НАТО КІМГЕ ҚАРСЫ ӘСКЕРИ ОДАҚ?

Бұл ұйымда қайшылық пен келіспеушіліктер байқала бастады

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Шынын айтқанда, біздегі жұртшылық НАТО атауын әлі де тітіркеніп, үреймен қабыл­дайды. Бұл сірә, кешегі Кеңес Одағынан қалған саясат пен түсініктің салдары болса керек. Әйтсе де, бүгінгі таңда да НАТО – әлемдегі ең қуатты саяси-әскери одақ.

Жуырда (3-4 желтоқсанда) Британия астанасы Лондонға жақын маңдағы Уотфорд қалашығында НАТО әскери блогының 70 жылдық мерейтойлық саммиті болып өтті. Барып көрген БАҚ өкілдерінің жазуларынша жиынға келген ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының жүздерінен әдеттегідей көтеріңкі мерекелік көңіл-күйден гөрі әлде­қан­дай абыржу мен алаңдаушылық байқалған. Бұған блок мүшелерінің әсіресе, АҚШ, Фран­ция және Түркия арасында түрлі түсініс­пеушілік пен келіспеушіліктердің себеп болып отырғаны айдан анық.

Мәселен, альянста өзін жетекші санайтын Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп өзі сайланғалы бері әскери одақтың қаржыландыруының жеткіліксіз екенін айтумен келеді. Оның мәліметінше, НАТО бюджетіне алдыңғы қатардағы үш ел: АҚШ – $730,15 млрд., Ұлыбритания – $60,76 млрд., Германия – $54,75 млрд. қаржы құяды. Қалған сома басқалардың үлесіне тиеді. «Бекітілген келісім бойынша ұйымға қатысушы әр мемлекет ЖІӨ-нің 2 пайызын төлеуі тиіс болса, қазіргі кезде бұл талапты тек Польша, Бельгия және Эстония ғана орындап отырған көрінеді. Тіпті, Германияның төлемі ЖІӨ-нің 1,38 пайызын құрайды», – дейді.

Осы сияқты саммиттің алдында Франция президенті Эммануэль Макронның «НАТО дұрыс жұмыс істемей отыр. Оның миы өліп қалған» дегені Ақ үй қожайынынан бастап, блоктағы талайлардың шамына тиді.

Тек бұл жолы ғана емес, Э.Макрон «НАТО-ны реформалау, қайта құру қажет. Бәлкім, бізге Еуроодаққа өз алдымызға бөлек әскери-саяси одақ құру керек шығар» дегенді біраздан бері айтып жүр. Мұнысы сөз жоқ, АҚШ басшылығына ұнамайды. Өйткені, Вашингтон НАТО арқылы Еуропа елдеріне ықпалын жүргізеді. Альянстың қару-жарақ заказын орындаудан елеулі пайда түсіреді.

НАТО-ның Бас хатшысы
Йенс Столтенбергтің пікірінше бұл әскери блок әлі керек.

Бұған қоса, француз басшысы Түркияның одақтастарымен ақылдаспай Сирияның солтүстік-шығысында «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясын жүргізуін, аталған аймақ­ты американ әскерлерінің тастап шығып, «Ислам мемлекеті» террористік ұйы­мына қарсы күресте көмегі тиген күрдтердің халықтық қорғаныс отрядын қорғансыз қалдырып кеткенін батыл айыптайды.

Өз кезегінде Түркияның НАТО-лық одақтастарына Сирия мәселесінде қолдау көрсетпей отырғанына айтар өкпе-назы, наразылығы жеткілікті. Көпшілікке мәлім, көршілес ел болғандықтан ол Сириядағы соғыстың кесірінен 3,6 млн. босқынды пана­латып және күрд жасақтарының шекаралық аудандарда жиі арандатушылық әрекеттері мен шабуылдарына ұшырап, едәуір зиян-залал шегуде.

Өзіне тиісті қолдау таппағандықтан, Анкара НАТО басшылығы ұсынған Польша мен Балтық жағалауы елдерін Ресейдің қатерінен қорғау туралы жоспарды мақұл­дамаған.

Батыс елдерінің саясатында үлкен рөл атқаратын Британияның Еуроодақтан шығатыны да альянстың ынтымақтастығына оңай тимейтіні белгілі.

Міне, осындай қайшылықтар мен қиғаштықтар орын алып тұрғанда НАТО-ның мерейтойлық саммитінде мемлекет басшыла­рынан қандай да бір емен-жарқын жүздесу мен көңілді әңгіме, жылы пікіралмасу күту қиын еді.

Ұйымдастырушылар бас қосуды алдын-ала түзілген хаттамаға сәйкес жүргізуге тырысқандарымен бәрібір оның барысында кейбір келеңсіздіктер байқалып отырды.

Мерейтойлық жиынның алғашқы күні қонақтарды Ұлыбритания патшайымы ІІ Ели­завета қабылдап, саммиттің жұмысына табыстар тіледі.

Жиынның салтанатты ашылуы қарса­ңында альянстың Бас хатшысы Йенс Столтен­берг одақтастарды түсіністікпен ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырып: «НАТО – Солтүстік Америка мен Еуропаның 1 млрд. адамның қауіпсіздігі жолында шешім қабылдап, іс-қимыл жасайтын бірден-бір платформа. Сондықтан кейбір келіспеушіліктерге қарамастан біз бәріміз үшін – біріміз, біріміз үшін – бәріміз әрекет етуіміз керек», – деді.

АҚШ президенті Д.Трамптың кешігіп келуі жиын салтанатының ашылуын бірер сағатқа кешеуілдетті. Жиналған жұрт оны тықырши күтіп отырды.

Бас қосуда бірінші кезекте НАТО қар­жысының жұмсалуын белгілеу, Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқы­ланды. Сонан соң өткен 22 қарашада қорғаныс министрлер деңгейінде ғарыш кеңістігін әуе шабуылынан және зымыранға қарсы қорғаныс мақсатында байланыс пен бақылау үшін пайдалану жөніндегі шешім бекітілді.

Франция президенті Э.Макрон НАТО-ға ащы сындар айтады.

Жарыссөз кезінде АҚШ пен Франция президенттері: Д.Трамп және Э.Макрон Түр­кия­ның Сириядағы әскери операциясы, альянстың стратегиялық мақсаты, Еуропа елдерінің қаржылық үлестері төңірегінде қызу айтысқа түсті. Трамп әріптесінің: «НАТО-ның басы жұмыс істемейді. Миы өлген», – деп айтқанын әдепсіздік пен дөрекілікке баласа, Макрон: «бүгінгі күні НАТО сияқты саяси-әскери ұйым қажет пе? Баяғы КСРО жоқ. Кім біздің жауымыз, кім досымыз? Біз кімге қарсы күресеміз? Меніңше, блокты қаржыланды­рудан гөрі осындай маңызды мәселелер бар?» деген пікірін бүкпесіз алға тартты. Және де «альянстың мүшесі бола отырып, қалайша Ресейдің С-400 қаруын сатып алады?», – деп Түр­кияны да түйреп өтіп, оның одақтаста­рымен санаспай, әскери операция жүргізгенін де сынға алды.

Блок ішіндегі осындай айтыс-тартыстарға қарағанда базбір тәуелсіз саяси сарапшы­лардың: «НАТО өзінің міндетін атқарып болды. Ол таяу жылдарда тарайды», – деп жүргені қисынды ма деген ой қылаң береді.

Құрметті қонақ ретінде шақырылған Украинаның Сыртқы істер министрі Вадим Пристайко да сөздің реті келгенде: «Бізге қатысты мәселе қаралғанда Путинмен мәмі­леге келу керек дегендей ұсыныс айтылады. Ал шындығында ол тек күштіні ғана мойындайды. Мен мынаны түсінбеймін. Басым бағыт қалай айқындалады? Терроризммен күресу маңызды ма, әлде Ресеймен күресу маңызды ма? Меніңше қазір екеуінің еш айырмашылығы жоқ сияқты» деген пікірін жеткізді.

Белгілі болғанындай, саммиттің аясында Трамп пен Ердоған оңаша кездескен. Бірақ қандай мәселелерді сөз еткені айтылмады. Кімнің ықпалы болса да әйтеуір Е.Ердоған Польша мен Балтық жағалауы елдерін Ресей қатерінен қорғау жоспарына қарсы райынан қайтып, қол қойды. Себебі, НАТО-дағы кез-келген құжат барлық мүшелерінің мақұл­дауын­сыз қабылданбайды.

Әр түрлі көзқарас пен пікірлер қайшылығы болғанымен, жиын қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданды. Альянс үшін ортақ қауіп-қатер ретінде Ресейдің «агрессивтік әрекеттері» мен «халықаралық терроризм» аталды.

Мәлімдемеде: «Біз одақ ретінде барлық стратегиялық бағыттар бойынша түрлі қауіп-қатерлерге тап болып отырмыз. Ресейдің басқыншылық әрекеттері еуро-атлантикалық аймаққа қатер төндіруде; терроризмнің барлық түрлері мен көріністері біз үшін қауіпті. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті бұзып отыр», – делінді. Сондай-ақ, Орта және қысқа қашықтыққа арналған зымырандарды жою жөніндегі келісім-шарттың бұзылу жауап­кершілігі Ресейге жүктелді. Әрі Мәс­кеудің жаңа орта қашықтыққа ұшырылатын зымырандарды жасау бағдарламасына қарсы лайықты амал-әрекеттер жасалынатыны ескертілді.

Десек те, декларацияда Мәскеудің қауіп-қатері, агрессиялық әрекеттері туралы айтыла отырып, құжаттың соңы: «Біз Ресеймен мүмкін болған жағдайда ашық диалогқа және конструктивті қарым-қатынас жасауға әркез дайынбыз», – деген пікірмен түйінделді.

Жиналғандарға НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг 2019 жылы альянс бюджетінің 4,6 пайызға өскенін, 2020 жылы $130 млрд.-қа, ал 2024 жылдың аяғына қарай $400 млрд.-қа көбейетінін мәлімдеді. Бұл сөз жоқ, Ресейдің алаңдаушылығын тудырды.

Сонымен, бұл айтылғандардан туатын қорытынды — Франция президенті Э.Макрон одақтастарына: «НАТО блогы қазіргі таңда қаншалықты керек? Оның басты жауы кім? Біз кімге қарсы күресеміз?» деген тәрізді қисынды сауалдар тастағанымен, АҚШ бастаған Брита­ния мен Германия қостаған билеуші держава­ларға Солтүстік Атлантикалық альянс саяси-әскери мақсат-мүдделер тұрғысынан әлі де қажет болып тұр.

Сөздің орайы келіп тұрғанда НАТО-ның құрылу және даму тарихына қысқаша шолу жасағанды жөн көріп отырмыз.

Әу баста North Atlantіc Treaty Organіzatіon – NATO (Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы) – әскери-саяси блок ретінде АҚШ-тың бастамасымен 1949 жылдың 4 сәуірінде құрылып, оның құрамына: АҚШ, Канада, Исландия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Нидерландия, Люксембург, Норвегия, Дания, Италия және Португалия мемлекеттері енді.

Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ пен Англия сияқты жетекші елдер Кеңес Одағымен бірігіп, фашистік Германияны жеңгенімен, саяси-экономикалық және әлеуметтік құрылымы бөлек, социалистік бағыттағы елді «ең қауіпті жау» деп білді. Оның геосаясаттағы ықпалынан секем алып, қауіптенді.

Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы­ның о бастағы Жарғысында алға қойған мақса­ты: «Солтүстік Атлантикалық аймақта тұрақ­тылықты нығайту және әл-ауқатты көтеру, ұжымдық қорғанысты жақсарту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау» деп жазылғанымен, қауіп-қатер төндіретін басты қарсыласы ретінде КСРО саналды. Сондықтан да НАТО-ның бүкіл саясат-идеологиясы, күш-қуаты Кеңес Одағына қарсы бағытталды.

Әскери одақтың ең алғашқы бас хатшысы Исмэй Гастингс әзілдеп болса да: «НАТО-ны құрғандағы мақсатымыз — орыстарды шекарға жақындатпау, американдықтарды ішімізде ұстау, ал немістерді қоластымызда бақылау», – деген екен.

1952 жылы НАТО құрамына Греция мен Түркия, 1955 жылы Батыс Германия қабыл­данды. Бір қызығы, 1954 жылы КСРО-ның берген өтініші қабылданбай, кері қайтарылды. Осыған байланысты Кеңес Одағы Солтүстік Атлантикалық альянсқа қарсы баламалы әскери қорғаныстық одақ – Албания, Болгария, Венгрия, ГДР, Румыния, КСРО және Чехосло­вакия елдерінің басын қосып,  Варшава келісім-шарты ұйымын құрды.

Бұл ұйымның кіріспеден және 11 баптан тұратын құжатында: «Варшава келісіміне қатысушылар халықаралық қатынастарда күшпен қорқыту және оны қолдану әрекет­терінен бас тартады, ал егер де оның бір мүше­сіне қарулы шабуыл жасалған жағдайда оған жедел түрде қолдан келер барлық жәрде­мін, тіпті қарулы күштер арқылы да көмегін  жасайды», – деп көрсетілді.

1966 жылғы 21 ақпанда Франция НАТО қатарынан шығатынын жария етті. Мұны сол кезде «Правда», «Известиядан» бастап барлық кеңестік басылымдар «НАТО әскери одағы шытынады. Ол әрі қарай құлдырай береді» деп жалаулата жазды.

Францияның прогресшіл президенті Шарль де Голлдің мұндай батыл шешімі туралы саясаттанушылар: «Солтүстік Атлан­тикалық альянстағы АҚШ пен Англияның өктемдігі мен үстемдігіне шыдамағандықтан осындай қадамға барды», – десті.

Ақиқатында Шарль де Голл осының алдында Кеңес Одағында ресми сапармен болып, бұл елдің ядролық қару мен Еуропадан асып, сонау Америкаға дейін соққы бере алатын континентаралық баллистикалық зымы­рандар жасаудағы жетістіктерін өз көзімен көрген еді. Сол себепті де ол «қандай да бір мемлекет әскери одақтың мүшесі болған­дықтан арандатушылықтан туған ядролық соғыстың құрбаны болмауы тиіс» деген ұстанымға көшті.

Дегенмен, Париж НАТО-ның саяси құры­лы­мында қала отырып, 1999 жылы Югосла­вияға жасалған әскери операцияға қатынасты. 2009 жылы мүшелігін қайта қалпына келтірді.

Осы сияқты Греция да 1974 жылы Кипрдегі қақтығысты басуға 40 мыңдық түрік әскерінің апарылғанына наразылық танытып, НАТО құрамынан шыққан болатын. Араға алты жыл салып, 1980 жылы мүшелікке қайтадан өтті. Десек те, қазіргі кезде Кипр аралындағы грек және түрік шекарасының тыныштығын БҰҰ-ның бейбітшілік күштері күзетеді.

1982 жылы НАТО-ға Испания қосылды, 1990 жылы екі Германияның бірігуінен альястың шекарасы ұлғайды.

1991 жылы КСРО құлап, Варшава келісім-шарты ұйымы таратылғаннан кейінгі 1999-2007 ж.ж. аралығында бұрынғы социалистік елдер: Венгрия, Польша, Румыния, Болгария, бөлініп шыққан: Чехия, Словакия, Словения, Хорватия, Черногория, сондай-ақ Балтық жағалауындағы: Латвия, Литва және Эстония да НАТО-ға мүше болып үлгерді. Бұлардың бәрі Ресейдің әскери қатерінен қауіптенетінін аңғартты. Демек, бір кездері Кеңес Одағымен одақтас, ниеттес, бағыттас болған елдердің бірі қалмай Мәскеуден іргелерін аулақ салып, Солтүстік Атлантикалық одақ құрамына өтуі ой саларлық жәйт.

Мұны кейбір ресейлік сарапшылар: «олар осындай қадам-әрекеттерімен өздеріне Батыстың назарын аударып, қаржылай көмек алғылары келеді», – деп түсіндіреді.

Бір айта кетерлігі, АҚШ пен КСРО текетірескен 1947–1991 ж.ж. аралығындағы «қыр­ғиқабақ соғыс» жылдарында НАТО қару­лы күштері сырт жердегі ешқандай әскери операцияларға қатынаспаған. Бұл орайда тек бергі кезеңде: 1991 жылғы Ирак пен Кувейт жеріндегі БҰҰ басшылығымен болған, 1992–1995 ж.ж. Босния мен Герцеговинада, 1999 жылғы Югославияда, 1999–2003 ж.ж. Маке­донияда, 2001–2004 ж.ж. Ауғанстанда, 2003–2011 ж.ж. Иракта және 2005–2011 ж.ж. Суданда жүргізілген әскери операцияларды айтуға болады.

2010 жылы НАТО-ның «Белсенді қатысу, қазіргі қорғаныс» деген стратегиялық тұжы­рымдамасы қабылданып, үш маңызды: ұжымдық қорғаныс, дағдарысты реттеу және ынтымақтастық негізіндегі қауіпсіздік, – деп аталатын міндеті айқындалды.

2015 жылдың ортасынан бастап, альянстың қауіпсіздігіне бұрынғы КСРО басқыншылы­ғының орнына Ресей Федерациясының ықтимал шабуылы туралы айтыла бастады.

2016 жылғы шілдедегі одақтың саммитінде НАТО үшін негізгі қауіп-қатер Ресейден төнетіндігі айтылып, оны тоқтату блоктың басты миссиясы ретінде белгіленді.

Кешегі Лондонда өткен саммитте Ресеймен бірге қарқынды дамып келе жатқан Қытайдың да қауіп төндіруі мүмкін екендігі айтылды. Бірақ бұл жөнінен пікір екіге жарылды. Франция президенті Э.Макрон: «Қытай әскери тұрғыдан алғанда біздің ұжымдық қорғанысы­мыздың нысанасы болмауы тиіс», – деп өзінің айқын көзқарасын аңғартты.

Соған қарамастан мәлімдемеде «Қытайдың сыртқы саясаттағы ықпалының өсуі қауіп төндіруі ықтимал, біз альянс ретінде оған дaйын болуымыз керек» деп көрсетілді.

Бүгінде НАТО құрамына: Албания, АҚШ, Бельгия, Болгария, Эстония, Испания, Нидерландия, Хорватия, Исландия, Италия, Канада, Греция, Литва, Люксембург, Латвия, Норвегия, Польша, Португалия, Франция, Румыния, Германия, Словакия, Словения, Вели­кобритания, Дания, Чехия, Түркия, Венгрия, Черногория кіреді. Бас хатшы Йенс Столтенбергтің айтуына қарағанда, алдағы уақытта Грузия мен Украина қабылданады. Дәл қай уақытта екені беймәлім.

Альянстың бюджеті 918,3 млрд. долларды құрайды. Бұл әлемдік әскери қаржы-қаражаттың 70 пайызы. Салыстыру үшін айтар болсақ: АҚШ-тыкі $ 585 млрд., Қытайдыкі $ 215 млрд., Ресейдікі $ 79 млрд. Әскер саны НАТО-да 1 млн. 750 мың, АҚШ-та 1 млн. 348 мың, Қытайда 2 млн. 35 мың, Ресейде 900 мың.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *