Өнерпаз құрбылар топ жарды

Қара шаңырағымыз ҚазҰУ-да «1-курс таланттары» атты байқауға кілең өнерлі студенттер қатысты. Олар тек өз факультеттерінің намысын ғана  қорғап қоймай, өздерінің қабілетін көрсете білді. Студент достарым бұл мүмкіндікті тамаша пайдаланды десем, артық болмас. Қатысушылар ән айтып, би билегенімен қатар, домбы­рада, тіпті, фортепианода да ойнай алатындықтарын көр­сетті. Бұл байқау университетімізде нағыз таланттардың көп екендігін көрсетті.

Біздің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің, соның ішінде аударма ісі бөлімінде оқып жатқан студенттер де өздерінің үлестерін қосты. Бұл сынға біздің үш өнерпаз қатысқан еді. Және олардың барлығы жүлделі орындарды иеленіп, факультет беделін биіктете түсті. Атап айтсам, І орынды иеленгендердің бірі бүкіл жұрттың назарын өзінің ерекше даусымен баурап алған Әлия Құрметқызы мен ұлттық нақышта әдемі би билеген «Ұлытау» би тобының мүшесі Айдана Талапқали, ал жүлделі ІІІ орынды иеленген қара домбыраның құла­ғында ойнайтын құрбымыз Айгүл Мырзатай.

Әлия – Ақтөбе қаласының тумасы, Қобда қазақ орта мектебінің мақтан тұтарлық шәкірттерінің бірі болған. Вокалдан арнайы сабақ алмаса да, табиғи дара даусымен тыңдармандардың назарын өзіне аударып, даусының ерекшелігі ешкімді бейқам қалдырмады. Әнсүйер қауым тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсетті. Қазір Әлия өз өнерін Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ән үйірмесінде шыңдап жүр.

«Ұлытау» атты би тобы биылғы жылы факуль­теттің екінші курс студентінің бастамасымен құрылған еді. Мың бұралған биші қыздарымыздың бірі – Айдана Талапқали. Орал қаласындағы туып, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде білім алған. Мектепте жүргенде оқумен қатар хореографияға да ден қойып, 3 жыл бойы би өнерімен шұғылданды. Сайыста биші қыздар «Сағым дала» атты биді биледі.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбы­ра» деп қазақтың атақты ақыны Қадыр Мырза Әлидің жыр жолын жадына түйген Айгүл Мырзатай Шымкент қаласындағы С.Бәйтереков атындағы саз мектебінде 5 жыл бойы дәріс алды. Қазіргі таңда ол – ұлттық аспапты насихаттап жүрген ұлтжанды қыздарының бірі.

«Өнерлі өрге жүзер» демекші, өнерпаз құрбы­ларым өнермен бірге оқуда да жақсы көрсеткіш­терімен көзге түсіп жүр.

 Іңкәр АМАНБЕК,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті

аударма ісі мамандығының І курс студенті. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *