«ОҢАЙ» – ОРТАҚ ЖҮЙЕ, КӨПТІҢ МҮДДЕСІ

Жолаушы тасымалдаушы жекеменшік парктер де жаңа жүйені қолдап отыр

Қаңтар айының 11-інен толықтай орнығатын «Оңай» электронды есеп айырысу жүйесі — қоғамдық көліктегі жаңашыл жоба. Әрине, өткен жылдың ортасынан қолға алынып, арнайы «Алматы көлік холдингі» құрылған заманауи жүйеге көзқарас та әртүрлі болғаны рас.

Дегенмен, 3 айда төрт түрлі «Оңай» карталары, автобус, троллейбустарда «Оңай» терминалдары, «Оңай» карта­ларын сату орындары, т.б. қажетті жүйелер қалыптасып үлгерді. «Оңай» жүйесінің арнаулы бақылаушылары (контролер) жұмысқа кірісіп, оларға бұқараға жаңа жүйені түсіндіру жүктелді.

Жаңалыққа түрлі көзқараста болғандардың арасында жекелеген автобус жүргізушілері қолма-қол жалақыдан қағылатындықтан қарсылық туғызса, жолаушыларды айлық жол жүру билетінің (проездной) тоқтайтыны қинады. «Оңай» жүйесінің қалыптасуына берілген 3 айда уақыт талабынан туындаған, заманауи электронды есеп айырысу желісі халыққа барлық тұрғыдан ұсынылды.

«Алматы ақшамы» халықтық газеті де бұқарамен байланыс орнатып, жаңа жүйе газеттің бірнеше санында жан-жақты талқыланып, түсіндірілді. Біз оқырмандардың туындаған бірнеше сауалына мамандар тарапынан жауап ұйымдастырдық.

Ортақ мүддені ойласақ, «Оңай» жүйесінің қажеттілігі айқын. Қоғамды емес, қалтаны ойлаған кейбіреулердің келте пайымдауынан туындаған қарсылықтар болғаны рас. Бірақ, олар жаңашыл жүйеге тосқауыл бола алмайды. Және ондай теріс пікірлер көп емес. Осыған орай, Жаңа жыл қарсаңында «Жекеменшік автобус парктерінің барлығы дерлік «Оңай» жүйесін қабылдамайды, олар өз қызметін тоқтатуы мүмкін» деген пікірлерге қарсы «Тұлпар-ЦДС» автобус паркінің директоры Асылбек Мұхаметәлиев мәлімдеме жасады.

– Біз жабылмаймыз, жұмыс істей береміз. Бізді «Оңай» жүйесі толық қанағаттандырады. «Тұлпар-ЦДС» автобус паркі алғашқылардың бірі болып электронды есеп айырысу жүйесіне көшті. Біз қай кезеңде де есеп-қисап, бухгалтериямызды ашық жүргізіп, жекеменшік жолаушы тасымалдаушылар тек өз қалтасын ойлайды деген пікірді жоққа шығарып келеміз, – деді «Тұлпар-ЦДС» автобус паркі директоры А. Мұхаметәлиев.

Бүгінгі қоғамда «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі», «Мемлекет – жекеменшік серіктестігі» деген уақыт талабына сай ұғымдар бар. Осыған орай, шағын және орта бизнес мемлекеттің де, мегаполистің де алға жылжып, дамуында қозғаушы күш болып отыр. Ал мемлекет осындай бизнес өкілдеріне өз тарапынан барынша жағдай мен мүмкіндік жасайды. «Оңай» жүйесінде де осылай. Ортақ қазынаға түскен түсімнен жекеменшік автобус парктерінің шығындарын жабу, дотация қарастырылған.

«Оңай» ортақ жүйесі әлі-ақ қалыптасып, тиімділігін көрсететіні анық. Жүйеленген, жаңашыл «Оңайдан» түсетін түсім жолаушы тасымалы саласына жұмсалады, яғни, автобус, троллейбустардың жаңалануына, көлік жолда­рының жасалуына бағытталады. Бір сөзбен айтқанда, «Оңай» жүйесінің орнығуы қоғамның, көпшіліктің мүддесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *