ҮНДЕСТІК ЗАҢЫ

Жанболат АУПБАЕВ

Әңгімені осы бәрімізге түсінікті қара­пайым бір көріністен бастайық. Айталық, сіз бен біз Алматыдағы халық қолөнері музейін тамашалап жүрміз делік. Мұндағы ғасырлар бәйгесінен озып келген экспонат­тармен жеке-жеке танысқаныңызда, ең алдымен, олардың әрқайсысының өзіне ғана тән сұлулы­ғының, ұқсас дүние болса да бірін-бірі қайталамайтын, ерекшелігінің бар екендігін байқайсыз. Содан соң… иә, содан соң бұл туындылардың бойын­дағы әр өрнек, бедердің сол мүліктің сүйегін құрауға дәнекер болып, үйлесімділікпен жымдасып тұрғанына көз жеткізесіз. Әрине, бір көрген жан: “Мынау піспекті сонша әшекейлемесе сабадағы қымыз ашы­май ма, қалай?” деп те ойлауы мүмкін. Бірақ біле-білсек, бұл біздің халқымыздың бар нәрсені көрсетуге деген іңкәр жүрегінің қалауы екені анық. Өйткені, уақыт ұршы­ғында зыр айналған дәуір атты үлкен керуен­нің бірде ылдиға, бірде өрге тартқан күрмеуі көп күрделі жолында дамып, шыңдалған қолөнер бабалары­мыздың сұлулыққа, шеберлікке деген талғамын жоғарыдағыдай тапқырлық­тар­мен тәрбие­леп отырған. Әр мүлікке иненің жасуындай болса да әсемдік дарытып, сол арқылы талайдың көзін қуантқан, көкірегіне көр­кемдік сезімін ұялатқан. Музейдегі түйме­ден бастап толып жатқан үй жиһаздарына дейінгі аралық­тағы дүниелерді көргенде, сіз міне, осыны ойлайсыз. Ойлайсыз да: “Тіл біліміндегі бір әріптің екіншісі болмаса оны өз дыбысына сай жоқтап, сөз мағынасы бұзылып тұратыны сияқты халық өнерінде де сондай “гармония”, “үйлесім”, “үндес­тік” деп аталып жүр­ген сабақтастық қажет екен-ау” деген шешімге келесіз.

“Демек – дейміз біз енді осы арада,– өнердегі үндестік заңын, яғни аталмыш саладағы халық қабілетінің қайнарын ата-бабаларымыз қиялымен ғана емес, ісімен қоса игеріпті. Оны бүгінгі біз өзіміз қызық­тап көріп жүрер биік дең­гейге әкеліпті. Ал енді оның қазіргі таңдағы жалғасы қандай? ” Бұл сұраққа деген жауапты біз атақты қолөнер шебері, ұста, Қазақстан Суретші­лер одағының мүшесі Дәркенбай Шоқпар­ұлының ағаш, металл, былғары, сүйек­тен түйген еңбегінен анық табамыз.

…Ол бүгінде өзі айналысып жүрген осы мамандыққа қалай келгенін, оның қыр-сырына қашан құлай берілгенін білмейді және білгісі де келген емес. Егер оған дәл осындай сұрақ қоя қалса, сонда оның бұл салаға әсер еткен жай деп есіне алатыны мынадай үш нәрсе екені анық. Біріншісі, бес жасар бала кезіндегі қағаз бен қарын­дашқа деген үйірсектігі. Іле бойындағы маң дала… Қалың қау, қордалы миядан ысқы­рық тартқан жел өтінде бұлардың киіз үйі тұратын. Құлағы атқұлақтың жапыра­ғына ұқсап салбыраған қара күшікпен ойнай-ойнай жалыққан балақан түс ауа өзіне ермек іздеп айналадағы табиғат көрініс­теріне көз салар еді. Сонда оның жанары­нан: аспандағы бұлттар апасы­ның тулаққа салып түткен жүніне ұқ­сап, көгілдір мұнар басқан төбешіктер шөккен түйе болып өтіп жататын. Әлгі көріністерді ол алғашында өзен жаға­сындағы құм бетіне шимайлап жүрді де келе-келе әкесінің қой санағында ғана қолға алар сия қарындашына үйірсек­тейтінді шығарды. Жоғалып қалмас үшін түбін кертіп, жіп байлаған әлгі бояу тұқылы сол сәттен бастап оған жаңа бір әлем ашты деуге болады. Себебі, қағаз бетіне айнала­сынан байқаған көрініс­терді түсіруге тал­пынған сәби саусақ­тары өзіне керек жұ­мыс­ты жаңа тапқан­дай еді.

Екінші бір есте қалған жай, оның алтын­шы класта оқып жүріп “ағаш жар­ған­дағы ашқан жаңалығы” болатын. Орта­сынан қақ айрылған қарағай дөңбегінің бір бөлігі соғылған соққы­ның бәрін кері серпіп тұрып алды. Сөйт­се оны діңге бойлап енген үш бұтақ жібермей тұр екен. Әлгілерді темір сүйменнің ұшымен қағып түсірген Дәркенбай ағаш бетіндегі үңірейген бұтақ орындарының аузын арандай ашқан арыстанға ұқсап тұрғанын көріп таң қалды. Содан бастап ол айналадағы қиялмен қабылдаған көріністерді тек қағаз бетіндегі суретпен ғана емес, ағаш­пен де бейнелеп бедерлеуге болатынын аңғарған. Балалық шақтағы үшінші көкейге түйген нәрсесі, атасы Ахмет зергердің ұста дүкенінен алған өмір сабағы еді. Темірден түйін түйген қартқа көрік басысып жүріп ол мысты шеку­дің, күмісті созудың, жезге өрнек салу­дың талай құпияларын жадына ұстап қалған жайы бар.

…Арада жылдар өтеді. Бір кездері құм бетін шимайлап сурет салуға, ағаштан дойбы тасын жасап, тоғызқұ­малақ тақтасын оюға, ұста дүкенінде апасына арнап самауыр кернейін соғуға талпынған жас есейе келе Алматыдағы Көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Тырнақалды туындыларымен қалалық конкурсқа қатыса бастайды. Бірақ оның дәл бүгінгі біз білетіндей бесаспап шебер болып шығуына әлі де көп уақыт бар еді. Өйткені, алда ауылдағы мұға­лім­дік жұмысты атқарып жүріп Отан алдындағы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылу, содан соң Қазақтың Абай атындағы педагогикалық инсти­тутының Сурет және сызу факульте­тіне оқуға түсіп, оны аяқтау міндеті тұрды. Дәркенбай міне, сол уақыттар­дың бәрінде де өзінің негізгі кәсібі суретшілікпен ғана шектеліп қоймай, мына төмендегідей жайларға ерекше көңіл бөліп жүрді. Ол – ағаш, металл, тері шикізаттарын өнер туындыларына пайдаланып көруге көз үйретіп, қол жаттықтыру, олардың халық шеберлері ғана білетін өзіне тән ерекшеліктері мен құпияларын игеру болатын.

Осы жерге келгенде өнердегі үндес­тік заңы деген ұғымның оның алдынан ең алғаш рет бой көрсеткені бар. Бұл Дәркенбайдың Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жанынан ашылған “Казмузреставрация” шеберханасына бас суретші болып қызметке орналас­қан кезінде болған еді. Аталмыш меке­менің негізгі мақсаты – республи­ка­мыздағы ежелгі мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, халық арасындағы сирек қолөнер үлгілерін тауып, жандан­дыру екен. Байқап қараса, оңай жұмыс емес. Себебі, реставрация ол суретші­лікті де, сәулетшілікті де, тіпті, ұста, зергерлікті де қажет ететін күр­меуі көп күрделі кәсіп түрі. Мысалы, жөндеуге тиіс ғимараттың әу бастағы негізін сақтау үшін оған өз заманына қажет зат­тың бәрі сай болып тұруы керек. Біреуі бар, біреуі жоқ болмай солардың бәрі жасалып, табылғанда ғана ол мәдениет ескерткіші ойдағыдай болып шықпақ әрі елге сенімді көрін­бек. Ха­лық өнеріндегі үндестіктің, яғни олар­дағы өзара байланыс, үйлесімнің не екенін, өзінің балалық шақтан бергі тынымсыз ізденісінің ақыры қай жерге қажет болғанын ол міне, енді анық ұққандай еді.

Осы арада: “Сонда бұл жігітіміз халық қолөнерінің бүгінгі таңдағы жұмысын жандандыруда, оны жалғас­тыруда нендей істерді игеріп, қандай жетістіктерге қол жеткізген?” деген сұрақтың келері анық. Оған жауап дайын.

Дәркенбай Шоқпарұлы суретшілі­гімен қоса ағаш, металл, тері, былғары, сүйек, мүйіз сияқты материалдардан түрлі өнер туындыларын жасауды меңгерген жан. Ол сол арқылы ертедегі халық шеберлерінің дәстүрін ұқыпты­лық­пен жалғастырып келеді. Жас жігіт бұл бағытта табыссыз емес. Оған оның 1975–1981 жылдар аралығындағы “Балуан”, “Қымыз сервизі”, “Айтыс”, “Асан қайғы” және күміспен қапталған “Белбеу” атты заттары республикалық, одақтық көрмелер мен Болгария, Румы­ния, Венгрия, Индия, Бирма сияқты елдердегі халықаралық байқауларға қойылғанын айтуға болады. Бұл бір. Екінші…

Дәркенбайдың халық мұрасын қастерлеу жөніндегі атқарып жүрген жұмысы оның реставраторлық еңбегі­нен анық байқалады. Реставрация біздің топырағымызда жаңадан өркен жайған өнер десек, республикамызда оның көме­гін күтіп тұрған мәдениет ескерт­кіштері тіптен көп. Сондықтан да Дәр­кенбай бас суретші болып қызмет еткен “Казмузреставрация” шеберханасы 1981–1984 жылдардағы тырнақалды тәжірибесін халқымыздың сәулет өне­рін­дегі ең сүбелі ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи ғимаратын қайтадан қалпына келтіру жұмыстарына арнады. Сол кездері оның көкейінен ғасырлар сыйлаған сымбатты дүниеге “сия” тамызып алмасақ жарағаны-ау деген күдіктің күнбе-күн шықпағаны рас. Геометриялық жоспар бойынша әрбір залға қойылатын экспонаттар түпнұсқасындағы дәлдікпен қалпына келтірілді. Бұл жерде көпті көрген көнекөз ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңестері де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс байыппен жасалды. Сонан бергі аралықта Талдықорған облысының Жаркент қаласындағы “Уәлібай мешіті” өлкетану музейіне айналды. Сарқант­тағы Черкасск бекінісінің тарихи мемо­риалдық музейі, көне Тараздың тарихи ескерткіштері, Жамбыл қаласындағы Қарахан мавзолейі, Алматыдағы “Қы­зыл таң” сауда орталығының кешені бүгінгі күні халық игілігіне айналып, келушілердің көңілінен шығып жатса, Дәркенбай бастаған реставраторлардың жеміссіз жұмыс істемегендігі.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің рес­тавраторлық өнердегі тағы бір елеулі еңбегі оның өз шәкірттерімен бірге халқымыздың 20-ға жуық көне музыкалық аспаптарын қайтадан қалпына келтіріп, жасап шығаруы.

– Алматыда халық аспаптар музейі ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ, – дейді Дәркенбай. – Біздің шебер­хананың мамандары осы музейді жабдықтау жұмысына белсене атсалы­сып, біраз шаруа тындырған секілді. Атап айтқанда, осы өнер отауына қажет ағаш үйдің іші-сыртын безендіру, халық арасынан жиналған аспаптарды оңдап, көнелерін жаңартып жасау, кезінде кең тарап, бүгінде ұмыт бола бастағандарын зерттеп, қалпына келтіру шараларымен шұғылдандық. Мұнда кейбір көне аспап­тарды жаңғыртып жасауда қажетті әдебиеттер мен этнографиялық фотома­териалдар, деректі документтер аздығы, кейбір туындылардың жасалу техноло­гиясы туралы мәліметтің жоқтығы, аспаптарды әзірлейтін шикізат тапшы­лығы көп қиындықтар туғызды. Десек те, М.Күлменов, М.Сыпатаев, Қ.Егіз­баев сияқты жігіттеріміз осы қиын жұмыста ерекше еңбек сіңіріп, үлкен табандылық көрсетті.

– Сонда сіздер қалпына келтірілген музыкалық аспаптар нендей негізге сүйеніп жасалынады және оның жаңа түрлері қандай?

– Оған алғашқы кезекте мыналарды, яғни сақпан, адырна, шың, кепшік, дұды­ға және шартылдауықты айтуға болады,– дейді Дәркенбай. – Бұлар қандай негізге сүйеніп жасалады дегенге адырна аспабының өмірге келуін мысалға келтірсек те жеткілікті. Ағашқа ішек тағып, садақ тәрізді иілген бұл құралға этнограф С.Қасимановтың “Қазақ халқының қолөнері” деген кіта­бында: “Керуіш – музыка аспабы, ол садаққа ұқсайды, астында жастық ағашы бар. Оның ішегі кәдімгі шуда жіп бол­ған. Керуішті адырна деп атаған. “Әке­сіне баласы керуіш үйретіпті” деген сөз содан қалған” деп анықтама берілген. Бұл жайында Қазақ Кеңес Энцикло­педиясының бірінші томында да қызық деректер бар. Оны ел ішінде “Бұғы сыбызғысы”, “Бұғы шақырғыш” деп те атапты. Осындай анықтамалармен таныса келе біз әлгілерден мынадай ой түйдік. Ол – мұның қазіргі арфа тектес музыка аспабының көне түрі екендігі. Өйткені, әл-Фараби еңбектеріне жүгін­сек, онда ұлы ғұлама барлық ішекті аспап­тардың шығу тегі садақ адыр­насына байланысты деп топшылайды. “Музыка туралы трактат” атты еңбе­гінде данышпан философ түркі тілдес тайпалар арасында кезінде жеті ішекті арфа болғанын, кейіннен сол ішектер саны он үшке жеткенін жазады. Ал зерт­теуші Т.С.Вызгонның “Орта Азия­ның музыка аспаптары” деген кітабында да аталмыш дүние туралы құнды деректер тағы бар. Бұл бағытта осетин халқының Санкт-Петербургтегі этно­гра­фия музейінде сақталған аспаптары да бізге көп ой салды. Міне, жоғарыдағы еңбектермен танысып, олардағы мәлі­меттерді мұқият жинап, салыстырудың нәтижесінде ұлттық музыкамыздың көне түрі адырнаны өмірге қайта әкелдік.

Дәркенбайдың әңгімесін тыңдап отырғанда, оның сақпан, шартылдауық сияқты аспап түрлерін қалай қалпына келтіргені де ойға оралады. Кішкентай кезінде бұлардың ауылындағы Алдам­бер­ді деген халық шебері оларға арнап зырылдауық, зымырауық, ортеке, сақ­пан сияқты ойыншықтар жасап береді екен. Дәркенбай 1986 жылы Венгрияға барған сапарында Будапешт этнография музейінен өзіне бала кезден жақсы таныс сондай бір “ойыншықты” кездес­тіреді. Сөйтсе біздегі сақпанға ұқсас ол зат мадьярларда музыкалық аспап ретінде қолданылады екен. Шебер осы бағытта ізденіп жүргенінде 1987 жылы Краков қаласында басылып шыққан “Поляк халық музыка аспаптары” атты кітаптан біздің сақпанымызға ұқсаған тағы бір аспаптың фотосуретін көреді. Бұларды ой елегінен өткізгенде сақпан­ның музыкалық аспапқа жататынына күмән келтіруге болмайтын еді. Дәркен­байдың эксперимент түрінде әзірленген осы дүниесін “Сазген” ансамблінің әншісі М.Ысқақова қазір ұтымды пайдаланып жүр.

– Шартылдауық сияқты музыкалық аспапты да жасауымыз қызық,– дейді шебер сөз арасында. – О, баста мал соңында жүрген бақташы кең даланы жаңғыртып ән салғанда тізгін-шылбыр­ды немесе белдікті қос қабаттап ұстап, ән ырғағына сай шартылдата дыбыс шығарып отырыпты. Ол үшін қайысты қабаттай ұстаған қолдарының арақа­шық­тығын үнемі өзгертіп отырған. Көнекөз қария Ерғожаев Ахметтің айтуына қарағанда, мұндай дүниені оған бала кезінде бабасы Абайылда жасап берген екен. Бұл жерде: “Белдік пен тізгін-шылбыр қалайша музыка аспабы бола алады?” деген сұрақтың тууы мүмкін. Оған біз мына бір тұжыры­мымыз бен пікірімізді алға тартпақшы­мыз. Мысалы, орыс халқының фольк­лорлық ансамбльдеріндегі частушка орындаушылар ағаш қасықтарды кеңі­нен қолданатынын әркім біледі. Ал өзбектің нақша деп аталатын халық мақамымен ән айтушылары дыбыстың жан-жаққа шашырап кетпеуі үшін фарфор тарелкаларын пайдаланады. Шартылдауық сол сияқты халқымыз­дың өзінің қолынан жасап алған кәдуілгі қарапайым музыка аспабы.

Дәркенбайдың халық музыка аспап­тарын өмірге әкелудегі жұмыс әдісін талғам таразысына салғанда одан біз мынадай ой түйеріміз анық. Ол шебер­дің ел арасындағы қолөнерге қатысты нәрселердің бәріне мән бергіштігі, көнекөз қариялардан солардың бәрін жинап-теріп жүретіндігі. Сосын оларды тек жинап қана қоймай, реті келгенде әлгілерден ой өрбітіп, бұрынғы дәстүр­лер сілемін бүгінгі күннің талабына сай үйлесімділікпен үндестіретіндігі. Оған оның кезінде халық арасында кең тараған, кейін ұмыт болып, бұл күндері өзінің заңды орнын тауып, ортамызға қосылған “Ортекенің” қайта тууын айтсақ та жеткілікті.

– “Ортеке” – бар тұлғасы он бөл­шек­тен құралып, әр бөлшегі бір-біріне жіп арқылы түйіндеп жалғастырылған таутеке бейнесіндегі ағаш қуыршақ. Оны қимылға келтіретін ағаш тақтаға бекітілген қамыстың өзегіне кигізілген ағаш таяқша. Сол жіңішке таяқшаның төменгі басына жіп байлап, жіптің екінші ұшын қамыс буынының орта тұсындағы ойықтан өткізіп алып, оң қолдың саусағына іліп домбыра тартқан­да, жіп қамыстың ішіндегі өзек таяқшаны қозғайды. Жіңішке таяқша “Ортекені” бірде жоғары көтеріп бірде төмен түсіріп қимылға келтіреді. “Ортеке қозғалған сайын оның аяқтары астындағы тақтайға (оны “майдан” деп атайды) тиіп, көрерменге күй ырғағымен тақтайды теуіп, билеп тұрғандай әсер қалдырады. “Ортекені” бала күнімізде дом­бырашы атамыздан көріп қызық­тағанбыз. Осыған ұқсас тағы бір ойын­шық туралы деректі 68 жастағы еңбек ардагері, қарт журналист Мұстафа Ысмағұловтан да алдық. Ол кісінің айтуы бойынша, Исатай батырдың ағайыны Қараұлы Боғда деген күйші қолынан әр түрлі өнер тамған кісі болып­ты. Үйіне Исатай қонақ болып келгенде, Боғда қатқан тулақтың үстіне ағаштан жасалған сегіз лақты күй ырғағымен билетіп, Исатай батырдың көңілін көтерген екен.

Боғданың сол күйі “Сегіз лақ” деген атпен халыққа тараған. “Сегіз лақ” күйі домбырашы Мұрат Өскенбаевтың орындауында күйтабаққа жазылған.

Көргендеріміз бен естігендерімізге сүйсіне отырып, халқымыздың дәстүрлі мәдениетінің үлгілерін жаңа заманға сай жалғастыру мақсатымен “Ортеке­нің” бірнеше нұсқасын жасап шықтық. Олар республикалық халық музыка аспаптары музейінің қорында сақтаулы. Осы музейдің жанындағы “Сазген атты фольклорлық-этнографиялық ансам­бльдің күйшісі Талас Әсемқұловтың орындауында қалың жұртшылық пен шет елдерден келген қонақтар “Ортеке” биін тамашалап та жүр.

“Ортекені” зерттей келе түйгеніміз: халық арасында ерте кездерде-ақ қазіргі “қуыршақ театрының” алғашқы нұсқа­сы болғандығы еді. Мұқият зерттеп, іздесе оның әлі де талай түрін табуға болады деп ойлаймыз.

…Біз Дәркенбаймен әр уақытта кездесіп, әңгімелесіп жүреміз. Сондай бір сәттерде шебердің өз кәсібі жайын­дағы ішкі ой иірімдеріне үңілуге де талпынған жайымыз бар. Халық қолөнері, оны мұрат тұтқан шеберлер дәстүрі, өнердің келешегі мен бүгінгі сабақтастығы жайындағы оның өмірден түйген тұжырымы біздің байқауы­мызша былай екен.

Қолөнері – ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық твор­чес­твосының сарқылмас қайнар көзі, халық мәдениетінің айнасы. Ол – талай дәуірлер кезеңінен өтіп, түрленіп, жаңа­рып келіп, атадан балаға қалған мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер.

Кейіпкеріміздің айтуынша, әр шебер­дің өзі сүйетін материалы, оны өң­деуде меңгерген өз тәсілі болады. Қазақ шеберлері көп қолданатын шикізаттарға ағаш, металл, былғары, тарамыс, қайыс, жүн, ши, қамыс, киіз, тас, сүйек, мүйіз жатады екен. Ал осы материалдарды өңдеп, әр түрлі бұйым­дар жасау үшін олар қолданатын тәсіл­дер: ою, қашау, құю, шеку, нақыш салу, өрнектеу, бояу, бұрау, ширату, кесу, тесу, илеу, өру, тоқу, иіру, бедерлеу, тігу, сыру, шабу, қақтау, ыстау, лажылау, дәнекерлеу және құрсаулау болып кете береді.

Қолөнері… Адам баласының әсем­дікке, нәзіктікке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеудің, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын танытады ол. Бұл арқылы біз үлкен рухани эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне қанат қағады екенбіз.

Дәркенбайдың түсінігінде ол міне осындай. Шебер өзінің творчествосында бұл ұғымды кешегі мен бүгінгі дәс­түрлерді мұқият жалғастырумен үндес­ті­ріп келеді.

 

1981 жыл.

 

авторлық анықтама

Оқырмандарды Дәркенбай Шоқпарұлының бұдан кейінгі өмірінен қысқаша хабардар етер болсақ былай. Кейіпкеріміз 1982 жыл Қазақстан Ленин комсо­молы сыйлығының лауреаты болды. 1985 жылы ол студенттер мен жастардың Мәскеуде өткен Бүкілдүниежүзілік ХІІ фестиваліне қатысты. Шебер 1986–1995 жылдар аралығында “Казреставрация” мекемесі мен республика Мәдениет министрлігінде бас сарапшы және Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде жетекші жұмыста бола жүріп, творчестводан қол үзбей: “Ер-тұрман”, “Ою-өрнектер түрі” секілді әрқайсысы оншақты түрлі заттан тұратын кешенді туындыларды өмірге әкелді. Оның сондай-ақ, республикалық “Білім және еңбек”, “Арай” журналдары мен “Ұлан” газетінде тәуелсіз жас Қазақ елінің жеткіншектері үшін “Мирас”, “Зергер”, “Мұра” атты айдарлар ашып, құдіретті халық қолөнерінің қыр-сырлары туралы 150-ге жуық танымдық мақала жазатыны да міне, осы кез. Мұнымен қатар кейіпкеріміздің қаладағы үйсіз-күйсіз жүрген талантты қазақ жастарының басып біріктіріп, Алматының іргесіндегі Көкшоқыдан “Шеберлер ауылын” ұйымдастыруға мұрындық болған еңбегін де ерекше атап айтуымыз керек. Ал одан бергі кезеңде, яғни 1996–2005 жылдар аралығында Дәркен­бай Шоқпарұлы панасыз балалар үйлеріндегі өнерге бейімі бар оншақты жет­кіншекті өз қамқорлығына алып, олар үшін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши ауылынан “Шеберлер мектебін” ашты. Осы уақыт ара­лығында ол еліміз баспаларынан “Өрім”, “Халқымыздың теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы” атты кітаптарын шығарып, Т.Жүр­генов атындағы Өнер академиясындағы оқытушылық жұмысын жалғас­тыруға да уақыт таба білді.

…2006 жылдың көктемі еді. Мерейтойлық күнтізбеден Дәркенбай ұстаның 25 мамыр күні 60 жасқа толатынын оқып білген біз атақты шеберді “Егемен Қазақстанда” жақсылап көрсетіп беру үшін журналист Қорғанбек Аманжолдың мақаласын ерте бастан әзірлеп қойғанымыз бар. Бірақ… иә, бірақ мерейтойға үш күн уақыт қалғанда хас таланттың қайтыс болғанын естідік. Тағдырға не шара… Әрі-бері ақылдасқан біз редакциядағы бұдан бір ай бұрын дайындалып қойылған даталық мақаланы газетте сол күйінде жариялаған жөн дестік. Тек материалдың шекесіне әуел баста қойылған “Есімі елге елеулі” деген айдарды “Тағзым” деп өзгертуге тура келгені қандай өкінішті болды десеңізші!..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *