Наурыз – парсыша емес, көне түркі сөзі

 

– Тілеуберді Әбенайұлы, Сіз «Наурыз және Ай мен амал» шығармаңызда қазақтың тұрмысына әбден сіңісті болып кеткен   Наурыз мерекесіне қатысты «Ұлыс күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Самарқанның көк тасы жібіген күн», «Көп көже» деген атаулар    қойыпсыз. Енді  осы туралы  кеңі­нен атап өтсеңіз?

– Жалпы,  Наурыз  атауының  шығу  төркіні  бар  қазаққа  танымал  деп ойлай­мын.  Бұл  аттардың  бәрі елдің осы мерекеге деген сүйіспеншілігін білдірсе, енді бір жағынан үшбу мерекенің ел ішіне қанша­лықты тамыр тартқандығын көрсетеді. Бұл күні тұтас ұлыс – бүкіл мемлекет, қақаннан (ханнан) қараға дейін шат көңіл-күйде болған. Ауқатты отбасылар қазанға арнайы сақтаған «сарқытын» салса, кедей-кепшіктер кебеже түбінде қалған «қатты-тәттісін» шығарып, қазан көтерген. Наурыз мәзірі  шартты түрде келіге түйілген бидай көже бастаған «жеті дәмнен»  тұрған. Одан көп болса болады, аз болмауы тиіс болған. Сондай-ақ, мұнда «сыбаға», «мүше» басты орын атқармаған. Әркім барын асқан. Наурыз көже – «Көп көже» деп те аталған. Ал «жеті» – байырғы тіліміздегі жетті, жеткілікті болды деген семантикалық мағы­надан  шыққан. Сондықтан бірқы­дыру ырым мен нанымдарда жеті санының өзіндік орны бар.

– Наурызды  тойлаудағы  басты ұста­ным қандай?

– Ұлыс күні барша жұрт ұғымында  «ұлыс қыдырады» деген  түсінік  болған. Сондықтан халық  осы ұғым жетегінде ауыл-аймақты аралап айтшылайтын болған. Барған үйге, кезіккен адамға   сөзін «Ұлыс оң болсын» деп тілек айтудан  бастаған.  Дастархан басына тізе бүккен  үлкендердің  әуелгі сөзі: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», «айдан аман, жылдан есен қылсын» деген тілектерден тұрған. Мұндай тіркестер дастарқанға жасалған баталарда да қайталанатын  болған.

Мереке қарсаңында ырым-жоралғылар да  жасалатын болған. Іс жүзінде, ауылдың не айтулы ру  басының үлкен үйлері бірдің айы туар қарсаңында сыйлы, үлкен кісі­лерді шақырып «тілеу көже» беретін болған. «Бірдің айы – сүрдің айы» деген мақал-мәтел осыған орайласып шығарылған  сыңайлы. Жағдайы бар, малды-дәнді шаңырақтар ақсақалдарды «түстікке шақыратын» болған. Онда кеңес, түрлі әңгімелер айтылған. Ұлағат тыңдау үшін құймақұлақ жастар да дастарқан  басына  шақырылатын  болған.

«Тілеу көжені» неліктен жасайтынын үлкендер мынадай аңызбен түсіндіреді. Топан су қайтып, Нұх пайғамбарымыздың кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған соң, ол қоныс шалып алыс жолға аттанған деседі. Ол Алтай тауына дейін келіп, болашақ елін сонда жайлатпаққа қарар қылады. Нұх  пайғамбарымыз  қайта оралғанша жаңа ай туып, ел тілеу жасайды. Ал оның балалары әкесін тосып кешеуілдеп қалады. Сонда Нұх пайғамбар: «Апыр-ау, жат қауымның тілегі қабыл болып кететін болды ғой, алда­ғы айды көре сала сендер де тілеу жасаң­дар» депті. Сондағы екі ай – бірдің айы мен көкек екен. Нұхтың жасатқан тілеуі «көп көже  – «Наурыз» екен. Содан бастап бұл күн «Ұлыстың  ұлы  күніне» – ұлы мерекеге айналыпты. Ауыл ақсақал­дарының нау­рыздан бір ай бұрын бірдің айында «көже тілеу» жасайтыны, тілек тілеу жоралғысы екен.

– Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ақ күндікті анамыз, қормалымыз – әз-Наурыз  екені  анық.   «Наурызда» елге ұйыт­қы болған қормал ана – «бәйбіше»  атауын  қалай  ұғуға  болады?

– Бұл  ұғым үлкен әйел дегенді  білдірмейді. Ол – әулеттегі барша ұрпақтың анасы, елдің құты деген мағынаны білдіреді. Қазақи таным бойынша  қыз балаға – «Ырыс», «Ырысты», «Ырсалды» (ырыс алды) деп ат қою белгілі бір  ырымға  сәйкес болған  деседі.

Наурызды барынша  сән-салтанатымен тойлайтындар түгелдей түркі әлемі екен. Оның үстіне солардың барлығы наурызды өз тілдерінің дыбыстық ыңғайына келтіріп бір тұтас (наурыз, новруз, норұз) атайды екен. Енді оны тойлайтын ұлттарға келсек: Біріншіден, олар түгелдей түріктің тілімен мәдениетінің ықпалына ұшыраған ұлттар (парсылар да өткен ғасырдың 20-жылда­рына дейін Осман түріктерінің билігінде болған). Екіншіден, ондай ұлттар көп емес. Егер наурызды мұсылман   жұртына ортақ мейрам десек, онда ол  қисынға келмейді. Араб дүниесі бұл мерекені тойламайды. Ал басқа діндегі, бірақ бұрын түрік ұлттарымен тығыз қарым-қатынаста болған кейбір ұлттар ертеректе көкек (наурыз) айы қарсаңында кейбір ырым-жоралғыларды жасау, оны атап өтуге  бейімдік  танытқан.

Наурыз мерекесін тойлайтындар және оны «наурыз» деп атайтындар түріктер мен оларға тығыз байланысты болған елдер. Сондай-ақ, көктем маусымы (көктемгі егіс) – көкек айында басталатын елдер. Демек, наурыз жыл мезгілімен (қыстан шығумен)  тығыз байланысты мейрам. Басқаша айтқанда, бұл мереке  – ұлыс халқының қыстан аман-есен шыққандығына шүкір­шілік етуі мен алдағы тіршіліктері үшін мол ырыс тілеуінен келіп шыққан.  Мәселе,  «наурыз»  атауының қалай қалыптасқа­нында. Мамандар бұл – парсының «нау» – жаңа, «рыз» – күн деген сөздерінің бірі­гуінен келіп шыққан дейді.  Осы көзқарас тұрақты тұжырымға айналып  кеткен.  Түрік мәдениеті мен тілінің қарашаңырағы болған қазақта – наурызды ай бойы атап өтіп, апта бойы тойлайтын, ол туралы неше түрлі атаулар қалыптасып, аңыздар шыққан. «Наурыз» сөзінің морфологиялық құрылысы да қазақы ұғымды растай түседі.

«Нау» – ұлы, үлкен, ауқымды, зор көлем­ді сынды мағынаға ие байырғы қазақи, яғни таза түркі сөзі. Қазақтың сөздік қорында одан туындаған бірталай сөздер бар. Алайық: науқан – көлемді қимыл, әлеуметтік сипатқа ие құбылыс, қоғамдық беталыс. Науа – малға жем салып, су құйып беретін немесе ащы (тұз) төгіп беретін астауша, үлкен ыдыс.

Жалпы,  Наурыз – ұлы ырыс, ұлы несібе, ұлы құт-береке сияқты мағына­ларды береді. Осының өзінен-ақ ұлыс мере­кесі, ұлыс байлығы сынды ұлы ұғымның анықтамасы шығып тұр. Қазақ түсінігінде мереке – ел-жұртты береке-бірлікке баули­тын қимыл. Ол ұлыстың ұйтқысы­ның, құт-берекесінің бірі. Наурыздың – ұлыс күні, ұлыстың ұлы күні аталуы да содан.

Сайып келгенде, қазақ елдемесі (этно­графиясы) тарихы өте тереңде жатқан мәдени құбылыс. Ондағы ерекше жауһар­ларды «анадан алған», «мынадан келген» дей салу нағыз қиянат. Оның әрбір бөлше­гінің өзі кез-келген басқа елдің тұтас тари­хы­нан да байырғы болуы мүмкін. Соның ішінде «Қазақ күнтізбесі» де дара бітісті дүние. Ол бір жағынан ұлт тарихының айнасы, ұлт болмысының құтымы (симво­лы). Өйткені, ол – халқымыздың өмір тәжірибесінің, тұрмыс шындығының тіке туындысы. Басқа ешбір халықтың мұндай күнтізбе жасауы мүмкін емес. Себебі, олар­дың жасаған ортасында ондай ауқымды климаттық құбылыс жоқ. Болмаған нәрсені ойдан жасау, жоқтан барды жарату адамзатқа берілмеген ерекшелік. Сондық­тан осынау ұлы асылымыздың қадірін әлі де жетілдіре түскеніміз абзал. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы салтанатты сөзінде Наурыздың ұлтымыздың ең негізгі мерекесі екенін  айтқан  болатын. Содан  бері  елімізде  Наурыз  тойы  кеңінен тойланып  келеді.  Оның  әлеу­меттік  маңызы да артып  отыр.   Сондықтан  Нау­рыз мерекесіне қатысты шығарма­шылық  дүниемізді   дамыта,  кемелдендіре  беруіміз  керек.  «Наурыз» атауы ешқайдан да келген жоқ,  ол – біздің төлтума  сөзіміз. Ал Наурыз мерекесі атамыз Алаштың  белгілеп беріп кеткен «Ұлыстың ұлы күні». Ол – тұтас мемлекеттік бірлігіміздің  ең ұлық мерекесі.

– Әңгімеңізге  рахмет!

 

 

Әңгімелескен –

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *