Қоғамдық көліктер – қаламыздың айнасы

(“Алматы ақшамы” газетінің 07.04.2018 күнгі нөміріндегі Айкерім Райысқызының мақаласына орай)

Шындығына келгенде, осы қоғамдық көлік мәселесін жазудан басымызға «мүйіз» шықса, осы уақытта біразымыз «мүйізбен» жүрер едік. Адам мұндай сөзді айтылып, уәде берілген сөзден нәтиже шықпағасын күйіп айтады екен ғой. Басшылардың алдында басқа көрініс көрсетіп, күнделікті тіршілікте басқаша жүріп-тұратын қоғамдық көлік жүргізуші­леріне қандай шара қолдансақ, бір жөнге түседі екен деген ойдың жетегінде жүрмін. Мүмкін, қаланы аралағанда, қоғамдық көліктерді тексергенде шаһар басшылығы ескертусіз келіп, тексеруді бірден бастаса, бір нәтиже болар ма екен?!

Бүгінде жүргізушілерде  ақшадан басқа ой жоқ! Тіпті, ауыздарынан «Ақша төлең­дер!» дегеннен  басқа сөздің шығуы қиын. Басқа сөзді айта қалса бәрі дерлік сауат­сыз. Қазақша сөйлеп тұрып не айтып тұрғандарын өздері де білмейтіндері жетерлік. Мәселен, «Абая, Ауезова, Саина, Мұратбаева» деп тұрғандарға «Неге орысша айтасың, сен қазақша сөйлеп тұрсың ғой, дұрыс  айтсай!» десең, сенімен жаға ұста­суға дайын тұрады. Хабарламаса, шұбар­ланған аялдамалар атауы да жоқ, өзіңе керек жерді, өзің тауып аласың. Егер жолаушы қаланы дұрыс білмейтін болса, адасқанның «көкесін» көреді.

2-3 аялдама сайын кез-келген жерде жүрмей тұрып алатынына не дейсің?! Асығыс келе жатқандар шыдамдары таусылып «Жүрейік енді!» десе, «Уақыт қой, уақытпен жүреміз» дейді. Ол қай уақыт сонда? Сағаттар бойы келмей күттіргенде ол уақыты қайда қалды? Жүргізушілердің өздеріне ғана белгілі ол уақытты жолау­шы­лар қайдан сұрап білмек? Тіпті уақытпен жүретіндері рас болса, аялдамалардағы диспетчерлердің орнына әр автобустың ішіне графиктерін жазып, іліп қойсын. Біз уақыттың шын-өтірігін содан біліп оты­райық немесе мұндай ақпараттар аялдама­ларға ілінсін! Диспетчер алдыңғы кеткен автобус пен бұл автобустың арасындағы уақыт­тың жиі екенін айтса, бітті, енді ол автобус жүріп болмайды. Кез-келген жерге 5–10 минуттан тұрып, уақыт өткізеді. Авто­бусты қойып, аялдамалардағы дүкендерге кіріп кеткен жүргізушілерді де талай көріп жүрміз.

Мен Америкаға барғанымда аялдама­ларда автобустардың келетін уақыттары жазулы тұратын. Өзіміз де сол кестемен жүріп тұра­тын­быз. Бір жақсысы, жолаушы көліктің уақы­тын біліп тұрады. Сол уақыт­қа сай әрекет етеді. Көлік те кестеде жазыл­ған уақытта аялдамаға келіп тоқтайды. Не деген жауапкер­шілік дейсің. Жұрт бір-бірінің уақытына жанашырлықпен қарайды.

Біздің шенеуніктер де шет елдерге шы­ғып жүр. Мұндай тәжірибенің бар екенін біледі. Бірақ әлі көргендерін іске асырмады. Бұрындары әдебиеттен оқушы едік қой, баяғының хандары да жасырын киім киіп алып халық арасында жүретін болған. Сондағы мақсат – жұрттың хал-ахуалын үшін­ші адамнан естігенше, өз көзімен көру.

Қоғамдық көліктер біздің қаламыздың айнасы деуге болады. Өйткені, шет елдер­ден, басқа қалалардан қонақ келсе, қоғам­дық көлікпен алып жүреміз. Тіпті, ұшақ­тан, пойыз­дан түсе салысымен, автобус­тарға отырып, қаламен танысу үшін оны аралап кететіндер де бар. Сондайларға «Біздің мәдениетіміз қоғамдық көліктерден бөлек, музейде, театрда немесе мына көшелерде» деп әдемілеп қойған жерлері­мізбен жүргізе алмаймыз ғой. Олар бәрібір алдымен сол іші жуылып, сүртілмеген, жүргізушісінің тілі шұбарланған қоғамдық көліктермен танысады.

Мен қоғамдық көлікті тұрақты пайда­ла­нушылардың бірімін. Кейде автобуста отырып, жан-жағыма қарап, радио тыңда­ғанда маған бір ой келеді. Неге қоғамдық көліктердің ішіне тәрбие­лік мәні бар нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді немесе өлең жолдарын жазып ілмеске?! Сол сияқты Абайдың, Ыбырайдың, Мағжанның, тағы сондай ақын-жазушылардың сөздерін радиодан жарнама орнына айтып тұрмас­қа? Болмаса, бүгінде қоғамдық көлік­тердің бәрінде дерлік бар лэд-экран деп жата­мыз ғой, солардан бір мезгіл көрсетіп қоймас­қа? Біле білсек, қоғамдық көліктерде қандай жарнама болсын, өте өтімді. Өйткені, көздеген жеріне жетем дегенше жұрт не істерін білмей, жан-жағына қарап отырады. Оқыл­майтын нәрсенің өзі оқылып, тыңдал­майтын дүниенің өзі құлаққа сыйымды болады. Мүмкін сол кезде «Абая, Ауезова» деп жүрген көпшілік, олардың аттарының, заттарының кім екенін түсінер?! Бұл ретте көмек керек болса, жеке басым көмек қолын созуға дайынмын. Өйткені, өзіміз тұрып жатқан қаланы үлгілі, дамыған, мәдениетті қалалар қатарынан көргім келеді.

Қоғамдық көліктермен айналысатын басқарма, басшылар назарына мынадай нұсқаулықты ұсынғым келеді:

  1. Әрбір жүргізушіні жұмысқа аларда арнайы шағын курстан өткізіп, бұлжытпай орындайтын қағидаларды қолдарына ұстату керек. Қажет болса оны автобус ішіндегі небір қажетсіз нұсқаулардың орнына іліп қойса, жүргізуші де, халық та ойланар еді.
  2. Жүргізуші мен кондукторлардың киімдерін дұрыстау қажет. Ол киім әдемі де таза болғаны жөн. Өйткені, мәдениетті киініп отырған жүргізушінің сөзіне жолаушылар тоқтайды, тыңдайды.
  3. Жол жүру кезінде жүргізушілер ұялы теле­фонмен сөйлеспеуі керек. Алдында кімнің кетіп бара жатқанын, артынан кімнің келе жатқанын білгеннің әкелетін пайдасы шамалы болар?!
  4. Жолаушылармен мәдениетті түрде сөйлесу керек. Жолаушы дөрекелік көрсет­се де, жүргізуші өзін ұстай білуі жөн. Өйт­кені, ол өзінің жұмыста екенін ешқашан ұмытпауы қажет.
  5. Көше аттары сауатты, дұрыс, тек қазақ тілінде ғана айтылуы керек. Орыс түгілі, шетелдіктер де бүгінде баратын жерлерін жақсы түсінеді. Қай елдің азаматы болсын, көшенің аттарын қазақ тілінде айтса, тауып бара алады.
  6. Қоғамдық көліктер ішіне ілінетін жарна­малар сауатты болуы шарт. Мүмкін­дігінше қай автобустың қай уақытта жүре­тін график­тері салонда немесе аялдама­ларға жазылып, ілінсе.
  7. Қоғамдық көлікке жауапты бас­қарма нөмірі автобус ішіне қолайлы жерге ілініп тұрғаны жөн. Сол кезде жүргізуші де, кондук­тор да «Мені кім көріп тұр?» демей, талапқа, тәртіпке бағынатын болады.

Әрине, бұл ретте таяқтың екі ұшы болаты­нын да ұмытпаған жөн. Тәртіпбұзу­шылық жолаушылар тарапынан да көптеп орын алып жатады. Бірақ алдымен, арбаның алдыңғы дөңгелектерін дұрыстаса, соңғылары соның соңынан жүреді емес пе?! Егер жүргізуші мәдениетті сөйлеп тұрса, жолаушы да соған сай әрекет етуге үйренеді деген ойдамын.

Шәйза ОМАРОВА,

қала тұрғыны.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *