Өнерлі елдің өресі биік

жаңалыққа, жақсылыққа, өнерге, өмірге құштар ата-әжелердің республикалық тұңғыш байқауы өтті

Кез-келген елдің өркениеттілігі олардың қариялар мен балаларға жасаған игі істерімен таразыланатыны анық. Батаменен өсіп-өнген елміз. Бүгінгі ұрпақтың алаңсыз да бақытты күндерінің бастауы сол үлкендердің жастық шақта төккен маңдай терінде, зейнетінен гөрі бейнеті көп болған кешегі тұрмыс тауқыметінде жатқанында еш күмән жоқ. Жүздерін әжім торлаған, бірақ жанарларынан мейірім нұры сөнбеген осындай қабырғалы қарияларымыз қандай құрметке де лайықты.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Алматы шаһарында Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптары оркестрінің ғимаратында Қазақ радиосы­ның журналисі Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығының бірлес­кен жобасы – республикалық «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-апалар байқауы болып өтті.

Алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқаудың  мақса­ты: 50 мен 90 жас аралығындағы, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ата-апаларымызға рухани қолдау көрсетіп, бойындағы өнерін жас күніндегідей қайта бір шыңдауына мүмкіндік сыйлау, ұмыт болған әндер мен күйлерді қайта жан­дандыру; ел арасында жүрген он саусағы­нан өнері тамған шеберлерімізді насихат­тау, ұлттық өнердің жаңғыруына жол ашу; үлкендеріміздің немере-шөберелеріне  арнап ән айтуы мен бата беруін көпке дәріптеу; жоғалып бара жатқан қазақы тәрбиені сақтап қалуға атсалысу.

Осындай игі мақсаттарды арқалаған бұл байқауда еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының аудан, ауылдарынан, Алматы қаласынан келген өнерлі ата-әжелеріміз бақ сынады. Олар «Ән салу», «Хормен ән салу»,  «Дәстүрлі ән», «Мәнерлеп өлең оқу», «Ақындық өнер», «Аспапта ойнау», «Қолөнер»,  «Бата беру», «Суретшілік өнер» сынды әр жанрда өнерлерін ортаға салды. Үміткерлердің ең жасы 53-те болса, ең үлкені 85-тегі әжеміз болды.

Иә, қол қусырып қарап отыруды біл­мейтін, жақсылыққа, жаңалыққа, өнерге, өмірге құштар ата-әжелеріміз жастық шақ­тарына оралып ән салды, мәнерлеп өлең оқыды, ұлттық аспаптарда ойнады, өздері жасаған қолөнер бұйым­дарын да ұсынды. Осындай өмір көрген аузы дуалы, елге сый­лы қарияларымызға қарап жастар ойын, бойын түзей жүрсе, сол жандардың алғы­сын арқалап жүрсе, жаман болмасы анық.

– Әр қиырда жүрген талантты ата-апаларға мұндай қуаныш сыйлау менің ойымда он жыл жүрді. Қазақ болған соң той-думандарда, көптеген түрлі ортада жүреміз. Тойда ақ батасын беріп, ауылдың алты ауызын айтқан ата-әжелеріме қарап, ылғи «шіркін-ай, осындай талантты қариялардың басын қосып, елге танытып, үлкен сахнаға шығарсам ғой» деген арман­ның жетегінде жүретінмін. Міне, бүгін қаншама жыл санамда ұялап келген ойлар жемісін берді. Елбасының «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасына мен де өз үлесімді қоспақ көңілмен «көз қорқақ, қол батыр» деп, білегімді түріп кірісіп кеттім. Аллаға шүкір, еліміздің түкпір-түкпірінен келген асқар таудай аталарымнан, ақ жаулықты әжелерімнен бата алдым. Ендігі мақсатым – осы жобаның ғұмырын ұзарту, байқау туралы кеш естіп, қатысуға үлгермей қалған жандардың басын Алматыда тағы бір қосып, оларды дәріптеу. Осы орайда мені қолдаған барша жанға ризашылы­ғымды білдіремін, – дейді жоба авторы, әріптесіміз Гүлмира Нәлібай.

Байқауға қатысқан жандардың барлы­ғы жүлделі орындарға ие болды, бәріне естелік сый-сияпаттар тапсырылды.

 

Шұғыла ОЛЖАС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *