НАУРЫЗДЫ НЕ АЙШЫҚТАЙДЫ?

Наурыз мейрамы – Жыл бастауы мерекесі. Ұлық мереке дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс салтында бағзыдан қалыптасқан. Наурыз мерекесі Алматыда тұңғыш рет 1988 жылы аталып өтті. Кең ауқымда тойланған мереке сол жылы қыркүйек айына дейін созылды. Міне, содан бері Ұлыстың ұлы күні қаламызда ерекше сән-салтанатпен тойланып келеді. Десек те, көпшілігіміздің мереке жайында түсінігіміз келтелеу екені жасырын емес. Арамызда әлі де болса бұл мерекені салт-дәстүрді сахналайтын мәдени шара деп қана түсінетіндер бар. Тіпті, кейбіріміз үшін бұл мереке шапан,  камзол киюмен ғана шектелетін секілді. Ал Сіздің ойыңызша, аталмыш мереке несімен құнды? Жалпы, Наурызды айшықтайтын қандай ерекшелікті атап өтер едіңіз?

Гүлназ ҚҰРАНБЕК, №36 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

Мереке – наурызкӨжеден басталады

Наурыз мерекесі елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың атап өтетін ортақ мерекесіне айналғалы қашан?! Бұл айда күн мен түн, қараңғы мен жарық теңеледі. Жер-Ана бусанып, табиғат-ана құлпыра түседі. Бойыңнан жаңа серпін, жаңа лепті сезесің. Ал ауасын жұтып, жерін басып жүрген Алматының ажары Наурыз мерекесінде тіпті ерекшеленіп кететіні бар. Наурыз мерекесі – көптен көрмеген ағайын­ның көрісіп, ренжіскен адамдардың татуластыратын мейірім мен шапағаттың мерекесі. Меніңше, Наурыз мейрамын айшықтайтын басты белгі, ол – тілеу көже, яғни  наурызкөже. Яғни мереке – наурыз­көжеден басталады. Қай жерде болмасын, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның ағарған­ға аузымыз тиді деп наурызкөже беретін күнді жарыса белгілеп жатуы соның дәлелі емес пе?

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, «Қазақтелеком» АҚ қызметкері:

Наурыз – ұлттық киімімен ерекше

Наурыз мерекесінің басты ерекшелік­терінің бірі – ұлттық киім. Жасыратыны жоқ, наурыздың 15-інен әрі қарай бір-бірімізден шапан сұрап, қазақша ұлттық киім іздеп сарылатынымыз бар. Өз басым, шапанды бір-ақ күн киетін болған соң сатып алуды құп көрмеймін. Әйтпесе, базарда толып тұр ғой. Менің ойымша, сол әбден жаттанды болып кеткен камзол мен шапанның орнына әркім өз қалауымен заманауи үлгіде түрі қазақы оюлармен көмкерілген киім тіктіріп кисе деймін. Және оны бір-ақ күн емес, күнделікті жұмыста да киіп жүруді әдетке айнал­дырса, мұны мен ұлттық дәстүрге деген құрмет деп бағалар едім. Уақыт өте келе бұл үрдіс сәнге айналуы да бек мүмкін ғой. Егер ұлттық киімге сұраныс артса, елімізде тұралап қалған жеңіл өнеркәсіптің дамуы­на жол ашылар еді. Мен үшін Наурыз мерекесі ұлттың тұтас болмысын айшық­тай­тын ұлттық киімімен ерекше.

 

Сыпайы ЖОЛСЕЙІТОВА, зейнеткер-ұстаз:

Отбасынан бастау алуы тиіс

Наурыз мейрамында әр шаңырақтың дастарханы жайнап, қазаны қайнап жатса, қандай ғанибет?! Заманы өзгерді ма, әлде адамы ма, кейінгі кездері дастарханында төгіліп жататын бауырсақты сатып ала салатын қыз-келіншектерді көп байқап жүрмін. Арнайы тапсырысқа дәндеп алған келіндер «дайын асқа тік қасық болуға» құмар. Ондай тағамда қандай береке болсын? Өз үйіңде, өз қазаныңда исін бұрқыратып пісірген бауырсаққа жетпейді-ау сол. Бала естігенін айтады, көргенін істейді. Әсіресе, қыз баланы асханаға жақын ұстайтын анасы ғой. Бала үйде қандай тәрбие алса, кейін соны қайталай­тынына еш күмәніңіз болмасын. Сондық­тан мереке айшықтары отбасынан бастау алуы тиіс.

 

Маржан ШӨКЕТАЕВА, кәсіпкер:

Тазалық шараларын Өткізуден басталса…

Жалпы, наурыз айы Алғыс айту күні­мен басталып, аналар мерекесіне ұласатын, Көрісу амалымен жалғасып, Жыл басы – Наурызымен ерекшеленетін мерекелер айы. Демек, бұл мейрам қоғам үшін, саяси тұрақ­тылықты, достық пен келісімді нығай­тудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің өзегіне айналған ұлттық мереке деп айтуға болады. Сондықтан мереке қарсаңында өткізіліп жатқан шараларда ұлттық құндылықтардың танымдық және мазмұндық жағына көбірек мән берілсе деймін. Одан бөлек, Наурыз – тазалық айы. Бұл ай барлық жерлерде жалпыхалықтың сенбіліктер ұйымдастырып, жаппай таза­лық шараларын өткізуімен де ерекшеленсе керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» деген үрдіспен айналамызға ағаш отырғызу бүгінде дәстүрге айналды. Күні кеше ғана «Ақшамның» алғашқы бетіндегі жария­ланған мақалада өткен жылы 15 түрлі көшет отырғызылса, биыл олардың саны 30-ға артқанын білдік. Қаламыздың жасыл желекке оранып, жайқалған гүлдермен көмкерілгені әрбір алматылық үшін зор қуаныш екені сөзсіз.

 

Сымбат ИМАНБЕК, көпбалалы ана:

Кез-келген мерекенің Өзіндік тарихы бар

Біз отбасымызбен мереке күні міндетті түрде алаңға барамыз. Балаларым дәстүрі­нен алыстамаса екен, салтынан жаңыл­маса екен дейміз. Мектепте де үйреніп жатыр ғой, десек те, әкесі екеуміз қатар жүріп, әрбір сахналанған көрініс жайында оларға түсіндіріп отырсақ, бала зердесіне тез түйіп алады. Әйтсе де, менің бір ұсынысым бар: Кез-келген мереке өзіндік тарихымен ерекше. Сол сияқты, Наурыз мерекесі де Қыдыр атасыз өтпейтіні белгілі. Әдетте, біз Қыдыр бабаны көпшіліктің алдына шыға­рып, тілек айтқызып, бата бергізуімен шектелеміз. Кішкентай балаларға ол қызық емес. Сол себепті Қыдыр ата бүлдіршін­дерге сыйлықтар үлестіретін болса, мере­кенің мәні мен сәні арта түсер еді? Сонда балалар Жаңа жылда Аяз атаны қалай күтсе, Наурызды да солай асыға күтетін болар еді…

 

Тоқсанбай ата, зейнеткер:

Киіз үйсіз мерекенің сәні бар ма?

Наурыз – салтыңды сақтап, дәстүріңді дәріптей түсетін, ұлттық сипаты бар ерекше мереке.  Сосын бұл мейрамды тек ас ішіп, аяқ босататын мереке деп түсінбеу керек. Көпшілігіміз Наурыздың мән-мағынасын, мазмұнын жете түсіне бермейміз. Кейінгі жастар алаңға шығып, ары-бері сандалып жүріп келгеніне мәз. Мені қынжылтатыны да осы. Сосын бұл күнді, 22 наурызды айтам, ертеректе киіз үйдің саңылауынан үйге түскен алғашқы сәулелі тозаңды көріп, қазақ «үйге үт кірді» деп айтқан. Ол «үйге – құт кірді» деген сөз. Бұл шаңырағымда береке, молшылық болады, бірлік пен татулық салтанат құрады деген мағынаны білдіреді. Сол себепті, Наурызды Жыл басы деп есептеген. Мереке – тағамымен бере­келі, ұлттық киімімен мерекелі екенінде ешкімнің таласы жоқ. Десек те, киіз үйсіз мерекенің сәні кіре қоймайды-ау…

 

Наурыз мейрамын айшықтайтын басты белгі, ол – тілеу көже.

Наурыз мерекесі ұлттың тұтас болмысын айшықтайтын ұлттық киімімен ерекше.

Өз үйіңде, өз қазаныңда исін бұрқыратып пісірген бауырсаққа жетпейді-ау сол.

Наурыз – тазалық айы. Бұл ай барлық жерлерде жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырып, жаппай тазалық шараларын өткізуімен де ерекшеленсе керек.

Біз Қыдыр бабаны көпшіліктің алдына шығарып, тілек айтқызып, бата бергізумен шектелеміз. Кішкентай балаларға ол қызық емес.

Ертеректе киіз үйдің саңылауынан үйге түскен алғашқы сәулелі тозаңды көріп, қазақ «үйге үт кірді» деп айтқан.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *