Әншілер де сайлауға белсенді атсалысуда

Ербол Тұрымбетов

«Қазақстан үшін дауыс бер!» Осындай атпен құрылған қазақстандық шау-бизнес өкілдерінің тобы еліміздің жастарын алдағы президенттік сайлауға қатысуға шақырды.

Айта кетейік, наурыздың 4-і күні ғаламтордағы әлеуметтік желілерде «Арнау» ән тобының бейнеүндеуі пайда болған болатын. Осы бейнеүндеудің жалғасы ретінде құрылған бастамашы топ мүшелері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, ел ертеңі – жастарды белді саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырды.

Бастамашы топ құрамында продюсер Баян Есентаева, әнші-композитор Медеу Арынбаев, Аша Матай, «Каспий» тобының мүшесі Мұрат Қожа мен «Арнау» тобының мүшесі Нұржан Керменбаев және теле-радио жүргізушісі Маржан Сұлтанбаевалар бар.

«Кімнің қай кандидатқа дауыс беретіні өз еркі. Біздің қалайтынымыз, ең бастысы – беделді саяси науқанға жастарымыздың белсенді атсалысуы», – дейді жас әнші Аша Матай.

Ал танымал әнші Медеу Арынбаевтың айтуынша, президенттік сайлауды ұлықтаған керемет ән де жарыққа шығып үлгерген. «Қазақстан үшін дауыс бер!» деген атаумен шыққан туындының әнін Арман Дүйсенов, сөзін Алмат Исәділ жазған екен. «Менің бастамашы топқа кіруіме себеп болған да осы ән. Әріптесім Арман Дүйсенов маған осы әнді көрсеткен болатын. Тыңдап, көңліме ұнаған соң, мен де осы жастардың бастамасын қолдауға бел будым», – деді Медеу Арынбаев. Әншінің сөзіне қарағанда, әзірге ғаламторда ғана таралған бұл туынды жақын арада телеарналар мен радиолардан да берілетін болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *