НАУРЫЗБАЙДАҒЫ РУХАНИ ҚАУЫШУ

«Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ                                                                                                                                

Не нәрсенің болсын қадір-қасиеті  ел ішіне барғанда, жұртпен қауышқанда жақсырақ білінетіндігіне күні кеше ғана Наурызбай ауданындағы  Гүлбағда Есейханова басқаратын №176  мектеп-гимназия шаңырағында   өткен «Алматы Ақшамы» газетінің  аудан тұрғындарымен және қаламыздың ұстаздар қауымымен жүздесу барысында көз жеткізгендей болдық. Кездесуге жиналған аудан тұрғындары мен  ұлттық құндылықтарымыздың тамыршысы, еліміздің ертеңі жас ұрпақтарымыздың тәрбиешілері, тұлға қалыптастырудағы көреген көзді бағдаршамы мұғалімдеріміздің газетімізге, онда жараияланатын рухани қазынамызға деген шынайы ықыластарын көргенде, төбеміз көкке жеткендей болды.  Ал бұл кездесуге Алматы ұстаздарының анасы атанып кеткен, Аягүл Төреқызы Миразова сынды Алтын жұлдызды, ақ тілеулі апамыздың қатысуы   тіптен мерейімізді арттырды.  Газетіміздің 30  жылдығы  аясында ұйымдастырылған   оқырмандармен жүздесу кеші мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Айшагүл Ыбырайымова,  Ғалия Сәрсенбаева, Мөлдір Есенәлиева және орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мүұғалімдері  Ақмарал Бәкенованың   жетекшілігімен ұйымдастырылған әдеби-поэзиялық қойылыммен басталды. Қойылымда оқушылар газеттің 30 жылдық тарихын  баяндап,  Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы  алға қойып отырған рухани және ұлттық құндылықтарды қадірлеуді жүрекжарды жыр жолдарымен жеткізді. Кездесу шымылдығын ашқан Гүлбаршын  Сармалаеваның би тобы орындаған «Қазақ» биі де жұртшылықтың рухын бір көтеріп тастады.  Жұрттың жүрек түкпіріндегі ұлттық рухты көтерген кештің тізгігін  бұдан соң газетттің Бас редакторы, БАҚ саласы бойынша Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай алды. Бас редактор  газеттің 30 жылдығы  мерекесінің осындай жүздесуге дәнекер ғана екендігін, ал бүгінгі кездесудің ұлы қызметші – Аягүл Миразова бастаған қала ұстаздарының  құрметіне арналып отырғандығын жеткізді.Иә айтса айтқандай-ақ, мұғалім деген озық ойдың адамдары. Ұлттық құндылықтарымыздың қадірлеушісі. Қазіргі кезде мұғалім араласпайтын қоғамдық іс-шаралар кемде-кем. Бүгінде Алматы қаласында отыз мыңға жуық педагог маман қызмет етеді екен. Осы отыз мың мұғалімнің «Алматы ақшамы» газетінің белсенді оқырмандары ғана емес, ең жақын жанашыры екендігін атап өткен орынды.Бас редактор газет – бұл ұлттық мінез, ұлттық намысты қалыптастыратын, тарихи сананы, зердені толықтыратын бірден-бір қуатты құрал екендігін айта келіп, осындай рухани қауышулар газеттің осындай қасиетті міндетін одан әрі зерделей түсуге жол ашатындығын айырықша атап өтіп, ұстаздарға қашан да төрде орын, қоғамда үлкен құрмет барын жеткізді. Бұдан  кейін сөз алған, «Алматы ақшамының» ширек ғасырдан бергі тұрақты оқырманы әрі авторы Аягүл Төреқызының, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәркеновтің газет атына айтылған шынайы пікірлері мен ықыластары газет ұжымының абыройын асқақтатты. Аудан ақсақалы Мәдениет ағамыздың да газет туралы  шынайы пікірі, «Ақшам» газетіне ғашықпын   деп ерекше сүйіспеншілік­пен  жеткізген ықыласы журналистеріміздің еңбегінің еш кетпегендігінің дәлелі болды. Оқырмандарына ой салған жүздесуде  Аягүл апай әр ұстаздың  ғана емес, Алматыны жақсы көретін, осы қаланың тұрғынымын дейтін әр қазақтың шаңырағында мың бояулы Алматы қаласының рухани шамшырағы «Алматы ақшамы» газетінің болуы міндетті десе,  Мәдениет Кәркенов ақсақал 160 мың халқы бар Наурызбай ауданы тұрғындарын  аудан ашылған күннен бастап, ауданның жақсылықтарының жаршысы болып жүрген «Алматы ақшамына» жазылуға үндеді. Газет ұжымы осы кеште Алматы ұстаздарының  тәлімгері бола білген Аягүл Төреқызын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап,   иығына шапан жауып, гүл шоғын ұсынды. Ұлт рухы тербелген бұл кешті аудан ардагерлерінен құрылған  «Арай»  ансамблі  ажарландыра түсті. Әсіресе, «Арай» ансамблінің орындауындағы  «Мәңгілік ел» композициясы рухани кешке жиналғандардың рухын бір көтеріп тастады. Кештің тағы бір тағылымды тұсы – редакцияның мектеп кітапханасына 100 кітап табыстауы болды. Қадірлі оқыр­ман «Алматы ақшамы» газеті жаңа жылда да өздеріңіздің  рухани  серікктеріңіз болсын. Дәл қазір газетімізге келесі 2019  жүріп жатқандығын,  белсенді жазылушыларымызға тағайындаған арнайы сыйлықтары­мыз барын тағы да естеріңізге сала кеткіміз келеді. Ұтсаңыз да, ұтпасаңыз да ұтылмайсыз, «Ақшамға» жазылыңыз ағайын!

ҚАДЫР МЕН ТҰМАНБАЙ ТҰРҒАН АУДАН БҰЛ

Мәдениет КӘРКЕНОВ, аудандық  ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Бұл ауданда еліміздің талай зиялы адамдары, еліне еңбек сіңірген ерлері тұрады. Адам жасы ұлғайған сайын төңірегіне сын көзбен қарай бастайды екен. Сол сын көзіммен қарасам,  қазақтың  қара өлеңі мен қара сөзінің шешені бола білген Қадыр Мырз Әлідей  қазақтың ақыны  әр жүректе  жыры жатталып қалған Тұманбайдай  ақын тұрған, батыр баба атындағы Наурызбай ауданы тұрғындарының газет, кітап оқымауы мүмкін емес. Олай болса,  жаңа жылдан бастап «Алматы ақшамы» біздің асыға күтіп жүретін, сүйсіне оқитын басылымымыз болатынды­ғына сенемін. Қали ініміз бастап келген газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

«АҚШАМ» ГАЗЕТІ БІЗДІҢ БАСТЫ КӨРНЕКІ ҚҰРАЛЫМЫЗ

Ғалия СӘРСЕНБАЕВА,  №176 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Елбасы өзінің Жолдауында мәртебемізді бір көтеріп тастап еді, сіздер  Жолдаудаға қолдау білдіріп, сол мәртебемізді одан сайын арттыра түстіңіздер. Дәл осындай мұғалімдерге арналған кездесуді бірінші болып  ұйымдастырып отырған  «Алматы ақшамы» газеті екендігін айырықша атап өтіп, қала ұстаздары атынан алғыс айтамын. Бас редактор айтып кеткендей, мұғалімдер «Ақшамды» жыл сайын  жаздырып алады. Өткен жылы 30 мұғалім  жазылса, биыл да «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдығына 30 газет» акциясына өз үлесімізді қосамыз дегім келеді. «Алматы ақшамы» газеті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  сабақ барысында ең жиі  пайдаланатын көрнекті құралы екендігін де айтқым келеді. Газет жан-жақтылығымен ұнайды. Ақшамды жаздырып алған оқырман басқа басылымдарды көп іздей қоймайды, неге десеңіз, бұл басылымнан іздегеніңіздің барлығын табуға болады әрі мұғалімдер еңбегіне құрметпен қарайтын басылым. Бүгінгі кездесу соның жарқын мысалы болып отыр.

ОТЫЗ ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАЗДЫРЫП ОҚИМЫН

Шағала ИМАШЕВА, зейнеткер-педагог, Білім беру ісінің үздігі, аудандық Ардагерлері ұйымы жанындағы  «Арай» ансамблінің мүшесі:

– «Алматы ақшамы» газетінің тағдырымен Алматы қаласындағы қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің тағдыры ұқсас деуге болады.   Тоқсаныншы жылдардың басында қалада қазақ тілі үшін, қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу үшін зиялы қауым үлкен еңбек сіңірді. Тіпті, қайсарлықпен күресті десек те артық болмас.  Міне, сол кезде зиялылардың өткір пікірін халыққа жеткізіп, қолдау көрсеткен «Алматы ақшамы» газеті болды. Кеңестік жүйенің кейбір пиғылынан арыла  алмай жүрген  сын кезеңде газет ұлттық мүдденің қорғаушысы бола білді. Мен де сол кезде қаламыздағы бала бақшаларда  қызмет атқардым.  Ал қазір зейнеттемін. Уақыт зымырап өте шығады екен. Бүгін сіздер  «Алматы ақшамы» газетінің ашылғанына 30 жыл толды дегенде менің де осы газеттің оқырманы болғаныма отыз жыл болғанына қуандым. Газет маған қатты ұнайды. Кезінде өзім бала тәрбиесі. тәрбиешілердің жұмысына байланысты, балабақша мен мектептер мен ата-аналар арасындағы байланыстар туралы газет тілшілері өткізген дөңгелек үстелдерге  қатысып, талай рет қазақ балабақшаларына қатысты өзекті мәселелер  жайында газет тілшілеріне сұхбат бергенімді мақтан тұтамын. Олардың барлығының қиындысы өзімде сақтаулы.   Ал қазір зейнеттемін.  Ардагерлер ансамблінің мүшесімін. Отыз жылдықтарыңыз құтты болсын! Мен биыл да  газетке жазылып,  түбіртегін ұтыс ойынына қатысу үшін, редакцияға жөнелтіп қойдым. Өздеріңіз айтқандай, ұтсам да,  ұтпасам да ұтылмаймын.  Өйткені, ең басты ұтысым –  «Алматы ақшамы» газеті  жанымда болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *