НӘУБЕТ

американдық тарихшы Сара Камеронның «THE HUNRGY STEPPE» атты кітабымен танысқаннан кейін туындаған ойлар

«Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыс­тар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұр­ғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қу­ғын-сүргіндер аз болмаған. Бұны ұмы­туға хақымыз жоқ». 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ

 

Ашаршылықты зерттеуге 10 жыл Өмірін арнапты

Өткен жыл аяғында АҚШ-та американдық тарихшы Сара Камеронның «The Hungry Steppe», яғни «Ашыққан Дала» атты Қазақстандағы ашаршылық туралы кітабы жарық көрді. Осы ақпарат тарасымен біз кітап авторын интернет арқылы тауып алып байланысқа шықтық. 41 жастағы тарих ғылымының докторы Сара Камерон Мэриланд университетінің оқытушысы екен. Орысшасы кәдімгідей. Қазақшасы да бар көрінеді. Біз одан кітабын жіберуді сұрадық. Жаңа жыл өтісімен кітап біздің қолымызға тиді. Жас тарихшы Қазақстанда отызыншы жылдарда орын алған ашаршылықты зерттеуге 10 жыл өмірін арнапты. Соның екі жылын Ресей мен Қазақстанда өткізіп, осы екі елдегі 15 мемлекеттік архив материалдарын ақта­рыпты. Нәтижесінде Қазақстандағы алапат ашар­шылықтың шығу себептерін, салдарларын жан-жақты көрсеткен 277 беттік көлемді монография жазған. Біз американдық тарихшының мәтініне қиянат жасамау үшін қазақшасымен қатар ағылшынша түпнұсқасын да қоса беріп отыруды жөн көрдік. Монография көш­пенділер тұрмысына шағын шолудан кейін, Голоще­киннің Қазақ­станға бірінші хатшы болып келуінен және оның Сталин­мен келісе отырып, республикада «Кіші Октябрь» өткізуге кірісуінен басталады. Бұл науқан, яғни «Бірінші бесжыл­дық» 1928 жылы 700 ірі байды кәмпескелеп жер аударумен басталып, бес жыл ішінде көшпелі қазақты түгел колхоздастырып, отырықшылыққа өткізумен аяқталуға тиіс еді. Сөйтіп, Сталиннің жеке нұсқауы бойынша социа­лизм құруға кедергі «бай-құлақтар тап ретінде жойылып», «ішкі жаулардан» құлан-таза айыққан Қазақстан ком­мунизм құруға құлшына кірісуге тиіс еді. Бірақ А.Байтұр­сынов бастаған алаш азаматтары мыңдаған жылдық дәстүрі бар көшпелі тұрмысты табан астында отырық­шыландыруға атойлап қарсы шықты. Қазақтың шөл және шөлейт даласын игерудің жалғыз жолы көшпелі мал шаруашылығы екенін Швецов пен Рыбников тәрізді ғалымдар да дәлелдеп бақты. Қыршын жас Оқу-ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов республи­калық бас газетте Голощекинге бас салды. Асығыстық апатқа алып барарын болжап, көшпелілерді отырықшыландыруға біртіндеп кірісу керек деді. Голощекин өз орынбасары екінші хатшы Сұлтанбек Қожановты қызметтен алды. Оның орнына Мәскеуден Н.Ежовты әкеліп отырғызды. Н.Ежовтың кім екені белгілі. Голощекин қазақтың төбе шашын тік тұрғыз­ған «кәмпеске» мәселесін 1927 жылы қарашада Қызыл­ордада өткен Қазақстан Компартиясының 6 съезіне салды. Өзі 7 сағат сөйледі. Одан кейін сөз алған 27 жастағы Смағұл Сәдуақасов: «Мен жолдас Голощекин пікірімен келіспеймін!», —  деп бастады сөзін. Осы съездің ізін суытпай С.Сәдуақасов «Большевик» журналында Голощекиннің ұрда-жық ұлт саясатын тас-талқан сынады. Голощекин оны дереу Оқу-ағарту комиссары қызметінен түсірді. Сөйтіп, Голощекин партия қатарын ұлт кадр­ларынан тазартты. Байтұрсы­нов бастаған топты түрмеге тықты. Смағұл Сәдуақа­совты Мәскеуге оқуға «жіберді». Жап-жас Смағұл Сәдуақасов Мәскеу ауруханасында 1933 жылы 33 жасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қысқа ғұмыры аққан жұлдыздай болған осынау тұлға туралы Каме­рон тебірене жазады. 1928 жыл. Сонымен, Голощекин Қазақстанда «Кіші Октябрьді» бастады.

«The assault on nomadіc lіfe began agaіnst Kazakh elіtes іn 1928». Автор кітабының «Қоршауда қалған көш­пен­ділер» атты тарауында «1928 жылы көш­пенділерге шабуыл қазақ элитасына қарсы шабуылдан басталды»  дейді.

 

Қазақстанды жайлаған ашаршылыққа қатысты Мәскеу саясаты қандай болды?

Голощекин науқанын «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті белсенділер асыра сілтеп асқындырып жіберді деген естеліктер келтіреді. «Қолына мандат тиген шолақ белсенділер төсек тартып жатқан кәрі әжемнің астындағы көрпешесі мен басына ораған шәлісіне дейін тартып алды. Содан әжем араға екі күн салып жан тапсырды», — дейді сол заман куәгері Мұхаммед Шаяхметов. Өкімет ауқатты көшпенді­лердің алдындағы малына, дастархандағы дәміне, үстіндегі киіміне қол салады. Қазақстан бойынша халық наразылығы бұрқ ете түседі. Сталин мен Голо­щекинге керегі де сол еді. «Тап жаулары бетін ашты» деп мылтығын оқтап ОГПУ атқа қонады. Қантөгіс басталады. Яғни Голощекин қолдан жасаған «рево­люция» басталады. Көшпенділер қызыл әскермен қақтығыса жүріп Қазақстанды тастап қаша бастайды. Жазалаушы жасақтар оларды шекарада тосып алып ата бастайды. Қазақ Қазақстанды тастап Қытайға, Ресейге, Иранға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Түрк­імен­станға көшті. Бұл «откочевкіні» тоқтатпаса Қазақ­станға қазақсыз қалу қаупі туды. Голощекин шекара­ны қатайтты. Көшпенділер қоршауда қалды. Архив дерегі бойынша, 1930 жылдың бірінші жартысында Қазақстан бойынша өкіметке қарсы көтеріліске 8 мың адам қатысқан. Халықтың малы мен астығына шабуыл үдей түседі. Оның басты себебі — Орталықтан келіп жатқан бұйрықтарда еді. Қазақстанның «мойнына ілулі» Ресейдің екі үлкен шаһары Мәскеу мен Ленинград азық-түліксіз қалды деп Орталық Комитет үстел тоқпақтап жатты.

«The secretary of the Central Commіttee Pavel Postyshev warned that the supply of meat to Moskow had nearly collapsed. He ordered that the pressure on Kazakhstan and other regіons that supplіed the cіty wіth meat be іntensіfіed. Kazakhstan soon became major meat supplіer to both Moscow and Lenіngrad».

«Орталық Комитет хатшысы Павел Постышев Мәскеуді етпен қамтамасыз ету ісі тоқтауға жақын, қаланы етпен қамтамасыз етіп отырған Қазақстан мен өзге де аймақтарға қысымды күшейту керек!» деп пәрмен берді. «Қазақстан көп ұзамай Мәскеу мен Ленинградты негізгі етпен жабдықтаушыға айналды», – дейді автор.

Нәтижесінде 1931 жылы Қазақстандағы мал басы 30 процентке қысқарады. Салдарынан 1931 жыл басында Қазақстанда аштық басталады. Соған қарамастан, 1931 жыл шілдеде Сталин Голощекинге «64 000 тонна астық тауып, Орталыққа жөнелт!» деп қаһарлы телеграмма түсіреді. «Бұдан біз Орталық Коми­теттің ашыққан қазақ­тарды құтқаруға бас ауыртпай, индустриалды қалаларды азық-түлікпен жабдықтауға басымдық бергенін көреміз» дейді американдық тарихшы. Бұндай жағдайда көшпен­ділер жәй қырылғанша «жастығын ала өлуге» бел буады. Автор кітабында Созақ, Адай көтерілістеріне көбірек көңіл бөлген. Маңғыстауда көтерілісшілердің қарулы 15 тобы болғаны айтылады. 1931 жыл қыркүйегі. Қазақ, түрікпен көтерілісшілерінен құралған баспашылардың Қарақұмда шоғырланған ең үлкен тобын қызыл әскер айрпландары аспаннан оқ жаудырып жояды. Орта Азиядағы советтерге қарсы халық көтерілісінің соңы осымен бітеді. Ал ашар­шылық 1931-1932 жыл қысында асқынып, Қазақстанды жаппай жайлап алады. Осы жылы ОГПУ 261 000 орыс «кулақтарын» Қазақстанға көшіреді. 1931 жылы ашылған КАРЛАГ тұтқындары 1932 жылы 10 мыңнан асады. ОГПУ сөйтіп, өзі ашыққан өлке жағдайын одан бетер ушықтыра түседі. «Қазақстанды жайла­ған ашаршылыққа қатысты Мәскеу саясаты қандай болды?» деген сұрақ туындайды. Архив құжаттарына сүйене отырып, амери­кандық тарихшы ол саясатты былай түсіндіреді:

«Moscow іntroduced a range of brutal tactіcs іn response to thіs socіal cataclysm: the closure of borders so that the starvіng could not flee. The expulsіon of famіne-strіcken people as ‘undesіrable elements’ from the cіtіes, a severe penalty that іncluded a total ban on trade and delіverіes of food».

«Мәскеу осынау әлеуметтік апатқа қатысты ұрда­жық тәртіптер енгізді, олар: аштыққа ұрынғандарды сыртқа шық­пасын деп шекараны жабу, аштықтан қалаға шұбы­рып келгендерді «керексіз элементтер» деп қаладан қуу, оларға азық-түлік таратуға немесе айырбастауға жаппай тыйым салу және бұл тәртіпті бұзғандарға қатаң жаза қолдану».

«The language of Sovіet natіonalіty polіcy had reіnforced the regіme’s war on nomadіc lіfe». Яғни «Советтік ұлт саясатының сөз саптасы режимнің көшпенділер өміріне соғысты күшейткенін көрсетеді».

«Refugees fled toward cіtіes, raіlway statіons and іndustrіal worksіtes іn the hopes of fіndіng food». «Босқындар тамақ табамыз ба деген үмітпен қалаларға, теміржол бекеттеріне және индустриалды мекендерге қарай шұбырды».

Батыс Сібір крайкомына жергілікті партия ұйым­дарынан түскен хаттарда босқын қазақтарға қарсы өлкенің негізгі тұрғындары тарапынан шовинистік шабуылдар болып жатқаны жазылған:

«Western Sіberіa began to forcіbly expel Kazakhs. Kazakhs were lynched іn the mіnіng areas of the Kuzbass».

«Батыс Сібір өлкесі қазақтарды күштеп шығара бастады. Кузбастың кенішті аймағы қазақтардан тазартыла бастады».

Бұл жәйттен хабардар Голощекин Батыс Сібір өлке басшысына хат жолдап, босқындардың «ішіндегі арам шөптей байларға емес, кедейлерге көмек беруді» сұраған:

«He asked that Western Sіberіa provіde assіstance to іmpoverіshed Kazakh households, weed out any baіs among them».

Коммунистік партияның тарихтағы ең ауыр қыл­мысы

Қазақстанда аштан қырылатын болғаннан кейін шұбырып шекара асқан қазақтарды Голощекин респуб­ликаға күштеп қайтаруды қолға алады. Қарақалпақ жеріне өткен босқындар арасында Қазақстанға қайтудан қорқып өкімет өкілдерге «біз қазақпыз» демей, «біз қарақалпақпыз» деген оқиғалар да кездескен. Осылайша Сталин мен Голощекин қазақ даласына бес жыл ішінде ұжмақ орнатамыз деп дозақ орнатқан. Айдың-күннің аманында ақырзаман орнатқан. Қазақ қоңыз теріп кеткен. Халық қасіретін суреттеуге тіл жетпейтін еді, деп жазады Камерон. Соның бірі әке-шешесі аштан өліп, қараусыз қаңғып қалған балалар қасіреті.

«The number of abandoned chіldren, accordіng to party statіstіcs, there were 20.700 іn the republіc by 1932, and 71 000 abandoned chіldren, by early 1933». «Партия ста­тис­тикасы бойынша республикада қараусыз қалған балалар саны 1932 жыл басында 20,700 болса, 1933 жыл басында ондай қараусыз қалған балалар саны 71000-ге жетті».

Әрине, бұл деректер тек тірі қалып тізімге іліккен­дер туралы. Ауыл-аймағымен миллиондап қырылған­дар жөнінде партиялық құжаттар жақ ашпайды. Өйткені, ашаршылық Сталин, Голощекиндер басқар­ған комму­нистік партияның тарихтағы ең ауыр қыл­мысы еді. Ең сорақы қылмысы еді. Сондықтан да компар­тия өзі құр­дымға кеткен 90-жылдарға дейін «ашаршылық» дегеннің аузына ұрды. Бұл тақырыпты айтуға, жазуға тыйым салды.

Қазақ даласы аштан қырылып жатқанда партиялық элита ашықты деген дерек жоқ. Партиялық элита ашыққан халыққа терезеден қарап отырғандай әсер етеді. Мысалы, 1931 жылы Сергей Миронов атты Қазақстандағы ОГПУ өкілінің әйелі комфортты пойыз вагонында келе жатып терезе арқылы ашаршы­лық жайлаған қазақ ауылын көргенін былай деп жазып қалдырған:

«But at the same tіme, іn the mіdst of thіs dyіng hamlet, we had plenty of provіsіons іn our velvet traіn car» «Алайда, осынау қырылған ауыл ортасынан өтіп бара жатқан біздің вагонымызда азық мейлінше жеткілікті еді».

Сара Камеронның «Ашыққан дала» монографиясы тым көлемді еңбек. Сондықтан біз оқырманды кітап­тың тек басты бағыт-бағдарымен ғана таныстыруды жөн көрдік. Ал американдық автор қағазға түсірген отызыншы жылдар ойранымен толық танысқысы келген оқырман бұл кітапты түгел оқуы керек. Монографияны Мәскеудің бір баспасы биыл шығару мақсатында орыс тіліне аудара бастады дейді автор бізге жазған соңғы хатында:

«…Хорошие новости. Российское издательство НЛО переводит мою книгу на русский язык. Надеюсь что будет и казахский перевод».

Сара Камерон кітабымен танысу осы тақырыпқа қатысты бізге біраз ой салды. Біріншіден, ашаршылық атты қазақ қасіреті туралы бұл кітап – Америка құрлы­ғында жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек. Екіншіден, қазақ қасіретіне қазақтың жаны қалай ашыса, американдық тарихшының да жаны солай ашитынын сездік. Содан тебіренген біз Камерон қарындасымызға алғыс хат жаздық. Қазақстанға шақырдық. Ол біз үшін қазақтың бір үлкен патриот қызындай көрінді. Яғни оның кітабы халық пен халықты жақындатты. Дәлірек айтқанда, ашаршылық атты қазақ қасіретінің шет елде жарыққа шығуы, айтылуы, танылуы халықпен халықты жақындататы­нына көзіміз жетті. Ендеше, біз неге бұл тақырыптан әлі күнге қашқақтаймыз?! Біз неге әлі күнге бұл тақырыпты әлем алдында ауыз толтырып айта алмай­мыз?! Біз өстіп кібіртіктеп жүргенде Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына Америка, Еуропа тарихшы­лары белсене кірісіп те кетіпті. Олар ағылшын тарих­шысы Роберт Конгвест («Қасірет орағы», Лондон, 1986), француз ғалымы Изабелле Охойон («СССР мен Сталин», Париж, 2006), итальян ғалымы Николо Пиансиоло («Сталинизм майданы», Рим, 2009), неміс ғалымы Роберт Киндлер («Сталин мен номадтар», Гамбург, 2014). Сондай-ақ, бұл тақырыпты зерттеуге бүгінде тағы бір американдық ғалым Матью Пейн кірісіп кеткенін айтады Сара Камерон.

 

Өшпес Өкініш

Ал қазақ тарихшылары қалай қимылдап жатыр? Тәуелсіздік тұсында жалғыз ғана Талас Омарбеков тарих­шы отызыншы жылдар ойраны туралы доктор­лық диссертация қорғады. Оның өзі қазақ ғалымда­рымен бір кездесуде Президент Назарбаев: «Тарихшы­лар! Сіздер неғып ашаршылық тақырыбын қозғамай жүрсіздер?!» деп сұрау салғаннан кейін кіріскен. Талас­тан кейін тақырыпты жылы жауып қойғанға ұқсаймыз. Яғни жарты қазақты жалмаған ұлы қасі­ретті зерттеп біткен сыңайлымыз. Ойпыр-ай дейміз, осы тақырыпқа он диссертация жазылса да артық болар ма еді. 4 миллион қазақты отаған 1921, 1932 жылдар қасіреті жан-жақты талмай зерттеуге тұратын түпсіз терең шалқар мұхит емес пе еді?! — дейміз.

2012 жылы Қазақстандағы ашаршылықтың 80 жылдығы тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейде аталып өтті. Астанада ашаршылық құрбандарына ескерткіш-белгі қойылды. Сол ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер, отызын­шы жылдардағы сол апат болмағанда, бүгінде Қазақ­стандағы қазақ саны кемінде 45 миллионды құрайтын еді», — деді. Ендеше, әңгіме аталған апатта өлгендер мен олардан кейін өмірге келмегендерді қосып есептегенде, біз жоғалтқан 30 миллион туралы болып отыр. Егер де, КСРО мен Қазақ­станның Сталин мен Голощекин тәрізді қызыл көсемдері сол апатты қолдан жасамағанда, бүгінде көзі тірі 12 миллион қазақтың қатарында тағы да 30 миллион қазақ жер басып жүрер еді. Өшпес өкініш! Ең сорақысы – ішкен­ге мәз, жегенге тоқ бүгінгі біздердің, осынау ұлттың ұлы қасіретін лайықты ұлықтай алмауымызда.

– Ұлықтағанда не істейміз? – деп шыр ете түсті бір оқырман.

– Мемориал-кешен салуымыз керек еді.

– Ау, Астана мен Алматыда екі ескерткіш орнаттық емес пе?!

– Ескерткішті жеке тұлғаларға да қояды. Біздің айтып отырғанымыз, Германиядағы Освенцим, Бухенвальд немесе Еревандағы армян мемориалдары үлгісіндегі кешендер. 1921 және 1932 жылдардағы 4 млн. қазақ қырылған «қызыл қырғын» — осындай жалпы ұлт болып ұлықтауға лайықты қасірет.

Бір рет Лондонда болғанымызда туристер көп бара­тын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссо» музейіне алып барды. Екі ғасырлық тарихы бар музей негізінен балауыздан жасалған мүсіндерден тұрады екен. Алған әсеріміз сұрапыл болды. Әсіресе, орта ғасыр­ларда өлімге кесілген адамдардың басын гильоти­намен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесі» есте қалды. Адам денесі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалған. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристер зәрелері ұшып қарап қалған. Шыға беріс бөлмеде әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері де тұр. Арасында Британ патшайымы. Мүсіннің түпнұсқадан зәредей айырмашылығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайыммен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойы­мызша, Қазақстандағы ашаршылыққа арналған мемориал-кешен осы үлгімен жасалуы керек. Ашар­шылық жылдары қазақ өткен дозақтың фрагменттерін балауыз мүсіндермен қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрттың да төбе шашы тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажалдан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп жатқан қазақ әйелі. Немесе НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұлып жатуы. Немесе оққа кеудесін тосқан алаш алыптары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаевтар. Немесе Голощекинмен айтысып тұрған жалынды жас Смағұл Сәдуақасов…

Осындай тарихи көріністерді балауыз мүсін арқылы көз алдыңызға айнытпай «тірілтіп» көрсетуге болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі сондай шексіз өнер. Қолға түсе бермейтін бүгінгі күн тұлғаларын да мүсіндеп сол болашақ музей холлында тізілтіп қоюға болады. Сонда жастар өздері пір тұтатын «тұлғалармен» суретке түсіп мәз-мейрам боп жатар еді. «Мадам Тюссо» музейі туристерге осынысымен тартымды екенін көрдік. Бұл музей филиал­дарының бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тәрізді әлемнің 16 алып шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осында. Көрер көзге тартымды болуынан. Неге үлгі алмасқа?

Ендеше, осындай ұлттың ұлы қасіретін ұлықтай­тын үлкен рухани жобаға баруға бізге не кедергі? Қаражат па? Әлде, «ашаршылық» деген тақырыптан ат-тонымызды ала қашатын ескі кеңестік санадан ба? Рас. «Қызыл қырғын» сол кездегі Сталин басқарған қызыл Кремль жасаған қылмыс. Бірақ бүгінгі Кремль «қызыл Кремль» емес қой! Бүгінгі Кремль – бізге дос Кремль, ал Ресей болса стали­низмге лағнет айтып, демократияға бет бұрған ел емес пе?! Ендеше, кімге жалтақтаймыз? Ашаршылық пен репрес­сияны ол кезде украин, орыс халықтары да бастан кешті. 1933 жылы Ұлы Далада қазақ қасіретін өз көзімен көрген орыс қызы Татьяна Невадовская былай тебіренбеп пе еді?!

Зачем снимать последнюю рубаху,

И целый край заставить голодать?

Кому понадобилось богу или аллаху,

Все отобрать и ничего не дать?

Какой же деспот создал эту пытку?

 

Қасірет тілі – адам атаулыға түсінікті тіл

«Қызыл империя» құласымен Қазақстандағы ашаршы­лық тақырыбына алғашқылардың бірі болып орыс жазу­шысы Валерий Михайлов қалам тартты. Оның қазақ қасіреті туралы естелік-деректерден құралған «Ұлы жұт хроникасы» бүгінде неміс, ағыл­шын тілдеріне аударылды. Демек, Ұлы Дала нәубеті, оны зерттеу, білу, тану, халық­тарды бір-біріне жақын­датады екен. Алыс-жақын елдерде де қазақ қырғыны аяушылық тудырып жатыр. Ендеше, Алматы не Аста­нада ашаршылыққа арналған «Аза сарайы» ашылар болса, ол орын кез-келген жүрегі бар жанның қазақ қасі­ретін тілсіз түсінер, үнсіз түсінер киелі орын бола­ры­на сенеміз. Өйткені, қасірет тілі – адам атау­лыға түсінікті тіл. Аударманы қажет етпейтін тіл. Мұхиттың ары жағындағы Сара Камерон тәрізді қазақ қасіретін зерттеушілердің саны Еуропа мен Америкада көбейе бастауы соны көрсетеді. Біздің оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сөзіміздің тоқ етерінде миллиондарды қырып, тарих алдында кешірілмес қылмыс жасаған компартия көсемі Сталинге деген қазақ қарғысын қағазға түсірдік.

«Ай, замана-ай, заман-ай! Аз қазақты көргенде, көзден жасым тамады-ай. Кешегі қызыл саясат аямапты қазақты. Орнатам деп жұмақты, орнатыпты дозақты. Содан қазақ сорлапты. Әр бұтаның түбінде, бөпесін құшып құндақты, бір-бір ана зарлапты. Көзден жасы парлапты. Көкке сауып емшегін, қара жерді төбелеп, қызылдарды қарғапты. Қарғыс атып қы­зылды, олар содан оңбапты. Күндердің күні бол­ғанда, қызылдар да құм қапты. Ай, заман-ай, заман-ай! Аз қазақты көргенде, көзден жасым тамады-ай! Қойдан қоңыр халқымды, қырқа матап қырыпсың! Қы­рылып қазақ жатқанда, мұртыңнан күліп тұрып­сың. Көріңде жатып өкіргір, мұртты көсем кәпір құл!».

31 мамыр – республикада ұлттық аза тұту күні деп белгіленген. Еліміздің барлық мешіттерінде сол күні ашаршылық және репрессия құрбандарына арналып дұға-намаз оқу дәстүрге айналса дейміз.

31 мамыр күнтізбеде «Репрессия құрбандарын еске алу күні» деп жазылған. Онда «Ашаршылық» деген сөз жоқ. Сөйтіп, ашаршылықтан шейіт болған миллиондар аруағына қиянат жасалынып тұр. Сондықтан бұл күн атауын өзгерту керек. Бұл күн атауы «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп жөнделуі керек.

2022 жылы Қазақстандағы «қызыл қырғынға» 90 жыл толады. Ол жалпыұлттық деңгейде аталып өтілуі керек. Мемориал-кешен ашу сол датаға сәйкес келіп жатса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы парызымыз өтелген болар еді. Аруақтар риза болар еді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *