НАЙЗАҒАЙ

«Ақпарат    құралдары   кімнің  қолында?

Адалдардың   қолында   болса – ізгілік.

Арамдардың  қолында болса – зұлымдық».

Шерхан  Мұртаза.

 

Ұлт  қайраткері:  «Қазір зорақылар  бар ма? Бар.   Бар болса, қандай  құралы  бар? Құралы:  атом бомбасы  емес,  автомат та емес.  Баспасөз.  Радио. Теледидар.  Интернет. 

Осы  әрі  игілік, әрі   індет  арқылы  әлемді,  әлемдегі  адамдардың  ақыл-ой, санасын  бір оқ  шығармай  жаулап  алады» — депті. («Ататүрік. Ұлттық  рух». «Егемен  Қазақстан» 14  қазан, 1998 жыл).    Одан  саясаттың  исі  мүңкиді.  

Ал  саясат – тарихтың бел баласы. Сондықтан, кез-келген жазушы саясаттан тыс өмір сүре алмайды.

 «Өркениеттің ең маңызды міндеті – адамды ойлануға үйрету», – деп философ Эдисон Томас Алва айтқандай, ұлттық идеологияның ақыл мен жүрекке бірдей әсер ететін құдыретті саласы – журналистиканың парызы әлемге туған Отаныңның мүддесін танытудан тұрады. Халық  жазушысы  Шерхан  Мұртазаның  бүкіл  өмірі  осы  мұрат биігінен   тұрады.

Кезінде Францияның жасанды өркениетінің масқарасын шығарған ақыл-ой таразысы Жан Жак Руссо мен өркениет ойшылы Джон Локк, белгілі әлемтанушы Карл Раймунд Поппер, сондай-ақ ағартушы, жазушы Шарль Луи Монтескье мен американың атақты публицист жазушысы Бенжамин Франклиндер өз ұлтының мәдениеті мен дүниетанымын зерделей отырып, басқа елдермен терезесі тең боларлық рухани қор жинау жолында аласұрды. Мұндай тұлғалардың  қатарына кешегі Алаш тұлғаларының  бәрін жатқызуға болады. Өткен  ғасырдың  30-шы  жылдары   дүниеге  қатар    келіп,  өздерінің  қалам   құдіретімен  қоғамға  бар  қайрат-қарымымен  қызмет  еткен  қайраткерлер –   Шерхан  Мұртаза,  Қалтай  Мұхаметжанов,  Камал  Смайыловтардың Тәуелсіздігіміздің мұратты  болуы  жолындағы  еңбегі  зор  еді.  Бұлардың  үшеуі  де қазақ  баспасөзіндегі  редакторлардың  редакторлары  болды.  Ал   редакторлардың  жаңадан  бастауға  құқы  жоқ.  Олар  өздері  астықтың  өзегін  елеп  алып, оны  баспаға  беретін  газет  қызметкеріне  айналған-ды. Өздері  басшылық  еткен  баспасөзді – мемлекеттік  емес,  азаматтық  қоғамның  органына  айналдыруға  бар  тәжірибелерін  жұмсады.

Бүгін біз солардың арасынан тәуелсіздігіміздің елең-алаңында бой көтерген ерекше тұлғаға тоқтағалы отырмыз.  Қоғам  қайраткері  Шерхан  Мұртаза  тәуелсіздігіміздің алғашқы  күндерінен  қоғамдық қызметі арқылы саясатқа шақыру алды. Мемлекет басшысының алғашқы шетел сапарларында жанынан табылып, оның үнқатуларына үн қосты.  Қадірменді ұстаз Конфуцийдің: «Әлдебір билеуші мені қызметке шақырса, бір жылға дейін онда жақсы болады, ал үш жылдан соң табысқа ие болады» деген сөзіне   ұлт  қайраткері  өз іс-қимылымен жауап берді.

Мемлекет басшысының  өз командасының қатарына   халық  жазушысын шақыруы оның таным биігіне сенім білдіргендіктен туған  қапысыз  таңдау еді.

Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығындағы  ең  ғажайып  жетістігіміз – жаңа  астанамызды  айшықтау  болды.  Әлемнің  саяси  картасына  өзгеріс  әкелген  Қазақстан  астанасы  халықаралық  астаналар  қауымдастығынан  ойып тұрып  өз орнын алды.  Ол оңай емес еді.  Жаңа астанамыз  туралы  ұлт  қайраткерінің  ойы  ақылға қонымды  шықты. Шерағаң  өзінің «Астана – Қазақстан  келбеті»  атты  мақаласында («Егемен  Қазақстан», 14 сәуір, 1999 жыл)   ол туралы  жан-жақты  жазды.

«Астана енді  тек бұрынғы Қараөткелдің, Ақмола  өңірінің ғана  көрінісі  емес,  елдік  реңк  алуы  керек.

Даңғылдарынан, көшелерінен бүкіл  Қазақстанның  исі  сезіліп тұрар  болса  игі.

Сонау  жылдары Алматыда  ең биік мейманхана  салынғанда  қала басшылары: «Атын  не деп қоямыз?» — деп пікір  сұрағанда, мен: – «Оқжетпес»  деп қояық», — дедім. Ұсынысым  өтпей қалды, «Қазақстан»  деп атады. Қазақстан – мемлекет.  Мемлекет ішіндегі мемлекет  атауы келісе бермейді.

Енді Астанада  түріктер  тұрғызған  тәп-тәуір  қонақүйінің атын адам  түсініп болмайды. Тілің де  келмейді. Айталық,  оны «Хан  тәңірі»  деп атаса,  қандай  жарасар еді.

Тағы  бір ғимарат,  яки  шағын аудан  «Ақ  — Жайық», енді  біреуі – «Алтай», келесісі – «Алатау»  сияқты атаулар алса,  «Сарыарқа»  болса да бар, сонда  Қазақстан  түгел болмай ма?

Астана – қазақтың  бір-бірімен ажырамас, мәңгілік  тұтастығының  символы  болуы шарт. Символ – ұрпақтарға  үлгі»- деп өз ойын нақты  білдіріпті.

Өз ойын ашық  білдірген  ұлт қайраткері

«Мейірбанды ер ел билегенде, қызмет етуің оңай, бірақ көңіліне жағу оңай емес. Жолымен жүрмей жаққың келсе, оған ұнамайсың. Адамдарға ол басшылық жасаған кезде, әрқайсысының өнеріне қарап алады.

Кіші адам билік еткенде қызмет ету қиын, бірақ оның көңіліне жағу оңай. Оның көңіліне жолымен жүрмей-ақ жағуға болады. Ол адамдарды басқарғанда, талғампаз келеді», – депті ұлы ұстаз  Конфуций.

Мемлекет басшысы қытай данышпанының барлық талабына жауап беретін жазушы тұлғасының бойынан елде жол болса, ісі мен сөзінде тура болатынын, егер жол болмаса, ісіне тура, сөзіне сақ болатынын байқағанын көреміз.

Журналистика –  қаламгерлерді   қашан да   саяси қайраткер дәрежесіне дейін тәрбиелеген. Ол жолдан дұрыс дәріс алған жазушы «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп еркін ойлы іс-әрекетімен деспотизмге жаны қарсы бола отырып, елінің ой-арманын бір сәтке де есінен шығармай, үнемі болашақ мұрат үшін күресе білген. Жазушы-журналист  Шерхан  Мұртазаның  «Намыс  найзағайы»   таңдамалы  жинағындағы қайраткерлік талғамы  мен ой-толғаныстарын, сұхбаттар мен жолжазбаларын оқи отырып, оның өз ұлтының жапа шегіп жүргенін көзімен көріп, жүрген ортасында ол туралы ашық айтып, қандастарының өз бет-бітімін, болмысын сақтап қалуын, өзін-өзі билеп, ел болып қалыптасуын қалағанын байқайсың. Бұл орайда ол өз ойын ашық айта да білген, баспа жүзінде жаза да білген ұлт қайраткері. Қайраткердің  өз  дәуірінен  кейін де  оқуға  сұранып  тұратын осы  еңбегін   орта  мектептерде  тәрбие  сағатында  оқылуын  талап  еткеніміз де  дұрыс  па  деп  қаласың. Бүгінгі  газет,  кітап  оқылмайтын   қоғамда,  мұның  өзі  дәуір  үніне  үн  қосуға  шақыратын бастама  болар  еді.

Біз әлемдік саяси картадан өз орнын  айқындап,  әлемдік  қауымдастықпен саяси-әлеуметтік  интеграцияға   түскен  жас мемлекетпіз. Сондықтан, еліміз үшін әрбір ақыл-ой иесінің өз орны бар.

Кезінде Францияның атақты президенті Шарль де Голль жазушы Мальроға: «Қымбаттым, елдің саяси жағын мен мойныма алайын. Мемлекет қауіпсіздігі туралы мен ойланайын, дипломат та мен болайын. Ал сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына атсалыс. Басқа ел ең алдымен, Францияның мәдениетін, өнерін сыйлайды. Егер мәдениетімізді жойып алсақ, онда біз жай әншейін қатардағы бір елсымақ боламыз да қаламыз», – деген екен. Бұл кез, әрине, Францияның ғасырлар бойы қалыптасқан, Үндіқытай мен Солтүстік Африкаға   қазығын қағып, әбден толысқан кезі-тін. Біздің жағдайымызда ол бір басқа.

Тәуелсіздігімізді жариялаған жылдары өзіміз конституциясын үлгі тұтқан  француздардың  сол   іс-тәжірибесін өнеге тұта алмадық. Сол тұста қазақтың  ел болғанын мойындап,  балаларын  қазақ  тілді  білім  беретін  оқу  орындарында  оқытып,   сәбилерін   ұлттық  балалар бақшасына    беріп жатқанда, енді  шешімі  табылған істі  өзіміз күрделендіріп  жібердік. Бүгінде қазақтың электрондық  масс медиасында қызмет атқарып,  көгілдір  экрандарда дикторлық  қызмет  етіп жүргендердің бәрі сол тұста қазақ  мектептерінде білім алғандар болатын. Бертінде «сен ұйғырсың,  сен неміссің,  сен орыссың,  сен грексің, сен  күртсің»-деп олар  талап етпесе де,  бір-бір  мәдени  орталық  ашып беріп,  жанымыздан   алыстатып,   үркітіп алдық. Бұл ой да Шерағаңды  қатты ойландырған іс болатын.

Жаһандану  дегеніміз  не? Ол – мәдениеттер   соғысы,  идеологиялар  соғысы. Мұнда  да  біздің  жеңісіміздің  үлесі   жоқ.  Тағы бір ойландырар мәселе туралы айтпасқа болмас.  Франция өткен ғасырдың 80-шы жылдары   «Ықшам мәдениет» атты тұжырым қабылдап, сол елдегі  сырттан ағылып келген иммигранттарға  төл мәдениеттерін, тілін, дәстүр-салтын дамыту үшін  қоғамдық  ұйымдар құруға кеңінен жол ашып берді.  Араға уақыт салып, Франция президенті  Жискар де Эстен мемлекет үшін қауіпті саналатын   бұл  үргедек,  ұшқары шешімнің  күшін жоятын жарлық шығарды.  Мұны  Франция президенті: «Түрлі  мәдениеттер үшін  француздың қалыптасқан дәстүрлі   ұлттық  мәдениетінен бас тартып, ұсақ мәдениеттерге  бөлінуге  тура келді. Ал  ол   өліммен бірдей еді»- деп  түсіндірді.

Қазақ халқы ұлы болмаса, даналарымыздың ғұламаларымыздың кіндіктері тереңде жатпаса, ғайыптан ештеңе өнбейтіні  белгілі. Ұлыларымыз өзінің кең байтақ даласынан, тамыры терең елінен тәлім-тәрбие алғандығынан, текті рухының алға бастауынан, қанына біткен намысшылдығынан халқымыздың даналарының қатарында мәңгілікке қалғаны анық.

Жаншылып, езіліп қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын ояту қажеттігін Алаш арыстары үнемі ұран етіп көтеріп келді. Ұлт қайраткерлерінің осы шақырулары ұлттың идентификациялық кодына айналды. Себебі, ұлт ісі үшін жанып тұратын ата-баба антына адалдық таныту қанымызда бар қасиет еді.

Себебі, біз Римнің қайыс қақпасын ат үстінде тік тұрып, қамшының ұшымен қаққан Еділ патшаның, Кремльдің ағаш керегелерін отқа жағып, бойын жылытқан Тоқтамыс ханның, ежелгі Русь қосындарымен қатар тұрып, Наполеонды Парижге дейін түре қуып, шөліркеген атын Сена өзеніне суарған байырғы ержүрек ұлттың ұрпағымыз. Осыны кім жеріне жеткізіп айтуы керек?!   Егер осыны қазақтың байырғы тарихы мен әдебиетінің білгірі айтса, нанымды болар еді. Оған  Шерағаңның дарыны мен кесек  білім-бітігі толықтай жауап бере алды.   Елбасымыздың халық жазушысының ой үдесінен шығатынына сенім білдіріп,  оны  ең  шешімі  күрделі   салаға,   ұлттың  рухани   менталитетіне   төңкеріс  жасауға   жібергеніне  тағы да таң қаласың!

Бас  редактор  ретінде оның  басты ерекшелігі – батылдығы. Ескі қоғамның  тігісі  сөгілмеген қасаң тұста «Социалистік  Қазақстан»  газетінің  атын «Егеменді  Қазақстан»  деп өзгертуге бастамашыл болып, ол  идеясын Мемлекет  басшысы  алдында  мақұлдатуын ұмытпағанымыз  абзал. Ұлт  қайраткерінің  алысты  болжаған  осы  бастамасына  қарсылық  білдіргендер де  болмай  қалғанын  енді  біліп  отырмыз. Шерағаң  ол туралы «Талаптының  тоқпағы  тасқа  шеге  қағады»  атты мақаласында: «Осыдан  он жыл бұрын  Қазақстан  өзгеге  бодан  болудан  құтылып,  тәуелсіздікке,  бостандыққа,  егемендікке  қолы  жетті. «Егемен  болмай ел болмас,  етектен кесіп  жең болмас»  деп еді баяғыда  көреген бабамыз. Осы   төл сөзді  біздің  кейбір  зиялыларымыз  жатырқап  жүрді…» дейді. Бұған  Уольтер  Давенпорттың: «Баспагер  дегеніміз – өзіне не  қажет  екенін  нақты  білетін, бірақ оған  түпкілікті  сенімді  адам» деген  ойын   қоссақ  болғаны.  Баспасөз  еркіндігінің  мұраты – ақиқат пен  еркіндік. Ақиқат  тұлғаланған  ортада  әділдіктің  заңғарланатынын  ол  біліп  айтқан.

Сөзі  дана, ісі  ізгі, кемел  кісіні  әрдайым парасатты  адамдар  құшақ  жая  қарсы  алады,  олар  онымен  тіл  табысу  жолдарын  іздейді.  Бірақ  өмір  ағысы  бір сызықтың  бойымен  жүрмейтіні  іспетті,  оның да   бұралаңы  болады. Ұранға  бағынған  заман  емес пе?  Қоғамдық  ақыл-ой – жалпыдан  ортақ  шаруадан  тысқары,  ешкімнің  жеке мәселесі  болмайтын  кезеңде көтерілген  лозунгының  ұшынып тұрған   тұсында  Шерағаң  артық  әңгіменің  құлы  болғысы  келмеді. Осы  қарқынмен  қоғамдық  өмірдің барлық салаларына  батыл араласты. Өткір және  тайғанақ  саясат  шығармашылық  интеллигенцияның  ең белсенді тобын – жазушыларды,  журналистерді, философтарды және барлық  ақыл-ой иелерін жеке  қалдыруға тырысқанын  да  әшкере  ете  білді.  Сөйтіп,  бұл  ортадағы  жұмыс  алгоритмін  сақтаудың  мазмұнының  бұзылмауына  ықпал етті. Осылайша,  фрустрация – (алдау, арбау, ақыл-ойды  паршалау)  құшағында  селқостық  әбден меңдеген  қауымның  әлеуметтік  қозғалыстарға  белсене қатысуға  зауқын  ашып берді. Бұл  ретте  журналист-жазушының  «Бюрократияның  айнасы»  мақаласынан  қоғамдағы  келеңсіз  кертартпалықты бірден  көресің.

Қоғамды  ілгері  сүйрейтін шенеуніктердің  сан-қилы  айла-қитұрқысынан  адамдардың  әбден  шаршағанын көрсеткен  қайраткер  олардың  сатылана  келе  «кіші  фюрерлерге»  айналып  бара  жатқаны  туралы  ой  қозғады.

Халықаралық  қауымдастықтың назарын Қазақ  еліне  аударуға қызмет етті

Қазақ декорациялық ұлт емес. Бізге лидерлік қасиет тән. Көсемдік, көш бастайтын батылдық қазақтың қанында бар қасиеті.

Адамда жеке тұлғалық қасиеттер шығармашылықпен үндесуі шартты ұғым. Ондай болмаған жағдайда синтетикалық, қосынды ұлтқа айналып кететінімізді әркез есте ұстағанымыз абзал. Шүкір, біз әзірге ондай қауіптен аулақпыз. Түркі әлемінің қатарындағы қазақ халқының өз даму тарихы бар. Адамзатты тебірентер көнеден келе жатқан мәдениеті бар.

Қазақ елінің қайраткерлеріне өз халқының ой тебіренісін бұлжытпай танып, тереңдете түсуге батыл ұмтылыс жасайтын кезең туғанын   Шерағаң дер кезінде көтере білді. Осы мақсатта түрлі конференцияларда, іргелі басқосуларда ұлт мүддесін қорғап, халықаралық қауымдастықтың назарын Қазақ еліне аударуға қызмет етті.

Бүгінгі жаңа ұрпақ «Біз Қазақстандықпыз!» деген сөзді ұлттық ар-ұждан сезімі іспетті айтудан арланбауы тиіс.

Қазақ халқы «қазақ» деп аталғаннан бері өз жерін қорғау үшін соғыспаса, өзгелердің    жерін басып алу мақсатында соғыстар жүргізбеген және  өз  аумағынан  өзге  елге  ұлтарақтай  жер  бөліп  орналастырмаған. Ғылымымызды  да,  әдебиетімізді  де  өз  бетімізше  құрған  елміз.  Ал оны жазушы-журналист, ұлт қайраткері әлемдік ой-түзіммен салыстыра отырып, талдап береді. «…Ғылымның  әлі  әлжуаз  әлсіздігінен  Байқоңырдан   айырылдық.  Оның  тілін  білетін  ғалымдар, мамандар  бізде  жоқ болып  шықты.   Амалсыз  Ресейге  жалға  бердік.  Тәуелсіз  Қазақстан  мемлекетінің  қақ  ортасында,  сөйтіп,  бөтен мемлекет  отыр.

Академия  көп, академиктер  көп.  Ғылым … шөп жеп, жем жеп,  сүт бермейтін сиыр сияқты.

Шын  турашылдық  қыңырлыққа  ұқсайды» – деген  ертеде  бір  ұлы  данышпан.

Менің  бұл  жазып отырғаным  кейбіреулердің  көңіліне келіп, намысына тиюі  ықтимал. Тисе – тисін.

Көшеде  бір ғалым  мені тоқтатып алып:

–Таяқ  лақтырсаң – жазушы мен  ақынға тиеді. Қайда сонда  Толстой мен  Пушкиндер  деуі мүмкін. Оныкі  де  жөн.

Осының  бәрі өренің  әлі  төмендігінен. Талаптың  таяздығынан. Мақтансүйер  желбуаздықтан.  Бірімізді  біріміз өтірік мақтағанда  алдымызға  жан салмаймыз. Құдай  басқа  салмасын,  даттағанда да оңдырмаймыз…» дейді.Бұны бірліктің, патриотизмге шақырудың жанкешті үлгісі демеске амалың жоқ. Ол және еліміздің кешегі, бүгінгі тарихына толайым жауап береді.

Кез келген  мәселенің  құпиясын  шешу  сұрақ  белгісінен  тұрады. Ұлт  қайраткерінің  бұл  жолда  сұрақтары   нөпір. Ол  бұл   мақсатта  шындық – ақыл-ойдың  ең  жоғарғы сатысы  деген  тәмсілге  жүгінеді. Осы  орайда  қоғамды  жайлап  алған   ең  ашудас  тақырыптарға  қалам  сермейді. Көтерген  тақырыбының  көлеңкесінде  «туннельдік   ойлау»   жүйесі  жоқ.    Адамзатқа  не  себепті  көз,  құлақ,  тіл берілген. Мәселен, екі  көзбен  көріп,  қос құлақпен  естіген  дүниені  бір тіл жарық  дүниеге  сөз  етіп  таратады. Бұл  жерде сөз бен  жауын  бірдей.  Ал  бұл  жолда    енжарлық пен селқостыққа  жол  жоқ. Тіл мәселесі әсіресе, атқарушы билік пен бұқараның арасында әлі де қайшылықтар тудырып отыр.  Бұл  ортада қоғам  анорексия  мен  депрессиядан  зардап  шегуде.   Оған қарап отыруға бола ма? Идеология – тіл. Идеология майданында кадр ұлтына қарап емес, іскерлік қабілетіне қарай таңдалуы керек. Тіл білмей тұрып, баға беріп, іс білмей тұрып өнер басқаруда мәдениеттің көсегесін қалай көгертеміз. Бүгінгі таңда республикалық идеологиялық ведомстволардың, шығармашылық ұйымдарының бірінші басшыларының басым көпшілігі өз орнында отырған жоқ деп санайды қарымды  қаламгер. Ал  сөз  соққандардың  көсемге  айналып кету  метаморфозасынан  көпшілікті  сақтануға шақыруы да қайраткерге  тән қасиет.

Тілдің кешегісі мен  ертеңі – тұнып тұрған тарих.  Ол еліміздің,  дархан  даламыздың  тарихы.  Елінің  жүріп өткен жолын,  бүгіні мен  ертеңін  білгісі  келген  адам – ана тілі мен  қатар мемлекеттік  тілді де меңгеруге  міндетті.

Тіл, мәдениет, дін мәселесі қазақ үшін қазір де өте күрделі болып тұр.  Алайда  мемлекет құрушы ұлт мемлекеттегі басқа ұлттарды тілімізге қарай бейімделуіне  шақыруына  көңіл  толады.  Сөзі  дәлелді.  Назар  аударайық:  «Өткен  айдың  20-сы  күні Парламентте Сенат пен  Мәжілістің  бірлескен  отырысы  болды.  Сонда  Мәжіліс,  мәслихат  депутаттары  қазақ  тілінен тестілеуден, яғни сынақтан  өтсін, деп  ұсыныс  жасады. Бұл ұсыныс өтпеді.

Осы  толғақты  түйінді  шешуге  депутат  А. Айталы тағы да  қойды.  Төраға  Жармахан   Тұяқбай дерутат  А. Айталының  ұсынысын  дауысқа  салды. Нәтижесі:  Сенаттың 30 депутаты қатысыпты. Жақтағаны – 8, қалыс  қалғандары –2, қарсылары – 20.

Мәжіліске  65 депутат қатысты.  Жақтағандар – 25, Қарсылар – 40.

Сөйтіп  бұл тартыста  мемлекеттік  тіл деп  жүрген  қазақ тіліміз  күйреп жеңілді.

Сонда  бұл  қандай  мемлекеттік тіл?

Кезінде  Парламент  өзі қазақ тілі – мемлекеттік тіл  деп  жазса, енді келіп сол Парламент  қазақ тілі мемлекеттік тіл деп  мойындамай  отырғаны қалай?

Парламент  болғанда  барлығы  түгел емес,  басым  көпшілігі қазақ  тілін  мойындамады, тіпті  менсінбеді.

Парламенттің  екі палата біріккен  жиналысында  анда-санда  некен-саяқ  бірен  сараны  болмаса,  сөйлегендерінің  бәрі дерлік  орысша сарнайды.

Бұл заң  шығарып  отырған  Парламенттегі  көрініс.  Ал мәртебесі  асқақ  басқа мекемелердегі  жағдай  қандай? Заң  шығарушы  Парламент  әлгіндей  болғанда, заңды  орындаушы  Үкімет  Парламентке заң  жобасын  дайындап,  ұсынады.  Орысшадан  кейін  қазақшаға  аударылған  болады.

Президент  кеңесіндегі  тілге  байланысты  көрініс те  осы  шамалас. Сонда  министрліктер,  агенттіктер  қайда  бармақ?…

Қазақ  тіліне  қарсы  дауыс  бергендердің  тізіміне  қарап отырып,  бұл  депутаттардың  дидарынан  түңілетін бір жағдай: ұлты қазақ еместерге  өкпе-наз  айтып қайтейік, осы  тізімдегі  мүйіздері  қарағайдай-қарағайдай  қазақ  азаматтарының есімдерін  көргенде  төбе  шашың   тік  тұрғандай.

Апырай,  нардай-нардай  азаматтар  өз  Ана  тілін  талақ етсе,  бізде  ұлттық  қасиет  қайғы-қасіретке  шыннан  ұшыраған  екен-ау.

Қазақ  тілінің   қадір-қасиетін  бір білсе  әлі де  болса ауыл біледі-ау.  Ал  әлгі  қарсылар  тізімінен  «Ауыл» партиясы  көсемінің  аты-жөнін  көргенде  жағаңды  ұстамасқа  амалың  қалмас…»-депті  ұлт қайраткері  Шерхан  Мұртаза   өзінің «Өз  үйіңдегі  өгей  ұл»  атты мақаласында. («Егемен  Қазақстан». 5 наурық, 2004 жыл).

Мемлекеттік тілді меңгеру – қазақтарды айтпағанда, барлық диаспоралар мен этностық топтар өкілдерінің де парызы. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мәселен, «Француз ұлты» ұғымының астарында екі түсінік қалыптасқан. Алғашқысының саяси мәні – ол француз қоғамы деген ойды қозғаса, этномәдени мәні – француз тілі, мәдениеті барша Францияда тұратын ұлттар мен ұлыстарға міндетті қағида. Онсыз күнкөріс жоқ. Бұл – қажеттілік! Мұндай мысалдар көп. Балкан түбегіндегі бар-жоғы 2 миллион халқы бар  Словенияның өз тәуелсіздігін жариялаған кездегі ең алғашқы заңы – Словенияның азаматы болу үшін – словен тілін білу керек болған. Қазір Словения өз аумағында тұратын барлық ұлттарды бір тудың, бір тілдің астына тіл  арқылы  топтастырып отыр.  Балкан  түбегінде  талай  жылдар  бойы  біртұтас  мемлекет  болып  қалыптасқан   ел  ту-талақайға  түскенде Словенияны  дербес  мемлекет  ретінде  алып  шыққан   да  сол  мемлекеттік  тілі  еді.      Содан  бері  халықтың өз еліне деген,  өз  тілдеріне  деген  патриотизмі мықты.

Ұлттың бойына Отансүйгіштік қасиетті сіңдіруді   қайраткердің тілден бастағаны оның мемлекетшілдігін көрсетеді. Дәл бүгін бізге Отан үшін жанпида әрекетіне баруды батыл насихаттай беру керек. «Бұл – қазақ мемлекеті» деп ашық жазатын кез келді. Бүгінгі ұрпаққа Отан өзі, өзі Отан екенін сіңіре бергенде ғана ұтарымыз хақ. Оларды киелі ойларға табындыру керек. Өз халқын сүюден патриотизм туындайды.

Өмірдің негізгі саласындағы аса күрделі және маңызды мәселелерді аса білгірлікпен озық әрі пәрменді жүргізудің жолдарын көрсетуден таңбағанда ғана біз ілгері басамыз.

Ал ілгері басқан ісіміз бен қол жеткен табыстарымызды насихаттау қай басылымның болса да міндеті. Алайда, қит еткен шалыс кемшілікті плюрализмнің азуына салып беру ұтыс әкелмесі анық. Ұлылықты қорлау қылмысы нақты ажыратылмаған болса,   мұның өзі – басқарудың деспотизмге айналуына жеткілікті жағдай тудырады.

Қоғамды  сауықтыру үшін  бағытталған сөз  қашан да пайдалы.  Бір-бірін  қорғап, жыртығын бірлесе жамамаған  қоғамның құрылымы  іштей сетінеп,  оның  түбі  ыдырауға алып  келетіні айқын. Қоғам кірпіш сияқты.  Олар бірін-бірі  ұстап тұрмаса, арасына жарқыншақ түседі.  Мұндай да қоғам естір сөз керек. Ал халық  тарапынан қолдау таппаған  сөз зиянды.  Сөйлеу қажет болған жерде үнсіз қалмай сөйлеген абзал.  Ақиқат аяққа тапталып жатқан жерде  үндемеу азаматтық сатқындық. Қоғамда қолмен жасалған шабуылға қарсылық көрсетіліп, тойтарыс беріліп жатады.  Ал тілмен  жасалған шабуылға көбінесе қарсылық білдірілмейді.  Біз осы үнсіздігімізбен  әлемде кейбір елдердің  бірімен-бірі қақтығысып жатқанын білмейміз. Сөзбен жасалған шабуылдарды байқау  және одан  туындайтын кесапатты  оңалту  өте қымбатқа түсетінін ескермейміз.  Сенімділік ішінде өмір сүрудің  басты шарттарының бірі –  басқаға сөзбен немесе іспен кесір тигізбеу. Ал  айтқаным  болмады  екен  деп,  шерулетуге  тағы  жол  жоқ,  бәрі  заң  аясында  және   онымен  бейбіт  түрде  күресу.  Шерағаң  осыған  үндейді.

 

Жазушының  жан  дауысы

 

Журналистика  ежелден   қоғамды  өрге  сүйрейтін  жауынгер  сипатында   болған.  Оның   жіберген  қателіктері   ешуақытта    кешірілмеген.  Қағазға  түскен  сияның  өзіне  ең  жоғары  биліктің  өзі  құрмет  көрсеткен.  Ертедегі   Қытай  заңдары императорға құрмет көрсетпеген кез-келген адамды өлім жазасына кеседі екен. Заң құрмет көрсетпеудің неден тұратындығын  еш жерде анықтап бермеген, сондықтан да кез-келген әрекет кез-келген адамның өмірін қиып жіберуге немесе кез-келген отбасын жоқ қылып жіберуге сылтау болып табылатын   болған.

Бірде сарай газетін ұйымдастыру міндеті жүктелген екі адам, бір оқиғаның мазмұнын   тәптіштеп   хабарлау   барысында  болмашы  жалған нәрселер қосып жіберген көрінеді.  Ал  халықтың  көзі  түсетін үнжарияда   болмашы  деген қателік  жіберілмеуі  тиіс.  Сол үшін  жауапты  редакторлар  сарайға (билікке. авт.) қарайтын    газетте өтірік айтты, демек, олар сарайға құрметпен қарамады деген айыппен, өлім жазасына кесіліпті. Бір ханзада, патшаның қызыл сиямен қол қойған құжаттарына байқамай бірнеше белгі соққаны үшін «императорға құрмет көрсетпеушілік» деп айыпталып, ол да өзінің бүкіл әулетімен бірге қатал қуғынға ұшыраған. Ал бұл кей елдерде билеушіні жолынан, ал мемлекетті – оның қуатының бір бөлігінен айыру деген ұғымға жатқызылған.

Бізде ше? Мемлекеттің байыпты саясатын жүргізеді деген «Казахстанская правда» газетінің өзі сан-қилы жағымсыз әрекеттерге баратынын қайда  қоямыз?   Сол  тұстары  «Қос тіл білетін алаяқтар» деп жалпы қауымды  балағаттауға «Казахстанская правданың» қалай дәті барды?  Жалпы,  «Казахстанская правда» газеті өзге өлкедегі әлдеқалай кооперативтік қоғамның газеті емес, Қазақстан Орталық партия комитетінің органы емес пе? Аңғармай сөйлеу мен жамандық ойлау арасындағы бұл әрекет шын мәніндегі ұлылықты қорлау емес пе,  еді?  Оған  әйт,  деген  жан  болмады…

Ұлы гуманист Махатма Ганди: «…Адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырыпты. Олар: принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық».

Осыдан сабақ алған   қайраткер дінге тым бас-көзі жоқ беріліп кетпей, ұлтының   ғылымға, өнерге, өркениетке ұмтылу жағына көбірек көңіл бөлуін жақтайды әрі осы жолдағы ойын халықтың санасына жеткізуге тырысады.

Бұл жерде халық жазушысының ең іргелі ұстанымдарының бірі – оның моральдық зияткерлігі (интеллектуализмі) болса керек. Моральдық зияткерлікке   игілік пен даналықты теңестіру, яғни, барлық өнегелік қателер білімнің жетіспеуінен туындап жатыр дегенге саяды.

Жер бетінде жұмақ орнату туралы, ең жақсы сөздердің өзі, жерді тозаққа айналдырып жіберуі мүмкін. Тіпті ол кейбір мемлекеттерді есінен адастыруда.   Бұл әсіресе, дінге байланысты. Сондықтан оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Мәселен,  кезінде  Кения мемлекетінің президенті Жомо Кениатта өз мемлекетінің басына түскен ауыр халді былайша түсіндіреді: «Батыстың адамдары Кенияға келгенде қолдарында Інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Біздің көзімізді байлап, шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда алақанымызда Інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз қалыпты». Міне, осыдан-ақ,  діннің   көзбайлау    арқылы  қиратушылық күшке  ие  екенін  көреміз. Жер  мәселесі  айналасында  Парламентте  де  үлкен  дау  болды. Жер  сатылсын  деген  бір ауыз  сөздің  шығуы,  өзгелерге  еліміздегі  ең  шұрайлы   жерлерді      қарпып    қалуға    жаппай    жол  ашып  беретін  еді.  Шерағаң  сияқты  ұлт  қайраткерінің  ол  заңға  қарсы  шығуы көпшілікті  көтеріп  жіберді.

Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста руханият жағынан құлазып қалған біздің өлкемізге де Америка мен Еуропадан, Үндістан мен   Оңтүстік Кореядан түрлі бағыттағы миссионерлер ағылып келіп жатты. Кейін  оның  зардабын  тартып, соңында қалған күл-қоқыстан әлі тазармай отырмыз.

Әрбір саяси қоғамның басына Құдайды қоюдың бір өзінен – қанша халық болса, сонша Құдай бар деген ұғым қалыптасты. Бір-біріне жат және ата жау екі халық бір қожайынды ұзақ уақыт мойындай алмауы әсерінен бір-бірімен ұрысқа түсуі жиі орын алу мысалдары көп кездесті. Осы ұлттық бөліністен көпқұдайлық, одан теологиялық және азаматтық төзімсіздік келіп шықты. Әлбетте, Құдай біреу. Бірақ оған баратын жол әртүрлі.

Пұтқа табынушылық тұсында әрбір мемлекеттің өзіндік діні мен өз Құдайлары болған кезде ешқандай діни соғыстар болмаған. Себебі, әрбір мемлекет өзінің дініне, сондай-ақ өз басқаруына ие бола отырып, өз заңдарынан Құдайларын бөлген емес.

Қазақ    Құдайдың бірлігін әлдеқашан мойындаған халық. VII ғасырдағы Орхон   жазуында  “Көк   Тәңір, аспанда сен болсаң, табанымның астында Жер болса, Көк түрік ешкімнен қорлық көрмейді» деген жазу барын   білетін Шерағаң Құранда отбасы, мемлекет жайлы саясат жүргізудің қамтылғанын    алға тартты.  Ұлт  қайраткері  осы  ойынан  өмірінің  соңына  дейін  айныған  емес.

Кез  келген дін өзін ұсынған мемлекеттің заңдарымен тығыз байланысты.   Халықты өз дініне қарату үшін, оны құлдыққа түсіруден басқа әдіс, жаулап алушылардан басқа миссия жоқ.   Шерағаң бұл бағытта ойшыл, өзіндік байламы бар.  Ислам діні өзінен бұрынғы діннің ең құндысы. Біздің ар тазалығымыз 7 қабатта.

ХІХ ғасырдың атақты педагогы Песталоцци: «Адам баласы үш қабатты үйде тұрған отбасы сықылды. Жоғарғысында – жақсы жайда аз халық тұрады, ортасында, әсіресе, ең астыңғы қабатында халықтың көпшілігі тұрады… Әттең, осы астыңғы қараңғы қабаттағы халықтың көзін ашатын шара болып, соған бар күшімді жұмсасам, арманым болмас еді» депті. Шерағаңның да бар арманы осыған саяды.

Бүгінде исламды жау ретінде көрсетушілер бар. Ислам ешбір елге, дінге дұшпандығы жоқ, ол қашанда бейбіт өмірді жақтайды. Коммунизм жойылған соң кейбір орталар исламды жаңа дұшпан ретінде көре бастады. Бұлар демократия, даму жолындағы басқа да бүкіл адамзат мәдениеті қолданып жүрген исламды қорлауда.

Бір Аллаһқа    сену адамзаттың көзқарасын күнделікті тіршіліктің шеңберінен кеңірек кеңістікке жетелейді, адамзатты құрметтеуге, жаппай халыққа еркін өмір сүру заңдылықтарын мойындауға жеткізеді.

Модернизм адамзатқа көптеген табыс алып келді, бірақ Аллаһты естен шығарды. Осыдан келіп, жауыздық, террор кең қанат жайды. Бүгінгі таңда адамзатты алалау, мейірімсіздік, қырып-жою шаршатып отыр, сондықтан қазіргі әлем ислам дінінің ең асыл құндылықтарына зәру.

Исламда хаһтың барлық сипаттарының ішінде оның рахман мен рахим (кешірім мен мейірім) сипаттары басты назарда ұсталады. Демек, ислам атымен жасалған  тар өрісті, қорқыныш тудыратын нәрсенің бәрі исламға жат.

Халық жазушысының исламға сыйластық пен сенімділік тудыру қажеттігі жөнінде Бүкіл ислам әлемінің бірлігі Конгресінде  қабылданған  мазмұн  осыған  меңзейді.

Тасқа  басылған жазу  ешқашан  өшпек  емес,  оның  рахатын  келешек  буын  әлі  көретін  болады. Халық  жазушысы,  ұлт  қайраткерін ұмытпауда  әлі мемлекеттік  мәртебе  берілген  жоқ. Қайраткерді  еске  алып  жүру  үшін  почта маркілерін  шығарып,  әдеби  оқулар  өткізіп  тұру    абзал болар  еді.

Орта  ғасырдағы Шығыстың  атақты  шайыры Руми: «Ұлы  адамдардың  бейітін  жер  бетінен  іздемеңдер, олар өз  халқының  жүрегіне  жерленеді» депті. Ұлт  қайраткері  Шерхан  Мұртаза  да  өз  халқының  жүрегіне  жерленетін  ұлт тұлғасы.

Әдеби  ортада  беделді  сыйлықтар  бар. Өз  Үкіметіміз  белгілеген  мәртебелі  сыйлықтардан  Шерағаң қалыс  қалған  емес. Алайда  жыл сайын  журналистер мен  жазушыларға  берілетін  Пулитцер  сыйлығы мен  Ұлттық  кітап сыйлығының  жазушыға   неге  берілмегеніне  таңқаламыз?

Жалпы,    ұлт қайраткері   Шерхан  Мұртазаның бүкіл шығармасы    «Қазақ халқы бай-қуатты,  ұлтшыл болуы үшін не істеуі керек?»- деген сұраққа жауап береді.

Ермек     ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *