НАУРЫЗКӨЖЕҢДІ САҒЫНАМЫН-АУ

Өткен жылдың қоңыр күзі мен биылғы жыл­дың қаңтар айы менің жүрегіме ауыр салмақ салып кетті.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Мен анамның орнына ана бола білген үлкен әпкем Мақыпты жоғалтсам,  ата-анамның қарашаңырағының кілтін ұстаған әкемдей  қам­қорлап, өсіріп жеткізген жездем Кәкімжан ағатайым­нан  айырылдым. Әке мен ана бауырынан ерте қалған мен үшін бұл екеуінің орны бөлек еді. Жылда Наурыз мерекесі келгенде   көңіліміздің көк дөненін ерттеп  алып, ауылға қарай ұшатын едік. Іле өзенінен өте бере әпкем тұратын Аққұ­дық   ауылы  жақтан  мұрныма сүрі еттің иісі мен бауырсақ  пісірген  майдың иісі келетіндей сезімде болатын едім. Көліктен түсіп үйге кіргенде әпкем­нің дастарханға барын салып, шәйін отқа қыз­дырып қойып бізді күтіп  сағат санап отыра­тын­дығына  куә болатын едік. Әпкем құшағына қы­сып, маңдайымнан сүйген кезде  бойымдағы  бар қиыншылығым төгіліп түскендей, ерке бір сезімге бөленетін едім. «Әке-шешем қартайған шағында сені туып беріп кеткен-ай» деп құшыр­лана бауы­рыңа басатынсың.  Жасыма қарамай  немерлерің­мен таласа-тармаса қойныңа тығылып, омырауыңа басымды тығып, тәтті ұйқыға кететін едім.

Ал таң атпай шаңырағында Наурыз думаны басталатын. Ең алдымен, үлкен ұлың Керімбек  пен келінің Гүлнар, одан кейін Бексұлтаның мен Ботаң,  қарашаңырағыңның иесі Жандос пен Гүлжанатың, Дулатың мен Арайың,  Русланың мен Айнұрың, Рауаның мен Динараң, одан кейін қыздарың  Гүлзағира, Бұлбұл, Бақытгүл, Айға­ным, Сара  мен күйеубалаларың  Медет, Әліби, Бейбіт,  Еділбай, Бауыржан, немере-шөберелерің келіп сізді Наурыз мерекеңізбен құттықтап сыйлық­пен көмкеріп тастайын. Ашық түсті жақсы көретінсіз. Қызыл көйлек әкелгендерге деген ризашылығыңызды айрықша жеткізетінсіз. Әрқайсына рахметіңді айтып, дастархан басына шақыратынсыз.   Ес білгелі сіз жасаған наурыз­кө­женің дәмі ешкімнің көжесіне ұқсамайтын айрықша  болатын. Тіпті, қалай үш-төрт кесе ішіп жіберетінімізді білмей де қалатынбыз. Ал менің сыбағам бөлектеу. Сіңірі көп жілік, сирақ пен қатпар қарын, тақия қарын мен тоқішек жеке табаққа салынып менің алдыма қойылады. Бұл табаққа менен басқа ешкім қол сала алмайды. Бауырсағыңның  дәмі де, түрі де  ерекше еді. Аздап  малдың тоң май қосылып пісірілетін  бауырса­ғыңды әлі күнге дейін  басқа үйден жеп көрген емеспін. Наурызкөже жасаған сайын сіз  марқұм анамыз Сайыпжамалды еске алып, «шешем марқұм  алдын-ала  құртын езіп, бидайы мен тарысын, арпасын ақтап, сүрісін ұннан шығарып наурыз­көже пісіруге бір аптадай дайындалатын еді. «Жарықтығым» деп кәдімгідей көзіңізге жас ала­тынсыз. Іштей  әпкемнің анама деген сағынышына  қызғана  қарасам да, сексенге келсе де анасын жоқтап жылайтыны несі деп ойлайтынмын.

Ал биыл сіздің сол  әдетіңіз маған ауысты. Өзіңіз кеткен алты айда сізді бір  күн бір сәт есім­нен шығарған емеспін.  Даусың, айтқан әр сөзің құлағымда сақталып қалғандай. Телефо­ным дыз ете қалса сіз шығар деп елеңдеймін.  Әзілқой едің. Сіздің маған айтқан бір жапырақ етпен, бір жарты бөтелке  арақ туралы әзіліңізді  әріптес­терім Ермек аға мен Нұрлан інім  жиі естеріне түсіріп, бір күліп алады. Ауылға танымал қолөнер шебері де өзің болатынсың. Өткен жылы қызымның ұзату тойына арнайы тігіп берген төр көрпелерің қызым мен күйеубаламның төріне көрік беріп  төсеулі жатыр.  Суырып салатын өнерің де жоқ емес еді.  1998 жылы біздің «Алма­ты ақшамы» газетінің  ұжымына да дастархан жайып, анаңнан үйренген наурызкөжеңнің дәмін татқызып,  наурыз мере­кесінің  құрметті қонағы болғаныңыз есімде. Сонда  ауылдың алты ауызын айтып,  газетіміздің  сол уақыттағы жауапты хат­шысы Жексен Алпарте­гімен айтысып, ақындық өнеріңмен де  танылға­ныңды ұмытқан жоқпын. Жексен аға  көрген сайын, «ақын әпкеңнің қалы қалай?» деп сұрай­тын. Наурыз  да келді. Биылғы Наурыз айының қа­сиетті Ережеп айымен  қатар келуін жұрт­шы­лық жақсы ырымға балап жүр. Жақсылық болсын.

Өмір­дегі жақсылықтарды алдымен Алланың нығметі, содан кейін   Президентіміздің арқасы деп отыру­шы едіңіз. Көңіліме біртүрлі қимастық сезім орнықты. Мен мына өмірді сендерсіз елесете алмайтыным сияқты,  халықта өз болашағын отыз жыл бойы ел тұтқасын ұстаған Елбасынсыз елестете алмайтын сияқты… Бірақ өмір заңына бағынбасқа пенденің амалы бар ма, мен де биыл өзіңсіз Наурызды қарсы алғалы отырмын. Сіз үйреткен мәзір бойынша  тоғыз түрлі дәм салып наурызкөже, өзіңнің рухыңа  арнап жеті шелпек пісірдім. Қызыма ұнады. Мақып тәтем мен Гүлнар тәтемнен  үйренгенім ғой, ерең сен де осылай нау­рызкөже пісіресің дедім, қызыма өңешіме тығылған өксігімді  білдіргім келмеген қалыпта. Пісірген жеті шелпегімнің сауабы рухыңа тие берсін, жан әпке. Ал мен болсам, дәл қазір сенің наурызкөжең мен қаймақтап сүт қатқан күрең қызыл шәйіңді сағынып отырмын.  Сағыныш дегеннің сондай дерт­ті сезім екенін енді сезініп келемін. Сағынға­ным-ай, әпкетай. Ақ жаулы­ғың­ның  ұшы жел­біреп, бір жарқ етіп көрінсең ғой, әттең…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *