«НАУРЫЗБАЙ БАТЫР» ҮШ ТОМДЫҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

25Қазақ елінің тарихында Наурызбай батырдың орны бөлек. Батырдың дара тұлғасы ғасырлар бойы небір шығармаларға арқау болып келе жатыр. Осы орайда, жуырда Алматы қаласындағы «Мирас» баспасынан «Наурызбай батыр» атты үш томдық еңбек жарық көрді.

«Осы бір айтулы еңбек баспаға қалай дайын­далды? Кімдер атсалыс­ты?» деген орынды сұрақ туатыны анық. Аталған үш томдықтың редакциясын басқарған экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев жаңа жинақтың шығуы туралы ойларымен бөлісті.

24– Наурызбай батырды зерттеу, ол туралы ма­териал­дарды жинақтау бойынша өзім біраз жыл­дардан бері қарай іздену жұмыстарын жүргізіп келе жатырмын. Ол туралы Тәуелсіздік жылдарында келелі істер атқарылды. Соның жемісі бүгін көзге көрініп тұр. Өйткені, роман жазылды. Өлеңдер мен поэмалар дүниеге келді. Жалпы, оншақты ғылыми-теориялық конференция өтті. Қытайға, Ресейге арнайы хаттар жолданды, экспедициялар жіберілді. Соның нәтижесінде қомақты материалдар жинақталды. Оның бәрі қазақтың белгілі ғалымдарына, тарихшыларына, жазушыларына бөлініп берілген еді. Кейін оның бәрі жеке-жеке кітаптарға арқау болды. 2014 жылы 6 шілде күні сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бір үлкен жиында Елбасына Алматы қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен жаңадан ашылған ауданға Наурызбай батыр есімі берілгенін мәлімдеді. Бұл еліміз үшін үлкен жаңалық болды. Әсіресе, Наурызбай батырды зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар, тарихшылар, ақындар мен жазушылар осы жаңалықты зор қуанышпен қабыл алды.

19Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің маңыздылығы айтылғаны белгілі. Тәуелсіз ел болып құрылғанға дейінгі ата-бабаларымыздың күрес жолы, мемлекет құрудағы, осы жерді қорғап қалудағы ерен ерліктері ешқашанда ұмытылмайтыны сөзсіз. Соған орай биыл ел билеген хандарымызды, халықты дұрыс жолға бағыттап отырған билерімізді, ел қорғап, ту ұстаған, жауға қарсы соғыста жанын пида еткен батырларымызды еске алып, есімдерін ұлықтап жатырмыз. Еліміздің барлық өңірлерінде де мәдени іс-шаралар кең көлемде өтіп жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында және Алматы қалалық Наурызбай батыр ауданының құрылғанына бір жыл толуына орай толымды дүниенің басын құрастырып шығару туралы бір ой келді. Барлық материалдарды жинақтап, зерделеп, ең құндыларын іріктеп, үш томдық еңбек жасап, баспадан жарыққа шығару ісіне кіріскен едім. Наурызбай батыр ауданының әкімі Қуаныш Қашқынбаевпен сөйлесіп, пікір алмастым. Аудан әкімшілігі ойымды құптады. Міне, осындай атқарылған жұмыстардың нәти­жесінде «Наурызбай батыр» атты үш томдық еңбек жарыққа шығып отыр, – деді Серікбай Нұрғисаев.

Енді әрбір томға жеке-жеке тоқталайық. Үш томдықтың бірі – «Шапырашты Наурызбай батыр» атты тарихи-деректі роман, авторы – жазушы-зерттеуші Бақтияр Әбілдаұлы. Бұл туындыда Наурызбай батырдың жоңғарларға қарсы күресте танылған бірегей тұлғасы шынайы суреттелген. Ел қорғаған ұлы тұлғаның өмірі мен ерлік жолын зерттеуде автор ел аузындағы аңыз-әңгімелерді, дастандарды мұрағат деректерімен орайластыра білген. Роман 423 беттен, 27 баспа табақтан тұрады.

Келесі бір томдыққа ақын, Мемлекеттік сыйлықтың,  Халықаралық Жамбыл және Мұқағали атындағы сыйлықтардың лауреаты Несіпбек Айтұлының «Шапы­рашты Наурызбай» атты поэмасы енген. Бұл туынды ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, фило­логия ғылым­дарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасовтың алғысөзімен жарияланып отыр.

Сондай-ақ, суретшілер Мұхтар Егізековтің, Бекежан Мамажановтың, Нұржан Қарымсақовтың, Дәурен Қастеевтің, Бақытхан Мырзахметовтің, Валерий Крестниковтың, Марат Бейсембаевтың, Мейіржан Нұрғожиннің майлы бояумен салған тарихи тақырыптағы картиналары осы жинақтан орын алған. Наурызбай батырдың ескерткіші мен Дегерес жерінде бой көтерген кесенесін, оның орналасқан аймағын бейнелеген фотосуреттер де берілген. Осы тұлғаға арналған ән мен музыкалық туынды ноталарымен қоса жарияланған. Осы томның екінші бөлігінде аталған поэма және Н.Айтұлының шығармашылығы туралы ғалымдар Бақтыбай Қасымбеков, Серікбай Нұрғисаев және Дархан Қыдырәлі, журналист Жақыпжан Нұрғожаев, ақын Ахмет Кендірбекұлы, жазушы Несіп Жүнісбайұлы айтқан ой-пікірлер топтамасы оқырман назарына ұсынылған.

Несіпбек Айтұлы осы поэмасында қазақта ел қорғаған батырлар көп болғанын, соларды жырға қосуға бекінгенін айта келіп, поэманы:

«Батырлар толарсақтан қан кешіпті

Кешегі Абылайдың заманында», – деген ойлармен бастайды. Туындыда жауды тізе бүктірген Наурызбай батырдың ерліктері баяндалады. Бұл поэма қазіргі Қазақ елінің көк туында сол батырлар жүрегінің лүпілі бар деген ойлармен түйінделе келіп:

 

Халықтың ұмытылмас қан кешкені,

Намыстың Наурызбайдай наркескені.

Дәстүрін жалғастырып бабалардың,

Ұрпақтың ел қорғайды арда өскені.

 

Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы,

Қоздайды, көне тарих шоқтанады.

Жатқаны Дегересте – әншейін сөз,

Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!..,

 

– деген асқақ рухты жолдармен аяқталады.

Аталған топтаманың үшінші кітабында Наурызбай батырға арналып өткен ғылыми-практикалық конфе­ренцияның материалдары іріктеліп берілген. Соның ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушылар Смағұл Елубай, Уәлихан Қалижанов, Нағашыбек Қапалбекұлы, Жабал Ерғалиев, Жолдасбай Тұрлыбаев жазған Наурызбай батыр туралы мақалалар топтас­тырылған. Сонымен бірге белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Ғари­фолла Есім, Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев, Арықбай Ағыбаев, Зуфар Сейітжанов, Сағат­бек Медеу­бекұлы, Серікбай Нұрғи­саевтар өз еңбек­терінде батыр­дың өмір сүрген ортасы, тарихи кезең жайлы толығырақ тоқталған. Бұл кітап тарих­шылар мен жас зерттеушілер үшін құнды еңбек болып табылатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, осы жинаққа ақындар Бауыржан Жақып пен Ақан Әбдуәлиев­тің Наурызбай ба­тырға арнаған жыр­лары еніп отыр.

«Наурызбай ба­тыр» үш томдығын оқырмандар қолына жеткізіп, осы істің нәтижелі аяқталуына жетекші болған Серікбай Нұрғисаев: «Біздің мақсат – Наурызбай батырдың өмірі мен ерлік жолдарын халыққа тереңірек таныстыру және насихаттау. Тарихшылар, ақын-жазушылар білгенмен, жалпы халықтың да жан-жақты білгені дұрыс қой. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де батыр туралы мол мағлұмат алуы тиіс. Мектеп оқушылары біліп өскені жөн.  Өйткені, Наурызбай батыр – бір өңірдің не бір рудың адамы емес, барша қазақ халқына ортақ тұлға. Сонау елдің басына қиын күндер туған заманда, Абылай хан және Төле би сияқты тұлғаларымыздың жанынан табылған батыр. Тарихта ту ұстаған үш батырдың – Қабанбай, Бөгенбай және Наурызбайдың есімдері ерекше аталады. Бүгінгі таңда Наурызбай батыр ауданының тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары «Біз – Наурызбай батыр ауданының тұрғындарымыз!» деп жүректеріне қуаныш сезімі ұялайды. Олар батырды үлгі тұтып, сол ауданның дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдіміз.

Осы үш томдықты шығаруға көп адамдар атсалыс­қанын ерекше атап өткім келеді. Осы істі қолға алған кезімде Балғабек Қыдырбекұлы, Аубай ағамыз рухани демеу болды, сонымен қатар ылғи жанымнан табылып, қолдау көрсеткен Қуаныш Жүйріктаев ағамыз бар. Кейін редактор болып жұмыс істеген Сәуле Табылдиева, белгілі қаламгерлер Бақтияр Әбілда, Жанат Ахмади және басқа да көптеген азаматтар еңбек сіңірді. Шет елдегі елшіліктегі азаматтар да, біздің дипломатар да қолұшын созды. Сондықтан осы бір іргелі істің жүзеге асуына қолдау білдірген, еселі үлес қосқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деп сөзін түйіндеді.

 Айбатыр САМИҒОЛЛАҰЛЫ,

Астана.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *