Қоғам ізгілік жайлы жазылған ақпаратқа зәру

Дін саласындағы мәселелерді жариялау кезінде журналистер нені ескеруі тиіс? Күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптарды жауыр қылмай, шебер ұсынудың жолы қандай? Көрермен мен оқырман қауым үшін түсірілім жасап, мақала жазып жүрген тілшілер Астанада өткен семинарда осы мәселелерді кеңінен талқылап, өзара пікір алмасты.  

Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған бір күндік оқыту тренингін Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті ұйымдастырды.

Семинар барысында еліміздің әрбір өңірінен келген тілшілер қауымы дін тақырыбына қатысты ақпарат айдынында көп айтылып, көп жазылатын тақырыптар жайын талқылап, «қандай мәселелер шет қалуда?» дегенді анықтауға тырысты. Тіпті, әлеуметтік желіде дін тақырыбына қатысты жазылған жағымсыз пікірлердің статистикалық мәліметі айтылды. Зерттеушілер әлеуметтік желілердегі қазақша пікірлердің жалпы алғанда оныншы және он бірінші пікірі экстремизм, дін жайлы жағымсыз пікірлер екендігін байқаған. Осы мәселеге орай пікір білдірген Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев «соңғы кездері қоғамда көрініс беріп жүрген деструктивті діни ағым мәселелері діннің құндылығын толық зерттемегеннен болуда» дейді. Өйткені, дәстүрлі ислам дінін ұстанған қазақ қоғамында бұған дейін діни алауыздық болған емес. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін аталған комитет арнайы жоба бастағанын айтқан Балғабек Мырзаев бүгінгі ақпарат құралдары қандай тақырыптарды қаузамай жүргенін ескертіп өтті.

  • Бұқаралық ақпарат құралдарын бақыласам, құлшылық, ғибадат, ораза ұстау сияқты адамзатқа парыз болған тақырыптарға назар аударып, білім алу, жақсылық жасау, айналаңа пайдалы болуға ұмтылу, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, яғни ұрлық жасамау жайлы ізгі тақырыптар аз жазылады. Астрономия, физика, химия саласында жаңалық ашқан ғалым, ғұламалар жайлы мүлде жазбаймыз. Насихаттамаймыз. Осы тақырыптарды мен өзекті деп есептеймін, – деді Б.Мырзаев.

Журналистердің кәсіби біліміне тәжірибе қосқан семинар-тренинг кезінде журналист Нұрбек Бекбау:

  • Дін саласында қалам тербеп, сюжет жасап жүрген журналистер үшін ақпарат дайындау кезінде «не себепті болды, енді не болмақ?» деген салқын ақылға жүгінудің маңызы зор. Алабөтен ойлай білген журналист қоғамда айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптарды жаңаша түрде ұсынса, оқырманның ойын жақсы арнаға бұра алады, – деді.

Қазақ қоғамындағы конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту, радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы тұруда және халық үшін қажетті иммунитетті қалыптастыруға қабілетті дәстүрлі рухани құндылықтарды, зайырлы қағидаларды ілгерілетуде ақпарат құралдарының маңызы зор. Сондықтан мұндай семинар-тренингтер алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылмақшы.

Әсел ДАҒЖАН  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *