«НАН АҒАШТЫҢ БАСЫНДА ӨСЕДІ» ДЕЙТІНДЕР ШЫҚСА, ТАҢҚАЛМАҢЫЗ

(«Аспаннан түскендейміз», «Алматы ақшамы», 24.09.2019.)

«Алматы ақшамы» газетінің №114, 24 қыркүйектегі санында жарияланған Қали Сәрсенбайдың «Аспаннан түскендейміз» атты мақаласындағы балалар тәрбиесі жөніндегі ой-толғамы қазіргі кезеңдегі толғақты мәселе деу керек. Осы мақаладағы қозғалып отырған мәселелер көп болып ойласып, нақты түрде бір шешімін табуды керек етеді.

Ең алдымен, «Мектеп жасындағы балалар арасында семіздік дерті неге өршіп барады?» деген сұраққа жан-жақты талдау жасасақ, артық болмас еді. Шындығында, қазірде бұл дертке ұрынудың бір себебі – қалта телефо­нын шектен тыс қолданудың салдары деп ойлаймын. Оған өмірден мынадай мысал келтіргім келеді. Қазірде ата-аналардың басым көпшілігі қалта телефонын қосымша тәрбиеші ретінде пайдалануда десем, артық айтқандық емес. Көпшілік ата-аналар қалта телефонын пайдалану тәсілін меңгере алатын жастан бастап-ақ, үйіндегі әр баласын телефонмен қамтамасыз етеді. Өйткені, ол балалар бос уақы­тында, әсіресе, кешкі мерзімде ата-ананы, телефонымен айналысып, мазаламаса болғаны. Тіпті, кейбір ата-аналар өзін мазалаған баласына: «Саған «Айфон» алып бердік емес пе, сонымен неге ойнап отырмайсың?», – деп кейігенін де естігенбіз. Міне, осын­дай балалар бесіктен белі шықпай жатып, осындай «тәрбие­шінің» қамқорлығында болып, өсе келе телефоннан күндіз-түні көз ала алмайтын жағдайға жетеді. Мұндай балалардың таза ауада серуендеуге, спортпен айналысуға, үй шаруасына көмектесуге мұршасы жоқ. Міне, балалар арасындағы семіздік дертінің бір себебі осында деп білемін.

Бұған компьютер орталығындағы ойындарды, интернетті қосыңыз. Жалпы, балалар арасында әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану үрдісі белең алып келеді. Бұнымен ата-ана, мектеп, қоғам болып күресуіміз керек. Тек сонда ғана бұл дерттің бетін қай­таруға болады деп ойлаймын. Және де бұл істі тездетіп, шындап қолға алма­са, соңы қасіретке апарып соғаты­нына күмән келтіруге болмайды.

Енді мектепте оқушылардың еңбек ету мәселесі жөнінде әңгіме өргізсек. Автор «Білім және ғылым министрі бастап оқушылардың мектепте еңбек етуі жөнінде айта бастап еді кейбір ата-аналар, басқалар шулап шыға келді…», – дейді. Ал бұлар кімдер және неге шу көтереді? Міне, осыған жауап беріп көрейікші.

Мен ұстаз болып, зейнетке шыққан адаммын. Жасым 80-нен асты. Мен «соғыс баласымын». Біз бірталай қиындықты бастан өткіздік. 4-сыныптан бастап колхоз егінінің (ол кезде егін көлемі өте аз болатын) шөбін жұлуға баратынбыз. Кейін есейе келе, жазғы демалыста өгіз басын жетелеп, жер жырттық, егін ордық. 7-8-сыныпта үлкендермен бірге шөп жинадық, шөп тасыдық. Солай өскен біз еңбектен ешбір зиян, кемшілік-қоршылық көр­ген жоқпыз. Қайта еңбек бізді шың­дады, шымыр болып өсуімізге көмек­тесті. Кейін бейбіт өмір басталғанда, азамат болған кезімізде біз мынау жақсы, не жаман жұмыс, мынау ауыр, мынау жеңіл жұмыс деп айту ойы­мызға да келмейтін. «Оқушы кезімізде еңбек етіп қиналдық» демей, «Жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық» деп мақтанышпен айта алдық. Еңбек біздің шымыр болып өсуімізге, қиын­дықтан қорықпауға тәрбиеледі. Еңбек­тің арқасында біз құралпы  жастар ерте есейдік. Ал қазіргі кездегі ата-аналар­дың көбі кеңестік кезеңдегі мектептен өткендер. Олар үшін оқушылардың кезекші болып, еден жуып, сыныпты тазалау жұмыстарына қатысып, сенбі­лікке қатысуы таңсық болмаса керек. Олар соншалықты шу көтереді деп ойламаймын. «Оқушылардың өз сыныбын тазалауы сұмдық!», – деп айғайға аттан қосып шу көтеретіндер, негізінен қазіргі кездегі байшыкеш ата-аналар. Олар өздері сияқты бала­ларының еңбек етуін ар санайтындар. Олар – аз ғана топ.

Қали Сәрсенбай: «…Жапонияға барсаңыз бала түгіл, қолына шүберек ұстап жүрген профессор, академикке ешкім таңқалмайды», – деген уәж келтіреді. Өте дұрыс айтады. Мен бір кезде баспасөз бетінен (ұмытпасам, осы «Алматы ақшамы» газетінен болар) Жапо­ния елі туралы бір хабар оқыған­мын. Онда: «Жапонияда жоғары оқу орнын бітіргендерге бірден мамандығы жөнінде құжат берілмейді. Олар бір жыл ішінде әр түрлі тұрмыстық, қарапайым жұмыстарды, сантехникалық, құрылыс жұмыстары, сылақшы, мекемелерде еден жуу, көше тазалау, тағы басқа жұ­мыстарды атқаруға міндетті. Осындай қарапайым жұмыстарды атқарғаны жөнінде тиісті ұйымдар мөр басып, анық­тама берген соң ғана оларға жоға­ры оқу орындарын бітіргені жөнінде құжаттары беріледі», – делінген. Бұны үкімет орындары әркімнің еңбектің бар түрін бағалай білу, халықпен араласып, тіл табыса білу үшін қажет деп есептейді екен. Әрине, бұдан кейін Жапонияда қолына шүберек ұстап жүрген профессор, академикке ешкім де таңданбайды.

Қорыта келгенде, Білім және ғылым министрлігінің мектепте еңбек ету, оқушылардың кезекші болып, еден жуу, сыныпты тазалау жұмысына қаты­су, сенбілікке қатысу туралы бастамасы өте орынды, заман талабына сай деп есептеймін. Оқушылардың мектепте еңбекке араласуы оларды қарапайым еңбекті құрметтей білуге, басқаның еңбегін бағалай білуге, еңбек адамдарын құрметтеуге және де ұжым­шылдыққа тәрбиелейді. Қарапайым еңбекке араласпай өскен ақсаусақ бала­лар ертең қара жұмысты істеуге арланатын, қара жұмыс істегендерге мұрнын шүйіре қарайтын «төрелердің» өсіп-жетілуіне күмәндана қараудың қажеті бола қоймас. Және бір мас­қарасы, солардың ішінен «нан ағаш­тың басында өседі» дейтіндер шықса, не деуге болар еді?!

Біздің, «соғыс балаларының» ата-аналары: «Балаларымыз қабырғасы қатпай, ауыр да қиын еңбекке неге араласады?», – деп шу шығарған жоқ. Олар біріншіден, бұл уақыт талабы екенін ұқты. Екіншіден, еңбектің кейін өмірде кездесетін қиыншылықтарға төзімді болуға тәрбиелейтінін ұқты. Қазіргі ата-аналармен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, олар да бала­ларын еңбекке тәрбиелеу өмір талабы екенін ұғатынына күмәндануға бол­майды. Аз ғана топтың байбала­мына қарамай, көпшілікпен келісіп, бұл бастаманы жүзеге асыру қажет. Бұл – баланы еңбекке тәрбиелеу, екі жаққа да – үкіметке де, ата-аналарға да пайдалы бастама. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген, көп болып ақыл­дасып, бір шешімге келейік, жамағат. Балаларымыздың келешегін ойлайық. Аспаннан түскендей бол­майық, ағайын!

 

Ілияс САДЫҚОВ,

ұстаз зейнеткер.

Көксу ауданы,

Талдықорған қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *