НАМЫСШЫЛ НАР ТҰЛҒА

Дене бітімі құрыштан құйылған мүсіндей, қос жанары көк аспандағы жарық жұл­дыздай жалт-жұлт етіп нұр шашып тұрған, қимылы шалт, жүріс-тұрысы өте ширақ осынау сып­тығырдай жігітті мен аттай қырық жыл бұрын бауырмал қырғыз елінің інжу-маржаны – Ыстық­көл жағасында көрген екенмін. Сонда «Қазақстан» атты шипа­жайда, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар демалып жаттық. Әлбет­те, көпшілігі алма­тылықтар. Жөн сұрасып, шүйіркелесіп бірден танысып кеттік. Базарда мың кісі бар, сүйге­ніңе ғана сәлем бересің. Сырт көз – сыншы. Әлгі жігіттің кісілігі мен кішілігі бірден өзіне баурап алды. Бойына ойы сай, келбетіне кемелдігі үйлескен азамат сияқты көрінді.

Ол сол кездегі Алматы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы, пол­ков­ник Ким Серікбайұлы Серікбаев еді.

 

Батыр болған бабасынан жер қорғауды,

Ару болған анасынан АР қорғауды үйренген

Демалыс мерзімі аяқталып, әрқайсымыз өзіміздің тұрақ мекенімізге, жылы ұямызға келіп, өмір-өзен жалғасып жатты.

Кимнің жауапты лауазымдар атқарып, елеулі еңбегімен ел аузына ілігіп жүргенін арагідік құлағымыз шалып қалады. Асқар таудың төбесі алыс, етегі жақын, хас жақсының денесі алыс, атағы жақын дегендей, бірге жүріп, бірге тұрмасақ та Ким Серікбаевтың дүңкілдеген атақ-абыройы туралы көп еститін едік.

Енді осы азамат жайында толығырақ баяндайын.

Ким Серікбайұлы Серікбаев қазақ халқы сан алуан зобалаңдарды бастан өткеріп, оңды-солын енді-енді тани бастаған аумалы-төкпелі заманда – 1934 жылдың қақаған қаңтарының 14-жұлдызында ертеде шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған тайбурылдың тұяғы­ның ізі қалған қасиетті Ақтөбе топырағында, Хромтау ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Он төрт жасында – әкеден, он бесінде шешеден айырылып, тұл жетім болып қалады. Балалар үйінде, интернатта тәрбиеленіп өскен. 1952 жылы Ақтөбедегі жалғыз №6 қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, білім қуып Алматыға келіп, Заң институтына оқуға түседі. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тұрмыс тауқыметін тартып, бірінші курсты аяқтаған соң институт­тағы оқуды тастауға мәжбүр болады.

Алайда, асыл пышақ қын түбінде жатпайды, арман қуған бозбала Башқұртстанның астанасы – Үфі қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, 1956 жылы оны үздік бітіреді, тырнақ­алды әскери атағы – лейтенант шенін иеленеді. Осы орайда Кимнің өз аузынан естіген бір оқиға еске түседі. Адам албырт шағында еліктегіш келеді ғой. Соғыста бір аяғынан айыры­лып жарымжан болып келген Темір есімді ауылдас ағасы мектепте әскери іс, денешынық­тыру сабағын жүргізеді. Ұстаздың әсерлі әңгі­мелері, сымға тартқандай тіп-тік тұлғасы сезім­тал бала Кимге ой салып, ол түбінде әскери қызметкер болуды армандайды. Күнге қарап тал өседі, ағаға қарап бала өседі.

Ким де ұстаз жолын қууға бекем бел байлайды. Балаң офицер «атың барда ел таны — желіп жүріп» деген қағиданы ту ғып ұстап, өз еркімен қияндағы солтүстікке – Чукоткаға атта­нады. Құдай қосқан қосағы Раиса Сәрсен­байқызы Игілікова екеуі жердің түбі саналатын Магадан облысында жалғыз қазақ отбасы болады. Взвод командирі Ким Серікбаев ұлтым­ның намысына кір келтірмейін деген ниетпен күндіз-түн демей жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Темірдей тәртібімен, біліктілігімен көзге түскен офицерді сол кезде шыныққан әскери кадрға өте зәру Прикарпатье әскери округіне – Кеңес Одағы аталатын алып империяның бір қиырынан екінші қиырына – енді Батыс Украи­­наға жаңа қызметке ауыстырады. Мұнда он жылға жуық жемісті жұмыс істеп, әскери қызметтің қыр-сырын толық меңгереді, взвод командирінен мотоатқыштар батальонының штаб бастығына, одан полк командирінің мінде­тін атқарушы дәрежесіне, аға лейтенанттан под­полковник шеніне дейін жоғарылайды. Диви­зияның құрамында 12 мың сарбаздар мен сар­дар­лар болады. Олардың екі мыңы — сардар­лар (офицерлер). Соның ішінде жалғыз қазақ – Ким Серікбаев – мыңмен жалғыз айқасқан Қобы­ланды батырдың ұрпағы. Батыр болған бабасы­нан жер қорғауды, ару болған анасынан ар қорғауды үйренген ұлағатты ұлан жеке дара еді.

Түнеріп келген дұшпанның түндігін тілген, шүйіліп келген дұшпанның кіндігін тілген, басынып келген дұшпанның балтырын үзген, алқы­нып келген дұшпанның алқымын үзген ерлердің мирасқоры Ким Серікбаев қазақ халқының қаһармандық рухына дақ түсірмеу үшін жанын салып, барын салып тер төкті. Әрдайым алдыңғы сапта жүрді, ұлтының жақсы қасиеттерін қара қазанда қайнатқандай, шар болаттай шыңдай білді. Мұқым дивизия мойындаған, танымал көшбасшыға айналды. Қазақ офицерінің биіктігі 1,5 метр, ені 75 сантиметр үлкен суреті даңқ алаңындағы құрмет тақтасынан он жыл бойы бір түскен жоқ.

Үлгілі сардар Ким Серікбаевтың қызмет бабымен апталап үйдің бетін, отбасы мүшелерін көрмейтін кездері болатын. Періште көңіл сәби­лердің тілі балдай тәтті, қылықтары қылаусыз қызық қой. Сондай жағдайларда жеті-сегіз жасар тұңғыш қызы Елена өзінен үш жас кіші сіңлісі Гүлнараны ертіп алып, «папаны сағын­дық қой, жүр, көріп келейікші» деп даңқ алаңын­дағы әкесінің кісі бойы үлкен суретін тамашалайды екен.

Закарпатье әскери округінде он жыл мінсіз қызмет атқарған подполковник К.Серікбаев 1970 жылы Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы әскери академияны сырттай оқып тәмамдап, қамал бұзатын 40 жасында әскери ғылым канди­даты атағын алу үшін диссертацияны ойдағыдай қорғап шығады. Талапкердің терең біліміне, мәселені зерделі зерттегеніне, нақты дәлелдермен мүлтіксіз баяндағанына разы бол­ған комиссия мүшесі, танк әскерлерінің генерал-полковнигі, профессор А.И.Радзиев­ский ғылыми еңбекке зор баға беріп, бұл жалғыз Серікбаевтың табысы емес, жауынгер қазақ халқының жетістігі деп ағынан жарылып, шын­дықты бүкпесіз айтқанда Кимнің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей шаттанады. Өйткені, бұл алты алаштың мерейінің үстем болған сәті еді.

Көп жыл бойы қажымай-талмай ізденудің арқасында 2000 жылы әскери ғылым докторы атағы үшін диссертация қорғайды, кейіннен профессор атағын алып, Қазақстан Республи­касы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылым ака­демияларының толық мүшесі болып сайланады.

Тұңғыш бауыржантанушы болды

Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ким Серік­байұлының таланты әр қырынан жарқы­рап ашылды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ғылым докторы ретінде ол тәуелсіз мемлеке­тіміздің әскери докторинасын жасау бақытына ие болды. Астанамыз Алатаудың бөктерінен Сарыарқаның қақ төріне қоныс аударғанда ол алғашқылардың бірі болып жаңа байраққа ат басын тіреді. Көптеген мемлекеттердің әскери құжаттарын көз майын тауысып сарыла зерттеп, егемен еліміздің сындарлы әскери доктринасын тұжырымдап, Парламентке ұсынды.

Тоқсаныншы жылдардың басында Прези­дент аппараты мен Министрлер Кабинеті қорға­ныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда әскери істе әккі болған талай шенділермен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде қазақ сардарлары саусақпен санағандай аз болатын. Жаны ашымастың қасында басың ауыр­масын дегендей, уәжге мойынсұнбай, бүйректен сирақ шығаруға тырысып бұра тартушы жат ұлт өкілдері де болмай қалған жоқ. Қатаң тәртіп ежелден бойына сіңген, ұлтының мүддесі үшін тау қопаруға да сақадай сай полковник Ким Серікбайұлы бұратаналардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алып тезге түсірді. Тура бидің туғанына да жақпайтыны сияқты, сондай тұстарда оның бағзы біреулерге ұнамай қалуы да сөзсіз.

Іске шорқақ, өресі аласа адамдар, әдетте, жағымпаз, жарамсақ, сөзтасығыш, ішіне шына­шақ айналмайтын күншіл келеді. Олар өзінен іскер кісіні қайткенде аяғынан шалуға, тобықтан қағуға әлекедей жаланып дайын тұрады. Иә, ақын Аманқос Ершуов айтқандай, «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар, Қарасаң аспанда да алалық бар». Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде. Міне, сондай көреалмаушылар Ким Серік­баевтың да жолын талай рет кескен сыңайлы. Бірақ табиғатынан діні мығым, анау-мынауға мойымайтын, жасымайтын К.Серікбаев өзінің білімі мен қайратының, намысқойлы­ғының арқасында алған бетінен таймады, адал­дықтан, адамдықтан айнымады. Ол шен қуған жоқ, мансапқа, марапатқа бой ұрған жоқ. Қанағатшыл, тәубешіл болды. Ең жоғары атақ – халықтың құрмет-қошеметі, әділ бағасы деп ұқты, әлі де осылайша ақжарылқап өмір сүріп келеді.

К.Серікбайұлы Кеңес Одағының Маршалы И.Қонев атындағы жоғары жалпы әскери-командалық училищенің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінің әскери кафедрасының бастығы, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бас ғылыми қызметкері, ҚР Министрлер Кабинетінің жанындағы әскери мәселелер бойынша Жоғары аттестациялық комиссияның Бас ғылыми маманы сияқты ірі-ірі лауазымдардың тұтқасын ұстады.

Сол кездегі Оқу министрі, айтулы азамат Шайсұлтан Шаяхметовтің:

– Аға, жоғары лауазымдардың біраз қызық-шыжығын көрдіңіз ғой, енді төменгі буынға ойысуға қалай қарайсыз? – деген бірауыз сөзін сыйлап, үш жыл бойы республи­калық әскери мектептің тізгінін қолға алды. Қиюы қашып, әбден тұралап қалған оқу орнын аяғынан тік тұрғызды. Мектепке іскер, білікті, ынталы оқыту­шылар тартты, ғимаратын адам танымас­тай етіп күрделі жөндетті, оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа жиһаздармен жабдық­тады. Сөйтіп, әскери мектеп түрленіп, гүлденіп жаңа сапаға ие болды.

Ең бастысы – оқушылардың тәртібін жөнге салды, олардың білім алуға деген ынта-жігерін жаныды, шәкірттер бойкүйез­діктен, немқұрайлықтан арылып, мінез- құлықтары түбегейлі өзгерді. Жоғары орындарға бірнеше мәрте ұсыныс хат жазып, тегеурінді талап қойып, әскери мек­тепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілуіне қол жеткізді. Осы идеяның бастаушысы да, оны орын­даушы да Ким Серікбаев. Бұл – тарихи шындық.

Ким Серікбаевты тұңғыш бауыр­жан­танушы деп атауға әбден болады. Ол – аты аңызға айналған батыр ағасының лайықты ізбасары, теледидардан, газет-журнал­дардан кіші полковниктің үлкен полковник туралы мақалаларын жиі ұшыратуға бола­ды. Талай алқалы жиындарда, әсіресе студенттер мен мектеп оқушылары, жұмыс­шы жастар алдында Баукең туралы тебірене толғап, тыңдаушыларын ұйытқаны көп­шілікке мәлім. Айтушысы ақылды болса, тыңдаушысы дана болады деген міне осы. Ким Серікбайұлы тек Бауыржан Момыш­ұлы ғана емес, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, сайыпқыран Талғат Бигелдинов­тің, Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш дивизия қолбасшысы, генерал Сабыр Рахи­мовтың, аты аңызға айналған партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ерліктерін және өзімен бір мектепте оқыған тетелес ағасы генерал-лейтенант Жанысен Кереевтің өмірін жас ұрпаққа насихат­таушы.

Ағаларға адалдық, жасы үлкенге құрмет – К.Серікбаевтың бойына сіңген қасиет. Күні кеше ғана 98 жасында дүние­ден озған көрнекті мемлекет қайраткері, майдангер Сұлтан Жиенбаевқа, Министр­лер Кеңесі Төрағасының бұрынғы орын­басары, Республикалық Ардагерлер ұйымының тұңғыш жетекшісі, Ұлы Отан соғысының майталманы Шәңгерей Жәні­бековке, аталас ағасы, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәмил Нұрпейісовке, он сегізінде от кешкен жауынгер Сағындық Кенжебаевқа, аудан бойынша жақындығы әрі ақындығы бар майдангер Леонид Гиршке, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Серік Қирабаевқа інілік ізеттен әсте жаңылған емес.

Ким Серікбайұлының өзі де ұлағатты ұстаз. Ол жиырмадан аса генералдың тұсауын кескен, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген сұңғыла профессор.

Сылбырлар – сазгер, болбырлар – балгер, занталақтар – заңгер, қоянақтар – маңмаңгер, тобанаяқтар – ақтаңгер болып жатқан мына бұлыңғыр заманда Ким Серікбайұлының парасаттылығы, кемелдігі, білімінің түпсіз тереңдігі, шоқтығының биіктігі менмұндалап дараланып тұрады. Ол жайдақ орындаушы ғана емес, мәселені байыбына барып түбегейлі шешетін, бәтуалы ой айтатын батагөй ақыл қосатын тұғырлы тұлға.

Ким Серікбайұлының тағы бір қасиеті – ол ежелгі аңыздағы Антей сияқты туған жерден күш алып, жақұттай жайнап шыға келеді. Ақтөбесі ауызға алынса ішкен асын жерге қояды. Кіндік қаны тамған жерді үнемі сағынып аңсайды. Қал-қадерінше жиі-жиі ат басын тіреуге ұмтылады. Ақтөбе облысының әкімі, ұлтымыздың ұстыны, беткеұстар тұғырлы тұлғасы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев жер-жаһанның шартарабында елеулі еңбек етіп жүрген ақтөбелік зиялыларды шақырып, бұрнағы жылы алқалы жиын өткізгенде, осынау маңызды іс-шараның жуан ортасында К.Серікбаев жүрді. Ол алғашқылардың бірі болып сөз тізгінін қолына алып, сағынып қауышқан жерлестеріне салиқалы ойларын айтып, бүгінде өзі өмір сүріп жатқан әсем Алматының тұрмыс-тіршілігі жайында егжей-тегжейлі баяндап, сындарлы ұсы­ныстарын ортаға салды. Туған топырақтан нәр алып, Алматыға марқайып, ақ қарға аунаған қызыл түлкідей түлеп оралды.

 

Бір Өзі бір тау болған ардагер

Бүгінде даналық жасқа жеткен ол бал­дәурен балалық шағын да әсте ұмытпайды. Былтыр ғана ұшқан ұясы – Ақтөбедегі №6 орта мектептің 90 жылдық мерейтойына қатысып, ұжымға әдістемелік құрал-жабдық­тар, кітаптар, компьютер сыйлап, ұлағатты ұстаздар мен жасөспірім оқушы­лардың алғысына бөленді.

Сүйем жері сүйкімді, қарыс жері қасиет­ті туған топырақтың әсері ме екен, Серікбаев серіліктен де құралақан жан емес. Мұнтаздай таза киімі жіптіктей тұлғасына өте жарасымды. Сексен бес белеске шығып, сақал-мұртын ақ қырау шалса да жаратылған сәйгүліктей, тал бойында бір міні жоқ осынау адамның делебесі дуда қозатын жүйріктей шаршы топта қазақша, орысша ән шырқап тыңдаушысын тамсандыратын да өнері бар. Әсем дауысы құлақ құрышын қандырады.

Адам мен адам тіл табыса білу – қасиет, тіл табыса алмау – қасірет. Ким Серік­байұлы 2007 жылдың қыркүйек айында Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалығына келгеннен бері тонның ішкі бауындай болып қоян-қолтық араласып кеттік. Бұрын алыстан естіп, сырттай ғана білетін болсақ, енді егіздің сыңарындай әріптестік дәрежеге жеттік. Мақсатымыз – ортақ, бағытымыз – бірыңғай. Мақсаты – бір, ойы мен ойы межелес, құрбыға құрбы ешқашан тіл беземес. Міне, Ким Серік­байұлы сондай жақын жолдас.

Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің он бір төралқа мүшесі бар. К.Серікбаев қатарға қосылғалы жұмысымыз жаңа серпін алып, керегеміз кеңейіп, шаңыра­ғымыз биіктей түсті. Белгілі ертегідегі тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе деген­дей, Ким Серікбайұлының арқасында ой-пікіріміз жаңа арнаға тоғысты, нақтылық, жинақылық пайда болды. Бұл арада басқа әріптестерімді (олардың арасында өзім де бармын) кемсітіп отырған жоқпын. Олар да байқары да, айтары да бар, тәжірибелері мол, сайдың тасындай іріктелген, сен тұр, мен айтайын жампоздар. Бұл арада әскери қатаң тәртіп пен тиянақтылық мағына­сында сөз қозғап отырмын.

Мәселен, жуырда біз қалалық Ардагер­лер кеңесінің кезекті пленумында Елба­сы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласын талқыладық. Бірінші болып жарыс­сөзге шыққан Ким Серікбайұлы осынау тарихи, бағдарламалы құжаттың мән-мағынасын тереңнен толғап саралап, талдап, көсіле сөйледі. Шешен мақаладағы пайымдау­ларды тереңдетіп, жылқының алуан түрлі қасиеттерін тілге тиек етті, соны пікірлер өрбітті. Күлтеленген жалы бар, желден жүйрік жануар – жылқының отан қор­ғаушы болғанын, ту ұстап, тұлпар мінген батыр бабаларымыз жылқының арқасында осынау кең жазира байтақ даланы көз алартқан жаулардан қорғап қалғанын нақты дәлелдермен тиянақтады.

– Судың тұнығын таңдап ішетін, шөптің шүйгінін талдап қоректенетін жылқы өте  таза жануар. Ол – ақылды, жершіл, иесіне адал. Қазақ — жылқы мінезді халық, – деді сардар Серікбаев. Жиналғандар аузын ашып, көзін жұмып дегендей, ұйып тыңдады, шешеннің терең пайымдаула­рына, толағай тұжырымдарына риза болды.

«Төрге шықсаң, есік жақтағыларға қарай отыр» деген тәмсіл бар. Ким Серік­баев Медеу ауданындағы 25 мыңға тарта зейнеткердің әрқайсысының мұң-мұқта­жына зер салып, қолынан келетін көмегін аямайды. Кейбірінің үйлеріне барып, көбіне телефонмен хабарласып, бастауыш ұйымдар арқылы жай-күйін біліп отырады. «Жақсыға ісің түссе – үзігіңді жалғайды, жаманға ісің түссе – бүтініңді жалмайды» деген осы.

«Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді» деп жазылған Құран-хадисте. Ким Серікбайұлы Жаратқанның жағымды, ар-ожданы таза пендесі.

Серуен бастайтын жігіттің жары өзіне сай, керуен бастайтын жігіттің нары өзіне сай болғаны ләзім. Құдай қосып, қол ұстасқан жары Раисаның көркі ақылына сай, үріп ауызға салғандай перизаттың нәзік жүрегі ұзақ жылдар бойы туған елден жырақта шет жайлап жүргенді көтере алмады ма екен, ағайын-туыстарды сағы­нып, аңсады ма екен – денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалған. Ким Серікбайұлы дімкәс Раисасын баладай мәпелеп, уақытында тамағын беріп, кір-қоңын тазартып, түн ұйқысын төрт бөліп бағып отыр. Бұл екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Әйелсіз шаңырақ – әйнексіз үй екенін санасына сіңірген Серікбаев осындай қиындыққа да төтеп беріп отыр. Бұл да – оның адамгершілік қырларының бір парасы, көңіл терезесіне кір шалдырмай отырған ерекше қасиеті.

Ким Серікбайұлы өмірінің сексен жарым белесіне ақыл-ойы кемелденген, іскерлігі шыңдалған, көргені мен білгенін құрыштай қорытқан сергек қалпында жетіп отыр. Бойындағы бүкіл күш-қабілетін алты алаштың игілігіне бағыштаған, жұды­рықтай жүрегі ұлтым деп соққан, арына дақ түсірмеген, намысын жанып, арын аялаған ардақты азамат, Ким Серікбайұлы, тоқсанның тоғайына қарай емін-еркін, алшақтай басып жүре бер! Алдағы уақытта да мерейлі, шуақты күндерің көп болсын!

 

Қаз басып қатар жүрміз балапандай,

Жаның жомарт ашылған алақандай.

Ким бауырым, басыңнан бақ таймасын,

Басынан қар кетпейтін Алатаудай!

 

Кіршіксіз ақ тілекпен, ағаң –

Хамит БІРЖАНОВ,

Алматы қаласы Бостандық аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *