«ОҢАЙ» ЕКІ РЕТ ЖОЛАҚЫ АЛМАЙ МА?

56Алматыда жарнамасы көшеде де, көлікте де самсап тұрғанына  қара­мастан, қоғамдық көліктер­дегі «Оңай» төлем жүйе­сіндегі түйткілді тұстар әлі шешілмей тұр. «Алматы көлік холдингі» ЖШС-нің хабарлауынша,   473 826 «Оңай» электронды картасы айналымға түсіп, онда 108 086 195 теңгенің жолақысы төленген. 1,5 миллион тұрғыны бар және қала сыртынан күніне жүз­деген мың  адам жұмысқа, оқуға қатынап жүрген ірі мегополис  үшін бұл  аса көп қаржы емес.

«Оңайдың» ойдағыдай жү­зеге аса алмай жатқанының басты себептерін атап айтуға болады. Біріншіден, жолау­шылардың «Оңай» картасы арқылы қоғам­дық көлікте жол­ақыны төлегенін дәлел­деудің қиындығы  кедергі. Екіншіден, төлем картасын толықтыру мүмкіндігі әзірге тек ресейлік Qіvі төлем қызметі терминал­дарында ғана қолжетімді бо­лып тұрғаны да өз әсерін тигізуде.

Егер бұл ойымызды таратып айтатын болсақ, қоғамдық көлікте «Оңай» картасы арқылы төлем жасағанда, жолаушы­лардың қолына ешқандай билет беріл­мейді. Жолақының төленгенін бақылаушылар қазір оны өз құралдарында  тексеру арқылы ғана анықтап жүр. Өкінішке қарай, олардың  қондырғысы да билеттің нақты төленгенін анықтап бере алмаған жағдайлар кездесіп қалуда. Сол себепті олар картаны төлем қабылдайтын құралға  қайта жақындатуға мәжбүр. Ал, ол алғашқы төлем жасалғаннан 30 минуттан кейін электронды картадан қайтадан төлем  қабылдай береді. Мұндай жағдайда жолаушының «Оңай»  картасындағы қаржы­сының «қолды» болуы оп-оңай. Картадан екінші рет төлем алып қалады. Оны қайтарудың мүмкін еместігін «Оңай» төлем картасының жұрт­шылықпен байланыс үшін ашыл­ған орталығындағы телефонға жауап беретін қызметкерлер де мойындап отыр. Олар «тексеру­шілердің қондырғысы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда, оны олардың қолына бермей, қоғамдық көліктің жолаушылар кіретін есіктерінің маңында орналасқан төлем жасалған турникетке өздеріңіз бірге барып тек­се­ріңіздер, болмаса бізге хабар­ласыңыз» деген кеңеспен шектелуде. Онсыз да бір-бірімен иық түйістіріп, қысылып тұрған қалың жолаушының арасынан ары-бері өтудің өзі бір ма­шақат болса, «Оңай» электрон­ды картасының артында көр­сетіл­ген телефонға хабарла­сып, жауап алудың әуре-сарсаңы одан да өтеді. Өйткені, ондағы қызметкер телефон тұтқасын бірден көтере қоймайды. Көтерген жағдайда да қоңы­рауыңызға мардымды жауап ала алмайсыз.  Сөйле­сетін тілді таңдап, қажетті қызметке қосылғанша біршама уақы­тыңыз өтеді. Байланысқа жұмсалған қаржыңыздан бөлек, бұған шыдамыңыз да жете бермеуі мүмкін. Сосын, амалсыз, бәріне қолыңызды бір-ақ сілтейсіз. Ал жаныңызда ауылдан келген қонақ жүрсе, тіпті, не істеріңізді біл­мейсіз. Осындай мәселелердің бәрі ертерек шешімін таппаса,  жол жүру қиын­дығы одан сайын арта түскелі тұр.

 

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *