НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН НАРИМАН

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасы ауыр кезеңді бастан кешірді. Сол кезеңде әлеуметтік саланың ауқымды бөлігіне жататын денсаулық сақтау саласының алдында көптеген күрмеулі мәселелер тұрды. Оны шешу ақ халатты абзал жандарға оңайға соқпағаны анық. Десек те, сол кезеңдегі өтпелі қиындықтарға дес бермей, елімізде медицина саласының әлемдік стандарттарға сай жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, халыққа жоғары сапада қызмет көрсету ісінде Елбасы Н.Назарбаев тыңнан жол сала білді. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінді. Кешенді бағдарламалар қабылданып, қомақты қаржы бағытталды. Соның нәтижесінде ірі қалаларымызда, облыс пен аудан орталықтарында заманауи ауруханалар мен емханалар салынды. Түрлі емдеу орталықтары дамыған шет елдерден алынған медицина саласындағы озық технологиялармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Осы сөзіміздің айғағындай, қайбір жылы қасиетті Сыр елінің орталығы Қызыл­орда қаласында емделушілерге жан-жақты дәрігерлік қызмет көрсететін «Урология және андрология орталығы» барын білдім. Бұл мемлекеттің қолдауымен ашылған орталық ерлер денсаулығын сақтауға үлкен мән беретін болып шықты. Ерлердің денсау­лығы болмаса, халық саны қалай артады? Отбасылық қызық қалай болмақшы. Өзек­ті мәселе. Сондықтан белсіздік пен бедеулік дерті асқынып тұрған мына заманда дер кезінде қолға алынған орталық екен дестік. 2014 жылы «Бизнестің Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ашылған бұл денсаулық сақтау нысанын білікті дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Нариман Болтайұлы Табынбаев басқарады екен. Тек облыс тұрғындары ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен осында кеп емделушілер қатары артып келе жатқанын естіп-біліп, Нариманға ерекше риза болған едім. Сол кезде заманауи қондырғылармен жабдық­талған бұл орталықта науқасқа қажетті емнің түр-түрі көрсетілетініне куә болған жайымыз бар. Осының бәрі денсаулық саласына бағытталған ерекше қамқор­лықтың арқасы демей көріңіз.

Жалпы, аталған орталық әу баста 2001 жылы Қызылордада «MEDІUM» деп атала­тын медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмек сататын ЖШС боп ашылғанын айта кетелік. ЖШС-ны Нариманның жан жары Мәдина Табынбаева басқарды. Бірте-бірте компанияның қызмет аясы кеңейе берді. Кейін білікті дәрігерлердің кеңесі, ультрадыбыстық және лабораториялық диагностика, физиотерапевтік, процедура­лық кабинеттер қызметі, күндізгі стацио­нар жұмысы жолға қойылған бұл орта­лыққа Алматыдағы атақты Бейнеш Жар­бо­сынов атындағы урологиялық ғылыми-зерттеу орталығының филиалы дәрежесі берілді. Осылайша жары Мәдинамен бірге мемлекеттік-жекеменшік аясында ашылған орталықта Нариман Болтайұлы жоғары санатты дәрігерлік командасымен бірге тұр­ғындарға жан-жақты медициналық қызмет көрсетті. Ақыл-кеңестерін аямады. Оның ішінде озық технологиямен жүрекке ота жа­саудан бастап, кәрі-жас деместен еркек­кіндіктілерге урологиялық емдеу қызметі, яғни ерлердің денсаулығын жақсартуға арналған дәрігерлік көмек көрсетілді.

Нариман одан бұрын 2008 жылы Қы­зыл­орда қаласындағы Медициналық орталықтың бас дәрігері болған кезінде де білімі мен тәжірибесін аянбай жұмсап, сала жұмысына серпін бергенін ел жақсы біледі. Тарихқа көз жүгіртсек, 1853 жылы Қазақ­стан­дағы тұңғыш әскери лазарет осы Қызылорда қаласында (ол кезде қаланың аты Перовск) ашылған екен. Облыстық медициналық орталықтың тарихы негізінен сол кезеңнен бастау алады. Одан бері әлемдік медицина саласы қаншама тың жетістіктерге жеткенін жақсы білеміз. 1999 жылы аталмыш орталыққа жаңа ғимарат пайдалануға берілген. Орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Нариман Табынбаев жетекшілік еткен бұл емдеу орны диагностикалық зерттеулер сапасына үлкен әсерін тигізетін және амбулаторлық емдік араласулардың көлемін кеңейтетін қажетті заманауи медициналық құралдармен жабдықтал­ғанын мамандар ризашылықпен айтатын. Даму қорының көмегімен бұл орталық қар­жылай қолдауға да ие болған. Не керек, орта­лықта небір урологиялық оталар жүр­гізілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, меди­циналық мекемеге қызылордалықтар ғана емес, Астана, Алматы және Ақтөбе секіл­ді ірі қалалардан да науқастар жиі табан тіреген. Бәрі алдымен білікті дәрігер Н.Табынбаевқа жүгінгісі келеді. Кей жыл­дары орталық үш мыңға дейін науқас қабыл­дайды. Қуықасты безі, ерлер белсіздігі мен бедеулігі дегендей, науқастың да түр-түрі көп. Соның бәрін өз ісіне жауапкер­шілікпен қарайтын, білікті де білімді әрі тәжірибелі мамандар өз қолдарына алып, әр науқаспен жеке-жеке жұмыс жасайды екен.

 

– Елбасы өз Жолдауында ұлттың ден­саулығы ең басты орында тұру қажеттігін ерекше атап өтті. Мемлекет қазір жоғары санатты дәрігер кадрларды дайындауға көп көңіл бөлуде. Жоғары білімді дәрігерлер мен мейірбикелер бүгінде АҚШ, Израиль, Чехия, Литва, Ресейде тәжірибе жинап, білім алуда. Бұл өз жемісін берері анық. Лит­вада тәжірибе жинаған біздің кардио­хирургтер жүрек-қан тамырларына жаса­ла­тын отаны тегін жүргізуде. Соның жәр­демі тиген науқастар басқа жаққа шапқы­лап, ақшасын текке шашпай, облыстың өзінде толыққанды ем алып шығуда. Құны миллиондаған теңге тұратын қымбат қон­дырғыларды алуда мемлекет көмегін аяп жатқан жоқ. Соның арқасында оталар сәтті өтуде. Мемлекет басшысы, әсіресе, Арал тұрғындарының денсаулығына баса көңіл бөліп келеді, бұл үшін Елбасыға ризамыз, – деген-ді бірде білікті дәрігер Нариман.

Нариман Табынбаев бүгінде «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы. Бұл ғылыми орталық Үкіметтің 2009 жылғы 24 қазандағы қаулысына сәйкес Ұлттық меди­циналық холдингтің құрамында «Рес­публикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы болып құрылыпты.

–2014 жылы 7 ақпанда Ұлттық медици­налық холдингтің директорлар кеңесінің шешімі негізінде бұл Орталықтың «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» («ҰОТҒО») АҚ болып атауы өзгертілді. Орталықты құрудың мақсаты – жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, медицина ғылымы, білім беру мен практика саласындағы заманауи технологияларды енгізу және тарату, – дейді Нариман «Егемен Қазақстан» газетін­де шыққан өзінің мақаласында. – Соны­мен қатар, Қазақстан Республикасының Санитарлық авиация желісі бойынша өңір­лерден келген пациенттерге, оның ішінде гестациялық кезеңі 32 аптаға дейінгі жүкті әйелдерге және экстрагениталды асқыну­лары бар аналарға босанғаннан кейін де жоғары медициналық көмек көрсетуде ерекше рөл атқарады. Сондай-ақ, Орталық­тың қатысуымен болатын басқа да әлеу­меттік-маңызды жобалар іске асырылады. Атап айтар болсақ, Орталықтың оңтайлы құры­лымы бар, клиникалық базада персоналдың штаттық саны 1000 бірлік болса, емделушілер үшін 240 төсек орны қарастырылған. Біздің орталықтың іргесі қаланғаннан бері 56 мыңнан астам адам емделіп шықты, науқастардың жанын аман алып қалу үшін 41 мыңдай жедел әрекет ету шаралары, оның ішінде жоғары мамандан­дырылған көмек бойынша шамамен 11 мың­дай операция жүргізілді.

Орталықтың барлық (243) негізгі клиникалық мамандары АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Бельгия, Ита­лия, Швейцария және басқа да шет елдер­дің ең ірі медициналық орталықтарынан тағылымдамадан өтті. 2013 жылдан бастап біздің мамандардың тәлімгерлік етуімен 6 мамандық бойынша 60-қа жуық резидент­тер бітіріп шықты. Орталықтың жаңар­тылған материалдық-техникалық базасы және біздің мамандардың жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігі науқастардың ден­сау­лығын тексеруді жоғары деңгейде жүргізіп, ең ауыр клиникалық жағдайдағы ауру­ларды диагностикалау мен емдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Орталықта өз саласының білгірі, тәжірибесі мол және диагностика мен емдеудің әлем бойынша жетекші клиникаларында заманауи әдіс­терді меңгерген медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары, жоғары санаттағы дәрігерлер қызмет жасайды. Еліміздің барлық өңірінен телемедици­налық конференцияның көмегімен жан-жақты ақыл-кеңес жүргізуде Орталықтың дәрігерлеріне деген сұраныс өте жоғары. Орталық құрылған кезеңнен бастап шамамен 1000-нан астам сырқат адамға медициналық көмек көрсетілді. Аурулар­дың алдын алу мақсатында да атқарылып жатқан жұмыс ауқымы да айтарлықтай. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылғы 21-23 қыркүйек күндері «ҰОТҒО» АҚ халықты өз денсаулығына көңіл бөлуге бағыттау үшін және ауруды ерте сатысында анықтау үшін Ашық есік күнін өткізді. 750-ден астам адам Орталықтың жоғары санат­тағы дәрігерлеріне қаралып, тегін ақыл-кеңес алды. Қорыта айтқанда, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ – Қазақстан Республика­сында және жеке клиникалық бағыттар бойынша Орталық Азия аумағында жетік мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жоғары деңгейдегі қуатты, көп бейінді стационар, – дейді Нариман өзі бас­шылық ететін ғылыми орталық жайында.

Нариман Болтайұлы – 1961 жыл 23 ақпан­да Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №31 орта мектебінде оқып жүрген бозбала шағында ол адам өміріне араша тұрып, дертіне дауа табатын дәрігер болуды армандапты. Тек армандап қана қоймай, бойындағы таудай талабын шыңдап, алдына биік мақсат қоя білген. Осылайша 1984 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) түсіп, жоғары білім алады.

Алғашқы еңбек жолын 1984–1986 жыл­дары Қызылорда облысы Жалағаш аудан­дық ауруханасында дәрігер болып бастаған ол өз мамандығының адам өмірі үшін өте жауапты екенін сезінеді. Күні-түні уақыт­пен санаспай, өмірі үшін арпалысқан талай жандардың тағдырына араша түске­нін еңбегіне куә жерлестері жақсы біледі.

Нариман 1986–1993 жылдары Қызыл­орда облыстық ауруханасында бөлім мең­герушісі, бас дәрігердің орынбасары, 1994–1996 жылдары Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасында дәрігер, бас дәрігердің орынбасары, 1997–2007 жылдары Урология ғылыми орталығында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім мең­герушісі, 2007-2008 жылдары бас дәрігер болып жемісті қызмет атқарды. Осы жылдардың бәрі текке кеткен жоқ, қаншама мол тәжірибе жинады.

Ал енді тәуелсіздік жылдарындағы табан­ды еңбек еткен білікті дәрігердің медицина саласы бойынша жеткен жетіс­тік­терін санамаласақ, кімнің де көңілі то­ғайып сала берері анық. Атап айтар болсақ, ол 130 ғылыми мақалалардың, 5 моногра­фияның, 2 оқу құралының, 5 әдістемелік нұсқаулықтың, 9 авторлық куәліктің иесі. Сондай-ақ, оның жетекшілігімен 3 маман медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғапты.

Бүгінде Нариман Табынбаев медицина ғылымының докторы, профессор, денсау­лық сақтау ісінде жоғары санатты білікті дәрігер-уролог, Еуропалық урологтар ассоциациясының мүшесі, ҚР клиника­лық және фундаменталдық медицина ғылым академиясының академигі, Жарбо­сынов атындағы Ұлттық ғылыми урология орталығының құрметті профессоры.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «Құрмет грамо­тасын», «Шапағат» медалін иеленген білікті де бірегей маман. 2016 жылы Жалағаш ауда­нының Құрметті азаматы атанды. Елба­сының Алғыс хатын иеленген. Ел тәуел­сіздігіне арналған бірнеше мерей­тойлық медальдардың иегері.

Осынша биік лауазым, атақ, абыройға ие болса да Нариман өзін қашан да қара­пайым ұстайды. Мінезі шынайы. Бұл да тектіге тән қасиет. Адами болмыс. Азамат­тық ұстаным.

Гиппократтың антына әманда адал, еңбегін бұлдамайтын, ұлт денсаулығына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан білікті дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Нариман Болтайұлы төрт баланың әкесі, ұлағатты отбасы иесі. Еңбегі еліне ерекше сіңген азамат. Бұдан былай да оны ең биік асулардан көре беретінімізге кәміл сенімдіміз.

 

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *