Нар қасқа

Тыныштық түске кіретін мына беймаза уақытта бір күні тағы да жымиып келіп, оның ақжарқын үні жанымнан естілетініне сенемін. Түгел ежелгі Тұран топырағына тән қасиет көшіп келіп, сайын сахараның, қазақтың исі сезіліп тұр. Жемнің желі Ембі елінің ыстық сәлемін жеткізетіндей маған. Түз тіршілігінің қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап, дала төсінің дүбірі естілгендей, тұлпарлардың айға шағылысқан тұяғының ұшқындары шашырағандай. Ер үстінде ер жігіт. Інім Ербол менің көзіме солай елестейді. О тоба! Құданың құдіреті, ол есіме түскен сайын тамаша ақын Төлеген Айбергеновтің «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқасы» ойға орала беретіні несі?!

Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа,

Жарқылдаған алмас па?

Дейсің-ау, дейсің сен оны,

Айырылып кетсе жол басқа.

Орыны тіпті толмас та,

Дулатар тек от денені.

 

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа

Маңдайдағы бір атын

Жайратып салып, жарқылдап

күліп тұратын.

Көкірегімнен күй сөнбей

Осы бір шақтан білсең ғой

Тұратын тауып мұратын.

 

Бұл қазақта жігіттер бар мәрт батыр,

Жалаңаш батыр көбі оның.

Аударып тастар сен үшін

Алтын бар десең астында мынау төбенің.

Солардың аппақ ниетімен,

Ақ қарға жаққан отымен

Лапылдап мен де келемін.

 

Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес,

Тұра да алмас шың бұлай.

Қасқайып олар тұрғанда

Биіктер сенің тұлғаң да

Миллион мәрте, құрбым-ай!

Поэзия. Пырақтар. Парнас. Түгел тұтасып кеткендей. Мен үшін де, Ербол үшін де. Мен оны сырттай жақсы білгенім болмаса, тонның ішкі бауындай араласып, бауырлас болып сырласқан емеспін. Әрине, ол Құрманғазының құдіретті күйлерін тыңдап өсті. Атақырандай саңқылдаған Махамбеттің наркескендей жарқылдаған жырларын жаттады жастай. Қазақ шаңы­рақтарының түндігін түріп елегіздіріп, 2,5 миллиард қаптаған қара қытайды табын­дырып, жасыл құрлықты желпіндіріп, егде Еуропаны еліттірген Димаш (Дінмұхаммед) Құдайбергеннің бұлбұл көмей әніне ұйымауы мүмкін емес. Оның орындауын­дағы Мағжан Жұмабаевтың «Дайдидай-ауы» қандай! Пәлі! Айналайын, құшыр қандыратын қазақ әні! Қандай таңдайда жүрсің, сен?!

Жалпы, қай-қайдағы Қойқап тауын­дағыны қозғайды.

Айтпақшы, қазақ неге сонша жылқы­жанды? Әлде жабайы жануарды алғаш қолға үйретіп, адамзат игілігіне айнал­дырғаны төңкеріске тең тыныс-тіршілігі тырп еткізбеді ме? Дүние жүзі ғалымдары, әсіресе, ағылшын, америка мен неміс мамандары сүйектерді, ат әбзелдері мен сынық құмыралардағы қымыз қалдық­тарын зерттей келе сондай ұйғарымға келіпті. Әйтеуір біздің теріскейдегі бұрынғы тұрғындар бұл кәсіптің құлағын ерте ұстағанын бірауыздан мойындағаны анық. Қазақтарды жылқы мінезді дейтіні, бәлкім, сондықтан шығар. Ұлы далаға жер аударылған ата-анасымен келіп, қарша­дайы­нан бауыр басқан неміс жазушысы, атақты аудармашы, көрнекті қазақтанушы Герольд Бельгер аттың сыны мен сипатына келгенде – 200, түр-түсін ажыратарда 100 сөздің орысша баламасын таба алмай қатты қиналғанын айтатын еді. Ол «қазы мен қартаны ауызға алғанда сілекейім шұбы­рады» деп әзілдейтін. Не дегенмен аға замандасымыз Алматы Кеңсайында ескі достарымен қауышып, қардағы тұлпарлар тұяғының дүбіріне құлақ түріп жатқандай көрінеді маған. Е.Байжарқыновтардың төрт түліктің төресіне деген алабөтен сүйіспен­ші­лігінің төркіні соның алыс сілеміне сілтемесіне кім кепіл? Ондай керемет қадыр-қасиет тек әке құты, ана сүтімен дарымайды.

Тұлпар тұяқтылар туралы қазақтың тіл қоры мейлінше неге бай? Сынықтан басқаның бәрі жұғады.

Маған табиғат, жамиғат, қанат, ат сөздерінен біртүрлі ішкі ұяң үйлесім мен үндестік сезіліп тұрғандай көрінеді. Таныс қаламгерлерден Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, А.Сүлейменов жылқы жанын, тегі мен тарихын жақсы білетін еді. Әйтеуір қыл құйрықтарға келгенде ішкен асын жерге қоятын, жарықтықтар.

Мен кәнігі атпаздардай бұл жануарлар жайында білемін деп айта алмаймын. Ертеректе біздің елде тұқымы азбаған жүйріктер көп болды, әлемнің біраз бөлігін шарпып, адамзатқа көп қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс күркіреп лаң салды. Азаматтармен бірге аттар да майданға аттанды. Сарытау (Саратов) тұсында Еділден өтіп, Сталинградқа жақындағанда жау ұшағы жылқы тиелген эшалонды бомбылап, тірі қалған бір айғыр қайтару бермей сонау ит өлген жерден арып-ашып Досан–Қарабастақты қандай түйсікпен тапса да елге келіп, аңызға айналған Әскерторы атанған әлгі жүйрікке сөз тиіп, сақаумен ауырып, қылбұрау салып жығып, сауыққанда үйірге қосыпты. Мен өзім шынымды айтсам оны көрмедім, Әскерторының ұрпақтары ұшырасты. Олар жылқы болса да жүйріктігі мен сұлулық сипатын жоғалтпай өтті. Кімдердің тақымында қор болғаны маған беймәлім.

Мені қай түлен түртті? Есігінің сыртына таға іліп қойып, тетелестеріне: «Сендердің бәрің маймылдан, ал мен сәл дүбір естілсе шыр айналар дүлдүлден тарағанмын» деп пырақтарды пір тұтатын Асқар Сүлейменовпен (сізге өтірік, маған шын) Абай мен Жамбылдың мерейтойында аламан бәйгеде шарт та шұрт бәстесіп қалдым. Менің ен таққан жүйріктерім топ жарып келіп, мерейімді өсіріп, төбем көкке жетпей сәл-ақ қалған болатын. Аттың қай сын-сипатын көріп сүйттім. Әлі жұмбақ. Абсенттен бастап, ол мініп, түспеген ат қалды ма екен? Жұрт гуілдеп, «Қыз Жібек» фильміндегі Ақбозатты таңдаған сол деседі. Шіркін, Асекең Ерболдың ер қанаттарын көргенде қайтер еді? Оның арғымақтары Дербиден Прагада жеңімпаз атаныпты. Бұл жарыс түрі Еуропаның біраз елдеріне тарап, кәсіпке айналғандай. 1778 жылы ағылшын Лорды Дерби құнан мен дөнен­дерді 1600, 2400 шақырымға жарыстырып, дәстүрге енгізіпті. Әрине, бұндайда қазақы қазанаттарының қолтығы сөгіліп, бауыры жазылып үлгермейді. Әйтсе де, ақылтеке, текежәуміт, арабы жүйріктердің небір түрінен бір артықшылығы болғаны да. Е.Байжарқыновтың бәйге торыларының бабы келісіп, бағы жаныпты.

Ат пен азамат ажары қашан ашылады? Адам (әсіресе, арулардың) сұлулығын неліктен сәйгүлікке теңейді? Қарайлас, меңзелдес болған соң сөйте ме? Ұлыбри­танияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль Кеңес парламен­тарийлерін қабылдап жатып, шыдамай Қаныш Сәтбаевтан:

– Қазақтардың бәрі сіздей ме? – дегенде іле-шала:

– Қайта мен ең кішкентайымын, – деп Қанекең саясаттың майын езіп ішкен қу түлкідей айлакер ірі қайраткерді қайран қалдырыпты…

Оның інілері Т.Әубәкіров, А.Тоқтабай, Е.Байжарқынов және басқалар да солай дейтініне күмәнданбаймын. Сезімтал да сергек ат иесіне тартады.

Кәсіпкерлік қазақ өміріне енді-енді еркін еніп келеді. Мәскеудегі су шаруа­шылық институтын бітірген Ерболат та оның тұтқасынан ұстап қанатын кеңге жайып келеді. Адамгершілік пен іскерлік ұштасқанда алынбайтын қамал жоқ сықылды. Алда оны әлі сан сапар күтіп тұр. Бойына асыл азаматтық биік ұстаным дарыған жандар алысқа барады.

 

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *