Наурыз десе, көңіл шіркін алып ұшқан

Ұлыстың ұлы күніне дайындық ерте басталуы керек

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Қазіргідей маусым тоғысындағы күн райының нешеме құбылуы көңілді шаттыққа бөлейтін көктемнің келіп жеткенінен хабар береді. Биылғы қытымыр қыстан қысылып-қымтырылып шыққан ел «Алдымыз жаз ғой» деп арқа-басты кеңге салар күннің алыс емес екенін көңілге тоқ санайды. Бәрінен де  жердің тоңы кетіп, бусанған далада көк шөп шығып, гүл-бәйшешек бүр жарған, күннің нұры жерге шуағын төккен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жақындап келе жатқанын ойлағанда, көңіл шіркін алабұртып, алдағы күндерден жақсылық күтіп, үкілі үмітін келешекке жалғайды.

Халқымыз жаңа жылдың басы Ұлыс­тың ұлы күніне ерте бастан дайындалған. Қысқы соғымның әбден сүрленген етін осы күні қазанға саламын деп сақтаған. Жас келіндер, бойжеткендер болса кесте, орамал тігіп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темірден сәндік бұйымдарын соққан. Мұның бәрі – күн мен түн теңесетін шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткізер» жоралғы­ларының сый-тартулары. Көктемгі «өліара» өтісімен, ата-бабамыз үй айналасын тазар­тып, қалың қар тегісі сөгілген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен үй  ішін де қағып-сілкіп, отпен аластайды. Ұлыс күні – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенім, көңіл мерекесі. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар реніш-өкпесін ұмытып, кінәсін кешіп, тек жақсы тілектер тілейді. Көңілдің жаңаруы деген осы. Бұл күні наурыз көже­мен қатар, ауыл адамдары мал шалып, қазан көтеретін болған. Әркім-ақ жаңа өмірдің бас­тауындай көрінген Наурыз мерекесіне іштей дайындалып, Ұлыстың ұлы күнін хал-қадерінше қарсы алуға бет бұрады. Қалың қардың көбесі сөгілмеген солтүстік өңірлеріне қарағанда жер ерте көктеп, гүл-бәйшешек бүр жаратын оңтүстік өлкенің жұртшылығы әр жылғы көктемдегі жаңару мен жасаруды ерте бастан өткеретіні де табиғат әсерінен болса керек. Қалада да, ауылда да тұрғындар ау­лаларын тазалап, бақшадағы арық-атыз­дарын қар қалдық­тары мен қоқыс­тардан арылтып, тазалық жұмыстарын қолға алады.  Алматы қаласының көшеле­рінде жол бойындағы арықтарда қардың сіресіп жатқанын байқау қиын емес. Бұл – қыстай жауған қарды арық-атыздарға сырып тастай салудың салдары болса керек. Ауа-райының күрт жылуынан еріген қар сулары арық-атызбен емес көше бойымен ағатынына көзіміз үйреніп кет­кен. Қаладағы көп қабатты үйлер тұрғын­дары арасынан қарт кісілердің қолына күрек, тырма алып, есік алдындағы шағын ғана жерді тазалап, жылдағы дағдыларымен гүл отырғызуға дайындап жатқанын байқай­мыз. Көпті көрген қариялар әр жылғы көктемде келешек ұрпаққа арнап, жас ағаш көшеттері мен гүл түрлерін отырғызуды әдетке айналдырған. Өкінішке орай, ондай әрекеттерді жастар жағы ұмыт қалдырып жатады.

Жыл сайынғы Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласының көше­лерінде Ұлыстың ұлы күні жақындап келе жатқанынан хабар беретін, көздің жауын алатын  көрнекілік жарнамалар ілінеді. Ол көрнекіліктер қала тұрғындары мен қонақтарының Наурыз мерекесіне іштей дайындығы мен жауапкершілік сезімін оятуға оң әсер ететіні белгілі. Дегенмен, көше бойынан орын алатын көрнекіліктер кей жылдары ерте, кей жылдары кештеу ілінетінін де жұртшылық байқап жүр. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің жақындап келе жатқанын әйгілеп тұратын қанатты сөздер мен әсем көріністер қала көшелеріндегі үлкенді-кішілі экрандық жарнамалар мен таблолардан үздіксіз көрсетіліп жатса да оны көрген жанның бұйығып жатқан сезіміне қозғау салары анық. Наурыз айының алғашқы күнінен Ұлыстың ұлы күні мерекесіне дайындықты қолға алу – әрбір жанның негізгі міндеті болуы тиіс.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *