Наурызбай ауданында 10 индустриалды аймақ құрылады

Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай бос тұрған өндірістік базалардың орындарында бизнесті ашу алаңдары ұйымдастырылатынын және Наурызбай ауданының 245 көшесіне жарық берілетінін хабарлады.

Қала әкімдігімен бірлесе отырып, индустриалды парктер ашуға болатын өндірістік базалар зерттелді. Ауданда осындай 10 орын бар екен. Бұларда бизнес жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалып, лизинг шарты бойынша жабдықтар алынбақшы және кәсіпкерлерге қолжетімді несиелер берілмекші.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы іске асады. Бизнес ашу ісінде қала шетіндегілерге 2%-дық мөлшермен, ал орталықта тұратындарға 7%-бен несие бөлінеді.

– Біздің ауданымыз жаңа әрі бизнес үшін болашағы зор. Аудан өркен жаюда, сондықтан бір қадам жақын сервистік қызметтер, шаштараздар, магазиндер, емханалар және басқа объектілер қажет. Кіші индустриалды аймақтарда жаңа өндіріс орындары ашылады, – деді С. Тоғай.

Оның келтірген мәліметі бойынша биылғы жылдың 7 айы ішінде негізгі капиталдың инвестициясы 27,5 млрд. теңгені құрады. Тоқыма фабрикасын салу – ірі инвестициялық жобалардың бірі. Ол биылғы жылдың соңына қарай іске қосылады. Жобаны жүзеге асыруға 750 млн. теңге жұмсалған.

Жалпы, ауданда шағын және орта бизнестің 2 мыңға жуық субъектілері тіркелген және 4,5 мың жаңа жұмыс орындары құрылған.

Ал көшелерге жарық беру жұмысы келер жылға жоспарланған.

Қаланың Полиция департаментімен бірге жарықты бірінші кезекте қажет ететін барынша криминогенді учаскелер анықталды. Биылғы жылы Қалқаман елді мекенінің 23 көшесі жарықтандырылады. Келер жылы Наурызбай ауданының 245 көшесіне жарық жүргізілмекші.

– Аудан құрылған кезден бастап ұзындығы 72 шақырым болатын 49 көшеге жарық жүргізілді. Жалпы, аудан бойынша көшелердің небәрі 28 пайызы ғана жарықтандырылған, әрине, бұл жеткіліксіз. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес келер жылы ауданның барлық көшелерін жарықтандыруды жоспарладық», – деді С. Тоғай.

Бұлардан өзге, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға орай ауданда сегіз криминогенді учаске анықталды, бұларда полицияның стационарлы және мобильді пункттері жұмыс жасайды.

– Келер жылы «Қалқаман» ықшамауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында үй салынып, оның бір жартысына полицияның учаскелік пункті орналасса, екінші жартысында учаскелік полиция қызметкері отбасымен тұратын болады, – деп атап өтті Наурызбай ауданының әкімі.

Дәл осы брифингте Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай 10 елді-мекеннің ЖСҚ жасалғанын, ал төртеуінің мемсараптамасының дайын екенін айтты. Алдағы екі жыл ішінде «Таужолы», «Құрамыс», «Жайлы» ықшамаудандары сумен қамту желісіне қосылады. «Ақжар» елді-мекені бойынша конкурстық процедуралар жасалуда.

С.Тоғай ұзақ жылдар бойына сусыз болған тұрғын­дардың сабыр сақтауын өтінді. Қала әкімінің тапсыр­масына сай жұмыстар қолға алынған. Су және кәріз желілері тартылған соң жолдар жөнделмекші.

Жалпы, аудан тұрғындарының тең жартысы немесе 70 мыңға жуық адам, әсіресе, жаз айларында судың тапшылығынан зардап шегуде.

Наурызбай ауданының әкімі жыл аяғына дейін иесіз коммуналдық желілердің қала балансына өтетінін хабарлады. Қазіргі кезде 362 трансформатор қондыр­ғыларын, 80 шақырым кәріз желілерін, 36 су құбырлары скважиналарын коммуналдық меншікке беру мәселесі қарастырылуда.

– Су желілерін жөндеу жұмыстарына өздері қаржы жинап, тұрғындар шығынға батуда. Мысалы, транс­форматорлардың 70%-ы тозған. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл аяғына дейін мәселені шешуді тапсырды, біз бұл бағытта жұмыстар жүргізудеміз. Тұрғындар қосымша шығындардан арылып, коммуналдық қызметтерді жалпықалалық тарифтер бойынша төлейтін болады, – деп атап өтті С.Тоғай.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *