ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТТЕНДІРУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШЕДІ

100Ол 1 қазаннан бастап енгізіледі

Кеше қала әкімі Бауыржан Байбек қоғамдық көліктерге биылғы жылдың 1 қазанынан  бастап енгізілетін электронды билеттендіру жүйесінің қыр-сырымен танысты. Шаһар басшысының айтуынша, жаңа жүйе, ең алдымен, көлеңкелі ақша айналымын жоюға көмектесуі тиіс.

– Жолаушы ағымының бір бөлігі көлеңкелі айналымда екені белгілі. Енді электронды билеттендіру жүйесі арқылы соны анықтауға тырысамыз. Қалада қанша қарт адам, мектеп оқушысы,  студент бар екенін және олардың қайда баратынын да анық көріп отырамыз. Мемлекет оларды жеңілдетілген жолақымен қамтамасыз етеді. Олардың жолақы төлеу қабілетін де анықтаймыз. Егер қажет болса, қолдау да көрсетеміз. Егер бұл саладан салық түсетін болса, біз оны осы салаға инвестиция ретінде жұмсай­мыз, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала әкімі жұмыс ба­рысында қоғамдық көліктің бір тү­рінен екіншісіне ақысыз отыру мүм­кіндігін қарастыруды да тапсырды.

– Жалпы, жолаушы қай бағытқа барса да, ол  жолақысын бір рет қана  төлеуі керек. Қоғамдық көлікті жиі пайдаланатын жолаушылар біртіндеп жолақысын аз төлегені жөн, – деді ол.

Сонымен қатар, шаһар басшысы электронды билеттендіру жүйесінен бас тартқандар нарықтан шығатынын тілге тиек етті.

«Ақшам-ақпарат».

 

КЕРЕК ДЕРЕК

Қала тұрғындарының автобуста, троллейбуста, трамвай мен метрода жүруі үшін арнайы карталар  жасалады. Картаның құны – 400 теңге. Оған бір реттік жолақы 80 теңге және картаның кепілдік құны 320 теңге енген. Зейнеткерлер, оқушылар үшін атаулы әрі жеңілдетілген карталар жұмыс істейтін болады. Олар биылғы жылдың 1-желтоқсанына дейін тегін таратылады. Қоғамдық көліктің барлық түріне жолақысының арнайы электронды терминалы орнатылады деп күтілуде.

Қалада карталарды сатудың 7 мыңнан астам нүктесі жұмыс  істемек. Сондай-ақ, картаны газет-журнал сататын дүңгір­шектерден сатып алуға болады. Бұдан бөлек, карта баланстарын сол жерлерде немесе терминалдар мен интернет арқылы да толтыруға болады. Жолақының төленгендігін бақылаушылар тексеріп отырады. 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *