Наурыз тазалықтан басталады

Орталық Мемлекеттік Архив қызметкерлері қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық Мемлекеттік Архив» РММ-де тазалық сенбілігі өтті. Ауқымды шараға ұжым қызмет­керлері бірі қалмай жұмыла атсалысты. Таңертең басталған игі іске бастаған мекеме қызметкер­лері шырайлы қаламыздың тазалығы мен көркін келтіруге бір адамдай қатысты. Архив ауласына  жеміс ағаштары көшеттерін отырғызып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.

– Ұлы Наурыз мейрамы алдында ауладағы өсіп тұрған ағаштар мен гүлзарлар, бақтар мен саябақтарда жасыл желектерді күтіп ұстау біздің ұжым үшін аса маңызды. Біздің  мекеменің барлық бөлімдерінің қызметкерлері айналаны тазалап, ретке  келтіру – әрбір адамның боры­шы, сондық­тан біз мұндай шараны жыл бойына тұрақты өткізуді дәстүрге айналдырып отырмыз, – деп атап өтті мекеме директоры  Арнұр Қарымсақов.

«Ақшам-ақпарат».

 

Табиғи жаңару өзегі

Қазақ халқының әлеуметтік-мәдени өмірінде ерекше орын алар наурыз – жаратылыстың қазақ халқына берген сыйы, табиғи көркем мереке. Олай дейтініміздің себебі, қазақ даласының тіршілігі жаңарып, қазақ елінің мәдени жаңғыруы осы қасиетті мерекеде орын алады.Наурыз мерекесінің маңызы сонда, ол ерте кездегі халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпының беделін көтеруге ықпал етіп, халықтың дүниетанымын байытып, жас ұрпаққа рухани мұраны жеткізуге себепші болуында.

Наурыз  мерекесі  елімізде 1991 жылдың 15 нау­­рызында Президент қаулысының негізін­де мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы «Наурыз мерекесі – табиғат оянатын кез» деп атап өткендей, жақсылықтың мерекесі атанған наурызды ел болып ерекше көңіл-күймен қарсы алатынымыз анық. Осынау ұлық мерекеде адам болмысындағы қадір-қасиеттер, нақтылай айтқанда, ізгілік, адалдық, тазалық сияқты кісі бойындағы періштелік мінез-құлықтар ардақ­талып, қазақтың  ұлы әлемі нұрланатын кез.

Ұлыстың ұлы күнінің ұлылығы мен қасиет­тілігі сонда, ертеде ата-бабаларымыз Наурыз айында жасалған қылмыс пен әдепсіздік жай уақыттағыдан өте ауыр деп есептеліп, аса қатаң шара қолданылатын болған. Халық арасында «Наурыз» таза үйге кірсе, үй ішіне ауру-сырқау, бәле-жала жоламайды» деген сенім бар.

Қазіргі уақытта да мерекеге дайындықты айтарлықтай жоғары деңгейде өткізіп, қоғамдық мән берген абзал.  Осыған орай, еліміздегі әскери мекемелер де ұлттық мерекені  жыл сайын атап өтуде қалыс қалмайды. Ұлыстың ұлы күнін Шымкент қалалық 35/748 әскери бөлімі де айрықша құрметпен қарсы алып, киіз үйлер жасақтап, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері ұлттық тағамдардан дастархан жайып, ұлттық ойындардан сайыс ұйымдас­тырды.

Ұлттың рухани өмір ерекшелігінің көрінісі Наурыз мерекесі қазақ халқының әрбір отбасына құт-береке ала келсін дегім келеді.

Ғазиза ОРАЛОВА,

35/748 әскери бөлімі, сержант.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *