НАМЫС АРҚАЛАҒАН

8Қазақстанның ауыр атлетикасы соңғы екі  Олимпиадада (Бейжің, Лондон) «айды аспанға шығарып» әлемдік ауыр атлетика­сының төрінде тұрақтаған болатын. Ел ауыр атлетикасында Олимпиададан алтын әкелу дәстүрі қалыптасып, осы спорттағы еншіміз түгенделген болатын. Анатолий Храпатый сынды хас батырымыз  салып кеткен сара жол сайрап жатыр бүгінде. Тек көз тиді ме, саясат араласты ма, Рио Олимпиадасы қарсаңында Қазақстан ауыр атлетикасына «допинг дауы» деген бір ылаң келді. Сөйтіп, құраманың «атан сүйегі» болған Олимпиада чемпиондары, әлемнің жүлдегер­лері – бес бірдей саңлағымыз «үлкен ойындардың» құрбаны болып, додалардан шеттетілді.

Азғантай уақытта ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы қайта жасақталып, Риоға аттанды. Бас бапкер Алексей Ни «Біз екінші құраммен-ақ Олимпиада жүлделерін алып, Қазақстан ауыр атлетикасының қандай екенін көрсетеміз», – деген болатын. Айтқандай-ақ, Олимпиаданың алғашқы күндерінде Қазақстан зілтеміршілері құрама қоржынына қос қола салып, жеңіс жолын бастап берді.

Ерлер арасында алғаш жүлдені алып берген Ақтөбе облысы атынан сынға түскен 62 келі салмақтағы зілтемірші Фархад Харки. Жиырма бес жастағы «дүнген бала». Бұған дейін бірнеше рет Азия, Қазақстан чемпионы атанған.

2008 жылы Қазақстан азаматтығына қол жеткізген Фархад Лондон Олимпиадасына қосалқы құрамда барып қайтқан. Өзінің «жұлдызды сәтін» сабырмен күткен Фархад енді, міне, көпұлтты Қазақстанның ауыр атлетикадағы еншісінің бөлек екенін дәлелдеп отыр. Ұлы дала елінде бағы ашылған Фархат Харки алдағы уақытта да Қазақстаны үшін қандай ерлікке де дайын екенін айтады. Жерлестерінің жеңісін Ақтөбе жұрты да тойлап жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *