Өнер иелерінің жалақысы қандай?

Қала әкімі Астана мен Алматы театрлары әртістерінің жалақы мөлшері әрқалай екеніне көңіл бөлді

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Үкімет отырысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бұл мәселені орынды қозғады. «Өздеріңізге белгілі, Алматы қаласында «Астана Опера» гас­тролін табысты аяқтады. Астана театрымен салыстырғанда Алматы театры әртістерінің жалақысында көп айыр­машылық орын алып отыр. Осыған байланысты бұл мәселенің орынды шешімін табуын қалар едім. Егер әртістерге пәтер бөлу мәселесіне келсек, заңдылық негізде шешімін тауып келеді. Естеріңізде болса, бұдан 2-3 жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, әртістерге пәтер бөлінген болатын. Бұл жөнінде бізде мүмкіндік бар, әртістерді қолдап келеміз», – деді Ахметжан Есімов.

Премьер-министр Серік Ахметов бұл мәселенің орынды екенін, әкімдер тарапынан тұрғын үй мәселесі көтеріліп жатса, Үкіметте оның оң шешілуін қарауға болатынын еске салды. «Егер мүмкіндігі болса, әкімдер қойған мәселе туралы шешім қабылдайтын боламыз», – деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед театр әртістерінің жала­қысын өсіру жергілікті бюджет есебінен қаралуы тиіс екенін атап өтті. «Еңбекақы – өзекті мәселе болып тұр. Республика көлемінде бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Облыстағы театр әртістері орта есеппен айына 30-40 мың теңге жалақы алады. Кейбір театрларда жұмыс істейтін слесарь, сантехник пен электрик әртістерге қарағанда жоғары жалақы алады. Осыған байланысты, әкімдерден тек театр әртістері емес, жалпы мәдениет саласы қызмет­керлерінің еңбекақысын 1,7-ден 2 коэффи­циентке дейін көтеруді жергілікті бюджет есебінен қолға алуын өтінген болар едік», – деді.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақы мөлшері көп жылдан бері кө­терілмегені туралы орынды айтылып келеді. Өнер адамдары, жалпы шығар­машылық жұмыспен айналысатын қыз­мет­­керлердің жалақысын арттыру, бұл – қиын да күрделі саланың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал еткен болар еді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close