ӘНГЕ ЫНТЫҚ ЖҮРЕКТЕРДІҢ ЖҰБАНЫШЫ

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

9Атынан бұрын атағы шықты

Жұбаныш Жексенұлының бізге атынан бұрын атағы, өзінен бұрын әні жетті. Ара-тұра ауылдан қалаға қатынаған ағайын­дар оның атын ауыздарынан тастамай, ақырында «өздерінің Жұбанышын» танымайтын «өгей» Алматының өзімшіл жұртына таң қалысып, бас шайқап қайтатын. Оның кәдімгі мәшиненің магнитоласына салатын төрт бұрышты аудиокассетаға жазылған әндері де оңтүстік өңіріне тәуір таралды. Бірде, қос ғасыр тоғысар жылы Мақтаарал жаққа іссапармен барып қайтқан, өзі әйдік газетте істейтін әйгілі журналист ағамыз:

– Мен Жұбаныш деген керемет әншінің кассетасын алып келдім, – деді бас бармағын шошайтып. – Әкімшіліктің менің жүріп-тұруым үшін берген көліктің жүргізушісінен аттай қалап сұрап алдым. Жұмыс жайымен ауылдарды аралаған кезде тек қана осы кассетаны қойғызумен болдым. Әншінің даусы маған естіген замат ұнады. Бір ғажап ерекшелік бар! Оның жанында мына Алматы сахна­ларының төрін бермей жүрген кейбір «жұлдыздарымыз» түк те болмай қалады. Сондай таланттар неге ауылдан ұзамай қалып қояды екен-ей…

 

Оны Алматының өзі іздеді

 

Ол уақытта Жұбаныш Жетісайдағы педколледжде музыкалық жетекші еді. Көп ұзамай Шымкентке ауысты. 2001 жылдан «Шаншар» әзіл-сықақ театрының концерттеріне тұрақты қатысып, Алматыға, Астанаға, еліміздің өзге де өңірлеріне сапар шекті, көпшілік көрерменге көз­таныс бола бастады. Бірақ сонда да ол танымал болуға, өнер мен мәдениеттің үл­кен ордасы, қалың музыканттың қайнаған ортасы саналатын Алматыға тезірек табан іліктіруге, республикалық телерадио эфирін жаулауға асыққан жоқ. Әнін айтып, шеберлігін шыңдап, шығармашы­лық тұрғыдан өсе түсуге талпынып, ішкі әзірлігін пысықтап жүре берді. Оның өзі секілді, «жұлдыз» атануға жұлқынып кіріспейтін кірпияз әнші, жұртшылыққа Таразда жүріп-ақ танылған талғамды өнерпаз Ғани Мәтебаев сол кездерде-ақ:

– Жұбаныш – бөтен ештеңеге алаң­дамай, тек қана өзінің кәсіби деңгейін көтеру үшін тер төгіп жүрген әнші ғой. «Концерттерден қалмайын, түсірілімдерге тынбай қатысайын, көпшілікке жиірек көріне берейін» деген мақсат жоқ онда. Ол өзін үлкен дәрежедегі мықты әнші болуға дайындап жүр. Өзгелер «қайтсек тез арада елге таныламыз, қайтсек атақты боламыз?» деп жанталасып, «эфир үшін жан пида» деп жанығып жүргенде, ол тып-тыныш қана өз тірлігімен айналысты. Көресіз, көп ұзамай-ақ ол жарқ етіп шығады! – деген еді.

Расында да, Жұбаныш Алматыға аса ұмтылған жоқ, Алматының өзі Жұбанышты іздеді. Ән өнеріндегі бірсарындылықтан, бірін-бірі қайталай бастаған ұқсас дауыс­тардан, шырқау мәнеріндегі тап­таурын тәсілдерден жалыққан тыңдарман да, өнер ортасы да өзгеше үн, бөлек болмысқа зәру еді. Жұбаныш әнсүйер қауымның сол аңсарына дөп келді. Қазақ эстрадасы ішкі әзірлігі өте күшті, рухани қуаты мол, тынысы кең, құлашын алысқа сермейтін дара дарынмен толықты.

 

Бір кеште – төрт ән!

 

2003 жылы Алматыдағы Республика сарайында ақын, сазгер, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші өтті. Автордың үздік әндері шырқалған кеште Жұбаныш Жексенұлы… төрт ән орындады! Бұл – бір әнші бір концертте төрт ән шырқаған қазақ эстрадасындағы екінші оқиға еді (біріншісінде – Әсет Бейсеуовты еске алу кешінде Мақпал Жүнісова төрт ән орындаған-ды). Жалпы, Жұбаныш Мұхаң­ның шығармашылығына қалай құрметпен қараса, ақын да әншінің өнерін жоғары бағалайтыны байқалады. Бұған М.Шаха­новтың: «Жұбаныш – даусында ешкімге ұқсамайтын өзіндік бояуы бар әнші», – деген лебізі дәлел бола алады. Ал тағы бір танымал ақын-сазгер Исраил Сапарбай өнерпазға: «Жұбаныш Жексен­ұлы – қазақтың маңдайына біткен май­талман әнші», – деген баға берді.

Әнші репертуары – оның талғам дең­гейінен хабар береді. Жұбаныш отансүй­гіштік, туған жер тақырыбындағы туынды­ларды да («Қазақстаным», «Ауы­лымды аңсадым», «Жаным апа», «Шаға­ласы Шар­дараның», «Арқалықтың ақ та­ңы», т.б.), өмір жайлы терең толғаныстарға жетелейтін мазмұнды әндерді де («Өмір-өзен», «Өкінбе сен», «Ерлер достығы», «Неткен өмір», «Әттең-ай», т.б.), махаббат лирикасын да («Нурикамал», «Дудар-ай», «Махаббат елі», «Сүймегендер сағынбайды», «Көзің­нен айналайын», т.б.) жатсынбайды. Ол ән шырқағанда шығарманың табиғатын түсініп, ішкі әуенін тауып, образға еніп айтады. Сонысымен де тыңдарманын тәнті етеді.

 

Әннің мәйегі – мәтін

 

– Менің көзімнің жеткені: қазақ әнінің басты мәйегі – мәтіні екен, – дейді Жұ­баныштың өзі. – Алдымен өлең-сөз мықты болуы керек, әйтпесе қандай тамаша әннің де қадірі кетеді. Сөз бен әуен әдемі қабысып, өзара жымдасқанда ғана өзгеше дүние туады.

Рас сөз. Ж.Жексенұлын жастардың қаншалықты сүйіп тыңдайтынын біз біле бермейміз, бірақ аға буын мен орта буын өкілдерінің оның өнеріне деген ықыласы бөлек екені шындық. Ал олар – сөз құдіретін сезіне білетін, ән құрылымын айыра алатын, жүректен шыққан өнер туындысын жүрекпен ұғынуға қабілетті, өмірлік тәжірибесі мол тыңдармандар. Әншінің өз репертуарына сақ та сауатты қарауы – осындай жауапкершілікті түсіне білгендіктен шығар? Қалай болғанда да, сахнада «чип-чиптер» мен «кс-кс чик-чиктер» ойқастай бастаған заманда сөз қадірін білетін, саз қадірін білетін Жұбаныш – есті әнге ынтық жүректердің шын жұбанышына айналып отыр.

Кейінгі жылдары – бәлкім, телеар­налардың өтініші болар, мүмкін өз қы­зығушылығы да бар шығар – Жұбаныш тележүргізушілікпен тым көп әуестеніп кетті. «Қазақтың 100 әнін» жүргізді, көрер­менге «Ән-жұмбақ» жасырды, «Ұлттық шоудың» тізгінін ұстады және т.б. Рас, телевизия – өнер адамының танымалды­ғын одан бетер арттыра түсетін сала, оның үстіне, бұл Жұбаныштың әншілік ізде­ністеріне, шығармашылық мүмкіндіктерін бұдан да әрі тереңдей аша түсуіне еш кедергі келтірмес деген үміттеміз.

 

Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ. 1974 жылы 23 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 1991 жылы аудан орталығын­дағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген соң, Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжді бітірген. 1998-2001 жылы аталмыш колледжде музыкалық жетекші, 2001-2005 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы ОҚО облыстық филармониясының әншісі қызметін атқарды. 2006 жылы Алматыға қоныс аударып, бірнеше жыл қатарынан «Қазақ әуендері» АҚ қарасты «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінде жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» алқа иегері (2002), «Дала дауысы» халықаралық фестивалінің жеңімпазы (2012), «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінің «Ерлер арасындағы үздік әнші» номинациясының жеңімпазы (2013).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *