Әнші

ҚОҢЫР ӘҢГІМЕ

16Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптаспаған кемталант пысық бір быртық ақын Мейірманды екі күннің бірінде мейрамханаға қоярда-қоймай шақырып жүріп, екі-үш әнге арзан ұйқаспен ортанқол сөз жазды. Ол әндер Мейірман айтқан соң еріксіз түрде жұртқа кең тарайтынын ақын жақсы білді. Содан бастап, нашар ақынның да атағы шыға бастады. Күнделікті газеттің тілшілері көпіртіп, радиотелеарнаның тұрақты қонағына айналды. Ұстазының жілігі татымайтын арзан әнге жолама деп ескерткені жайына қалды.

Мейірманның жасы жиырма беске толғанда қарт ұстазы талантты шәкіртінің тұсауын кесіп, өз еншісін өзіне берді.

Бір ескерткені, мақтау-марапатқа мастанып кетпеуін, кез-келген уақытта қандай мәселемен болсын есігі ашық екенін баса айтты. Бұрын жанынан екі елі тастамайтын сүйікті шәкіртін қимады. Ал албырттығы басылмаған бала шәкірт ұстазы айтқан өсиеттің байыбына терең бара білмеді.

Алтай өзінің орындауындағы халық қазынасын, сондай-ақ, жеке шығармаларының ең тәуір, дауысына келеді деген әнінің бәрін үйретті. Енді өзі домбырасын төріне іліп қойып, өнер адамдарының басы қосылатын одақтың басшысы қызметіне сайланды. Күн құрғатпай кеңес алуға келетін жасы да, жасамысына да қабақ шытпай жол көрсетіп, мұң-мұқтажын тыңдап, үй-жай алуына көмектесіп, жоғарыға хат жазады. Бұл енді қартайсам да жорғамнан жаңылмаймын дейтін кейбір малтапқыш өнер адамдарының тірлігіне қарағанда, тектілік. Алтайдың басшылық қызметке жас кезінде-ақ отыруға мүмкіндігі болған. Бірақ, өнерге деген махабаты жол бермеді. Қарапайым қызметкер болып жүріп-ақ, алыс-жақын елге аты жетті. Міне, алпыстан асқанда тәжірибесі бар, өмір бойы осы қара шаңыраққа адал қызмет етіп, өлмес дүниелер тудырғаны үшін қызметтестердің ұсынысымен үлкен лауазымды қызметке отырды.

Қазақ өнерінің жасандылыққа бой алдырып бара жатқаны Алтайды көптен бері мазалап жүрген. Рас, шынайы өнердің қашанда жолы бұралаң екенін жақсы түсінеді. Дегенмен, ұлт рухын асқақтатқан көсегелі әндердің үлкен сахналардан аз шырқалатыны жанына аяздай бататын. Сол үшін де, Мейірманға бойындағы бар өнерін сарқып беруге жан-тәнімен кірісті. Ал қалған шәкірттері көптің бірі болатынына ерте кезде-ақ көзі жеткен. Құдай сыйламаған талантты ұстаз сыйлай алмайды. Ал, «Алла маған талант берді» деп босқа талтаңдап жүруге тағы болмайды. Табанды еңбек қана адамды көздеген мақсатына жеткізеді. Өкінішке қарай, көп шәкірті бірден аспандап, атақ-даңққа бөленгісі келеді. Мейірманның бойында атаққұмарлық жоқ. Ауыл баласына тән аңқаулық пен бұйығылық бар. Ең жаман кемшілігі — ішімдікке құмарлау. Оны үйреткен өзі.

Қандай атақты тұлға болсын, ол ең алдымен пенде. Әрине, пенде болған соң кемшіліксіз бола ма? Атағы жер жарған композитордың таныс-білісі, дос-жарандары көп болатыны түсінікті емес пе? Алтай бір ішсе, бір ай ішетін. Ақ «Волганы» қаңтарып қойып, апталап үй қарасын көрмей кететін кездері жиі болып тұратын. Сүйіп қосылған жан-жары, өзі де кезінде мың бұралған биші болған Сымбат желігі басылмаған сазгер күйеуінің бұл қылығын түсінетін. Сыпсың өсекке де құлақ аспайтын. Бар арманы — бойжетіп қалған бес қызын жақсы тәрбиелеп, оқыту. Балаларының ел қатарлы мамандық иелері болып, өз орындарын табуы үшін өзі бимен біржола қоштасқан. Сымбаты келіскен көрікті келіншекті бес қыз тапты дегенге сену қиын. Тәнің сұлу болу үшін, жан сұлу болу керек екендігі ойыңызға еріксіз сарт ете қалады.

Ішіп жүрген күндерінде Алтай «Волганың» рөлін Мейірманға тапсырады. Оныншы сыныпты бітірген жылы ұстазының қолқалауымен тобылғы түсті сыраны екі ұрттап, ары итеріп тастаған. Ішінен «аттың несебі құсаған сары суды неменеге сонша ішеді екен?» деп ұстазына таңқалған. Тағы бір жолы қызара бөрткен ұстазын Алматының жаңадан құрылған көрікті ықшамауданының біріне алып барды. Биік үйдің жетінші қабатына көтеріліп, қоңырау басып еді, сылаңдаған жас келіншек есік ашты. Өз үйіне келгендей еркін жүрген ұстазына біртүрлі қарады. Ас үйде дастархан дайындап жүрген әдемі келіншек көптен бері ат ізін салмай кеткенін айтып, ренішін де жасырып қалмады. Ал Алтай ұстаз іс-сапар, жиі өтетін концертті сылтауратып, Мейірманға көзін бір қысып қойып, келіншекті өбектеумен болды. Әдемі келіншек өбектеген сайын балаша бұртиып, еркелей бастады. Бұның бәрі оныншы сыныпты енді ғана бітірген жас пері үшін әрі қызық, әрі тосын еді. Оның үстіне ұстазы мен келіншектің жас айырмашылығының өзі жер мен көктей екенін сұрамай-ақ білуге болатындай.

Мейірман сері ұстазын осылай көңілі қалаған жеріне тасып жүріп, өзі де ішімдікке қалай үйір болып кеткенін аңдамай қалды. Бір-бірлеріне деген ықыластарында қылау жоқ ұстаз бен шәкірт өнер, өмір жайында көп сырласатын болды, әңгіме арасында Алтайдың ұлының жоғы жанына бататынын сөз емеурінінен байқап қалды. Сондықтан да, ұстазының суық жүрісін түсінуге тырысты. Неше рет оқталып, «халық жүрегінен орын алған тамаша әндеріңіздің өзі бір-бір бала емес пе» деп жұбатқысы келген. Бірақ, тіс жармады.

Күн өткен сайын Алтайдың өңі семіп, келісті келбетінің әжімі тереңдей бастады. Жұмысқа да бұрынғыдай құлшынысы жоқ. Ауруханаға жиі жатып қалатын болды. «Жас кезіңде талайға тырнағыңды батырып едің, сенің де дәуірің аяқталып қалған ба» деп әзілдеген құрдасына: «Мен тырнағымды ұлттық өнерді жатсынатын ұлтсыздарға батырдым. Оныма өкінбеймін. Ал, сендер, мына қара халыққа не істемедіңдер?» деп, көзі шатынағанда, көңілдері жақын құрдас болғанмен, Алтайды көре алмайтын үзеңгілесі әзірейілдің алдында тұрғандай, кірерге тесік таппай кетті. Осы кезде есік жартылай ашылып, бөлмеге Мейірман кіріп келді. Үнсіз отырған екі құрдастың әңгімесінің жараспағанын сезді. Ұстазы Мейірманды өбектеп, сұрақты бастырмалатып жатыр. Аздан соң құрдасы салқын қоштасып, шығып кетті. Бірақ, Алтай құрдасын өкпеге ғана қиды. Білімі таяз, шолақ белсендіні бұрыннан аяйтын. Бұл жолы да сөйтті.

Алтай Мейірманға домбырасын алдыртыпты. Сол түні ауруханадағы сырқат адамдардың бәрі дерліктей Алтай жатқан бөлмеге жиналды. Жұрттың қолқалауымен «Екі жирен», «Жанбота», «Гәкку», «Мақпал» әндерін шырқады. Шырқады деген жай сөз. Зар еңіреді. Ұстазының теңдесі жоқ үлкен талант екенін білетін Мейірман бұл жолы қайран қалды. Ән айтып отыр дегені болмаса, Алтайдың жүрегімен жылап отырғанын сезді. Бірақ, сыр білдірген жоқ. Көп өтпей әкесіндей қамқор көкесінен айрылатынына өкінді. Сол түні ұстаз бен шәкірт көз ілген жоқ. Таң атқанша сырласты. Мейірман ұстазын түк те түсінбеген екен. Оның айтқан әңгімелерінің байыбына бармай, атүсті тыңдағанына өкінді. Бірақ, көп әнін сіңіргеніне шүкіршілік етті. Қоштасарда Алтай «сүйегің бөлек болғанмен, ұлымдай көрдім. 1зім білгенді үйреткен болдым. Менен үйренген аз әннің берекесін қашырмай, халыққа жеткізсең, жүрген жеріңде есіңе алып жүрсең, бір аунап түсермін» деп шүңірейген көзімен Мейірманға қарады. Осы кезде Мейірманның етегі жасқа толып, ұстазын құшақтай алды. Тумысынан мүсіркеуді жек көретін, һәм еразаматтың жылағанын намыс санайтын Алтай шәкіртіне баршын тартқан қырылдаған даусымен «жылама» деп зекіп тастады. Сосын байсалды қалпына келіп, қырық жыл серік болған қара домбырасын алып: «қасымда жүрген ұзақ жылдардан бері қарай саған бірде-бір сыйлық жасамаған екенмін. Көзімдей көріп жүрсін деп домбырамды сыйладым. Төріңде тұрсын, анда-санда құлақ күйін келтіріп, мені есіңе алып қой», – деп қолына ұсынды. Өзегі от болып, көзінің жасын әрең іркіп тұрған шәкіртіне «мұражайға сұраса берме, шаң басып ол жерде жатқанша, сенің қолыңда тозсын», – деді. Үнсіз ғана бас изеп қоштасқан Мейірман былай шыға сала өкіріп жылады.

Көзі бұлаудай боп ісіп кеткен Мейірман ұстазының асқақ болмысын, шынайы өнер адамына тән тәкәппар мінезін, шындап келгенде, осы жолы ғана түсінді. Өзінің балалықпен арзан әндердің құрбанына айналып бара жатқанын сонда ғана барып сана түйсігінен өткізді. Ажалды да күліп қарсы алып жатқан ұстазының биік парасатына таңқалды. Міне, бұл шынайы өнер адамының қарапайым халық түсініп болмайтын нәзік жанының терең қатпары еді.

Ұстазының ауыр халін білген соң Мейірман ауыл-ауылды аралап концерт қоймақ болған жоспарын кейінге қалдырды. Бірақ, оны ұстазы білмейді, егер біліп жатса, жолынан қалдырмайды. Күн аралатып, ұстазының жағдайын біліп тұрды. Әр барған сайын жүрегі ауырып қайтады. Әр нәрсені бір айтып көңілін көтермек болады. Көп ештеңеге таңқала қоймайтын Алтай үнсіз ғана жымияды да қояды. Ақыры, қарашаның шайдай ашық жұма күнінде өз заманының теңдессіз өнер дүлдүлі жарық жалғанды артқа тастап, мәңгілік мекеніне аттанды. Бұл қаза бәрінен бұрын Мейірманға қатты батты. Туған әкесі қайтпас сапарға аттанғанда да дәл бұлай егіліп жыламаған еді. Жетім ботадай боздағанда, атақты әнші, сыршыл сазгермен қоштасқалы келген қара халықтың сай-сүйегі сырқырады. Кемсеңдегенін баса алмай, қоштасу сөзін де айта алмады. Сөйтіп, күміс бұлақтай үні бар, талайдың бақталасына айналған

Алтай елеусіз ғана биік төбенің басындағы кішкентай бір төмпешікке айналды. Кім-кімнің де басына келетін бір өлім. Бірақ, ол қайтып келу үшін кетті. Алтайдың топырағы суымай жатып, жұрт енді Мейірманның бағы жанады деп дабырласты…

Қайғыдан қан жұтқан Мейірман ұстазы кеткен қырық күннен бері қолына домбыра ұстамады. Шынын айтқанда, шынайы өнердің соңғы тұяғы жалғаннан көшкенін сезді. Дыңғырлатқанның бәрі күйші, «әу» дегеннің бәрі әнші болған мына ашкөз заманда шоқтығы биік өнердің шынымен де тыңдаушысы азайғанына көзі жетті. Бірақ, шынайы өнердің бұл заманда емес, кешегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кең заманда да тыңдаушысының бәрі зерделі болды десек, әбестік болар. Саф өнердің қадір-қасиеті, кие-құты халықтың рухымен бірге жасайды. Рух шөккен жерде ұлттық өнерге даңғыл жол ашылмайтынын Мейірман енді ғана жете түсінді.

Ұстазының екі жылда бір түкпір-түкпірдегі ауылдарды аралап, концерт қоятын әдетін енді Мейірман жалғастырды. Шынын айтқанда, бұл сапарды ұстазының көзі тірі кезінде-ақ бастау ойы болған. Бірақ, мүмкіндік болмаған еді, сәті енді түсіпті. Бір-ай жүріп байтақ өлкенің барлық ауылдарын дерліктей аралап шықты. Қара құлып салынған мәдениет үйлерінің есіктері айқара ашылды. Кейбір ауылдардың өнерге қыры жоқ азаматтары кеткенше асықты. Негізгі тыңдаушы сол көнекөздер екеніне көзі жетті.

Мейірман тағдыр сыйлаған қасиетті өнердің арқасында қыз-қырқынның арманына бала мұрты шықпай жатып-ақ айналған. Бойжеткен оқушы қыздардың кітаптарының арасында Мейірманның газет-журналға шыққан суреттері жүретін. Әрине, бұл сол қыздарды ұнататын жігіттер үшін оңайға соқпасы анық. Мейірманға еліктеп шаш қойып, ән салатын жігіттер де ауыл-ауылда көбейе бастады. Бірақ, Мейірман жалғыз еді, көптің, тіпті, мыңның ішіндегі жалғыз. Сондықтан да оны жақсы көрмеу мүмкін емес болатын.

Ұзаққа созылған ән сапардан Мейірман ауырып оралды. Еті қызып, басы айналады. Тексеріліп көрініп еді, «суық тиген, жақсырақ демалсаң қайтып кетеді» деген дәрігердің сөзі өтірік болып шықты. Күннен-күнге әлсіреп, тамаққа тәбеті тартпайды, тек суық суды ғана сіміре береді. Құры қара су одан сайын әлсіретіп, иықты келген еңсегей бойлы тұлғалы әнші аза бастады. Үлкенді-кішілі аурухананың бәріне көрінді. Ешқандай аурудың атын айтып, нақты диагноз қоя алмады. Содан бір күні мойнының асты түймедей-түймедей боп қызара бастады. Басында елемеп еді, әлгі түймедей қызыл бөртпе қышытқанда жаныңды шығара жаздайды. Қасыған сайын қолдың уыты асқындырып, бүкіл денеге жайылуға айналды. Шынын айтқанда, дәрігерлер бұл қандай кесел екенін дөп басып айта алмады. Көршісінің үйіне ауылдан келген кейуана кемпір бір көріп қана «тышқанқорық» деген ауру екенін, егер қанға өтіп кетсе, кеш болатынын айтқанда барып, дәрігер атаулы бас шайқап таңқалысты. Оның емі дәрі-дәрмек емес. Тышқанды өлтіріп, бөртпенің үстіне тартып тастаса, ем болатынын, тек қарайып орны ғана қалатынын айтқан кейуана кемпірдің сөзін естіген Мейірман шошып кетті. Себебі, Мейірман тышқан атаулыдан қатты қорқады. Бала күнінде ұйықтап жатқанда бет-аузын жыбырлатқан тышқаннан шошып оянып, қатты жылаған. Содан дем салдырып жүріп, әрең қалпына келген болатын. Енді, тышқанды мойнына тартпақ па? Дәрігерлерден басқалай ем-домы жоқ па деп еді, бәрі бас шайқады. Жан үшін бәріне көну керек деген қарт әжейдің сөзі қанат бітірді ме, ойланып-ойланып, келісімін берді. Қаптың түбін тесетін тышқанның өзі емге келгенде қасқалдақтың қанындай әзер таптырды. Үш тышқанды жайратып, кейуана өз қолымен ем болсын деп тартып тастады. Тағы да үш-төрт рет қайталады. Содан Мейірманның беті бері қарап, тамаққа тәбеті тарта бастады.

«Біздің бала кезімізде осы кеселмен ауырғандар ел ішінде көп болды, солардың кейбірін аман алып қалуға болатын еді, бірақ, емін кеш білдік қой. Жандары жәннатта болғыр сол жарықтықтар сары төсек боп, ішер ас, киер киімге жарымай өтті ғой бұл жалғаннан» деп кемпір көзіндегі жасын жаулығының ұшымен сүртті. Сонау ит арқасы қияннан көршісінің үйіне туысшылап келген кейуана себепші болып, Мейірман ауыр сырқаттан айықты. Алла жолықтырып, ажалына арашашы болған кейуанаға алмаймын дегеніне қоймай, бір көліктің ақшасын ұстатып, күзде өтетін жеке шығармашылық концертіне арнайы қонақ ретінде шақырды.

Сырқаттан түбегейлі айыққан соң, екінші реткі есеп беру концертіне дайындыққа көшті. Бұрын жарықтық Алтай ұстазымен бірігіп берген. Салмақ шәкірттен гөрі ұстазға түскен еді. Енді, өзі бермек. Демек, бұл жолғы шығармашылықтың жүгі ауыр болайын деп тұрғаны белгілі. Бар қажыр-қайратын салып, тұп-тура үш ай дайындалды. Халық әндерін, ұстазының шығармаларын қоса есептегенде бас-аяғы елуге тарта әндерді орындамақ.

Асыға күткен есеп беру кеші де келіп жетті. Бес мың адамдық үлкен залда ине шаншар орын жоқ. Тік тұрғандар қаншама. Билеттері болмай, сыртта кіре алмай жүргендердің өзі жетіп-артылады. Біржан салдың «Ләйлім-шырағынан» бастап, Ақан Серінің «Балқадишасын» әуелеткенде шатырлаған шапалақ үні көктемгі найзағайдың күркіріндей жаңғырып жатты. Көптен бері құлағы бұралмаған Алтайдың қара домбырасының дауысы бір әннен бір әнге көшкен сайын бабына келген су төгілмес жорғадай ашыла бастады. Төрт сағатқа жоспарлаған концерт халықтың қолқалауымен алты сағатқа созылды. Соңына қарай халықтың сұрауындағы әндерді орындап, ашық кездесу іспетті, бұрынсоңды болмаған тарихи кеш болды. Дәстүрлі әнге құлақтарының құрышы қанған көпшілік, «кешегі асқақ Алтайдың көзі ғой» деп мақтаса, енді біреулері «көзі емес, дәл өзіндей» деп сүйініп жатты.

Ерғали БАҚАШ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *