ӨНЕРДІҢ СҰЛТАНЫ – СҰЛТАНҒАЗИН

Өмірде ақкөңіл, сәби мінезді болған Уәйісті ұмытқан жоқпыз...

Әубәкір РАХИМОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, профессор

Адам қай дәуірде өмір сүрсе де, қан­дай кәсіпті мансұқ етсе де, оның өмір­дегі орны ел алдындағы еңбегі мен артын­да қалдырған ізімен өлшенері бәрімізге белгілі. Бұл – ғұмырдың ұзақ болуына немесе қысқалығына тәуелді емес. «Қанша өмір сүргенің емес, қалай өмір сүргенің маңызды» деп Сенека Луций Анней (кішісі) айтқандай ұғым екені рас. Солай десек те, бергенінен берері көп азаматтардың бұл фәниден «аһ!» ұрғызып ерте көшкенін көргенде, өзегіңді  өртер бір «әттеген-айдың» маза бермейтіні және рас. Бұл жағдай, әсіресе, елдің еркесіне айналған өнер адамдарынан айырылып қалған кезде жиі ұшырасады.

Өнердің өзгелерге шапағаты мол болғанымен, өнер адамына ауыртпа­лығы мен азабы аз емес, құлағаныңды күтіп тұрар тұңғиық тәрізді. Таңдаулы дарындылар ғана соны соқпақ салса ғана өте алады, болмаса тұңғиыққа кеткенің. Халықтың ұлттық қасиеті мен бала мінез ерекшелігін бойына сіңірген,  алыптардай аңғал, ақкөңіл дарынды актерлеріміздің бірегейі Уәйіс еді.

Әр халықтың ұлттық ерекшеліктері мен рухани байлығын, мәдени деңгейін өнер адамдары арқылы тереңірек танып білуге болады. Халықтың «Алып адам аңқылдақ, баладай аңғал келеді» деген даналығына ұстазы Ыдырыс аға мен дарынды шәкірті Уәйістің сахналық кейіпкерлерін кино мен видеотаспа­лардан көрген сайын көзің жете түседі. Мен үшін бұл есімдер өнер адамда­рының рухани асыл қасиеттері мен ұлылығын, даналық пен дарындылығын дәріптеп, бар ғұмырын сахна өнерінің дамуына арнаған тұлғалар болатын.

Әзірбайжан Мәмбетовтің Ыдырыс ағаның Қобыланды (М.Әуезов, «Қара­қыпшақ Қобыланды»),  Есен (М.Әуе­зов, «Еңлік–Кебек»), Қален (Ә.Нұр­пейісов, «Қан мен тер»), Сұбанқұл «Ш.Айт­матов, «Ана–Жер-Ана») тәрізді барлық тұлғалы рөлін Уәйіске сеніп тапсыруынан екі актердің (ұстаз бен шәкірттің) бойындағы тұлғалық пен даралықтың ортақ қасиетіне сенім артқанын аңғару қиын болмас.

Уәйіс менің алғашқы режиссерлік жұмысым Оралхан Бөкейдің «Текетіре­сіндегі» Белгісіз кейіпкерден бастап, әр түрлі жанрдағы: Әділжан (Р.Сейсен­баев, «Түнгі диалог»), Алдар көсе (Ш.Құсайынов, «Алдар көсе»), Бетай (А.Сүлейменов, «Кек»), Ұзақ (М.Әуе­зов, «Қилы заман»), Зия Гафуров (Ж.Файзи, «Башмағым»), тағы басқа да рөлдерімен бірге, ең соңғы рөлі Оспанға (Қ.Ысқақов, «Қамар сұлу») дейінгі барлық қойылымымда қайталанбас бейнелер сомдады. Уәйістің қай рөлін алып қарасаңыз да бала мінез, таза­лықты байқауға болады. Елдік ұғымды, жерге деген сағынышты аңғаруға бола­ды. Мысалы, «Белгісіз» бейнесін алып қарайық: онда Қызыл империяның қыспағынан шекара асқан адамның, түн­делетіп, басын қатерге тігіп, дүниеден өтер шағында туған жерін бір көріп кету үшін келген жанның трагедиясын Уәйіс үнсіз аққан көз жасымен кереметтей әсерлі жеткізсе, Ұзақ рөлі арқылы ел, жер, ұрпақ тағдыры туралы ұғымдарды күрескерлік деңгейге дейін көтереді. «Көшедегі пақырды, әкім бол деп шақырды» комедиясындағы Безкозыр­ный рөлі өткір сатиралық дәрежеде есте қаларлық бейне ретінде шешілді. Ж.Әбді­раштың сөзіне жазылған «Қош­тасу әні» Уәйістің орындауында мәнсап­қорлардың бар болмысын ашып беретін кереметтей көрініс болып, көрермен­дердің көңілінде қалды.

Уәйістің актерлік қыры кино мен теле­қойылымдар арқылы да, көрер­мендерін тәнті еткен кейіпкерлер ретін­де де өз бағасын алған ерекше бейнелер еді. «Тамаша» ойын-сауық отауындағы ақкөңіл, аңқылдақ бала мінезді бейнесін көрермендер ешқашан ұмытпақ емес.

Ер мінезді Уәйістің сахнадағы батыр тұлғалы кейіпкерлері, кино мен теле­қойылымдардағы образдары бұл күндері қайталанбас бейнелер ретінде тарих қойнауына еніп кетті. Олар енді театр мен өнер зерттеушілерінің еңбектері арқылы жас ұрпақтың санасына сіңе жатар деген үміттеміз.

Уәйіс менімен бірге актерлік студия шәкірттеріне ұзақ жыл сабақ беріп, ұстаздық етті. Өзінің білгендерін, жинақ­таған тәжірибелерін шәкірттеріне үйретіп, өнерге деген адалдықты, мәңгі­лік ізденіс туралы ұғымдарды жас ұрпақ­­тың бойына сіңіруге аянбай тер төкті. Қарапайымдылығына салып: «Сен­дермен бірге менің өзім де көп нәрсені Әубәкір ағайларыңнан үйреніп жүрмін», – деп, шәкірттерді ынталан­дырудан жалыққан емес.

Өнерде зерек Уәйіс өмірде ақкөңіл, сәби мінезді, аңқау, өте сенгіш, жаны жомарт болатын. Қызылорда театрында актер болып жүргенімде басымнан өткен қызықты оқиғадағы «Жер шарын мекендеген бүкіл Найман…» деген өлең жолдарының қалай дүниеге келгенін айтып беріп едім, Уәйіс аузынан таста­май «Гимнге» айналдырып алды.

Оның аңқылдаған ақкөңілдігін, жомарттығын білетін театрдың үлкен-кішісі түгел «пайдалануға» тырысатын. Кезекті бір «думаннан» кейін серпіліс­ке тиын таппай тұрған артистер Уәйіс­тің жолын тосады. Оның алдынан шыққан Жарқын Рамжанов інісі:

Уа, талантың зор, дарындысың,

Халқыңа тарту еттің дарын күшін.

Өзіңе арнаған бұл өлеңімді,

Жазғаным жоқ өңештің қамы үшін!

Былайынша сабырлы салмақтысың,

Үлкен-кіші бәріне ардақтысың,

Жомарттығыңды біледі бауырларың,

Оң қолды әмиянға салмақшысың.

Бұл бір наз ағаға айтар қысымгерсіз,

Басы ауырған інінің ісі дерсіз!

Қарғада қасарысып кәк етпей жүр,

Арғы жағын өзіңіз түсінерсіз!..

деп өлеңдетіп зарлай жөнелгенде, «Мә!» – деп, әмиянын ақшасымен қоса ұстата салады. Аңдып тұрған қулар талан-таражға салып таласып жатқандарға мәз болып тұрған Уәйіс кенет есіне бір нәрсе түсіп: «Ей, тұра тұрыңдар, ең болмаса кешке үйге қайтуға таксилік тиын қалдырыңдар», – дейді. Әнуар Боранбаев: «Сені жұрттың бәрі таниды, ақшасыз-ақ үйіңе жеткізіп салады», – деп көк тиынсыз қалдырады.

Бірде, спектакльден соң үйіне жет­кен Уәйіске түнгі он екілер шамасында Бекжан Тұрыс кемпірдің дауысына салып телефон шалады.

– Әлә, Уәйіс баламның үйі ме екен? Мен ауылдан Күршімнен келген Пәлен­ше деген апаң боламын. Бірінші Алма­тының боқзалында тұрмын. Көтер­ген екі мөшек етім бар. Сенің үйіңді таба алмай қиналып қалдым, – деп жылам­сырайды. Уәйіс «Пәленшенің» кім екенін есіне түсіре алмаса да:

– Мен қазір таксимен барамын, күте тұрыңыз, – деп таксилетіп, І-Алматы вокзалына барып, «Пәленше» апаны таппай, амал жоқ үйіне келсе, тағы телефон шырылдайды:

– Әлә, Уәйіс баламның үйі ме екен?

– Ой, апай, мен сізді іздеп таппай келдім, қайдасыз?

– Қайдасы несі, сол баяғы боқза­лыңда отырмын. Құдай-ай, ұры-қарысы көп қаласына қайдан ғана келіп едім… Адасып өлді деген атқа қалатын бол­дым-ау!.. –деп зарлап жылай жөнеледі.

– Ой, апай, жыламаңыз, қазір барып тауып аламын. Сол жерде милиция пункті бар, сол жерге барсаңыз ешкім тиіс­пейді. Мен сізді сол жерден таба­мын! – деп түнгі үштен кете қайта вок­залға жөнеледі. Барады, іздейді, кісілер­ден, милициядан «екі мөшек ет көтерген апаны көрдіңіздер ме?» деп сұрас­тырады. Таппайды. Қатты қапаланып, «елден келген үлкен кісіге көмектесе алмаға­нына»  өзін кінәлі санап, үйіне оралады. «Жөн білетін біреуге жолық­са, мені театрдан табатынын айтып жөн сілтер» деген оймен театрға келсе, алдынан Бекжан кемпірдің жыламсы­раған дауы­сына салып қарсы алғанда, Уәйіс не күле­рін, не ашуланарын біл­мей: «Ой, сен де бір… Қызық екенсің… Енеңді ұрайын… Әнуар естімесін. Ешкімге айтпа. Мә, мынаған  ауызбас­тырық алып кел!» – деп қалтасына қол сала берген екен.

Осы бір шағын оқиғалардан-ақ Уәйіс Сұлтанғазиннің адамгершілік болмысын айнытпай тануға болады. Оның ақкөңіл, сәбидей сенгіш тазалығы өнерінің  өзегі еді. Қандай рөл ойна­масын тазалықтың лебі есіп тұратын, ұлттық қасиеттерді бойына жинап қана қоймай, оның зерттеушісі де бола білу қажет.

Дүниеден өтер сәтінде де жанында болдым. Уақытының бітерін екеуміз де сезсек те, әңгімеміздің өзегі өнер жай­лы болды… Өнерді ессіз сүйген, Алтай­дың дарынды ақиығы Уәйіс Сұлтан­ғазин тазалық пен адалдықтың белгі­сін­дей болып есімізде мәңгілік сақталады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *