылы жұмыс істеуі тиіс. Алматы қаласындағы жобаны дәл осы­лайша жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Көлік тұрақтарының бірыңғай авто­маттандырылған жобасы Алматының даму жоспарына сәйкес дайындалған болатын. Көлік тұрақтарының толықтай автомат­тандырылған жүйесі ең жоғары әлемдік стандарттарға сай келетін болады. Халықаралық тәжірибені толық зерттеу негізінде әзірленген жоба бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезеңде ақылы көлік тұрақтарының аймағы мен қаланың көлік шоғырланған көшелері қамтылатын болады. Қалалық эвакуаторлар қызметі өз алдына жеке құрылатын болады. Сондай-ақ, жоба аясында қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаларындағы, метро стансала­рындағы және қалаға кіретін жолдарды қамтитын көлік тұрақта­рындағы тегін көлік тұрақтарын кеңейту жоспарланып отыр.  Қала ішін­де қазіргі таңда қолданыс­тағы көп сатылы көлік тұрақтарын жүк­теуге және жаңаларын тұрғызуға ерекше назар аударылатын болады.

– Бірінші кезекте, ақылы көлік тұрақ­тары Алматы қаласы тұрғын­дарының мәселелерін шешетін болады. Көлік тұрақтарының жүйесін енгізу көшелік жол желілеріне түсетін жүкті жеңілдетіп, қала ішіндегі орташа қозғалыс жылдамдығын арттырып, басқа қалалық көліктердің ағынын реттеуге мүмкіндік беріп, жаяу жүргіншілердің қозғалысын барынша қауіпсіз қыла түседі, сондай-ақ, эколо­гиялық жағдайды айтарлықтай оңалтуға көмектеседі, – деп атап өтті «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков.

– Қазақстанда автокөлік газы зардабы бойынша Алматы – бірінші орында. Деген­мен, көлік кептелісі түйткілі мен ауаның ластануы Қазақстанның басқа қалала­рында да жоқ емес. Мысалы, жақында ғана ғалымдар ластанған ауа мен түтіннің инсульт алу мүмкіндігін арттыра түсетінін дәлелдеді, ал Қазақстанда бұл дерт ин­фарктпен бірге – өлімнің басты себептеріне айналып отыр. Әлемдік тәжірибе автокөлік қозғалысынан еркін аймақтар жасау, сон­дай-ақ, ақылы көлік тұрақтарының жүйе­сін пайдалану секілді шектеу шарала­ры­ның тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, Лондонда осындай жүйені енгізген уақыттан бері атақты «лондондық түтін» айтарлықтай азайған. Біз эколо­гияны оңалтуға ықпал етіп, қаладағы көлік жүк­темесін азайтатын мұндай жобаға қолдау білдіреміз, – дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Айдын Керімбек.

Тыңдалым барысында Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерлан Әділов Алматыдағы машиналар­дың саны қала аумағымен есептегенде, Мәскеуден екі есе жоғары екенін атап өтті. Жыл сайын қалада тіркелген көлік құралдарының саны артып, Алматыға сырттан келген көліктердің ағыны арта түсуде, қала орталықтары автокөлікке толы, жол полициясының мәліметі бойынша, күн сайын шамамен 17 000 автокөлік тұраққа тыйым салынған жерге көлігін қояды, сондай-ақ, жүр­гізушілер машиналарын бір жерге қойып, оны ұзақ уақыт бойы пайдаланбайды.

Қоғамдық тыңдалым барысында өз пікірлерін білдірген сарапшылар, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы алғанда, жобаға жақсы баға берді.  Алматы қаласының қоғамдық кеңесі айтылған барлық ұсыныстарды ескере отырып, «Алматы қаласындағы ақылы тұрақтардың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін» мақұлдауға шешім қабылдады.

Нұр ҚАЙЫР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *