Өнермен өрілген өмір

Ғибраты мол ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа арнаған, шәкірт­тердің жүрегіне сара жол сала біл­ген, жастардың музыкалы-эсте­тикалық талғамын арттыруға ықпал етіп, бойындағы ерекше  қажыр-қайрат пен ерік-жігерін  тәрбие беру мен білім саласына арнаған заңғар тұлғалар қазір арамызда жүр. Сол тұлғалардың бірегейі  – Қазақстан­ның еңбек сіңір­ген қайраткері,  Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер ака­демиясының профеcсоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, А.Бай­тұрсынов атындағы орден иегері, музыка зерттеуші, ғалым-ұстаз Пернебек Момынұлымен  «Өнермен өрілген өмір»  атты әдеби-сазды кездесу  бо­лып өтті.  Көп жылдар бойы ағар­ту, білім ордаларында басшылық, ұйымдастырушылық, педагогтік қызметтерді жемісті атқарып,  қазақ ән-күйін зерттеп, нотаға түсірген ұлағатты ұстаз-профессор  Перне­бек Момын­ұлы­ның ғибратты өмір жолы өскелең ұрпаққа  насихат­талды.

Қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағида­лары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының аса қажетті шарты болып табылуы тиіс. Осыны басты назарда ұстаған  профессор, мәдениет қайраткері Пернебек Момын­ұлының ғылыми-әдістемесі жетекшілігімен колледжде «Қазақ музыка тарихы» тақы­рыбында дәрістері жүргізіледі.  «Актерлік өнер» мамандығының студент­тері өздері орындаған ән-күйді музыкалы-эстети­калық, педагогикалық-психоло­гиялық, музыкалық-теориялық, әлеумет­тік-фило­софиялық ғылымдар тұрғысында талдады.  «Автор ұсынған бұл бағдарлама жеке тұлғаның рухани баюына әсер ете отырып, әрбір студенттің музыкалық сауатты­лығының жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді, сонымен қатар өмірлік ұстанымын, дүниетанымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді», – деді Т.Жүр­генов атын­дағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мектеп-интернат, колледж басшысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері  Зура Жұмахметова өз сөзінде.

Кеште сексеннің сеңгіріне шыққан  ұлағатты ұстаздың халық композитор­ларының әндері мен күйлерінің фило­софиялық-тәрбиелік, мәдени-эстетикалық мәнін терең ашуға, адамның рухани кемелденуіне шақыратын  «Ғұмырнама» деп аталатын мәдени оқулығы таныс­тырылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *