ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ӘДЕПТІ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

Балнұр АХМЕТ

 

Жүргізушілерге арналған жайлы жатақхана

Айналадағы ауаны ластамайтын, газ­бен жүретін қоғамдық көліктерді көбейту арқылы Алматының экологиясын жақ­сарту жолын көздеген мегаполис бас­шы­сы Ахметжан Есімов өткен аптада шаһа­рымызға әкелінген экологиялық таза ав­то­бустардың үшінші партиясының тұсау­кесеріне қатысты. Шара соңында жур­на­листер тобы «Алматы­электрлікөлік» ЖШС-нің автобус жүргізуші­лерінің жаңа жа­тақ­ханасын аралап, Алматы жолау­шылар көлігі және технологиялар коллед­жінің тыныс-тіршілігімен танысып қайт­ты.

87«Алматыэлектрлікөлік» ЖШС-нің Түрк­сіб ауданындағы №2 коммуналды автобус паркі жанында орналасқан жүр­гізу­шілерге арнайы салынған жатақ­хана 2014 жылы 15 тамызда пайдалануға берілген. Ыстық және суық сумен қам­тамасыз етілген жылы жатақхананың әр бөлмесінде екі адам тұрады. 120 адамға лайықталған жатақханада асхана, жуы­на­тын бөлме және жеке стоматология ка­бинеті бар. Жұмысқа жақын жатақ­хана­ның құны мен асханадағы тағам түрлері­нің бағасы қатардағы кез келген қара­пайым жүргізушіге қолжетімді екендігін айта кеткен абзал. Әр бұрышта бейне­камера қойылған үш қабатты жатақхана күндіз-түні күзет қызметкер­лерінің қатаң қадағалауында. Бөлмелері кең, таза, ты­ныш, жарық әрі жылы жатақ­ханада адам­ға өз үйіндегідей барлық жағ­дай жа­салған. Алып шаһарда тынымсыз еңбек­теніп, бала-шағасына нәпақа табу­ды көздеген әрбір жүргізуші үшін бұл жатақ­хана кең сарайдан кем емес. Нарық зама­нында бағына қарай осындай баспа­на­ларының барлығына қуанышты екен­дігі жатақхана тұрғын­дары — жүр­гізу­шілер­дің сөздері­нен де, көздерінен де көрініп тұр.

– Еліміздің ірі мегаполисіне жұмыс іздеп келген әрбір азамат үшін баспана мәселесі – бас ауыртатын ең бірінші мә­селе. Алматыдай алып қалада жауап­ты жұмыс бұйырғанына, әрі осын­дай тұрақ­ты баспанам бар болғанына қуанамын, – дейді Шымкент­тен келген Ринат Мамы­салиев.

Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Талғат Әбді­рах­манов қаладағы қоғамдық көліктерге қатысты келешекте атқарылатын жаңа жоспарлармен таныстырды.

– 2012 жылғы қала әкімі Ахметжан Есі­мовтің тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама жасалды. Сол бағдарламаға сәйкес қаладағы қоғамдық көліктерді қазіргі талаптарға сай жаңартуымыз керек. Бүгінгі таңда Алматыда газбен және электр қуатымен жүретін қоғамдық көліктердің саны 850-ге жетті. Еуропалық банкпен ынтымақтастықтың арқасында екі жыл бұрын қалаға 195 троллейбус әкелінді. Болашақта аталған бағдарлама бойынша шаһардың батыс, солтүстік және шығыс жағында үш автобекет салу жоспар­лануда. Ол жерде басқа облыстардан және қала шетінен келген көліктер тұрақ тебетін болады. Келешекте шаһардағы қоғамдық көліктердің біразын жаңарту қажет. Ол бір жылда бітетін жұмыс емес, – деді басқарма басшысы. Сон­дай-ақ, ол өз сөзінде шаһар­дағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіс­пеушілігі туралы маңызды мәселені алға тартты. Оның айтуынша, болашақта қоғамдық көлік жүргізушілерін еліміздегі колледж­дерде оқытумен қатар, Қырғыз­стан, Өзбек­стан, Тәжікстаннан жұмыс күшін тарту арқылы да бұл мәселені шешу жолдары қарастырылатын болады екен.

 

Жастарды тегін оқытатын колледж

Түрксіб ауданында орналасқан Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің бір топ қызметкері кең пейілді қазақтың қанына сіңген қонақжай қасие­тімен журналистерді құшақ жая қарсы алды. Оқу орнының директоры Сейіт­бек Сүлейменов өз сөзін оқу ордасының тари­хы­мен таныстырудан бастай келе:

– Алматы қаласы жолаушылар көлігі кәсіпорындарын мамандармен қам­тамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша 2013 жылы 31 шілдеде білім ордасының негізі қалан­ған. Кол­леджде «Автокөліктерге техника­лық қызмет көрсету, жөндеу және пайда­лану», «Қала­лық электр көліктерін пайда­лану, техни­калық қызмет көрсету және жөн­деу», «Токарьлық іс және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Шаштараз өнері және сәнді косметика», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» тәрізді алты мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. 2014 жылы 1 тамызда «Алматыэлектрлікөлік» ЖШС-мен мамандар дайындау жөнінде жасалған меморандум негізінде колледжде троллейбус және трамвай жүргізушілерін дайындау курстары өткізіледі. Осы уақытқа дейін жүргізілген курс жұмыстары бойын­ша троллейбус паркіне 46 жүргізуші жібе­ріл­ді. Студенттердің оқу тәжірибелері әр сенбі сайын біліктілігі жоғары маман­дардың басшылығы­мен троллейбус пар­кінде өткізіледі. Бүгінгі таңда колледжде 9-сыныптан кейін түскен 550 студент білім алуда. Оқу орнында білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздар студенттерге теориялық және тәжірибелік тұрғыда дәрістер өткізеді. Колледждегі барлық студент мемлекеттік грант бойынша тегін оқытылады әрі ай сайын тиісті шәкіртақыcын алады, – деді.

Жастарды аталған мамандықтар бойын­­ша үш жыл тегін оқытатын оқу ордасында өнерлі студенттер қызыға әрі қуана қатысатын домбыра, ән айту, хор, би өнері үйірмелері бар. Бұдан басқа, зама­науи үлгідегі жаңа технология­лармен жабдықталған оқу ордасында білім алушы­лардың игіліне пайдалануға берілген бай кітапхана, оқырман залы, оқу-өндіріс­тік шеберхана­лар, акт залы, асхана, фут­бол алаңы, спорт кешені бар. Ең қызығы, бұл кол­леджде Алматының болашақ қоғам­дық көлік жүргізушілеріне жол жүру ереже­лерін үйрететін арнайы компьютер­лік тренажер орталықтары бар. Ол нағыз автобус кабинасы тәрізді көрінетіндіктен, рөлге отырған адам өзін шынайы автобус жүргізушісі ретінде сезінетіні рас. Егер сту­дент аялдамаға дұрыс тоқтамаған жағ­дайда, адамдар автобусқа отырмайды, ал, егер жүргізуші кенеттен жол жақ­та­уына соғылып жатса, кабина қозғалып, шай­қалып кетеді. Компьютер жүр­­гізушінің жол бойында жіберген барлық қателігін көрсетіп тұрады.

Білім ордасында 21 жастан асқан «D» категориялы жүргізушілер үшін қысқа мерзімді қайта оқыту курстары да ашыл­ған. Теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда үш айлық оқыту курстарынан соң олар  «F» категориясы бойынша жүргізуші куәлігін алып, троллейбус паркінде тағы­лымдамадан өтеді.  Келешекте бұл кол­ледж­де қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережелерін бұзған қазіргі қоғамдық көлік жүргізушілерін қайта оқыту жұмыстары да жоспарланып отыр. Олар емтихан тапсырып, қайтадан жол жүру ережелерін оқып, психолог мамандармен тығыз жұмыс жасайтын болады. Білім шаңыра­ғының ең алғашқы 200 түлегі 2016 жылы қанат қағып, қоғамдық көліктердің тізгі­нін қолдарына ұстайды. Қазіргі жеке иеліктердегі автопарктердегідей Алматыға сырттан келе салып, автобус рөліне оты­рып, түрлі тәртіпбұзушылықтар мен әдеп­сіздіктерге бой алдырмау үшін атқарылып жатқан бұл шаралар ел көңілінен шығып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *