ӨНЕР ТАСАСЫНДАҒЫ ӨМIР

89-4807-4Болашаққа жетелеген Букетов

Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi Сақтаған Тұрлымұратовты өнер тарландарының бәрi жақсы бiлгенiмен, қалың көпшiлiк жыға тани бермейдi. Оның себебi бiреу-ақ едi, ол биiкке көтерiлген өнердi көрiнбей демеп жүретiн сахна сыртындағы тұлға болатын.

Адам қатты қиналған кезде жақсы ақыл тауып кететiн сәттер болады. Мұндай жағдай Сақтаған Тұрлымұратовтың басында да болды.

1977 жылы «әкемтеатрға» атқарушы директор болып жұмысқа қабылданған уақытта мұны сынап көрмек болғандай, бiрден Қарағандыға топ жетекшiсi етiп алдын ала жiбердi. Бұлар барып театрдың алдағы гастрольдiк сапарына әзiрлiк жұмыстарын жүргiзуi тиiс болатын. Кәдiмгi, ұйымдастырушылық жұмыстары емес пе, бiр қарағанда, Сақтаған аға үшiн ол түкке тұрғысыз нәрсе. Алайда, Қарағанды Қызылорда емес, Шымкент, тiптi Алматы да емес қой, ол кездерi бұл қаланы түгелге жуық басқа ұлттар мекен ететiн. Жергiлiктi ұлттың өзi қазақша сөйлемек түгiлi, қазақ тiлiн түсiне бермейтiн, тiптi бұл тiлде сөйлегенге намыстанатын кезеңдер едi.

С.Тұрлымұратов бастаған топ, iшiнде суретшiсi, жарнамалаушысы, кассирi, тағы басқалары бар, 4 мамыр күнi Қарағандыға келiп түстi. Бейтаныс қала, жат орта. Қонақ үйге барды, жайғасты. Ендi не iстемек? Неден бастау керек? Бұл сынақ өзiнiң болашағына үлкен ықпал ететiнiн iштей жақсы сезiнiп те тұр. Қатты қысылғанда ойына осындағы Ебiней Букетовтiң есiмi түсе кеттi. Ол осындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнде ректор болып тұрған. Сақтаған аға 1955 жылы Ташкенттiң А.Н.Островский атындағы көркем театр институтына түсiп, театртанушы мамандығы бойынша оны жақсы тәмәмдап шыққан болатын. Iзденiмпаз студент бұл жылдарын текке жiбермедi, жан-жақты бiлiм алып шығуға бар күшiн салып, кiтапханадан шықпайтын. Диплом жұмысын жазарда оның пайдасын да көрдi. Әсiресе, «Әдебиет және искусство» журналында жарияланып жататын Ебiней Букетовтiң театр, драматургия, сценарий, кино, тағы басқа өнер тақырыптарына арналған мақалалары көп қызықтырушы едi. Ол бұл материалдардың көбiн «Ш.Құсайыновтың драматургиясы» тақырыбында диплом жұмысын жазарда дереккөз ретiнде пайдаланған да болатын. Шынын айтқанда, осы Букетовтiң мақалаларында айтылған ойлардан туған диплом жұмысын Сақтаған аға беске қорғап шықты.

Қарағандыға келiп, бейтаныс ортаға түскенде, осының бәрi ойына келе қалмасы бар ма. Қылшылдаған қырықтан асқан жастау кезi ғой, оның үстiне жан қиналғанда адамның бойында батылдық та пайда бола кете ме екен, Сақтаған аға Букетовтiң есiгiн ашып кiрiп келгенде, қырық жыл көрмеген туысқанына бас сұғып тұрғандай күйде едi. Ректор өте инабатты, мейiрбан кiсi екен, бiрден ыстық ықыласпен қабылдады. Оның бұл ықыласын байқаған соң, Сақтаған аға әспеттеп тұрып әңгiме тиегiн ағытты, шешiлiп сала бердi.

– Өзiңiзге рахметiмдi айтуға келiп тұрмын, мен сiздiң еңбектерiңiздiң арқасында студенттiк диплом жұмысымды беске қорғаған едiм, – дейдi амандық-саулықтан соң шын жүректен. Ғылым мен бiлiмнiң, ұстаздықтың жетегiнде жүрген Букетов оған кәдiмгiдей марқайып қалады.

Қарағандыға қандай мақсатпен келгендерiн де жасырмады, тiптi, қолұшын беретiн адам қажет болып тұрғанын да түгел айтып өтедi. Ректор көп ойланып жатпайды, алдымен күн ыстықта шаршап-шалдығып келген бұған жуынып-шайынып алуға жағдай жасайды. Сосын жеке демалыс бөлмесiне кiргiзiп, шәй iшкiздiрiп, сусындатып алады. Содан кейiн барып, университеттегi, алдымен, комсомол комитетiнiң хатшысын, одан соң кәсiподақ комитетiнiң төрағасын шақырады. Не керек, бұлар алып барған 17 спектакльдiң 17 қораптағы билеттерiн түгел өздерi сатып алады. Ол ол ма, «Ойбай аға, Қарағандыға Әуезов театры өмiрi келген емес, өзiмiз жақсылап қарсы аламыз» деп, екеуi де өбектеп жатыр. Сақтаған аға театрға деген бұл құрметке iштей қатты риза болып қалады.

Ол кезде Қарағанды елiмiздегi ең үлкен өндiрiстiк орталықтың бiрi болатын. Жұмысшылары да, тiптi, олардың басшылары да сырттан келген басқа жұрттар едi. Қой бағу ғана еншiсiне бөлiнген қазақ ол уақыттарда күнге күйiп, жел мен құмның ыстығына қақталып, құдай айдаса бармайтын қу мекиен далада жүретiн. Ебiней Букетовтiң алдынан шыққанда, осының бәрi iшiнде қыж-қыж қайнаған Сақтаған ағаның тiптi көңiлi босап кеттi.

Өзiнiң болашағына үлкен септiгi тиген Букетовтiң бұл адамгершiлiк iсiн өмiр бойы ұмытқан емес, жүрген жерiнде абзал азамат аға туралы жақсы әңгiмелердi жерiне жеткiзiп айтып та жүр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *