НАМЫСТЫҢ ЖАНАРТАУЛАРЫ

Ержан  ҰЗАҚ, Желтоқсан  көтерілісінің  ардагері:

Ұлт  теңдігі  үшін  күрескендердің  даңқы  ешқашан  ұмытылмақ  емес. Кеңестік  тоталитарлық  жүйенің  құрбандарына,  намыстың  жанартаулары болып  атылған жастардың  өр  рухына   тағзым  ету  біздің  асыл парызымыз болмақ. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі – Ержан Тоқтасынұлы ҰЗАҚ сол бір  сұрапыл  күндер  туралы  басынан  өткендерін  айтып, сұхбат  берген  еді.

 

Алаңға атақ пен даңқ үшін  шыққанымыз жоқ

– Ержан мырза, жазықсыз  жазалы  болып, 25 жылдан кейін ғана ақталыпсыз.  Ұзақ  уақыт сергелдеңге  түсуіңізге  не  себеп  болды?

– Біз  алаңға  атақ пен  даңқ  үшін  шық­қа­нымыз жоқ. Осынша уақыт ақталмаған себебі­міз, біріншіден, биліктің желтоқсаншыларға немқұрайлықпен қарауынан болды.  Екінші­ден, қаншама жылдар бойы қорланып келген  желтоқ­саншыларға да әділдіктің ақ таңы түбі бір ататындығына сенгендігімнен болар. Тәуелсіздігімізге – 20, Желтоқсанға – 25 жыл толған тұста, сонау 86-ның желтоқ­санында алаңға барып, қазақ ұлтының намысын ту етеміз деп жапа шеккен қыз-жігіттердің барлығы   сотқа арызданып, ақталған  болды. Кейде менің басыма: «Ызғарлы Желтоқсанда өз сана-сезі­мімізбен алаңға барып, әміршіл-әкімшіл  жүйенің озбырлығына қарсы шығып, қазақтың бостандығы мен тәуел­сіздігі үшін қырылған жоқпыз ба?! Біз сонда кімнен ақталуымыз керек?!» деген ой келеді. Алайда, ақталу керек болған соң, құжат­тарымызды жинап, өкілетті орган­дарына арызданып, заң жүзіндегі соттың шешімін қолымызға алдық.

– Үкімет тарапынан   қабылданған  шешім сіздерге қандай құқықтық мәртебе, әлеуметтік жеңілдіктер беріп  отыр?

– Біз осынау ширек ғасыр ішінде желтоқ­саншылардың ерлігі мемлекет тарапынан тиісінше бағаланбай отырға­нын, Желтоқсан жаны  мен  тәнін   қатар  жаралаған   қайсар жандардың күні бүгінге дейін еңселерін тіктей алмай мүсәпір  мен мүгедек болып  пұшайман күй кешіп жүргенін айтып, бірнеше мәрте құзырлы органдарға арыздандық.  «Желтоқсан ақиқаты» партиоттық қозғалысы» қоғам­дық бірлестігінің атынан Елбасына, Үкімет басшысына, Парламент депутаттарына, құқық қорғау органдарының жетекшілеріне тағы ашық хат жазып, толғағы әлдеқашан жеткен мәселелерді оңынан шешуді өтіндік. Өйткені, тәуелсіздік бізге аспаннан түсе қалған жоқ. 86-ның желтоқсанында мұздай қаруланған отар­лаушы импе­рияның қыспағына жалаң қол, жалынды жүрекпен қарсылық көрсеткен жалын­ды жастардың өшпес ерлігінің арқа­сында Қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізді. Жел­тоқсан көтерілісін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы казақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казар­малық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақта­ныш сезімін қорлауға жол берілмейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп атап өтті. Әлгінде ашық хат жазғанымызды айттым. 2012 жылдың 13 сәуірінде сол хатқа жауап алдық.   Сол  кездегі  Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев­тың берген жауабында былай деп: «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қаты­сушылардың құқық­тық мәртебесі мен оларды әлеуметтік қорғау мәселесі «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР-ның заңы шеңберінде реттеледі. Осы заңның 22-ші және 24-ші баптарына сәйкес, ақталған азаматтарға заңдық тұрғыда әлеуметтік-құқықтық же­ңілдіктер беріледі»  жазылды. Қалай  десек те, Желтоқсан  көтерілісі  әлі  сараланып, нақты  бағасын алған  жоқ.

– Өзіңіз  не  үшін  жауапқа  тартылды­ңыз?..

– Иә, тартылдым. Бірақ  сотттың  ше­шімі  бойынша ақталдым. Онда:  «Ержан Тоқта­сынұлы  Ұзақ 1986 жылғы Желтоқсан  оқиға­ларына  қатысушы және саяси қу­ғын-сүргін­дерден зардап шеккен деп танылсын» деген сөздер бар.

– Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне  қандай  баға  берер  едіңіз?

Мен  оған  «оқиға» деген  баға  бері­луімен  келіс­пеймін.  Көшедегі  бұзақы­лардың жанжа­лын  оқиға  деп  айтуға  болар,  ал  азаттық  үшін  жан  беріп,  жан  алыс­қан  арпалысты қалай­ша  оқиға деп  айтамыз!?  Бұл – ұлт азат­тығы  жолындағы  шын  мәніндегі  көтеріліс!

Рас,  мемлекеттік  билік Желтоқсан қаһар­ман­дарына оң бетбұрыс жасай бастады. Қазақ­стан Президентінің Жар­лығымен, 2011 жылы Желтоқсанға қатыс­қан 54 адам ішінде мен де бармын, «Қа­зақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Желтоқсан батырларының бірі  Жансая  Сәбитова  «Құрмет»  орденін   алды.

Алайда, көтеріліс  орын  алған  алаңға  «Желтоқсан  алаңы»  деген  атау  беру  тура­лы  ұсынысымыз қабылданбай  қалды.   Осыған  орай біз ашық  хат  жазып, жел­тоқсан­шылар­дың туып-өскен жерлерінде ескерткіш орнату, оларды  есте  қалдыру  мақсатында  көше атта­рын беру мәселесін көтергенбіз. Мәдениет және ақпарат министрлігі  осыған орай, жергілікті атқа­рушы органдарға арнайы хат жолдапты. Әрине, ескерткіш орнату үшін жер, қаржы мәселелерін шешу керек.   Ол  қазақ жастарының өшпес ерлігін  паш етіп, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке  тәрбие­лейтін бір  шара  болмақ.

Желтоқсан көтерілісінің  шындығы әлі сараланған жоқ

– Сол   бір ызғарлы Желтоқсаннан күні бүгінге дейін жүрегіңізде айта  алмай  бүгіп    жүрген  құпияңыз   бар ма?  Алаңға  алғаш­қы  барған  күні  неге  тап  болдыңыз?

– Осыдан  33 жыл бұрын, естен  кетпес 17-18 желтоқсан күндерінде Желтоқсан көтері­лісінің бел ортасында жүріп, «Құйын» опера­циясының куәсі болдым. Сол күндерді есіме алсам, әлі күнге дейін өзегім өртеніп, жүрегім сыздайды. Десем де, жүрегімнің бір бұры­шында қалып қойған мына ойдың мазалай­тыны рас. Бұл сырым­ды ашу үшін өз басымнан өткізген бір оқиғаны айтайын. Ол – 17 желтоқсан күні болатын. Қас қарая баста­ғанда  далада  тұрған біздерді жан-жағымыздан әскерлер қоршап, аяқастынан нағыз қырғын басталып кетті. Біздің алдымызда сапта тұрған бастан-аяқ мұздай  қаруланған солдаттар қолындағы дубинка, сапер күректерімен жастарды ұрып  жықты. Біз  жалаң қол болсақ та, айғайлап ұрандап той­тарыс бердік.   Орталық алаңға таяу  маңда көзімізге  қан  құйылғандай  жайға  тап  болдық. Бейнебір  жау  көргендей жалаң­­даған жендеттер өрімдей қазақ қызын  көз  алдымда  қолындағы  ауыр  таяқ­пен  басынан  ұрып  сұлатып  тастады. Үсті-басы қып-қызыл қанға боял­ған қыз есі­­нен танып  қалды. Қа­ра­сам,  әлгі қыз менен 1-2 қа­дам жер­де ес-түссіз, шал­­­қа­сынан жатыр. Сол сәт­те оны тастап кетуге ар-на­мы­сым жібер­меді. Бар пәр­меніммен атылып барып, қызды  қолыма  көтеріп алдым. Сөйтіп, іле-шала сасқа­нымнан бар даусыммен: «Убийцы! Убий­цы! Убийцы!», – деп айғайлап, солдат­тардың өздеріне, қарсы ұмтылдым. Олар шошып, кері шегінді.  Бірақ қайтадан бетпе-бет келгенде олар мені соққының астына алды. Сонда да алған бетімнен қайтпай, қансыраған қызды алаңдағы мінбердің алдында  көтеріп жүрдім. Біраз уақыттан соң, алаңның ортасын­да ерсілі-қарсылы  зытқып  жүрген жедел жәрдем көлігін тоқтаттым. Аяқ­асты­нан бір жігіт жаныма келе қалып, қызды бірге   көлікке салып жібердік. Сол кет­кенінен ол қызды көрген жоқпын. Егер дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетсе, тірі қалған шығар? Жас шамасы 18-20-да болатын. Өзі  арықша келген, иығына төгілген  қап-қара шашы бар қазақтың қарапайым  қызы.  Сол  қарындасым  бар  болса,  мені  іздер  деп  ойлаймын! Тәуелсіз­дігіміз үшін   жандарын пида еткен,  бас­тарын қатерге тіккен қаракөз қарындас­тарымның, қайсар мінезді замандастарым­ның мәңгілік ерлігін мақтан етем! Ең әуелі, бәріне бір Алла куә. Отансүйгіштік сезімді ояту дегенде Желтоқсан батырларының өмірін, ерлігін   бүгінгі жастарға өнеге етуіміз керек.

Ол  үшін белгілі  ақын  Күләш  Ахме­това апамыздың «Сен – қазақсың!» деген  өлеңін барлық  жас  буын  жатқа  білуі  тиіс.

Сен – қазақсың!

Бір  Алланың  құлысың!

Адамға  адам құл  болғаны  құрысын.

Жойқын  соғыс,  зұлматтарда  жойылмай,

Қалған  ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың!

Міне,  осы  өлеңде біздің  барлық  ар-намысымыз, өрлігіміз,  рухымыз  жатыр.

– Сол  күндерден  қолыңызда  айғақты  не  зат бар?

– Бүгінде  менің  қолымда сол  бір  күндерден  қалған  жалғыз  сурет  бар.  Ол  ешбір жерде  жарияланбаған.  Ұзақ  жыл­дар  бойы Мемлекеттік  қауіпсіздік  меке­месінің архивінде  сақталған  осы  сурет  менің  тағды­рыма  да  әсер  етпей  қоймады.  Алғашқы  күні бізді  Орталық  алаңнан ұрып-соғып  қуып  шыққаннан  кейін біз  көшеде  жиналған  күйі «Менің  Қазақ­станым!» әнін  шырқап,  рухы­мызды  одан  әрі  жаныдық. Сурет  неде  болса,  сырты­мыздан   түсірілген.  Ол кезде  оған  мән  беретін кім бар.  Бойдағы  кек, намыс  оты   бейбіт  шаруамызды  жалғастыра  беруге  итермелеген   болатын. Сурет  менің  қолыма  30 жылдан  соң  тиді.

 

Азаттық құндылықтарын той  тойлау арқылы қайтара  алмаймыз

– Тарихта  естен  кетпейтін  оқиғалар  бола­ды.  Уақыт  біраз  өтсе де  санадан  өшпей­­тін  сондай күрестің бірі – азаттық  үшін  болған    күрес.  Қазір  сізді  не   маза­лайды?

– Мені қатты қынжылтатыны, 16-17 жел­тоқсан күндері аза тұтудың орнына, қолы­мызға   түрлі-түсті шар ұстап, той тойлайты­нымыз. Бұл – өте ұят.  Азаттық   құндылық­тарын  тойлау  арқылы қайтара  алмаймыз. Өз басым оны  айқайлап тойлауға мүлдем қар­сымын. Оның орнына аза тұтып, Желтоқсан құрбандарының аруағына Құран бағышта­ғанымыз дұрыс. Америкада «Ұлттық  аза  тұту»  күні  жыл  сайын  атап  өтіліп,  барлық  ғиба­датхана­ларда аза  тұту  күні  өткізіледі  екен.

– Халық  сіздің адамгершілік, меце­наттық   қырыңызды біле бермейді  екен. Талғат Бигелдиновтей қазақтың хас баты­рының  ақ батасын алыпсыз. 1986-ның желтоқсанында өз ұлты   үшін қыршынынан қиылған қазақтың  батыр қызы – Сәбира   Мұха­меджановаға өз  қаражатыңызға ескерткіш орнатып, зиратын көтеріпсіз?

– Мұны   айтпаса да  болар  еді.  Алай­да, сұраған  екенсіз,  жауап  беруге  тура  келеді.  Бәрін  басынан  бастайын. Кезінде Талғат аға­ның үйін  су басып қалғанда «Сауап»  қоғам­дық қорының атынан  Ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл екеуіміз хал-жағдайын   сұрап барып, ақ батасын   алғанымыз   рас.

«Үйіңізді жөндеп берейік» деп өз  тара­пымыздан ұсыныс білдіріп едік, ол жұмысты  аудандық әкімдік мойнына алып­­ты. Содан соң үстіндегі әскери    фор­масын  түгелдей жаңар­тып тіктіріп бердік.  Ұлы   Жеңістің 65 жылды­ғына орай, батыр­ға сәлем  бере  барып,  иығына  шапан  жауып, ыстық  ықыласына  бөлен­дік. Бұл жердегі мәселе назардан  шығармаудан, сауаптан құр қалмаудан  тұрады.  Сондай-ақ,  Қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай, ата­мыздың «Офицер күнделігі» кітабын тәуелсіз Қазақстанның  жас сардарларына тәбәрік ретінде қайта бастыруға қаржылай қолдау   көрсеттім. Ұлтжанды азамат, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың Баукең туралы жазған «Қаһарман» атты кітабын шығарысуға септігім тиді. Үш мың    данамен баспадан шыққан  шығарманы  оқырмандарға тегін тараттық. Өскемен қаласы  жанындағы  «Ақ мектеп» деген ауылға барып, Желтоқсанның  батыры – Сәбира Мұхамеджанованың зиратын көтеріп, басына  белгі қойдық. 3-4 күндік шараға «Желтоқсан  ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің атынан 25  азамат  қатысып,  Сәбираның оқыған мектебінде жиын  өткізіп, ауылында ас беріп,  сауапты шара  атқар­дық.  «Ақ мектептегі» білім ұясына Сәбираның есімін берейік» деген ұсыныс жасадық және Ләззат Асанова мен Сұлу­хан Назароваға ескерткіш-тақта орнаттым.

Сәбира Мұхамеджанова 1986 жылы Өскемендегі   педагогикалық училищеде оқып  жүріп, өз құрбы-құрдастарын,  заман­дастарын  орталық  алаңға бастап апарыпты. Кейіннен оны ҰҚК-нің қыз­меткерлері тергеп, жастарды кім ұйым­дастырғанын сұрағанда: «Мен апардым!» деп қаймықпай жауап берген көрінеді.  Со­дан ҰҚК жас қызға қатты қысым жасап, ол амалсыздан  жатақхананың 5-қа­­баты­нан құлап мерт болған. Алайда, осылай­ша  ақпарат таратылса  да,  қайсар  қыздың  ҰҚК қызметкерлерінің қолынан өлгені  анықталған. Өзінен кейін, оның әке-шешесі, бауырлары да қайтыс болған.  Артында сұраушысы жоқ, тұл жетім қыз. Тоталитаризм аспанында жасын­дай жарқылдаған   хас батыр қыз­дың өр рухына құрмет көрсету – бәріміздің парызымыз. Бостандық үшін күрескен, жанын қиған батырларды ұлықтап  жатқан кезеңде, осылай бір-бірімізге демеу­шілік  көрсет­песек, біздің  кім болғанымыз?! Ол біздің азаматтық парызымыз.

– Айтпақшы, сіздің  алаңда  жарақат  алған  қызды  қолыңызға көтеріп  тұрған келбе­тіңізді  монументальды  ескерткішке айнал­дырыпты  деседі?..

– Иә,  ондай  ескерткіштің  сұлбасы  болды. «Азаттық»  символы  деген  шартты  атау  алған ескерткіштің  авторы,  суретші-мүсінші,  Қазақстанның еңбек  сіңірген  қайраткері Сембіғали  Смағұл деген  азамат.

«Азаттық»  символы  мүсіні  өзінің  тақы­рыбы  жағынан аса  ауқымдылығымен  ерек­шеленеді.  Бұл шығарма – 1986  жылғы  ұлт-азаттық  көтерілісінде   қайтпас қай­сарлық пен  ерен  ерлік көрсеткен қазақ­тың  барша  қаһар­ман  ұл-қыздары­ның  өр мінезін,  өшпес  рухын  төрткүл  дүниеге паш  етіп  тұр.  Екін­шіден,  ол ғасырлар  бойы  ата-бабаларымыз  әрі  аңсап,  әрі  күресіп  келген  еркіндік  пен  азаттық  жолында  өз  өмірін  қатерге  тігіп, кеңестік  тоталитарлық жүйенің  қабырғасын   қақы­ратқан  қазақ  жастарының  қаһар­ман­­дығына  мәңгілік  тағзым  етуге  үндейтін  туынды.  Үшіншіден,   бұл  бүгінгі  өр  үмітті  жастарды  Отансүйгіш, елжанды,  мемле­кетшіл  болуға  шақыратын  бірегей  бейне.

«Азаттық»  символы – өнер туындысы. Осы  туынды арқылы  автор  Қайрат  пен  Ербол, Ләззат пен Сәбиралар  бастаған  барша  Желтоқсан  қаһармандарының  күрес­керлік  бейнесін  ашып  көрсеткен.  Мүсін-бейнеден  жалаң қол, жалынды  жүрекпен  таяққа  жығыл­ғанда  қорғансыз  қыздың өміріне  араша  түскен  хас  батыр­дың  өзінің  ұлтының,  халқының тағды­рына  араша  түскенін  байқауға болады. «Азаттық» символы – тәуел­­сіздігіміздің тарихындағы рухты  бой­тұмарымыз. Себебі, демократия  қарлығаш­тарының  мәңгілік  ерлігінің  арқасында  Қазақ  елі  өз  тәуел­сіздігіне  қол  жеткізді.  Бүгінгі  жас  буын  бостандық  пен  еркіндік  жолында  отар­шыл  империяға  тойтарыс  берген  мың­даған  желтоқсаншылардың  риясыз  рухына,  көзсіз  батырлығына  бас иіп,  күллі  әлемге  мақтаныш  етуі  керек! Өмірге  ризамын,  ұлтын  сүйгені  үшін  қуғынға  түсіп, зорлық пен  қорлықты  бастан  кешкен  қыз-жігіт­тердің  сол  қиын­дықтарды  мойымай  көтере  білгендігіне  сүйсінемін.

– Ер-азаматтың бақыты, отбасының бақыты деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Менің ұстанымым – өз Отаныңды шын сүйіп, оны кез-келген сәтте қорғай білу. Қазақ ұлтын сақтап қалуымыз үшін, ұлан-байтақ жерімізге ешкім қол сұқпауы керек. Әр қазақтың сана-сезімі ояу болып, өз елі үшін өмір сүріп, еңбек ететін болса, біздің тәуел­сіздігіміз де баянды болады! Біз, қазақ халқы, қаншама ғасырлар бойы қуғын-сүргінде өмір сүріп келдік. Ұлты­мыздың асыл­дарын 1937-1938 жылдары атып-асып, тұқымын тұздай құртты. Біз де ширек ғасырға жуық қыспақта болдық.  Ал  бүгін тәуелсіз   Қазақстанда өмір сүріп жатқанымды ең зор бақытым деп санай­мын! Екінші бақыт – отбасының бақыты. Ол – әр ер-азаматтың басындағы бақыт. Құдай қосқан қосағым Забирамен отас­қанымызға – 33 жыл. Қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған сол кісі. Маман­дығым құрылысшы болғандықтан, мен үнемі сырттамын. Құдай   берген үш ұлым бар,  бәрі  жоғары  білімді,  өз  алдарына  егеменді еліміздің әр саласында еңбек етеді.

Мен   кәсіби  құрылысшымын.  Осы   сала­да  жүргеніме – 40 жыл.  Осы  жыл­дарда  талай жердің тау-тасын басып, үй тұрғыздық, құбыр тарттық, жол салдық. Сонау 1989 жылдың желтоқсанында Арменияның  Спитак қала­сында  болған  зілзалаға  қатыстық. Айтып келмеген  зіл­за­ладан   25 мыңнан астам адам  қырылды. Сол жылы 20 жігіттен тұратын   еріктілер жасағын   құрып, армян халқына көмек­тесуге бардық.  Екі жылдай  Спитак, Ки­ровокан қаласында болып, қираған   үйлерді   қайта   қалпына  келтіріп, бауыр­лас халықтың ауыр қайғысын  бөлістік. Одан қалды, 1993  жылдан бері 16 жыл бойы  Алматы  «Облауыр­құрылыс  тресінде»  жұмыс  істедім.  Менің қолтаңбам Алматы (Ұлттық гвардия, Сәулет-құрылыс институты, «Самал» шағынауда­нындағы   үйлер,   Монетный двор және т.б.) «Овация» ТК, «Тамшалы»  ТК),  Астана (Орта­лық   ғарыш кешені) қалаларындағы көптеген ғимараттарда,  үйлер  де  бар. 2010 жылы Жаңа­өзен–Болашақ стансасы темір жолының  құрылысына  қатысып,   суа­ғар­ларды жинап, екі аспалы көпір, «Құрық» теңіз портын салдық. Өкімет тапсыр­масымен «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысып, күрделі құры­лыстарына атсалыстым. Әрине, төккен тер ескерусіз қалмады. Үкімет «Құрметті құры­лысшы»,  «Даңқты құрылысшы», «Еңбек ардагері» атақтарын берді.

Баршаңызды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

– Әңгімеңізге  рахмет!

 

Әңгімелескен  –

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *